Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран81. Тәкуир
81 · сүре

Тәкуир

29 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

إِذَا ٱلشَّمْسُ كُوِّرَتْ

Күн оралып, сәулесі сөнген кезде,

2

وَإِذَا ٱلنُّجُومُ ٱنكَدَرَتْ

Жұлдыздар бытырай төгіліп, жарығы өшкен кезде,

3

وَإِذَا ٱلْجِبَالُ سُيِّرَتْ

Таулар жылжытылған кезде,

4

وَإِذَا ٱلْعِشَارُ عُطِّلَتْ

Буаз інгендер (секілді ең қымбат малдар да) тәрк етілген шақта,

5

وَإِذَا ٱلْوُحُوشُ حُشِرَتْ

Жыртқыш аңдар (қойдай иіріліп Алланың құзырына) жиналған кезде,

6

وَإِذَا ٱلْبِحَارُ سُجِّرَتْ

Теңіздер өртке оранып, бұрқ‑сарқ қайнаған кезде,

7

وَإِذَا ٱلنُّفُوسُ زُوِّجَتْ

Тірі жан атаулы (жақсы мен жақсы, жаман мен жаман болып) қосақталған және рухтар мен тәндер қайтадан қосылып жұпталған кезде,

8

وَإِذَا ٱلْمَوْءُۥدَةُ سُئِلَتْ

Тірідей көмілген қыз сәбилерден

9

بِأَيِّ ذَنۢبࣲ قُتِلَتْ

қандай кінәсі үшін өлтірлегені сұралған кезде,

10

وَإِذَا ٱلصُّحُفُ نُشِرَتْ

Амал дәптерлерінің парақтары айқара ашылған кезде,

11

وَإِذَا ٱلسَّمَآءُ كُشِطَتْ

Аспан түріліп, (бар сыры ақтарылған) кезде,

12

وَإِذَا ٱلْجَحِيمُ سُعِّرَتْ

Жаһаннам жалыны қызған үстіне қызған кезде,

13

وَإِذَا ٱلْجَنَّةُ أُزْلِفَتْ

Жаннат (тақуа жандардың кіруі үшін) жақындатылған кезде,

14

عَلِمَتْ نَفْسࣱ مَّآ أَحْضَرَتْ

Әне, сонда әрбір жан өзі үшін не әзірлеп қойғанын анық білетін болады.

15

فَلَآ أُقْسِمُ بِٱلْخُنَّسِ

(Күндіз) жасырынатындарға (яғни, күн шыққанда көзден ғайып болатын аспан денелеріне) серт!

16

ٱلْجَوَارِ ٱلْكُنَّسِ

(Түнде) қайтадан пайда болып, кейін қайта жасырынатындарға (аспан денелеріне серт),

17

وَٱلَّيْلِ إِذَا عَسْعَسَ

Сейіле бастаған қараңғы түнге (серт),

18

وَٱلصُّبْحِ إِذَا تَنَفَّسَ

Тыныс алып, ата бастаған таңға (серт)!

19

إِنَّهُۥ لَقَوْلُ رَسُولࣲ كَرِيمࣲ

Шын мәнінде, Құран – мәртебесі өте жоғары болған ардақты елші (Жәбірейіл періште) жеткізген сөз.

20

ذِي قُوَّةٍ عِندَ ذِي ٱلْعَرْشِ مَكِينࣲ

(Жәбірейіл періште) аса қадірлі, өте күшті әрі Арштың иесі Алланың құзырында мәртебесі өте жоғары.

21

مُّطَاعࣲ ثَمَّ أَمِينࣲ

Ол (қарамағындағы жәрдемшілері) өзіне қалт-қысыз бағынатын, (Алланың бұйрығын орындауда) толық сенімді, әрі уахи аманатына да еркеше адал (періште).

22

وَمَا صَاحِبُكُم بِمَجْنُونࣲ

Сондай-ақ біліп қойыңдар, бұл достарың (яғни, өз араларыңда туып‑өскен Мұхаммед пайғамбар) жын иектеген жан емес.

23

وَلَقَدْ رَءَاهُ بِٱلْأُفُقِ ٱلْمُبِينِ

Ол (уахи әкелген Жәбірейіл елшіні) ап-айқын көкжиектен көрді.

24

وَمَا هُوَ عَلَى ٱلْغَيْبِ بِضَنِينࣲ

Ол ғайыпты (уахиді, ғайыптан келген ақиқат хабарларды) сендерге жеткізуде сараңдық танытушы да емес (яғни, ол өзіне келген барлық уахи мен бар ақиқатты сендерге бүкпесіз толық жеткізетін сенімді елші).

25

وَمَا هُوَ بِقَوْلِ شَيْطَٰنࣲ رَّجِيمࣲ

Ол (Құран) Алланың рақымынан мәңгілікке қуылған шайтанның сөзі емес!

26

فَأَيْنَ تَذْهَبُونَ

Ендеше, (осынау ақиқаттан сырт айналып), қайда бет алып барасыңдар?!

27

إِنْ هُوَ إِلَّا ذِكْرࣱ لِّلْعَٰلَمِينَ

Ол (Құран) күллі ғаламға (бар жаратылыс үшін) насихат әрі ескерту.

28

لِمَن شَآءَ مِنكُمْ أَن يَسْتَقِيمَ

Әсіресе, араларыңдағы тура жолды тауып, сол жолда жүргісі келетіндер үшін.

29

وَمَا تَشَآءُونَ إِلَّآ أَن يَشَآءَ ٱللَّهُ رَبُّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Расында, күллі ғаламның Раббысы қаламайынша, сендер ештеңе де қалай алмайсыңдар.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play