Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран60. Мумтахана
60 · сүре

Мумтахана

13 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَتَّخِذُوا۟ عَدُوِّي وَعَدُوَّكُمْ أَوْلِيَآءَ تُلْقُونَ إِلَيْهِم بِٱلْمَوَدَّةِ وَقَدْ كَفَرُوا۟ بِمَا جَآءَكُم مِّنَ ٱلْحَقِّ يُخْرِجُونَ ٱلرَّسُولَ وَإِيَّاكُمْ أَن تُؤْمِنُوا۟ بِٱللَّهِ رَبِّكُمْ إِن كُنتُمْ خَرَجْتُمْ جِهَٰدࣰا فِي سَبِيلِي وَٱبْتِغَآءَ مَرْضَاتِيۚ تُسِرُّونَ إِلَيْهِم بِٱلْمَوَدَّةِ وَأَنَا۠ أَعْلَمُ بِمَآ أَخْفَيْتُمْ وَمَآ أَعْلَنتُمْۚ وَمَن يَفْعَلْهُ مِنكُمْ فَقَدْ ضَلَّ سَوَآءَ ٱلسَّبِيلِ

Уа, иман келтіргендер! Менің дұшпандарымды да, өз дұшпандарыңды да дос тұтпаңдар! Олар сендерге келген ақиқатты жоққа шығарып, онымен қоймай Раббыларың Аллаға иман келтіргендерің үшін Алла елшісін де, өздеріңді де сыйғызбай ата қоныстарыңнан қуып жатқанда, сендер оларға сүйіспеншілік танытасыңдар (сонда бұл қалай?!). Егер Менің жолымда күресу әрі разылығыма бөлену үшін (үй-жайларыңды, ата қоныстарыңды тастап) шыққан болсаңдар, (онда оларды дос тұтушы болмаңдар). Сендер оларға сүйіспеншілік танытып, сыр алдырып қоюдасыңдар, ал Мен сендердің нені жасырын, нені жария түрде істеп жүргендеріңді жақсы білемін. Ендеше, араларыңнан кімде-кім оларға сүйіспеншілік танытып, сыр ашатын болса, онда шүбәсіз, тура жолдан тайғаны.

2

إِن يَثْقَفُوكُمْ يَكُونُوا۟ لَكُمْ أَعْدَآءࣰ وَيَبْسُطُوٓا۟ إِلَيْكُمْ أَيْدِيَهُمْ وَأَلْسِنَتَهُم بِٱلسُّوٓءِ وَوَدُّوا۟ لَوْ تَكْفُرُونَ

Егер олар сендерден басым түсе қалса, дұшпан болып шыға келеді. Сендерге қолдарымен де, тілдерімен де қолдарынан келген жамандықтың бәрін істеп бағады һәм сендердің де (өздері сияқты) кәпір болғандарыңды қалайды.

3

لَن تَنفَعَكُمْ أَرْحَامُكُمْ وَلَآ أَوْلَٰدُكُمْۚ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ يَفْصِلُ بَيْنَكُمْۚ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرࣱ

Қиямет күні сендерге жақындарың да, бала-шағаларың да пайда бермейді. Ол күні Алла сендерді (дүниедегі сенімдерің мен іс-әрекеттеріңе қарай) бір-бірлеріңнен ажыратады. Алла не істеп, не қойып жүргендеріңді толық көруде.

