Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран76. Инсан
76 · сүре

Инсан

31 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

هَلْ أَتَىٰ عَلَى ٱلْإِنسَٰنِ حِينࣱ مِّنَ ٱلدَّهْرِ لَمْ يَكُن شَيْـࣰٔا مَّذْكُورًا

Замана ағымында сондай ұзақ дәуір өтті, ол дәуірде адамның аты-дағы аталмайтын еді (яғни, жаратылыс тарихында адамның аты тұрмақ заты жоқ кезеңдер болған еді).

2

إِنَّا خَلَقْنَا ٱلْإِنسَٰنَ مِن نُّطْفَةٍ أَمْشَاجࣲ نَّبْتَلِيهِ فَجَعَلْنَٰهُ سَمِيعَۢا بَصِيرًا

Шүбәсіз, Біз адам баласын (ер мен әйелден бөлінген, сан алуан элементтерден құралған) құрама тамшыдан жараттық. Сөйтіп, оны сынау үшін еститін һәм көретін саналы тіршілік иесі қылдық.

3

إِنَّا هَدَيْنَٰهُ ٱلسَّبِيلَ إِمَّا شَاكِرࣰا وَإِمَّا كَفُورًا

Оған тура жолды да көрсеттік. Енді, қаласа, (осынау нығметтердің қадірін біліп, тура жолмен жүретін) шүкіршіл болар, қаласа, (күпірлік қылып, теріс жолдарға түсетін) рақметі жоқ кәпір болар.

4

إِنَّآ أَعْتَدْنَا لِلْكَٰفِرِينَ سَلَٰسِلَا۟ وَأَغْلَٰلࣰا وَسَعِيرًا

Біле білсеңдер, Біз кәпірлер үшін шынжырлар, бұғаулар һәм жалын атқан от дайындап қойдық.

5

إِنَّ ٱلْأَبْرَارَ يَشْرَبُونَ مِن كَأْسࣲ كَانَ مِزَاجُهَا كَافُورًا

Ізгі жандарға келсек, олар кеселерге құйылған хош иісті «кәфур» қосылған жаннат сусынын ішеді.

6

عَيْنࣰا يَشْرَبُ بِهَا عِبَادُ ٱللَّهِ يُفَجِّرُونَهَا تَفْجِيرࣰا

Ол сондай бұлақ: одан Алланың хас құлдары сусындайды Һәм оны өздері қалаған бағытқа бұрып ағызады.

7

يُوفُونَ بِٱلنَّذْرِ وَيَخَافُونَ يَوْمࣰا كَانَ شَرُّهُۥ مُسْتَطِيرࣰا

(Алланың аталмыш) хас құлдары атаған нәзірлері мен тиісті міндеттерін лайықты түрде атқарады Һәм кесапаты жер-әлемді жайлайтын күннен қорқады.

8

وَيُطْعِمُونَ ٱلطَّعَامَ عَلَىٰ حُبِّهِۦ مِسْكِينࣰا وَيَتِيمࣰا وَأَسِيرًا

Өздері мұқтаж болып, ауыздарының суы құрып тұрса да, пақыр-міскінді, жетім мен тұтқынды қуана-қуана тамақтандырады.

9

إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ ٱللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَآءࣰ وَلَا شُكُورًا

Һәм оларға: «Біз сендерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырудамыз. Бұл жақсылығымыз үшін сендерден ешқандай қарымта да, алғыс та күтпейміз».

10

إِنَّا نَخَافُ مِن رَّبِّنَا يَوْمًا عَبُوسࣰا قَمْطَرِيرࣰا

«Шүбәсіз, Біз адамның түрін қашырып, қабағына кірбің түсіретін алапатты күн туғанда, Раббымыздың жазасына ұшыраудан қорқамыз», – дейді.

