بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ
قُلْ أُوحِيَ إِلَيَّ أَنَّهُ ٱسْتَمَعَ نَفَرࣱ مِّنَ ٱلْجِنِّ فَقَالُوٓا۟ إِنَّا سَمِعْنَا قُرْءَانًا عَجَبࣰا
(Уа, ардақты елшім), былай де: «Маған келген уахи бойынша, бір топ жын (мен оқыған Құранды) тыңдап, кейін (тайпаларына барып): «(Уа, жарандар), расында, біз таңғажайып Құран тыңдадық».
يَهْدِيٓ إِلَى ٱلرُّشْدِ فَـَٔامَنَّا بِهِۦۖ وَلَن نُّشْرِكَ بِرَبِّنَآ أَحَدࣰا
«Ол әрдайым хақ жолға бастайды, біз оған иман келтірдік. Біз ендігәрі Раббымызға ешкімді және еш нәрсені серік етіп қоспаймыз!»
وَأَنَّهُۥ تَعَٰلَىٰ جَدُّ رَبِّنَا مَا ٱتَّخَذَ صَٰحِبَةࣰ وَلَا وَلَدࣰا
«Шүбәсіз, Раббымыздың даңқы асқақ, ұлылығы шексіз. Ол ешкімді Өзіне жұбай етіп те, бала етіп те алған емес (яғни, Оның жұбайы да, баласы да жоқ)».
وَأَنَّهُۥ كَانَ يَقُولُ سَفِيهُنَا عَلَى ٱللَّهِ شَطَطࣰا
«Сөйтсек, арамыздағы ессіз ақымақтар Алла жайында жоқ нәрсені шатып жүр екен ғой!»
وَأَنَّا ظَنَنَّآ أَن لَّن تَقُولَ ٱلْإِنسُ وَٱلْجِنُّ عَلَى ٱللَّهِ كَذِبࣰا
«Ал біз болсақ, адамдар да, жындар да Алла жайында әсте өтірік айтпайды деп ойлайтын едік».
وَأَنَّهُۥ كَانَ رِجَالࣱ مِّنَ ٱلْإِنسِ يَعُوذُونَ بِرِجَالࣲ مِّنَ ٱلْجِنِّ فَزَادُوهُمْ رَهَقࣰا
«Сөйтсек, базбір адамдар базбір жындарды пана тұтып, жындардың менмендігі мен астамшылдығын күшейткен екен. Ал жындар болса, (өздерін пір тұтып, қатынасқа түскен) адамдарды одан сайын күнәға батырып, азғындығын онан әрмен арттырған екен».
وَأَنَّهُمْ ظَنُّوا۟ كَمَا ظَنَنتُمْ أَن لَّن يَبْعَثَ ٱللَّهُ أَحَدࣰا
«(Уа, жарандар), олар да сендер ойлағандай, Алла ешкімді пайғамбар ретінде жібермейді деп ойлайтын еді».
وَأَنَّا لَمَسْنَا ٱلسَّمَآءَ فَوَجَدْنَٰهَا مُلِئَتْ حَرَسࣰا شَدِيدࣰا وَشُهُبࣰا
«Біз көкке көтерілейік деп едік, оның тым қатал әрі мықты сақшылар мен жалын атқан оқтарға толы екенін көрдік».
وَأَنَّا كُنَّا نَقْعُدُ مِنْهَا مَقَٰعِدَ لِلسَّمْعِۖ فَمَن يَسْتَمِعِ ٱلْـَٔانَ يَجِدْ لَهُۥ شِهَابࣰا رَّصَدࣰا
«Бұрын біз аспанның кей тұстарында тың тыңдап отыратын едік. Алайда қазір кімде-кім тың тыңдауға ұмсынса болды, өзінің жалын атқан оққа нысанаға шаншылғанын аңғарады».
وَأَنَّا لَا نَدْرِيٓ أَشَرٌّ أُرِيدَ بِمَن فِي ٱلْأَرْضِ أَمْ أَرَادَ بِهِمْ رَبُّهُمْ رَشَدࣰا
«Осылайша, жердегілерді жамандыққа ұшырату көзделді ме, жоқ әлде, Раббылары оларға жақсылық қалады ма, шынын айтсақ, оны біле алмадық».
