Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран73. Муззәммил
73 · сүре

Муззәммил

20 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

يَٰٓأَيُّهَا ٱلْمُزَّمِّلُ

Уа, жамылғыға бүркенген (елшім)!

2

قُمِ ٱلَّيْلَ إِلَّا قَلِيلࣰا

Қане, тұр да (ұйықтап тынығуға арналған) аздаған бөлігінен басқа бүкіл түнді құлшылықпен өткіз.

3

نِّصْفَهُۥٓ أَوِ ٱنقُصْ مِنْهُ قَلِيلًا

Түннің тең жарымын (құлшылықпен өткіз), не болмаса одан аздап қысқартуыңа болады.

4

أَوْ زِدْ عَلَيْهِ وَرَتِّلِ ٱلْقُرْءَانَ تَرْتِيلًا

Яки жарымынан асырып құлшылық етсең де болады. Сондай-ақ мәнеріне келтіріп һәм мағынасына терең үңіле отырып байыппен Құран оқы!

5

إِنَّا سَنُلْقِي عَلَيْكَ قَوْلࣰا ثَقِيلًا

Шүбәсіз, Біз саған өте ауыр әрі қасиетті сөз (яғни уахи) түсіреміз.

6

إِنَّ نَاشِئَةَ ٱلَّيْلِ هِيَ أَشَدُّ وَطْـࣰٔا وَأَقْوَمُ قِيلًا

Шүбәсіз, түнгі құлшылықтың (адамның зейініне, жүрегі мен рухына) әсері әлдеқайда күшті, сондай-ақ (түн) оқу, оқылғанды тыңдау һәм түйсініп, көңілге тоқу тұрғысынан өте берекелі (өте тиімді).

7

إِنَّ لَكَ فِي ٱلنَّهَارِ سَبْحࣰا طَوِيلࣰا

Ал күндіз атқаратын шаруаң шаш етектен.

8

وَٱذْكُرِ ٱسْمَ رَبِّكَ وَتَبَتَّلْ إِلَيْهِ تَبْتِيلࣰا

Раббыңның атын үнемі жадыңда ұстап, (күндіз-түні) аузыңнан тастамай зікір ет һәм Оған жан-тәніңмен бет бұр.

9

رَّبُّ ٱلْمَشْرِقِ وَٱلْمَغْرِبِ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَ فَٱتَّخِذْهُ وَكِيلࣰا

Ол – шығыстың да, батыстың да Раббысы. Одан басқа тәңір жоқ. Ендеше, (Оған ғана тәуекел етіп), Оны ие тұт!

10

وَٱصْبِرْ عَلَىٰ مَا يَقُولُونَ وَٱهْجُرْهُمْ هَجْرࣰا جَمِيلࣰا

Мүшріктердің айтқан сөздеріне барынша сабыр ет (олардың сөзін де, ісін де көңіліңе алма), әзірше оларды жайына қоя бер (сөйтіп, олармен қатынаста арақашықтық сақтай отырып, өз міндетіңді атқара бер).

11

وَذَرْنِي وَٱلْمُكَذِّبِينَ أُو۟لِي ٱلنَّعْمَةِ وَمَهِّلْهُمْ قَلِيلًا

(Біз нәсіп еткен) ағыл-тегіл нығмет ішінде шалқып жүріп (сені һәм қасиетті дағуаңды) жалғанға шығарушы кәпірлерді Маған тапсыр, сөйтіп оларға біраз мұрсат бер.

12

إِنَّ لَدَيْنَآ أَنكَالࣰا وَجَحِيمࣰا

Өйткені Біздің дәргейімізде оларды сарыла күткен бұғаулар мен жалын атқан жаһаннам бар.

13

وَطَعَامࣰا ذَا غُصَّةࣲ وَعَذَابًا أَلِيمࣰا

Оған қоса, өңештен өтпей тұрып қалатын тағамдар мен жан төзгісіз азап бар.

14

يَوْمَ تَرْجُفُ ٱلْأَرْضُ وَٱلْجِبَالُ وَكَانَتِ ٱلْجِبَالُ كَثِيبࣰا مَّهِيلًا

Сол күні жер мен тау-тастың бәрі қатты шайқалады, таулар үгітілген құм үйінділеріне айналады.

15

إِنَّآ أَرْسَلْنَآ إِلَيْكُمْ رَسُولࣰا شَٰهِدًا عَلَيْكُمْ كَمَآ أَرْسَلْنَآ إِلَىٰ فِرْعَوْنَ رَسُولࣰا

(Уа, адамдар), расында, Біз сендерге (бүкіл істеріңе, әсіресе, хақ дінге деген қарсылықтарың мен күпірліктеріңе) куә болатын елші жібердік. Кезінде Перғауынға да дәл сондай елші жіберген едік.