11

فَوَقَىٰهُمُ ٱللَّهُ شَرَّ ذَٰلِكَ ٱلْيَوْمِ وَلَقَّىٰهُمْ نَضْرَةࣰ وَسُرُورࣰا

Алла оларды сол күннің кесапатынан сақтайды Һәм оларды жүздері бал-бұл жанған, шат-шадыман күйде қабылдайды.

12

وَجَزَىٰهُم بِمَا صَبَرُوا۟ جَنَّةࣰ وَحَرِيرࣰا

Сабыр еткені үшін оларға жаннатты нәсіп етіп, кіл сусылдаған жібек киімдер кигізеді.

13

مُّتَّكِـِٔينَ فِيهَا عَلَى ٱلْأَرَآئِكِۖ لَا يَرَوْنَ فِيهَا شَمْسࣰا وَلَا زَمْهَرِيرࣰا

Жұмақта салтанатты орынтақтарға шалқая түсіп, жайғасып отырады. Бұдан былай олар онда күннің аптап ыстығын да, бет қарыған аязды да көрмейді.

14

وَدَانِيَةً عَلَيْهِمْ ظِلَٰلُهَا وَذُلِّلَتْ قُطُوفُهَا تَذْلِيلࣰا

Оларға жаннат бақшаларындағы ағаштар саясын түсіреді және шоқ-шоқ жемістері қол созым жерде тұнып тұрады.

15

وَيُطَافُ عَلَيْهِم بِـَٔانِيَةࣲ مِّن فِضَّةࣲ وَأَكْوَابࣲ كَانَتْ قَوَارِيرَا۠

Олардың маңынан айналсоқтап шықпайтын жұмақ қызметшілері оларға күміс ыдыстар және мөп-мөлдір қадақтармен зыр жүгіріп, (алуан түрлі) сусындар тасиды.

16

قَوَارِيرَا۟ مِن فِضَّةࣲ قَدَّرُوهَا تَقْدِيرࣰا

Мөп-мөлдір күміс қадақтармен сусындар тасиды. Ішетін сусындарының түрі мен мөлшерін өздері белгілейді.

17

وَيُسْقَوْنَ فِيهَا كَأْسࣰا كَانَ مِزَاجُهَا زَنجَبِيلًا

Оларға (хош иісті һәм сондай ләззатты жұмақ дәмдеуіші) зәнжәбил қатылған сусынға толы қадақтар ұсынылады.

18

عَيْنࣰا فِيهَا تُسَمَّىٰ سَلْسَبِيلࣰا

(Бұл сусындар байыппен үздіксіз ағып тұратын) Сәлсәбил атты бастаудан (құйылады).

19

۞وَيَطُوفُ عَلَيْهِمْ وِلْدَٰنࣱ مُّخَلَّدُونَ إِذَا رَأَيْتَهُمْ حَسِبْتَهُمْ لُؤْلُؤࣰا مَّنثُورࣰا

Мәңгі-бақи балғын, пәк қалпында қалатын жұмақтағы жас балалар жұмақтықтардың маңынан айналсоқтап шықпай қызмет етеді. Оларды көргеніңде жан-жаққа шашылған інжу екен деп ойлап қаласың.

20

وَإِذَا رَأَيْتَ ثَمَّ رَأَيْتَ نَعِيمࣰا وَمُلْكࣰا كَبِيرًا

Қай жаққа қарасаң да қиял жетпес нығметтер мен зор сән-салтанат көресің.

21

عَٰلِيَهُمْ ثِيَابُ سُندُسٍ خُضْرࣱ وَإِسْتَبْرَقࣱۖ وَحُلُّوٓا۟ أَسَاوِرَ مِن فِضَّةࣲ وَسَقَىٰهُمْ رَبُّهُمْ شَرَابࣰا طَهُورًا

Олар үстіне үлбіреген жасыл жібек пен атластан киім киіп, сәнді күміс білезіктер тағынады. Раббылары оларға тап-таза шарап ішкізіп, ерекше сый көрсетеді.