وَأَنَّا مِنَّا ٱلصَّٰلِحُونَ وَمِنَّا دُونَ ذَٰلِكَۖ كُنَّا طَرَآئِقَ قِدَدࣰا
«Арамызда (иман етуге ынталы) ізгі жандар да бар, ондай еместер де бар. Сөйтіп, жік-жікке бөлініп, тарам-тарам жолдарға түскен жайымыз бар».
وَأَنَّا ظَنَنَّآ أَن لَّن نُّعْجِزَ ٱللَّهَ فِي ٱلْأَرْضِ وَلَن نُّعْجِزَهُۥ هَرَبࣰا
«Ендеше, жер бетінде Алланың қалауына қарсы тұра алмайтынымызға, сондай-ақ Одан ешқайда да қашып құтыла алмайтынымызға көзіміз анық жетті!»
وَأَنَّا لَمَّا سَمِعْنَا ٱلْهُدَىٰٓ ءَامَنَّا بِهِۦۖ فَمَن يُؤْمِنۢ بِرَبِّهِۦ فَلَا يَخَافُ بَخْسࣰا وَلَا رَهَقࣰا
«Тура жолға бастайтын (Құранды) естігенімізде, оған бірден иман келтірдік. Кімде-кім Раббысына лайықты түрде иман етсе, (иманы мен игі істерінің) қарымын толық ала алмай қаламын ба деп те, бар жақсылықтан мақұрым қалмас па екенмін деп те қорықпайтын болады».
وَأَنَّا مِنَّا ٱلْمُسْلِمُونَ وَمِنَّا ٱلْقَٰسِطُونَۖ فَمَنْ أَسْلَمَ فَأُو۟لَٰٓئِكَ تَحَرَّوْا۟ رَشَدࣰا
«Шынын айтсақ, арамызда Аллаға мойынсұнған мұсылмандар да, хақ жолдан тайған азғындар да бар. Ал енді кімде-кім бір Аллаға мойынсұнса, міне, солар ақиқатты іздегендер һәм тапқандар».
وَأَمَّا ٱلْقَٰسِطُونَ فَكَانُوا۟ لِجَهَنَّمَ حَطَبࣰا
«Ал хақ жолдан тайған азғындарға келсек, олар жаһаннамға отын болады».
وَأَلَّوِ ٱسْتَقَٰمُوا۟ عَلَى ٱلطَّرِيقَةِ لَأَسْقَيْنَٰهُم مَّآءً غَدَقࣰا
Егер адамдар мен жындар Алланың тура жолымен еш ауытқымай жүргендерінде, шүбәсіз, оларға мол жауын жаудырып, ризық-несібелерін молайтар едік».
لِّنَفْتِنَهُمْ فِيهِۚ وَمَن يُعْرِضْ عَن ذِكْرِ رَبِّهِۦ يَسْلُكْهُ عَذَابࣰا صَعَدࣰا
Әсілі, Біз оларды өздеріне берген әр нығметпен сынаймыз. Кімде-кім Раббысының насихат пен иләһи нұсқауларға толы (Кітабынан) теріс айналса, Алла оны барған сайын күшейе беретін ауыр азапқа душар етеді.
وَأَنَّ ٱلْمَسَٰجِدَ لِلَّهِ فَلَا تَدْعُوا۟ مَعَ ٱللَّهِ أَحَدࣰا
Шүбәсіз, мешіттер (һәм онда өтелетін барлық құлшылықтар) бір Алла үшін (сондай-ақ адам баласының құлшылық барысында қимылдайтын барлық мүшелері де бір Аллаға тиесілі). Ендеше, Алладан басқа ешкімге әрі еш нәрсеге дұға етіп, жалбарынбаңдар!
وَأَنَّهُۥ لَمَّا قَامَ عَبْدُ ٱللَّهِ يَدْعُوهُ كَادُوا۟ يَكُونُونَ عَلَيْهِ لِبَدࣰا
Алланың хас құлы түрегеп тұрып Раббысына құлшылық ете бастағанда, (кәпірлер ел-жұртқа оның оқыған Құранын естіртпеу үшін қаптап келіп, тіпті бір-бірінің үстіне шығып кетердей болып), маңайына үймелеп қалған еді.
