بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ
سَبَّحَ لِلَّهِ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلْأَرْضِۖ وَهُوَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ
Аспан әлемі мен жердегі жаратылыс біткеннің бәрі Алланы мінсіз һәм кемшілік атаулыдан ада екендігін айтып, ұлықтайды! Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімі көптеген хикметтерге негізделген теңдессіз даналық Иесі).
يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لِمَ تَقُولُونَ مَا لَا تَفْعَلُونَ
Уа, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін нәрсені неге айтасыңдар?!
كَبُرَ مَقْتًا عِندَ ٱللَّهِ أَن تَقُولُوا۟ مَا لَا تَفْعَلُونَ
Істемейтін істі айту – Алланың алдында ең жеккөрінішті нәрсе.
إِنَّ ٱللَّهَ يُحِبُّ ٱلَّذِينَ يُقَٰتِلُونَ فِي سَبِيلِهِۦ صَفࣰّا كَأَنَّهُم بُنْيَٰنࣱ مَّرْصُوصࣱ
Алла Өзінің жолында бейне бір кірпіштері қорғасынмен қаланған берік құрылыс тәрізді қатар-қатар сап түзеп соғысатындарды жақсы көреді.
وَإِذْ قَالَ مُوسَىٰ لِقَوْمِهِۦ يَٰقَوْمِ لِمَ تُؤْذُونَنِي وَقَد تَّعْلَمُونَ أَنِّي رَسُولُ ٱللَّهِ إِلَيْكُمْۖ فَلَمَّا زَاغُوٓا۟ أَزَاغَ ٱللَّهُ قُلُوبَهُمْۚ وَٱللَّهُ لَا يَهْدِي ٱلْقَوْمَ ٱلْفَٰسِقِينَ
Кезінде Мұса өз қауымына: «Уа, халқым, менің өздеріңе келген Алланың елшісі екенімді біле тұра, мені неге мұншама қинайсыңдар?» – деген еді. Олар осылайша хақ жолдан ауытқып қисық кеткенде, Алла да олардың жүрегін ақиқаттан ауытқытып жіберді (яғни олардың табиғатын теріске айналдырды). Алла ондай күнәдан қайтпайтын азғын қауымды әсте тура жолға салмайды.
وَإِذْ قَالَ عِيسَى ٱبْنُ مَرْيَمَ يَٰبَنِيٓ إِسْرَٰٓءِيلَ إِنِّي رَسُولُ ٱللَّهِ إِلَيْكُم مُّصَدِّقࣰا لِّمَا بَيْنَ يَدَيَّ مِنَ ٱلتَّوْرَىٰةِ وَمُبَشِّرَۢا بِرَسُولࣲ يَأْتِي مِنۢ بَعْدِي ٱسْمُهُۥٓ أَحْمَدُۖ فَلَمَّا جَآءَهُم بِٱلْبَيِّنَٰتِ قَالُوا۟ هَٰذَا سِحْرࣱ مُّبِينࣱ
Өз кезінде Мәриямұлы Иса да: «Уа, Исрайыл ұрпақтары! Мен сендерге келген Алланың елшісімін. Өзімнен бұрын түскен Тәураттағы ақиқаттарды растау және өзімнен кейін келетін Ахмет есімді елшіні сүйіншілеу үшін жіберілдім», – деген. Алайда сол ардақты пайғамбар оларға ап-айқын дәлелдермен келген кезде: «Мұның (әкелгені мен ісі) анық сиқыр», – десті.
وَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّنِ ٱفْتَرَىٰ عَلَى ٱللَّهِ ٱلْكَذِبَ وَهُوَ يُدْعَىٰٓ إِلَى ٱلْإِسْلَٰمِۚ وَٱللَّهُ لَا يَهْدِي ٱلْقَوْمَ ٱلظَّٰلِمِينَ
Хақ дін Исламға шақырылып жатса да, ойынан шығарған өтірігін Аллаға телігеннен асқан залым бар ма?! Алла ондай залым қауымға әсте тура жолға түсуді нәсіп етпейді.
يُرِيدُونَ لِيُطْفِـُٔوا۟ نُورَ ٱللَّهِ بِأَفْوَٰهِهِمْ وَٱللَّهُ مُتِمُّ نُورِهِۦ وَلَوْ كَرِهَ ٱلْكَٰفِرُونَ
Олар Алланың нұрын ауыздарымен (үрлеп) сөндіргілері келеді. Алайда кәпірлер қанша жерден жақтырмаса да, Алла өз нұрын тамамдайды (яғни дінін толық түсіріп, күллі әлемге тегіс жаяды).