16

فَعَصَىٰ فِرْعَوْنُ ٱلرَّسُولَ فَأَخَذْنَٰهُ أَخْذࣰا وَبِيلࣰا

Алайда Перғауын ол елшіге қарсы келді, мүлде бағынбады. Сол үшін Біз оны бас салып, оңдырмай жазаладық.

17

فَكَيْفَ تَتَّقُونَ إِن كَفَرْتُمْ يَوْمࣰا يَجْعَلُ ٱلْوِلْدَٰنَ شِيبًا

Бүйтіп күпірлікте табандайтын болсаңдар, жас балалардың өзін шашына ақ түсіріп қартайып жіберетін алапат күннен қалай сақтанбақсыңдар?!

18

ٱلسَّمَآءُ مُنفَطِرُۢ بِهِۦۚ كَانَ وَعْدُهُۥ مَفْعُولًا

Ол күні аспан жарылады. Алланың уағдасы сөзсіз орындалады.

19

إِنَّ هَٰذِهِۦ تَذْكِرَةࣱۖ فَمَن شَآءَ ٱتَّخَذَ إِلَىٰ رَبِّهِۦ سَبِيلًا

Шүбәсіз, бұл – игі насихат һәм ескерту. Ал енді қалған жан өзін Раббысына жеткізетін жолға түседі.

20

۞إِنَّ رَبَّكَ يَعْلَمُ أَنَّكَ تَقُومُ أَدْنَىٰ مِن ثُلُثَيِ ٱلَّيْلِ وَنِصْفَهُۥ وَثُلُثَهُۥ وَطَآئِفَةࣱ مِّنَ ٱلَّذِينَ مَعَكَۚ وَٱللَّهُ يُقَدِّرُ ٱلَّيْلَ وَٱلنَّهَارَۚ عَلِمَ أَن لَّن تُحْصُوهُ فَتَابَ عَلَيْكُمْۖ فَٱقْرَءُوا۟ مَا تَيَسَّرَ مِنَ ٱلْقُرْءَانِۚ عَلِمَ أَن سَيَكُونُ مِنكُم مَّرْضَىٰ وَءَاخَرُونَ يَضْرِبُونَ فِي ٱلْأَرْضِ يَبْتَغُونَ مِن فَضْلِ ٱللَّهِ وَءَاخَرُونَ يُقَٰتِلُونَ فِي سَبِيلِ ٱللَّهِۖ فَٱقْرَءُوا۟ مَا تَيَسَّرَ مِنْهُۚ وَأَقِيمُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ وَءَاتُوا۟ ٱلزَّكَوٰةَ وَأَقْرِضُوا۟ ٱللَّهَ قَرْضًا حَسَنࣰاۚ وَمَا تُقَدِّمُوا۟ لِأَنفُسِكُم مِّنْ خَيْرࣲ تَجِدُوهُ عِندَ ٱللَّهِ هُوَ خَيْرࣰا وَأَعْظَمَ أَجْرࣰاۚ وَٱسْتَغْفِرُوا۟ ٱللَّهَۖ إِنَّ ٱللَّهَ غَفُورࣱ رَّحِيمُۢ

Раббың кейде түннің үштен екісіне жуығын, кейде тең жарымын, кей кездері үштен бір бөлігін құлшылықпен өткізетініңді, сондай-ақ қасыңдағы кейбір мүміндердің де солай істейтінін біледі. Түн мен күнді жаратып, екеуінің мерзімін белгілейтін – бір Алла. (Уа, мүміндер!) Алла, сендердің түнгі құлшылықты қаза қылмастан өтей алмайтындарыңды білгендіктен, сендерге шарапаты мен мейірімін төгіп, кеңшілік һәм жеңілдік жасады. Ендігі жерде, түнгі құлшылықты Құраннан өздеріңе жеңіл тиетіндей мөлшерде оқып өтеңдер. Араларыңда науқастардың болатынын, кейбіреулеріңнің Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтынын, ендібіреулердің Алла жолында жаугершілікке шығып, бел шешпей жортуылдап жүретінін Алла біледі. Ендеше, Құраннан өздеріңе жеңіл тиетіндей мөлшерде оқыңдар. Алайда қандай жағдайда болмасын, намазды кемеліне келтіріп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар. Зекетті толық беріңдер, сонымен қатар, (мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла разылығы үшін дін жолында және мұқтаждарға жұмсау арқылы) Аллаға көркем қарыз беріңдер. Естеріңде болсын, өздерің үшін (о дүниеге) нендей сауап жолдайтын болсаңдар, оны Алланың дәргейінде орасан зор болған һәм еселенген үстіне еселенген күйде көресіңдер. Алладан ұдайы кешірім тілеңдер! Шүбәсіз, Алла – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (әсіресе, мүмін құлдарына ерекше мейірімді).

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play