قُلْ إِنَّمَآ أَدْعُوا۟ رَبِّي وَلَآ أُشْرِكُ بِهِۦٓ أَحَدࣰا
(Уа, Мұхаммед!) Былай де: «Мен тек Раббыма ғана құлшылық етіп, жалбарынамын һәм Оған ешкімді және еш нәрсені серік етіп қоспаймын».
قُلْ إِنِّي لَآ أَمْلِكُ لَكُمْ ضَرࣰّا وَلَا رَشَدࣰا
«Біле білсеңдер, мен сендерге өздігімнен зиян да келтіре алмаймын, сондай-ақ өздігімнен тура жолға салып, жарылқай да алмаймын».
قُلْ إِنِّي لَن يُجِيرَنِي مِنَ ٱللَّهِ أَحَدࣱ وَلَنْ أَجِدَ مِن دُونِهِۦ مُلْتَحَدًا
«(Егер Аллаға қарсы келетін болсам), мені Алланың жазасынан ешкім құтқара алмайды, сондай-ақ Одан басқа пана таппасым да анық».
إِلَّا بَلَٰغࣰا مِّنَ ٱللَّهِ وَرِسَٰلَٰتِهِۦۚ وَمَن يَعْصِ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥ فَإِنَّ لَهُۥ نَارَ جَهَنَّمَ خَٰلِدِينَ فِيهَآ أَبَدًا
«Менің бар міндетім, Аллаға қатысты ақиқаттар мен Оның қасиетті жолдауларын тиісінше насихаттап жеткізу ғана». Ендеше, кімде-кім Аллаға және елшісіне қарсылық танытса, шүбәсіз, ондай (күнәһар) үшін жаһаннам оты бар, Һәм ондай (күнәһарлар) онда мәңгі-бақи қалады.
حَتَّىٰٓ إِذَا رَأَوْا۟ مَا يُوعَدُونَ فَسَيَعْلَمُونَ مَنْ أَضْعَفُ نَاصِرࣰا وَأَقَلُّ عَدَدࣰا
(Оларды жайына қоя бер, сендерді аз әрі осал көріп, менсінбей жүре берсін). Өздеріне уәде етілген (жаһаннам азабын) өз көздерімен көргенде, кімнің қолдаушылары ең осал әрі тым аз екенін әлі-ақ білетін болады.
قُلْ إِنْ أَدْرِيٓ أَقَرِيبࣱ مَّا تُوعَدُونَ أَمْ يَجْعَلُ لَهُۥ رَبِّيٓ أَمَدًا
(Уа, ардақты елшім! Оларға) былай де: «Сендерге уәде етілген (азапты күн) жақын ба, жоқ әлде, Раббым ол үшін ұзақ уақыт белгілей ме, оны білмедім».
عَٰلِمُ ٱلْغَيْبِ فَلَا يُظْهِرُ عَلَىٰ غَيْبِهِۦٓ أَحَدًا
«Ол ғайыпты (яғни, сезім мүшелерімен сезіп-білу мүмкін болмаған тылсым әлемді) білуші һәм бір Өзі ғана білетін ғайыптың сырын ешкімге ашпайды».
إِلَّا مَنِ ٱرْتَضَىٰ مِن رَّسُولࣲ فَإِنَّهُۥ يَسْلُكُ مِنۢ بَيْنِ يَدَيْهِ وَمِنْ خَلْفِهِۦ رَصَدࣰا
Тек Өзі разы болып, таңдаған елшісіне ғана ашады. Өйткені Алла (Өзінің шексіз ілімінен, ғайыптан келетін сырға титтей де жалған араласпау үшін) елшісінің алды-артына сақшы (періштелер) қояды.
لِّيَعْلَمَ أَن قَدْ أَبْلَغُوا۟ رِسَٰلَٰتِ رَبِّهِمْ وَأَحَاطَ بِمَا لَدَيْهِمْ وَأَحْصَىٰ كُلَّ شَيْءٍ عَدَدَۢا
Осылайша (Алла) елшілердің Раббыларының жолдауларын кем-кетіксіз һәм бұрмалаусыз лайықты түрде жеткізгенін білгісі (яғни, іс жүзінде көргісі) келеді. Алла елшілеріне не уахи еткенін һәм олардың барлық жай-күйін жақсы біледі, сондай-ақ Ол барлық нәрсені бүге-шігесіне дейін жіпке тізіп, сақтап қоюда.
ق
Quran.kz қосымшасыОқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.