Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран57. Хадид
57 · сүре

Хадид

29 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

سَبَّحَ لِلَّهِ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۖ وَهُوَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ

Аспан әлемі мен жердегі жаратылыс біткеннің бәрі («Сен мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың!» – деп), Алланы ұлықтайды! Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен әр үкімі көптеген хикметтерге негізделген теңдессіз даналық иесі).

2

لَهُۥ مُلْكُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۖ يُحْيِۦ وَيُمِيتُۖ وَهُوَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءࣲ قَدِيرٌ

Көктер мен жердің бар билігі бір Өзіне тән. Жан бітіріп, өмір сыйлайтын да, кеудедегі жанды алып, өлтіретін де бір Өзі. Оның құдіреті барлық нәрсеге жетеді.

3

هُوَ ٱلْأَوَّلُ وَٱلْـَٔاخِرُ وَٱلظَّٰهِرُ وَٱلْبَاطِنُۖ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ

Әууәл де Өзі, Ахир де Өзі, Заһир да Өзі, Батин да Өзі. Ол барлық нәрсені лайықты түрде біледі.

4

هُوَ ٱلَّذِي خَلَقَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ فِي سِتَّةِ أَيَّامࣲ ثُمَّ ٱسْتَوَىٰ عَلَى ٱلْعَرْشِۖ يَعْلَمُ مَا يَلِجُ فِي ٱلْأَرْضِ وَمَا يَخْرُجُ مِنْهَا وَمَا يَنزِلُ مِنَ ٱلسَّمَآءِ وَمَا يَعْرُجُ فِيهَاۖ وَهُوَ مَعَكُمْ أَيْنَ مَا كُنتُمْۚ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرࣱ

Ол аспан әлемі мен жерді алты күнде жаратты, содан кейін Аршқа «истиуа» етті (яғни, Аршқа шексіз билігін жүргізді, Аршпен бірге күллі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп, шексіз үкімін жүргізді). Ол (жауын суы мен егілген тұқымдар сияқты) жерге енген нәрселер мен (су және өсімдік сынды) жерден шыққан нәрселердің, сондай-ақ (жауын-шашын, жарық және періштелер сынды) көктен түскен нәрселер мен (бу, пенделерінің дұғалары мен құлшылықтары сынды) көкке көтерілген нәрселердің бәрін біледі. Әсілі, сендер қайда болсаңдар да, Ол сендермен бірге. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді толық көріп тұрады.

5

لَّهُۥ مُلْكُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۚ وَإِلَى ٱللَّهِ تُرْجَعُ ٱلْأُمُورُ

Аспан әлемі мен жердің бар билігі бір Өзіне тән. Бүкіл істер Оның дәргейіне жөнелтіліп, қарауына ұсынылады (сөйтіп, барлық шешімдер мен үкімдер Оның құзырынан шығады).

6

يُولِجُ ٱلَّيْلَ فِي ٱلنَّهَارِ وَيُولِجُ ٱلنَّهَارَ فِي ٱلَّيْلِۚ وَهُوَ عَلِيمُۢ بِذَاتِ ٱلصُّدُورِ

Ол түнді күндізге қосып (күнді ұзартуда) және күндізді түнге қосып (түнді ұзартуда). Ол көкіректердегі бар сырды (яғни, ондағы барлық ойлар мен ниет-пиғылдарды) толық біледі.

7

ءَامِنُوا۟ بِٱللَّهِ وَرَسُولِهِۦ وَأَنفِقُوا۟ مِمَّا جَعَلَكُم مُّسْتَخْلَفِينَ فِيهِۖ فَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ مِنكُمْ وَأَنفَقُوا۟ لَهُمْ أَجْرࣱ كَبِيرࣱ

Аллаға және расулына иман келтіріңдер және Оның (аманат ретінде) иеліктеріңе бергендерінен (дін жолында һәм қайырымдылық мақсатта) жұмсаңдар. Араларыңдағы иман келтірген және қолындағы мал-пұлынан зекет, садақа берген жандарға зор сауап, үлкен сый-сияпат бар.

