Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран77. Мурсәләт
77 · сүре

Мурсәләт

50 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

وَٱلْمُرْسَلَٰتِ عُرْفࣰا

Игі мақсатта бірінен кейін бірі жіберілгендерге серт!

2

فَٱلْعَٰصِفَٰتِ عَصْفࣰا

Игі мақсатта жіберіліп, көк дауылдай жылдам әрі екпінді қимылдайтындарға серт!

3

وَٱلنَّٰشِرَٰتِ نَشْرࣰا

Және (уахи жазылған қасиетті парақтардың мазмұнын) жайған үстіне жаятындарға серт!

4

فَٱلْفَٰرِقَٰتِ فَرْقࣰا

Жаю арқылы (ақиқат пен жалғанның ара жігін) ажырату жолында қызмет ететіндерге серт!

5

فَٱلْمُلْقِيَٰتِ ذِكْرًا

Иләһи уахиды алып келушілерге серт!

6

عُذْرًا أَوْ نُذْرًا

Кейбіреулер үшін кешірім, енді біреулер үшін ескерту болсын деп, (иләһи уахиды алып келушілерге).

7

إِنَّمَا تُوعَدُونَ لَوَٰقِعࣱ

Сендерге уәде етілген нәрсе міндетті түрде жүзеге асады!

8

فَإِذَا ٱلنُّجُومُ طُمِسَتْ

Жұлдыздардың жарығы сөндірілгенде,

9

وَإِذَا ٱلسَّمَآءُ فُرِجَتْ

аспан қақ айырылғанда,

10

وَإِذَا ٱلْجِبَالُ نُسِفَتْ

таулар күл болып ұшқанда,

11

وَإِذَا ٱلرُّسُلُ أُقِّتَتْ

сондай-ақ елші пайғамбарлар үшін (үмбеттеріне куәлік ететін) уақыт белгіленгенде,

12

لِأَيِّ يَوْمٍ أُجِّلَتْ

Мұның бәрі қай күнге шегерілді?!

13

لِيَوْمِ ٱلْفَصْلِ

Кесімді үкім шығарылатын Һәм (адамдарды сенімі мен жақсы-жаман ісіне қарай бір-бірінен) айыратын күнге шегерілді.

14

وَمَآ أَدْرَىٰكَ مَا يَوْمُ ٱلْفَصْلِ

Осынау кесімді үкім мен айыру күнінің қандай күн екенін білесің бе? (Алла білдірмесе) сен оны қайдан білесің?

15

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (осынау ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті десеңші!

16

أَلَمْ نُهْلِكِ ٱلْأَوَّلِينَ

Біз (ақиқатты мойындамаған) алғашқы қауымдарды жойып жібермеп пе едік?

17

ثُمَّ نُتْبِعُهُمُ ٱلْـَٔاخِرِينَ

Содан кейін солардың кебін киген кейінгілерді де солардың соңынан жібереміз.

18

كَذَٰلِكَ نَفْعَلُ بِٱلْمُجْرِمِينَ

Біз өмір бойы күнәдан көз ашпаған күнәһарларға солай істейміз.

19

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (осынау ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті десеңші!

20

أَلَمْ نَخْلُقكُّم مِّن مَّآءࣲ مَّهِينࣲ

(Осынау ақиқатты жалған деуге қалай ғана дәттерің барады?!) Біз сендерді болмашы судан жаратпадық па?!

21

فَجَعَلْنَٰهُ فِي قَرَارࣲ مَّكِينٍ

Артынша оны (яғни, ұрықты) берік орынға (ана жатырына) орналастырдық.

22

إِلَىٰ قَدَرࣲ مَّعْلُومࣲ

Белгілі бір уақытқа дейін (сол орынға орналастырдық).

23

فَقَدَرْنَا فَنِعْمَ ٱلْقَٰدِرُونَ

Сондай-ақ (болмыстарыңа қатысты барлық нәрсені) белгілеп қойдық. Біз қандай керемет белгілеушіміз!

24

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (осынау ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті десеңші!

25

أَلَمْ نَجْعَلِ ٱلْأَرْضَ كِفَاتًا

Біз жерді жиналу орны етпедік пе?!

26

أَحْيَآءࣰ وَأَمْوَٰتࣰا

(Яғни, жер ананың үстін) тірілерге, (астын) өлілерге (тұрақ етпедік пе)?!

