Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран58. Мужадилә
58 · сүре

Мужадилә

22 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

قَدْ سَمِعَ ٱللَّهُ قَوْلَ ٱلَّتِي تُجَٰدِلُكَ فِي زَوْجِهَا وَتَشْتَكِيٓ إِلَى ٱللَّهِ وَٱللَّهُ يَسْمَعُ تَحَاوُرَكُمَآۚ إِنَّ ٱللَّهَ سَمِيعُۢ بَصِيرٌ

(Уа, Мұхаммед!) Алла күйеуіне қатысты өзіңе жолығып, сенімен дауласқан һәм Аллаға арыз айтып мұңын шаққан әйелдің сөзін естіді (әрі тілегін қабыл алды). Алла екеуіңнің сөздеріңді естіп тұрды. Шүбәсіз, Алла – Самиғ (бәрін анық естуші), Басир (бәрін анық көруші).

2

ٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِنكُم مِّن نِّسَآئِهِم مَّا هُنَّ أُمَّهَٰتِهِمْۖ إِنْ أُمَّهَٰتُهُمْ إِلَّا ٱلَّٰٓـِٔي وَلَدْنَهُمْۚ وَإِنَّهُمْ لَيَقُولُونَ مُنكَرࣰا مِّنَ ٱلْقَوْلِ وَزُورࣰاۚ وَإِنَّ ٱللَّهَ لَعَفُوٌّ غَفُورࣱ

Араларыңда әйелдеріне зиһар айтқандар (яғни, талақ айту ниетімен «Сен енді мен үшін анамның арқасындайсың» деп айтқандар) біліп қойсын, әйелдері олардың аналары емес. Олардың аналары өздерін тапқан әйелдер ғана. Анығында, олар (зиһар айту арқылы шариғат құп көрмейтін) өте жағымсыз әрі жалған сөз айтуда. Соған қарамастан Алла Афу (кешірімі мол), Ғафур (құлдарының күнәлары қанша жерден үлкен болса да тәубе еткендер үшін өте кешірімді).

3

وَٱلَّذِينَ يُظَٰهِرُونَ مِن نِّسَآئِهِمْ ثُمَّ يَعُودُونَ لِمَا قَالُوا۟ فَتَحْرِيرُ رَقَبَةࣲ مِّن قَبْلِ أَن يَتَمَآسَّاۚ ذَٰلِكُمْ تُوعَظُونَ بِهِۦۚ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرࣱ

Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін райынан қайтқандар зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып бір құлды азат етуі тиіс. Сендерге бұйырылған нәрсе, міне, осы (ендеше, бұл бұйрықты қалай да орындауға міндеттісіңдер). Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар.

4

فَمَن لَّمْ يَجِدْ فَصِيَامُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ مِن قَبْلِ أَن يَتَمَآسَّاۖ فَمَن لَّمْ يَسْتَطِعْ فَإِطْعَامُ سِتِّينَ مِسْكِينࣰاۚ ذَٰلِكَ لِتُؤْمِنُوا۟ بِٱللَّهِ وَرَسُولِهِۦۚ وَتِلْكَ حُدُودُ ٱللَّهِۗ وَلِلْكَٰفِرِينَ عَذَابٌ أَلِيمٌ

Бұған шамасы келмегендер зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып, қатарынан екі ай үзбей ораза ұстауы керек. Оған да шамасы жетпегендер алпыс пақыр-міскінді (күніне екі мезгіл) тамақтандыруы ләзім. Бұл – Аллаға және елшісіне кәміл иман етулерің (әрі шариғатқа сай әрекет етіп, жаһилия кезеңінің жаман әдеттерінен біржолата арылуларың) үшін кесілген үкім. Бұлар – Алланың (белгілеп қойған) шектеулері. (Олай болса, Алланың үкімдерін мойындамай шектен асқан) кәпірлер үшін жан төзгісіз азап бар.