8

وَمَا لَكُمْ لَا تُؤْمِنُونَ بِٱللَّهِ وَٱلرَّسُولُ يَدْعُوكُمْ لِتُؤْمِنُوا۟ بِرَبِّكُمْ وَقَدْ أَخَذَ مِيثَٰقَكُمْ إِن كُنتُم مُّؤْمِنِينَ

Сендерге не болған, Алла елшісі сендерді Раббыларыңа иман етуге шақырса да, Аллаға лайықты түрде иман етпейтіндерің қалай?! Анығында, Ол сендерден (бұл мәселеге қатысты) нақты уәде алған болатын. Егер иманға келетін болсаңдар, сол да жеткілікті.

9

هُوَ ٱلَّذِي يُنَزِّلُ عَلَىٰ عَبْدِهِۦٓ ءَايَٰتِۭ بَيِّنَٰتࣲ لِّيُخْرِجَكُم مِّنَ ٱلظُّلُمَٰتِ إِلَى ٱلنُّورِۚ وَإِنَّ ٱللَّهَ بِكُمْ لَرَءُوفࣱ رَّحِيمࣱ

Алла сендерді (ой-сананы, жүректі әрі жан дүниені шырмайтын) тас қараңғы түнектерден жарық нұрға шығару үшін құлына анық аяттарды түсіруде. Шүбәсіз, Алла сендерге өте мейірбан, сондай жанашыр һәм ерекше мейірімді.

10

وَمَا لَكُمْ أَلَّا تُنفِقُوا۟ فِي سَبِيلِ ٱللَّهِ وَلِلَّهِ مِيرَٰثُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۚ لَا يَسْتَوِي مِنكُم مَّنْ أَنفَقَ مِن قَبْلِ ٱلْفَتْحِ وَقَٰتَلَۚ أُو۟لَٰٓئِكَ أَعْظَمُ دَرَجَةࣰ مِّنَ ٱلَّذِينَ أَنفَقُوا۟ مِنۢ بَعْدُ وَقَٰتَلُوا۟ۚ وَكُلࣰّا وَعَدَ ٱللَّهُ ٱلْحُسْنَىٰۚ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرࣱ

Күллі аспан әлемі мен жердің бар мұрасы бір Аллаға тиесілі болып, ондағы барлық нәрсе түбінде Аллаға қалатынын біле тұра, неліктен Алла жолында зекет, садақа бермейсіңдер? Араларыңдағы (алдағы барлық жеңістердің басы болған) ұлы жеңістен бұрын дүние-мүлкін дін жолында жұмсаған әрі соғысқан жандар өзгелермен тең болмайды. Олар ұлы жеңістен кейін дүние-мүлкін дін жолында жұмсаған әрі соғысқандардан дәреже жағынан әлдеқайда биік тұрады. Дегенмен Алла олардың барлығына да ең керемет сый (жұмақ пен кешірімін) уәде етеді. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар.

11

مَّن ذَا ٱلَّذِي يُقْرِضُ ٱللَّهَ قَرْضًا حَسَنࣰا فَيُضَٰعِفَهُۥ لَهُۥ وَلَهُۥٓ أَجْرࣱ كَرِيمࣱ

Кімде-кім Аллаға жақсы қарыз берсе (яғни, мал-дүниесінің бір бөлігін Алла разылығы үшін дін жолында және қайырымдылық мақсатта жұмсаса), Алла оның берген қарызын еселеген үстіне еселеп қайтарады, сондай-ақ ол үшін әсте ортаймайтын сондай керім сый да бар.

12

يَوْمَ تَرَى ٱلْمُؤْمِنِينَ وَٱلْمُؤْمِنَٰتِ يَسْعَىٰ نُورُهُم بَيْنَ أَيْدِيهِمْ وَبِأَيْمَٰنِهِمۖ بُشْرَىٰكُمُ ٱلْيَوْمَ جَنَّٰتࣱ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَٰرُ خَٰلِدِينَ فِيهَاۚ ذَٰلِكَ هُوَ ٱلْفَوْزُ ٱلْعَظِيمُ

(Сый-сияпат) күні мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді алдары мен оң жақтарында нұрлары жарқыраған күйде жұмаққа қарай ынтыға адымдап бара жатқанын көресің. Оларға: «Бүгін қуана беріңдер! Міне, сендер үшін ішінде мәңгі-бақи қалатын (жайқалған жасыл бауларының арасымен және зәулім сарайларының) түбінде өзендер ағып жататын жаннат бақшалары», – делінеді. Зор жетістік, толайым табыс деген, міне, осы!