22

إِنَّ هَٰذَا كَانَ لَكُمْ جَزَآءࣰ وَكَانَ سَعْيُكُم مَّشْكُورًا

«Міне, мұның бәрі сендерге арналған сый-сияпат, осылайша (дүниедегі) ерен еңбектерің ақталды».

23

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا عَلَيْكَ ٱلْقُرْءَانَ تَنزِيلࣰا

(Уа, ардақты елшім!) Шүбәсіз, осынау Құранды саған бірте-бірте түсірген мына Біз!

24

فَٱصْبِرْ لِحُكْمِ رَبِّكَ وَلَا تُطِعْ مِنْهُمْ ءَاثِمًا أَوْ كَفُورࣰا

Ендеше, Раббыңның үкімі шыққанға дейін сабыр ет. Адамдар арасындағы бірде-бір күнәһар мен кәпірдің тілін алма.

25

وَٱذْكُرِ ٱسْمَ رَبِّكَ بُكْرَةࣰ وَأَصِيلࣰا

Раббыңның атын ертелі-кеш зікір ет (яғни, Раббыңа ертелі-кеш құлшылық ет)!

26

وَمِنَ ٱلَّيْلِ فَٱسْجُدْ لَهُۥ وَسَبِّحْهُ لَيْلࣰا طَوِيلًا

Сондай-ақ түннің бір бөлігінде Оған сәжде ет Һәм түнде ұзақ уақыт Оны («Сен – мінсізсің, кемшіліктен адасың» деп) ұлықта.

27

إِنَّ هَٰٓؤُلَآءِ يُحِبُّونَ ٱلْعَاجِلَةَ وَيَذَرُونَ وَرَآءَهُمْ يَوْمࣰا ثَقِيلࣰا

Анығында, бұлар (күнәһар кәпірлер) қолма-қол пайданы (яғни, көз алдарындағы қу дүниені) жақсы көреді, (соған аңсары ауып, соның соңында жүреді). Сөйтіп, алдағы өздерін күтіп тұрған ауыр күнді ескермейді.

28

نَّحْنُ خَلَقْنَٰهُمْ وَشَدَدْنَآ أَسْرَهُمْۖ وَإِذَا شِئْنَا بَدَّلْنَآ أَمْثَٰلَهُمْ تَبْدِيلًا

Оларды Біз жараттық, сондай-ақ оларға буындарын мықтап бекітіп, мығым дене-бітім бердік. Қалаған уақытымызда олардың дене-бітімін де, өзге қасиеттерін де өзгертіп жіберуге қауқарымыз жетеді.

29

إِنَّ هَٰذِهِۦ تَذْكِرَةࣱۖ فَمَن شَآءَ ٱتَّخَذَ إِلَىٰ رَبِّهِۦ سَبِيلࣰا

Шүбәсіз, мұның бәрі игі насихат һәм ескерту. Енді қалған жан өзін Раббысына жеткізетін жолға түседі.

30

وَمَا تَشَآءُونَ إِلَّآ أَن يَشَآءَ ٱللَّهُۚ إِنَّ ٱللَّهَ كَانَ عَلِيمًا حَكِيمࣰا

Алайда Алла қаламайынша, сендер еш нәрсе қалай алмайсыңдар. Шүбәсіз, Алла – Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі), Хаким (әр үкімі мен әр ісінде талай хикметтер болған асқан даналық иесі).

31

يُدْخِلُ مَن يَشَآءُ فِي رَحْمَتِهِۦۚ وَٱلظَّٰلِمِينَ أَعَدَّ لَهُمْ عَذَابًا أَلِيمَۢا

Ол қалағанын шексіз рақымына бөлейді. Сондай-ақ Ол (Өзіне өзгелерді серік етіп қосып, кешірілмес күнәға батқан) залымдар үшін жан төзгісіз азап дайындап қойды.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play