5

إِنَّ ٱلَّذِينَ يُحَآدُّونَ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥ كُبِتُوا۟ كَمَا كُبِتَ ٱلَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْۚ وَقَدْ أَنزَلْنَآ ءَايَٰتِۭ بَيِّنَٰتࣲۚ وَلِلْكَٰفِرِينَ عَذَابࣱ مُّهِينࣱ

(Ешқандай шектеуді мойындамай) Аллаға және елшісіне қарсы келгендер (бұл дүниеде) өздерінен бұрынғылардың қор болғанындай қор болады. Шүбәсіз, Біз анық аяттар (яғни, сендерді екі дүниеде де бақытқа бөлейтін толыққанды қағидалар) түсірудеміз. Кәпірлер үшін қор қылатын азап бар.

6

يَوْمَ يَبْعَثُهُمُ ٱللَّهُ جَمِيعࣰا فَيُنَبِّئُهُم بِمَا عَمِلُوٓا۟ۚ أَحْصَىٰهُ ٱللَّهُ وَنَسُوهُۚ وَٱللَّهُ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءࣲ شَهِيدٌ

Сол (азап бастарына келетін) күні Алла олардың барлығын қайтадан тірілтіп, қабірлерінен шығарады әрі (дүниеде) не істеп, не қойғандарын өздеріне білдіріп, жаппай жауапқа тартады. Өздері ұмытып қалған болса да, Алла олардың барлық істерін жіпке тізіп, жаздырып қойған. Өйткені Алла барлық нәрсеге куә болушы.

7

أَلَمْ تَرَ أَنَّ ٱللَّهَ يَعْلَمُ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلْأَرْضِۖ مَا يَكُونُ مِن نَّجْوَىٰ ثَلَٰثَةٍ إِلَّا هُوَ رَابِعُهُمْ وَلَا خَمْسَةٍ إِلَّا هُوَ سَادِسُهُمْ وَلَآ أَدْنَىٰ مِن ذَٰلِكَ وَلَآ أَكْثَرَ إِلَّا هُوَ مَعَهُمْ أَيْنَ مَا كَانُوا۟ۖ ثُمَّ يُنَبِّئُهُم بِمَا عَمِلُوا۟ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِۚ إِنَّ ٱللَّهَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ

Алланың күллі аспан әлемі мен жердегінің бәрін білетіндігін көрмеймісің?! Үш кісі жасырын бас қосып құпия сөйлессе, сөзсіз, олардың төртіншісі Алла болмақ. Сондай-ақ бес кісі жасырын бас қосып, құпия сөйлессе, сөзсіз, олардың алтыншысы Алла болмақ. Тіпті одан да аз яки көп адам қай жерде болмасын жасырын бас қосып құпия сөйлессе, Алла міндетті түрде олармен бірге болмақ. Кейін қиямет күні пенделерін (дүниеде) не істеп, не қойғанынан хабардар етіп, жаппай жауапқа тартады. Шүбәсіз, Алла – барлық нәрсені білуші.

8

أَلَمْ تَرَ إِلَى ٱلَّذِينَ نُهُوا۟ عَنِ ٱلنَّجْوَىٰ ثُمَّ يَعُودُونَ لِمَا نُهُوا۟ عَنْهُ وَيَتَنَٰجَوْنَ بِٱلْإِثْمِ وَٱلْعُدْوَٰنِ وَمَعْصِيَتِ ٱلرَّسُولِۖ وَإِذَا جَآءُوكَ حَيَّوْكَ بِمَا لَمْ يُحَيِّكَ بِهِ ٱللَّهُ وَيَقُولُونَ فِيٓ أَنفُسِهِمْ لَوْلَا يُعَذِّبُنَا ٱللَّهُ بِمَا نَقُولُۚ حَسْبُهُمْ جَهَنَّمُ يَصْلَوْنَهَاۖ فَبِئْسَ ٱلْمَصِيرُ