13

يَوْمَ يَقُولُ ٱلْمُنَٰفِقُونَ وَٱلْمُنَٰفِقَٰتُ لِلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ ٱنظُرُونَا نَقْتَبِسْ مِن نُّورِكُمْ قِيلَ ٱرْجِعُوا۟ وَرَآءَكُمْ فَٱلْتَمِسُوا۟ نُورࣰاۖ فَضُرِبَ بَيْنَهُم بِسُورࣲ لَّهُۥ بَابُۢ بَاطِنُهُۥ فِيهِ ٱلرَّحْمَةُ وَظَٰهِرُهُۥ مِن قِبَلِهِ ٱلْعَذَابُ

Сол күні екіжүзді ерлер мен әйелдер мүміндерге: «Бізге қараңдаршы, нұрларың бізге де жұқсын!» – деп жалынатын болады. Сонда оларға: «(Егер қолдарыңнан келсе), артқа (дүниеге) қайтыңдар да нұрды сол жақтан іздеңдер», – делінеді. Сол кезде араларына қақпасы бар бір дуал тұрғызылады. Оның (мүміндер болған) ішкі жағында шексіз рақым, ал сыртында азап болады.

14

يُنَادُونَهُمْ أَلَمْ نَكُن مَّعَكُمْۖ قَالُوا۟ بَلَىٰ وَلَٰكِنَّكُمْ فَتَنتُمْ أَنفُسَكُمْ وَتَرَبَّصْتُمْ وَٱرْتَبْتُمْ وَغَرَّتْكُمُ ٱلْأَمَانِيُّ حَتَّىٰ جَآءَ أَمْرُ ٱللَّهِ وَغَرَّكُم بِٱللَّهِ ٱلْغَرُورُ

Екіжүзділер мүміндерге: «(Дүниеде) біз де сендермен бірге болмап па едік?» – деп үн қатады. Сонда мүміндер оларға: «Иә, солай еді. Алайда сендер өз-өздеріңе кесір қылдыңдар, қайтер екен (мүміндердің мерейі үстем болар ма екен, жоқ әлде кәпірлер мықты шығар ма екен десіп) үнемі әліптің артын бағумен болдыңдар, күдік пен күмәннан еш арылмадыңдар және (Алланың нұры қайткен күнде де сөнеді деген) құр қиялдарың мен жалған үміттерің сендерді үнемі алдарқатты. Ақырында, Алланың пәрмені жетіп (ажал құштыңдар). Сөйтіп қулығына құрық бойламайтын әзәзіл (шайтан) көңілдеріңе Алла жайлы жаман ойлар салып, бәріңді алдап соқты».

15

فَٱلْيَوْمَ لَا يُؤْخَذُ مِنكُمْ فِدْيَةࣱ وَلَا مِنَ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ۚ مَأْوَىٰكُمُ ٱلنَّارُۖ هِيَ مَوْلَىٰكُمْۖ وَبِئْسَ ٱلْمَصِيرُ

«Бүгін сендерден де, кәпірлерден де підия (яғни күнәларың үшін өтем) қабыл етілмейді. Ақырында барып паналайтын жерлерің – тозақ. Сендерді құшағына алатын лайықты жер – сол. Ол қандай жаман ақырғы тұрақ! Қандай жаман барар жер!

16

۞أَلَمْ يَأْنِ لِلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ أَن تَخْشَعَ قُلُوبُهُمْ لِذِكْرِ ٱللَّهِ وَمَا نَزَلَ مِنَ ٱلْحَقِّ وَلَا يَكُونُوا۟ كَٱلَّذِينَ أُوتُوا۟ ٱلْكِتَٰبَ مِن قَبْلُ فَطَالَ عَلَيْهِمُ ٱلْأَمَدُ فَقَسَتْ قُلُوبُهُمْۖ وَكَثِيرࣱ مِّنْهُمْ فَٰسِقُونَ

Иман келтіргендердің жүректері Алланың ұлы жолдауының (Құранның) һәм өздеріне түскен басқа да ақиқаттардың алдында тағзым етіп діріл қағатын һәм жұмсаратын (сөйтіп, Аллаға қалтқысыз мойынсұнатын) уақыт келмеді ме? Олар бұдан бұрын иләһи кітап берілген үмбеттер сияқты болмасын. Олар уақыт өте келе (қолдарындағы иләһи кітапқа құрметпен қарауды қойғандықтан) жүректері тас болып қатып қалған еді. Олардың дені хақ жолдан біржолата тайғандар еді.