4

قَدْ كَانَتْ لَكُمْ أُسْوَةٌ حَسَنَةࣱ فِيٓ إِبْرَٰهِيمَ وَٱلَّذِينَ مَعَهُۥٓ إِذْ قَالُوا۟ لِقَوْمِهِمْ إِنَّا بُرَءَٰٓؤُا۟ مِنكُمْ وَمِمَّا تَعْبُدُونَ مِن دُونِ ٱللَّهِ كَفَرْنَا بِكُمْ وَبَدَا بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمُ ٱلْعَدَٰوَةُ وَٱلْبَغْضَآءُ أَبَدًا حَتَّىٰ تُؤْمِنُوا۟ بِٱللَّهِ وَحْدَهُۥٓ إِلَّا قَوْلَ إِبْرَٰهِيمَ لِأَبِيهِ لَأَسْتَغْفِرَنَّ لَكَ وَمَآ أَمْلِكُ لَكَ مِنَ ٱللَّهِ مِن شَيْءࣲۖ رَّبَّنَا عَلَيْكَ تَوَكَّلْنَا وَإِلَيْكَ أَنَبْنَا وَإِلَيْكَ ٱلْمَصِيرُ

Шынтуайтында Ибраһимде және онымен бірге болған (мүміндерде) сендер үшін жақсы үлгі-өнеге бар. Олар өздерінің (күпірлікте табандаған) қауымына: «Біз сендерден де, Алладан өзге табынып жүргендеріңнен де аулақпыз. Біз сендерді де, сенімдеріңді де қабылдамаймыз. Бір Аллаға ғана иман келтіргендеріңе дейін арамызда мәңгілікке бітіспес дұшпандық пен айықпас өшпенділіктің орнағаны анық», – деген еді. Дегенмен, Ибраһимнің әкесіне айтқан «Сіз үшін (Раббымнан) кешірім тілеймін, алайда Алланың қалауына қарсы сіз үшін еш нәрсе істей алмаймын» деген сөзінің жөні бөлек. (Ибраһим және маңайындағы мүміндер): «Уа, Раббымыз, бір Өзіңе ғана тәуекел етіп, арқа сүйедік! Жан-тәнімізбен бір Өзіңе бет бұрдық һәм түбінде Өзіңе қайтамыз».

5

رَبَّنَا لَا تَجْعَلْنَا فِتْنَةࣰ لِّلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَٱغْفِرْ لَنَا رَبَّنَآۖ إِنَّكَ أَنتَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ

«Уа, Раббымыз, бізді күпірлік қылғандармен сынай көрме (яғни кәпірлерді бізден үстем қылып, бізді олардың қас-қабағына қаратып, қиын жағдайға душар ете көрме)! Бізді кешіре көр! Күмәнсіз, Сен Азизсің (бәрінен үстем әрі ұлысың), Хакимсің (әр ісің мен әрбір үкімің хикметтерге толы болған асқан даналық иесісің)», – деп дұға еткен еді.

6

لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِيهِمْ أُسْوَةٌ حَسَنَةࣱ لِّمَن كَانَ يَرْجُوا۟ ٱللَّهَ وَٱلْيَوْمَ ٱلْـَٔاخِرَۚ وَمَن يَتَوَلَّ فَإِنَّ ٱللَّهَ هُوَ ٱلْغَنِيُّ ٱلْحَمِيدُ

Шүбәсіз, оларда сендер үшін, Аллаға және ақирет күніне қауышуды қалайтындар үшін жақсы үлгі-өнеге бар. Ал кімде-кім одан сырт айналып, кері кетсе, біліп қойсын, Алла – Ғани (ешкімге һәм еш нәрсеге мұқтаж болмаған әсте ортаймайтын байлық иесі), Хамид (бар мақтау мен шексіз шүкіршілікке әбден лайық).

7

۞عَسَى ٱللَّهُ أَن يَجْعَلَ بَيْنَكُمْ وَبَيْنَ ٱلَّذِينَ عَادَيْتُم مِّنْهُم مَّوَدَّةࣰۚ وَٱللَّهُ قَدِيرࣱۚ وَٱللَّهُ غَفُورࣱ رَّحِيمࣱ

(Алланың үкімдерін басшылыққа алыңдар, қайдан білесіңдер), бәлкім, Алла сендер мен жауласқан дұшпандарыңның арасында өзара сүйіспеншілік, достық орнатар. Өйткені Алланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді. Алла – Ғафур (құлдарының күнәлары қанша жерден үлкен болса да тәубе еткендер үшін өте кешірімді) әрі Рахим (әсіресе тәубешіл, мүмін құлдарына ерекше мейірімді).