هُوَ ٱلَّذِيٓ أَرْسَلَ رَسُولَهُۥ بِٱلْهُدَىٰ وَدِينِ ٱلْحَقِّ لِيُظْهِرَهُۥ عَلَى ٱلدِّينِ كُلِّهِۦ وَلَوْ كَرِهَ ٱلْمُشْرِكُونَ
Ол – мүшріктер жақтырмаса да (хақ дін Исламды) бүкіл діндерден үстем ету үшін пайғамбарын тура жол және хақ дінмен жіберген Алла.
يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ هَلْ أَدُلُّكُمْ عَلَىٰ تِجَٰرَةࣲ تُنجِيكُم مِّنْ عَذَابٍ أَلِيمࣲ
Уа, иман келтіргендер! Сендерді жан төзгісіз азаптан құтқаратын өте табысты кәсіпті көрсетейін бе?!
تُؤْمِنُونَ بِٱللَّهِ وَرَسُولِهِۦ وَتُجَٰهِدُونَ فِي سَبِيلِ ٱللَّهِ بِأَمْوَٰلِكُمْ وَأَنفُسِكُمْۚ ذَٰلِكُمْ خَيْرࣱ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ
Аллаға һәм расулына лайықты түрде иман келтіріп, Алла жолында мал-пұлдарыңды да, жандарыңды да аямай күресесіңдер. Біле білсеңдер, солай істегендерің өздерің үшін қайырлы болмақ.
يَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَيُدْخِلْكُمْ جَنَّٰتࣲ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَٰرُ وَمَسَٰكِنَ طَيِّبَةࣰ فِي جَنَّٰتِ عَدْنࣲۚ ذَٰلِكَ ٱلْفَوْزُ ٱلْعَظِيمُ
Сонда (Алла) күнәларыңды кешіріп, (жайқалған жасыл бауларының арасымен және зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағатын жаннат бақшаларына, түгесілмейтін нығмет пен мәңгілік шаттық мекені Адн жаннатындағы керемет үй-жайларға орналастырады. Ең үлкен жетістік, ең зор табыс деген – осы.
وَأُخْرَىٰ تُحِبُّونَهَاۖ نَصْرࣱ مِّنَ ٱللَّهِ وَفَتْحࣱ قَرِيبࣱۗ وَبَشِّرِ ٱلْمُؤْمِنِينَ
Сондай-ақ көңілдеріңе ұнайтын тағы бір нығмет бар: ол – Алладан келетін жәрдем мен жақында жүзеге асатын (басқа да көптеген жеңістердің басы болатын) ұлы жеңіс. Мүміндерге соны сүйіншіле!
يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ كُونُوٓا۟ أَنصَارَ ٱللَّهِ كَمَا قَالَ عِيسَى ٱبْنُ مَرْيَمَ لِلْحَوَارِيِّـۧنَ مَنْ أَنصَارِيٓ إِلَى ٱللَّهِۖ قَالَ ٱلْحَوَارِيُّونَ نَحْنُ أَنصَارُ ٱللَّهِۖ فَـَٔامَنَت طَّآئِفَةࣱ مِّنۢ بَنِيٓ إِسْرَٰٓءِيلَ وَكَفَرَت طَّآئِفَةࣱۖ فَأَيَّدْنَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ عَلَىٰ عَدُوِّهِمْ فَأَصْبَحُوا۟ ظَٰهِرِينَ
Уа, иман келтіргендер! Алланың (дініне һәм расулына қолдау көрсететін) жәрдемшілері болыңдар. Кезінде Мәриямұлы Иса хауарилерінен: «Менің Аллаға барар жолдағы арқа сүйер жәрдемшілерім кімдер?» – деп сұраған еді. Сонда хауарилер: «Алланың (дініне һәм расулына қолдау көрсететін) жәрдемшілері біз боламыз», – деп жауап берген. Сөйтіп, Исрайыл ұрпақтарының бір бөлігі (Аллаға һәм Исаның пайғамбарлығына) иман етсе, енді бір бөлігі күпірлік қылды. Біз иман келтіргендерге дұшпандарына қарсы қолдау көрсеттік, сол себепті олар (кәпірлерден) үстем болды.
ق
Quran.kz қосымшасыОқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.