17

ٱعْلَمُوٓا۟ أَنَّ ٱللَّهَ يُحْيِ ٱلْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَاۚ قَدْ بَيَّنَّا لَكُمُ ٱلْـَٔايَٰتِ لَعَلَّكُمْ تَعْقِلُونَ

Алайда біліп қойыңдар, Алла жер бетін өлгеннен кейін (қалай) тірілтсе, (тас болып қатып қалған жүректерді де дәл солай тірілте алады). Ендеше, ақылға салып ойланарсыңдар деп, анық ақиқаттарды осылайша (түрлі мысалдарымен) баяндаудамыз.

18

إِنَّ ٱلْمُصَّدِّقِينَ وَٱلْمُصَّدِّقَٰتِ وَأَقْرَضُوا۟ ٱللَّهَ قَرْضًا حَسَنࣰا يُضَٰعَفُ لَهُمْ وَلَهُمْ أَجْرࣱ كَرِيمࣱ

Ізгілік жолында (зекет, садақа беріп, мал-дүниесінің бір бөлігін Алла жолында һәм қайырымдылық мақсатта) жұмсаған мүмін ерлер мен мүмін әйелдердің және (мал-дүниесінің бір бөлігін Алла разылығы үшін дін жолында және мұқтаждарға жұмсау арқылы) Аллаға жақсы қарыз бергендердің қарымы еселеніп қайтарылады. Сондай-ақ олар үшін әсте ортаймайтын сондай керім сый да бар.

19

وَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ بِٱللَّهِ وَرُسُلِهِۦٓ أُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلصِّدِّيقُونَۖ وَٱلشُّهَدَآءُ عِندَ رَبِّهِمْ لَهُمْ أَجْرُهُمْ وَنُورُهُمْۖ وَٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَكَذَّبُوا۟ بِـَٔايَٰتِنَآ أُو۟لَٰٓئِكَ أَصْحَٰبُ ٱلْجَحِيمِ

Аллаға және елшілеріне шын иман келтіргендер, міне, солар – Раббыларының құзырында сыддық (яғни, Аллаға және расулына қалтқысыз сенген әрі Оларға берген сертінен таймаған, сөздері де, істері де түзу һәм шынайы) болғандар мен (өмірлерімен) ақиқатқа куәлік еткендер (яки, Алла жолында жандарын пида қылған шейіттер). Олар үшін арнайы сый-сияпат пен өздеріне ғана арналған нұр бар. Ал аяттарымызға сенбей, күпірлік қылғандарға келсек, олар – мәңгілік жаһаннамдықтар.

20

ٱعْلَمُوٓا۟ أَنَّمَا ٱلْحَيَوٰةُ ٱلدُّنْيَا لَعِبࣱ وَلَهْوࣱ وَزِينَةࣱ وَتَفَاخُرُۢ بَيْنَكُمْ وَتَكَاثُرࣱ فِي ٱلْأَمْوَٰلِ وَٱلْأَوْلَٰدِۖ كَمَثَلِ غَيْثٍ أَعْجَبَ ٱلْكُفَّارَ نَبَاتُهُۥ ثُمَّ يَهِيجُ فَتَرَىٰهُ مُصْفَرࣰّا ثُمَّ يَكُونُ حُطَٰمࣰاۖ وَفِي ٱلْـَٔاخِرَةِ عَذَابࣱ شَدِيدࣱ وَمَغْفِرَةࣱ مِّنَ ٱللَّهِ وَرِضْوَٰنࣱۚ وَمَا ٱلْحَيَوٰةُ ٱلدُّنْيَآ إِلَّا مَتَٰعُ ٱلْغُرُورِ

Біліп қойыңдар, дүниенің тіршілігі ойын-күлкі, сауық-сайран, сән-салтанат және өзара мақтан (яғни, мансап, атақ-абырой, мал-мүлік, бала-шаға һәм кескін-келбетпен мақтану) ғана, сондай-ақ көбірек дүние жию және үрім-бұтақты көбейту жолындағы бәсеке ғана. Бұл бір жауынға ұқсайды: сол жауынның арқасында жайқалып өскен өсімдіктер шаруаларға қатты ұнап, төбелері көкке жетеді. Алайда артынша әлгі өсімдіктердің сарғайып, солып қалғанын көресің һәм содан кейін қу сабан мен қиқымға айналады. Міне, дүниенің қу тіршілігі деген – осы. Ал ақиретке келсек, онда я ауыр азап болады, яки Алланың (тосын сый-сияпаттарға толы) кешірімі мен шексіз разылығы болады. Иә, дүниенің тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе де емес.