8

لَّا يَنْهَىٰكُمُ ٱللَّهُ عَنِ ٱلَّذِينَ لَمْ يُقَٰتِلُوكُمْ فِي ٱلدِّينِ وَلَمْ يُخْرِجُوكُم مِّن دِيَٰرِكُمْ أَن تَبَرُّوهُمْ وَتُقْسِطُوٓا۟ إِلَيْهِمْۚ إِنَّ ٱللَّهَ يُحِبُّ ٱلْمُقْسِطِينَ

Алла сендерді өздеріңмен дін үшін соғыспаған және өз атамекендеріңнен қумағандарға жақсылық жасаудан һәм оларға барынша әділ болудан тыймайды. Шүбәсіз, Алла әділдікке, адам құқығына ерекше мән беретіндерді жақсы көреді.

9

إِنَّمَا يَنْهَىٰكُمُ ٱللَّهُ عَنِ ٱلَّذِينَ قَٰتَلُوكُمْ فِي ٱلدِّينِ وَأَخْرَجُوكُم مِّن دِيَٰرِكُمْ وَظَٰهَرُوا۟ عَلَىٰٓ إِخْرَاجِكُمْ أَن تَوَلَّوْهُمْۚ وَمَن يَتَوَلَّهُمْ فَأُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلظَّٰلِمُونَ

Керісінше, Алла сендерді өздеріңмен дін үшін соғысқан және өз атамекендеріңнен қуған һәм қуылуларың үшін қолдарынан келген көмекті аямаған кәпірлермен дос болудан тыяды. Ендеше, кімде-кім оларды дос тұтса, міне, солар – нағыз залымдар.

10

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِذَا جَآءَكُمُ ٱلْمُؤْمِنَٰتُ مُهَٰجِرَٰتࣲ فَٱمْتَحِنُوهُنَّۖ ٱللَّهُ أَعْلَمُ بِإِيمَٰنِهِنَّۖ فَإِنْ عَلِمْتُمُوهُنَّ مُؤْمِنَٰتࣲ فَلَا تَرْجِعُوهُنَّ إِلَى ٱلْكُفَّارِۖ لَا هُنَّ حِلࣱّ لَّهُمْ وَلَا هُمْ يَحِلُّونَ لَهُنَّۖ وَءَاتُوهُم مَّآ أَنفَقُوا۟ۚ وَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ أَن تَنكِحُوهُنَّ إِذَآ ءَاتَيْتُمُوهُنَّ أُجُورَهُنَّۚ وَلَا تُمْسِكُوا۟ بِعِصَمِ ٱلْكَوَافِرِ وَسْـَٔلُوا۟ مَآ أَنفَقْتُمْ وَلْيَسْـَٔلُوا۟ مَآ أَنفَقُوا۟ۚ ذَٰلِكُمْ حُكْمُ ٱللَّهِ يَحْكُمُ بَيْنَكُمْۖ وَٱللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمࣱ

Уа, иман келтіргендер! Қатарларыңа қосылу үшін (иман айтып) һижрет етіп келген мүмін әйелдерді сынап көріңдер. Алла олардың иманын бәрінен жақсы біледі. Егер сынап көргеннен кейін, олардың шынымен мүмін екендігіне анық көз жеткізсеңдер, онда оларды кәпірлерге кері қайтармаңдар. Бұдан былай олар кәпір күйеулеріне адал емес, кәпір күйеулері де олар үшін адал жар бола алмайды. Сонымен қатар күйеулерінің оларға берген мәһірлерін қайтарыңдар. Ал сендерге келсек, тиісті мәһірлерін беру арқылы олармен некелесетін болсаңдар, күнәға қалмайсыңдар. Сондай-ақ (кітап иелеріне жатпайтын) кәпір-мүшрік әйелдерді некелеріңде ұстамаңдар. (Талақ қылған кәпір әйелдеріңе) берген мәһірлеріңді қайтарып алыңдар. Кәпірлер де (Исламды қабылдап, сендерге қосылған әйелдеріне) берген мәһірлерін өздеріне қайтаруларыңды талап етуге толық құқылы. Міне, бұлар – Алланың үкімдері. Араларыңда үкім беретін бір Өзі. Өйткені Алла – Алим (шексіз ілім иесі), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімі хикметтерге толы болған асқан даналық иесі).

