هَلْ أَتَىٰكَ حَدِيثُ ٱلْغَٰشِيَةِ
(Уа, Мұхаммед!) саған жер‑жаһанды түгел қамтитын сол бір алапат туралы хабар жетті ме?!
بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ
هَلْ أَتَىٰكَ حَدِيثُ ٱلْغَٰشِيَةِ
(Уа, Мұхаммед!) саған жер‑жаһанды түгел қамтитын сол бір алапат туралы хабар жетті ме?!
وُجُوهࣱ يَوْمَئِذٍ خَٰشِعَةٌ
Ол күні үрей билеп, қор болған жүздер болады,
عَامِلَةࣱ نَّاصِبَةࣱ
(тек қана бұл дүние үшін) бейнеттеніп, әбден титықтаған.
تَصْلَىٰ نَارًا حَامِيَةࣰ
Олар қызуы қатты жалынды отқа тасталып шыжғырылады.
تُسْقَىٰ مِنْ عَيْنٍ ءَانِيَةࣲ
Оларға тек бұрқ‑сарқ қайнаған қайнардан ғана су беріледі.
لَّيْسَ لَهُمْ طَعَامٌ إِلَّا مِن ضَرِيعࣲ
Бар жейтіні тікені бар улы өсімдік қана.
لَّا يُسْمِنُ وَلَا يُغْنِي مِن جُوعࣲ
Ол өсімдік азық та болмайды, аштықты да баспайды.
وُجُوهࣱ يَوْمَئِذࣲ نَّاعِمَةࣱ
Сондай‑ақ ол күні (қыруар нығметке бөленіп) қуаныштан бал-бұл жанған қуанышты жүздер де болады.
لِّسَعْيِهَا رَاضِيَةࣱ
(Дүниеде жүріп ақирет үшін) еткен еңбектерінің жемісіне дән риза болған (жүздер).
فِي جَنَّةٍ عَالِيَةࣲ
Олар ең жоғарғы әрі аса қадірлі жаннат бақшаларында болады.
لَّا تَسْمَعُ فِيهَا لَٰغِيَةࣰ
Олар онда әсте пайдасыз, бос сөз естімейді.
فِيهَا عَيْنࣱ جَارِيَةࣱ
Онда ағып жатқан мөп-мөлдір бұлақтар бар.
فِيهَا سُرُرࣱ مَّرْفُوعَةࣱ
Биік-биік тақтар да бар.
وَأَكْوَابࣱ مَّوْضُوعَةࣱ
(Сондай‑ақ онда алуан түрлі сусындар мен шараптарға) толы қадақтар,
وَنَمَارِقُ مَصْفُوفَةࣱ
жастануға және сүйенуге лайықталып қаз қатар тізілген жұмсақ жастықтар,
وَزَرَابِيُّ مَبْثُوثَةٌ
жайылып төселген масаты кілемдер бар.
أَفَلَا يَنظُرُونَ إِلَى ٱلْإِبِلِ كَيْفَ خُلِقَتْ
Олар түйенің қалай жаратылғанына қарамай ма?!
وَإِلَى ٱلسَّمَآءِ كَيْفَ رُفِعَتْ
Аспанға қарамай ма?! Қалай биіктетіліп (тіреусіз) тұрғызылғанына?!
وَإِلَى ٱلْجِبَالِ كَيْفَ نُصِبَتْ
Тауларға қарамай ма?! Қазықтай қағылып, жерді қалай ұстап тұрғанына?!
وَإِلَى ٱلْأَرْضِ كَيْفَ سُطِحَتْ
Сондай‑ақ жер жүзіне қарамай ма?! Қалай төселіп, тіршілік етуге қолайлы етілгеніне?!
فَذَكِّرْ إِنَّمَآ أَنتَ مُذَكِّرࣱ
(Уа, ардақты елшім!) Міне, енді сен оларға (ақиқатты) түсіндір, насихат ет, тура жолға баста. Өйткені сенің міндетің – насихат ету, (ақиқатты) түсіндіру ғана.
لَّسْتَ عَلَيْهِم بِمُصَيْطِرٍ
Әйтпесе сен олардың төбелерінен төніп, зорлықпен иманға келтіруші емессің.
إِلَّا مَن تَوَلَّىٰ وَكَفَرَ
Алайда кімде‑кім ақиқаттан теріс айналып, күпірлікте табандайтын болса,
فَيُعَذِّبُهُ ٱللَّهُ ٱلْعَذَابَ ٱلْأَكْبَرَ
Алла оны ауыр азапқа душар етеді.
إِنَّ إِلَيْنَآ إِيَابَهُمْ
Әлбетте, олар түбінде Бізге қайтады.
ثُمَّ إِنَّ عَلَيْنَا حِسَابَهُم
Олардан есеп алу да, әлбетте, Біздің құзыретімізде.
Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.