Жасырын бас қосып, құпия сөйлесуге тыйым салынғандарды көрмейсің бе? Өздеріне тыйым салынған істерден бас тартпауға һәм жасырын бас қосып, ашық күнәға бату, өзгелерге дұшпандық жасау және Алла елшісіне бағынбау сынды теріс істерге бару мәселесін сөйлесуге олардың қалай ғана дәті барады десеңші. Сондай-ақ олар қасыңа келгенде, саған Алланың өзіңе үйреткеніндей және сәлем бергеніндей сәлем бермейді әрі іштерінен «(Мұхаммед шын пайғамбар болса), Алла осы сөзіміз үшін бізді жазаламай ма?!» – деп мысқылдайды. Оларға (жаза керек болса) ішіне түсіп, отына әбден қақталатын жаһаннам жетеді. Ол қандай жаман ақырғы тұрақ! Қандай жаман барар жер!

9

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِذَا تَنَٰجَيْتُمْ فَلَا تَتَنَٰجَوْا۟ بِٱلْإِثْمِ وَٱلْعُدْوَٰنِ وَمَعْصِيَتِ ٱلرَّسُولِ وَتَنَٰجَوْا۟ بِٱلْبِرِّ وَٱلتَّقْوَىٰۖ وَٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ ٱلَّذِيٓ إِلَيْهِ تُحْشَرُونَ

Уа, иман келтіргендер! Егер жасырын жиналып, құпия сөйлесетін болсаңдар, онда ашық күнәға бату, өзгелерге дұшпандық жасау және Алла елшісіне бағынбау сынды теріс істерді сөз етпеңдер. Жиналып, құпия сөйлесетін болсаңдар, тек ізгілік пен тақуалық мәселесін ғана сөйлесіңдер. Күндердің күнінде бірің қалмай құзырына жиналатын Аллаға шын жүректен тағзым етіңдер һәм Оған қарсы келуден сақтаныңдар!

10

إِنَّمَا ٱلنَّجْوَىٰ مِنَ ٱلشَّيْطَٰنِ لِيَحْزُنَ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَلَيْسَ بِضَآرِّهِمْ شَيْـًٔا إِلَّا بِإِذْنِ ٱللَّهِۚ وَعَلَى ٱللَّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ ٱلْمُؤْمِنُونَ

(Күнәлі істерге бару мақсатында құрылған) құпия кеңестер мен жасырын жиындар мүміндердің көңіліне қаяу түсіруді мақсат тұтатын әзәзіл шайтаннан (яғни, шайтанның азғыруымен болатын істер). Алайда Алланың рұқсатынсыз шайтан оларға титтей де зиян келтіре алмайды. Міне, сондықтан да, мүміндер бір Аллаға ғана тәуекел етіп, арқа сүйесін.

11

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِذَا قِيلَ لَكُمْ تَفَسَّحُوا۟ فِي ٱلْمَجَٰلِسِ فَٱفْسَحُوا۟ يَفْسَحِ ٱللَّهُ لَكُمْۖ وَإِذَا قِيلَ ٱنشُزُوا۟ فَٱنشُزُوا۟ يَرْفَعِ ٱللَّهُ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ مِنكُمْ وَٱلَّذِينَ أُوتُوا۟ ٱلْعِلْمَ دَرَجَٰتࣲۚ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرࣱ

Уа, иман келтіргендер! Мәжіліс құрып отырғандарыңда (жаңадан келген жандарға): «Кеңшілік жасап, орталарыңнан орын беріңдер», – делінгенде, сәл ығысып орталарыңнан орын беріңдер, сонда Аллада сендерге кеңшілік жасап (шексіз рақымы мен жаннатынан) орын береді. Ал «Жиын бітті, тұрыңдар, тараңдар», – делінгенде, тұрыңдар да тараңдар. Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман келтіргендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар.