27

وَجَعَلْنَا فِيهَا رَوَٰسِيَ شَٰمِخَٰتࣲ وَأَسْقَيْنَٰكُم مَّآءࣰ فُرَاتࣰا

Сондай-ақ сол жер бетіне асқаралы тауларды қазықтай қақтық, сендерге (сол таулардан бастау алатын) тұщы су нәсіп еттік.

28

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті десеңші!

29

ٱنطَلِقُوٓا۟ إِلَىٰ مَا كُنتُم بِهِۦ تُكَذِّبُونَ

«Қане, тұрмаңдар, (дүниеде жүргендеріңде) өздерің сенбей келген (жаһаннамға) қарай бет алыңдар!»

30

ٱنطَلِقُوٓا۟ إِلَىٰ ظِلࣲّ ذِي ثَلَٰثِ شُعَبࣲ

«Қане, үш жерден будақтаған қап-қара түтіннің саясына барыңдар!»

31

لَّا ظَلِيلࣲ وَلَا يُغْنِي مِنَ ٱللَّهَبِ

Алайда ол сая болмайды және алаулаған оттан да сақтамайды».

32

إِنَّهَا تَرْمِي بِشَرَرࣲ كَٱلْقَصْرِ

Сол от үлкендігі үйдей ұшқын шашады.

33

كَأَنَّهُۥ جِمَٰلَتࣱ صُفْرࣱ

(Ол ұшқындар) бейне бір келе-келе сары түйелердей болып шашырайды.

34

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті!

35

هَٰذَا يَوْمُ لَا يَنطِقُونَ

Бүгін – (кәпірлердің) аузына құм құйылатын күн.

36

وَلَا يُؤْذَنُ لَهُمْ فَيَعْتَذِرُونَ

Кешірім тілеп, арылу былай тұрсын, оларға (бір ауыз сөз айтуға да) рұқсат берілмейді.

37

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті десеңші!

38

هَٰذَا يَوْمُ ٱلْفَصْلِۖ جَمَعْنَٰكُمْ وَٱلْأَوَّلِينَ

«Бүгін – кесімді үкім шығарылатын һәм (адамдарды сенімі мен жақсы-жаман ісіне қарай бір-бірінен) айыратын күн. Міне, сендерді де, алғашқыларды да бір жерге (яғни, махшарға) жинадық».

39

فَإِن كَانَ لَكُمْ كَيْدࣱ فَكِيدُونِ

«Ал енді (жазамнан құтылу үшін) жасайтын қандайда бір айла-амалдарың болса, қане, қарап тұрмаңдар, Маған қарсы қолдарыңнан келген айла-амалдарыңды жасаңдар!»

40

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті десеңші!

41

إِنَّ ٱلْمُتَّقِينَ فِي ظِلَٰلࣲ وَعُيُونࣲ

Шүбәсіз, Аллаға шын көңілден тағзым етіп, әміріне қарсы келуден қорыққан тақуа жандар сол күні саяжайларда, бұлақтардың басында болады.

42

وَفَوَٰكِهَ مِمَّا يَشْتَهُونَ

Көңілдері қалаған жеміс-жидектердің арасында болады.

43

كُلُوا۟ وَٱشْرَبُوا۟ هَنِيٓـَٔۢا بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

«Дүниеде істеген игіліктерің үшін ерекше тәбетпен жеп-ішіңдер, ас болсын!»

44

إِنَّا كَذَٰلِكَ نَجْزِي ٱلْمُحْسِنِينَ

Біз игілікке жаны құштар ізгі жандарды, міне, осылай бағалап, сый-сияпатқа бөлейміз.

45

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті десеңші!

46

كُلُوا۟ وَتَمَتَّعُوا۟ قَلِيلًا إِنَّكُم مُّجْرِمُونَ

«Ендеше, сендер (ақиретке сенбейтін имансыздар) мына бес күндік жалғанда азғантай уақыт ішіп-жеп, өмірдің қызығына бата тұрыңдар! Анығында, сендер өмір бойы күнәдан көз ашпайтын барып тұрған күнәһарсыңдар!»

47

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті десеңші!

48

وَإِذَا قِيلَ لَهُمُ ٱرْكَعُوا۟ لَا يَرْكَعُونَ

Оларға: «Қане, Алланың алдында бас иіңдер (Оған құлшылық жасаңдар)!» – делінгенде, бас имейді.

49

وَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті!

50

فَبِأَيِّ حَدِيثِۭ بَعْدَهُۥ يُؤْمِنُونَ

Олар осынау Құранға сенбегеннен кейін басқа қай сөзге сенеді?!

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play