11

وَإِن فَاتَكُمْ شَيْءࣱ مِّنْ أَزْوَٰجِكُمْ إِلَى ٱلْكُفَّارِ فَعَاقَبْتُمْ فَـَٔاتُوا۟ ٱلَّذِينَ ذَهَبَتْ أَزْوَٰجُهُم مِّثْلَ مَآ أَنفَقُوا۟ۚ وَٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ ٱلَّذِيٓ أَنتُم بِهِۦ مُؤْمِنُونَ

Егер жұбайларыңның бірі діннен безген бойда кәпірлерге қашып кетсе, кейін сол кәпірлермен соғысып жеңіске жетсеңдер, әйелдері қашып кеткен ерлерге түскен олжадан (алатын үлестеріне қоса) мәһірге жұмсаған дүниенің мөлшеріндей үлес беріңдер. Өздерің иман келтірген Аллаға шын көңілден тағзым етіңдер һәм Оған қарсы келуден сақтаныңдар!

12

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِيُّ إِذَا جَآءَكَ ٱلْمُؤْمِنَٰتُ يُبَايِعْنَكَ عَلَىٰٓ أَن لَّا يُشْرِكْنَ بِٱللَّهِ شَيْـࣰٔا وَلَا يَسْرِقْنَ وَلَا يَزْنِينَ وَلَا يَقْتُلْنَ أَوْلَٰدَهُنَّ وَلَا يَأْتِينَ بِبُهْتَٰنࣲ يَفْتَرِينَهُۥ بَيْنَ أَيْدِيهِنَّ وَأَرْجُلِهِنَّ وَلَا يَعْصِينَكَ فِي مَعْرُوفࣲ فَبَايِعْهُنَّ وَٱسْتَغْفِرْ لَهُنَّ ٱللَّهَۚ إِنَّ ٱللَّهَ غَفُورࣱ رَّحِيمࣱ

Уа, (ардақты) пайғамбар! Жаңадан иман келтірген әйелдер алдыңа келіп: Аллаға ешкімді һәм еш нәрсені серік етіп қоспау, ұрлық-қарлыққа бармау, зина жасамау, балаларын өлтірмеу, бөтен баланы немесе басқа біреуден тапқан баласын күйеуіне теліп өтірік айтпау, бірде-бір игі істе саған қарсы келмеу мәселелерінде саған ант бергілері келсе, анттарын қабылда һәм олар үшін Алладан кешірім тіле. Өйткені Алла – Ғафур (құлдарының күнәлары қанша жерден үлкен болса да тәубе еткендер үшін өте кешірімді) әрі Рахим (әсіресе мүмін құлдарына ерекше мейірімді).

13

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَتَوَلَّوْا۟ قَوْمًا غَضِبَ ٱللَّهُ عَلَيْهِمْ قَدْ يَئِسُوا۟ مِنَ ٱلْـَٔاخِرَةِ كَمَا يَئِسَ ٱلْكُفَّارُ مِنْ أَصْحَٰبِ ٱلْقُبُورِ

Уа, иман келтіргендер! Алла қаһарын төккен қауымды өздеріңе дос тұтпаңдар! Кәпірлер қабірде жатқандардан қалай үміт үзген болса, олар да ақиреттен дәл солай үміт үзген.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play