12

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِذَا نَٰجَيْتُمُ ٱلرَّسُولَ فَقَدِّمُوا۟ بَيْنَ يَدَيْ نَجْوَىٰكُمْ صَدَقَةࣰۚ ذَٰلِكَ خَيْرࣱ لَّكُمْ وَأَطْهَرُۚ فَإِن لَّمْ تَجِدُوا۟ فَإِنَّ ٱللَّهَ غَفُورࣱ رَّحِيمٌ

Уа, иман келтіргендер! Алла елшісімен оңаша жолығып сөйлескілерің келсе, жолығар алдында (мұқтаждарға) садақа беріңдер. Бұл өздерің үшін һәм қайырлы һәм жүрек тазалығы әрі шынайылық тұрғысынан ең дұрыс іс болмақ. Ал егер садақа беретін жағдайларың болмаса, әрине, Алла – Ғафур (күнә-қателіктерің қанша жерден көп әрі үлкен болса да тәубе еткендеріңде бәрін де кешіретін кеңшілік иесі), Рахим (әсіресе, мүмін құлдарына ерекше мейірімді).

13

ءَأَشْفَقْتُمْ أَن تُقَدِّمُوا۟ بَيْنَ يَدَيْ نَجْوَىٰكُمْ صَدَقَٰتࣲۚ فَإِذْ لَمْ تَفْعَلُوا۟ وَتَابَ ٱللَّهُ عَلَيْكُمْ فَأَقِيمُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ وَءَاتُوا۟ ٱلزَّكَوٰةَ وَأَطِيعُوا۟ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥۚ وَٱللَّهُ خَبِيرُۢ بِمَا تَعْمَلُونَ

Алла елшісімен оңаша жолығып сөйлесер алдында садақа беруді ауырсындыңдар ма (яғни, жолыққан сайын садақа бере берсек, дүниеміз ортайып қалар деп қорықтыңдар ма)? Мұны істей алмадыңдар, Алла тағала да (шексіз мейірімімен) сендерге кеңшілік жасады. Ендеше, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар, зекетті толық беріңдер және Аллаға һәм расулына қалтқысыз мойынсұныңдар. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толықтай хабардар.

14

۞أَلَمْ تَرَ إِلَى ٱلَّذِينَ تَوَلَّوْا۟ قَوْمًا غَضِبَ ٱللَّهُ عَلَيْهِم مَّا هُم مِّنكُمْ وَلَا مِنْهُمْ وَيَحْلِفُونَ عَلَى ٱلْكَذِبِ وَهُمْ يَعْلَمُونَ

Алланың қаһарына іліккен қауымды дос тұтқандарды (яғни, мұнафықтарды) көрдің бе? Олар сендерге де, оларға да қосылмайды. (Сөйте тұра, сендермен бірге екендіктерін айтып) біле тұра жалған ант-су ішеді.

15

أَعَدَّ ٱللَّهُ لَهُمْ عَذَابࣰا شَدِيدًاۖ إِنَّهُمْ سَآءَ مَا كَانُوا۟ يَعْمَلُونَ

Алла оларға ауыр азап дайындап қойды. Олардың істеп жүрген істері қандай жаман!

16

ٱتَّخَذُوٓا۟ أَيْمَٰنَهُمْ جُنَّةࣰ فَصَدُّوا۟ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ فَلَهُمْ عَذَابࣱ مُّهِينࣱ

Олар (істеген күнәлары мен жат қылықтарына) ішкен ант-суларын бетперде қылып, ел-жұртты Алланың жолына түсірмей қақпайлауда. Оларға (өздерін) қор қылатын азап бар.

17

لَّن تُغْنِيَ عَنْهُمْ أَمْوَٰلُهُمْ وَلَآ أَوْلَٰدُهُم مِّنَ ٱللَّهِ شَيْـًٔاۚ أُو۟لَٰٓئِكَ أَصْحَٰبُ ٱلنَّارِۖ هُمْ فِيهَا خَٰلِدُونَ

Алланың алдында оларға мал-дүниелері де, бала-шағалары да еш пайда бермейді. Олар – тозақтықтар, олар мәңгі-бақи сонда қалады.

18

يَوْمَ يَبْعَثُهُمُ ٱللَّهُ جَمِيعࣰا فَيَحْلِفُونَ لَهُۥ كَمَا يَحْلِفُونَ لَكُمْ وَيَحْسَبُونَ أَنَّهُمْ عَلَىٰ شَيْءٍۚ أَلَآ إِنَّهُمْ هُمُ ٱلْكَٰذِبُونَ

Алла оларды қайтадан тірілтіп жауапқа тартатын күні қазір алдарыңда («біз де мұсылманбыз» деп), қалай ант-су ішумен болса, Алланың алдында да дәл солай ант ішеді. Сөйтіп, жалған ант ішіп, құтыламыз деп ойлайды. Біліп қойыңдар, олар – барып тұрған өтірікші кәззаптар, одан басқа ешкім де емес.

19

ٱسْتَحْوَذَ عَلَيْهِمُ ٱلشَّيْطَٰنُ فَأَنسَىٰهُمْ ذِكْرَ ٱللَّهِۚ أُو۟لَٰٓئِكَ حِزْبُ ٱلشَّيْطَٰنِۚ أَلَآ إِنَّ حِزْبَ ٱلشَّيْطَٰنِ هُمُ ٱلْخَٰسِرُونَ

Оларды әзәзіл шайтан билеп әкетті де, Алланы еске алуды ұмыттырды. Олар – шайтанның одақтастары. Біліп қойыңдар, шайтанның жақтастары үнемі жеңіліс табады.

20

إِنَّ ٱلَّذِينَ يُحَآدُّونَ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥٓ أُو۟لَٰٓئِكَ فِي ٱلْأَذَلِّينَ

Расында, (ешқандай шектеуді мойындамай) Аллаға және елшісіне қарсы келгендер ең қор, ең жексұрын адамдардың арасында болады.

21

كَتَبَ ٱللَّهُ لَأَغْلِبَنَّ أَنَا۠ وَرُسُلِيٓۚ إِنَّ ٱللَّهَ قَوِيٌّ عَزِيزࣱ

Алла: «Әлбетте, қашанда Мен және елшілерім үстем боламыз», – деп, пәрмен қылған. Шүбәсіз, Алла Қауи (тым күшті) әрі Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы).

22

لَّا تَجِدُ قَوْمࣰا يُؤْمِنُونَ بِٱللَّهِ وَٱلْيَوْمِ ٱلْـَٔاخِرِ يُوَآدُّونَ مَنْ حَآدَّ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥ وَلَوْ كَانُوٓا۟ ءَابَآءَهُمْ أَوْ أَبْنَآءَهُمْ أَوْ إِخْوَٰنَهُمْ أَوْ عَشِيرَتَهُمْۚ أُو۟لَٰٓئِكَ كَتَبَ فِي قُلُوبِهِمُ ٱلْإِيمَٰنَ وَأَيَّدَهُم بِرُوحࣲ مِّنْهُۖ وَيُدْخِلُهُمْ جَنَّٰتࣲ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَٰرُ خَٰلِدِينَ فِيهَاۚ رَضِيَ ٱللَّهُ عَنْهُمْ وَرَضُوا۟ عَنْهُۚ أُو۟لَٰٓئِكَ حِزْبُ ٱللَّهِۚ أَلَآ إِنَّ حِزْبَ ٱللَّهِ هُمُ ٱلْمُفْلِحُونَ

Аллаға және ақирет күніне шын иман келтірген қауымның Аллаға және елшісіне қарсы келгендерді, тіпті өз әкелері, бауыр еті балалары, аға-інілері немесе туған-туыстары болса да шын жақсы көріп, дос тұтқанын көрмейсің. Алла олардың жүрегіне иманды тасқа қашалғандай етіп жазған әрі оларды Өз тарапынан бір рухпен қолдауда. Сондай-ақ оларды мәңгі-бақи тұрақтап қалу үшін (жайқалған жасыл бауларының арасымен әрі салтанатты сарайларының) түбінен өзендер ағатын жаннат бақшаларына кіргізеді. Алла оларға разы болды, олар да Аллаға дән риза. Міне, солар – Алланың жақтастары. Біліп қойыңдар, Алланың жақтастары – (мәңгілік азаптап) құтылып, мақсат-мұраттарына жеткендер.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play