21

سَابِقُوٓا۟ إِلَىٰ مَغْفِرَةࣲ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا كَعَرْضِ ٱلسَّمَآءِ وَٱلْأَرْضِ أُعِدَّتْ لِلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ بِٱللَّهِ وَرُسُلِهِۦۚ ذَٰلِكَ فَضْلُ ٱللَّهِ يُؤْتِيهِ مَن يَشَآءُۚ وَٱللَّهُ ذُو ٱلْفَضْلِ ٱلْعَظِيمِ

Раббыларыңнан болатын кешірімге және Аллаға һәм елшілеріне шынымен иман келтіргендер үшін әзірленген, ені жеті қат көк пен жердің еніндей болған жұмақтан орын алу үшін жарысыңдар. Міне, бұл – Алланың қалаған пенделеріне нәсіп ететін шарапаты. Алла – шексіз шарапат иесі.

22

مَآ أَصَابَ مِن مُّصِيبَةࣲ فِي ٱلْأَرْضِ وَلَا فِيٓ أَنفُسِكُمْ إِلَّا فِي كِتَٰبࣲ مِّن قَبْلِ أَن نَّبْرَأَهَآۚ إِنَّ ذَٰلِكَ عَلَى ٱللَّهِ يَسِيرࣱ

Жер бетінде орын алатын (қуаңшылық, зілзала, топан су сынды) қандай апат болмасын, яки бастарыңа келетін (ауру-сырқау, ашаршылық, жақындарыңнан немесе дүние-мүліктеріңнен айырылу сынды) қандай ауыртпалық болмасын, бәрі де Біз оларды жаратпай тұрып-ақ кітапқа (лаухул-махфузға, тағдыр тақтасына) жазылып қойылған. Шүбәсіз, бұл Алла үшін оп-оңай.

23

لِّكَيْلَا تَأْسَوْا۟ عَلَىٰ مَا فَاتَكُمْ وَلَا تَفْرَحُوا۟ بِمَآ ءَاتَىٰكُمْۗ وَٱللَّهُ لَا يُحِبُّ كُلَّ مُخْتَالࣲ فَخُورٍ

Бұл уыстарыңнан шығып кеткенге аһ ұрып өкінбеулерің және Алланың нәсіп еткен нығметтеріне масайрап, асып-таспауларың үшін. Алла кеудесіне нан пісіп, менменсіген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды.

24

ٱلَّذِينَ يَبْخَلُونَ وَيَأْمُرُونَ ٱلنَّاسَ بِٱلْبُخْلِۗ وَمَن يَتَوَلَّ فَإِنَّ ٱللَّهَ هُوَ ٱلْغَنِيُّ ٱلْحَمِيدُ

Ондайлар (қайырымдылық көрсетуге келгенде) өздері сараңдық танытқанмен қоймай өзге ел-жұртты да сараңдыққа үгіттейтіндер. Ендеше, кімде-кім (Алланың «зекет-садақа беріп, мал-дүниелеріңнің бір бөлігін игілік жолында жұмсаңдар» деген бұйрығынан) сырт айналса, Алла – Ғани (ешкімге һәм еш нәрсеге мұқтаж болмаған әсте ортаймайтын байлық иесі), Хамид (бар мақтау мен шексіз шүкіршілікке әбден лайық).

25

لَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلَنَا بِٱلْبَيِّنَٰتِ وَأَنزَلْنَا مَعَهُمُ ٱلْكِتَٰبَ وَٱلْمِيزَانَ لِيَقُومَ ٱلنَّاسُ بِٱلْقِسْطِۖ وَأَنزَلْنَا ٱلْحَدِيدَ فِيهِ بَأْسࣱ شَدِيدࣱ وَمَنَٰفِعُ لِلنَّاسِ وَلِيَعْلَمَ ٱللَّهُ مَن يَنصُرُهُۥ وَرُسُلَهُۥ بِٱلْغَيْبِۚ إِنَّ ٱللَّهَ قَوِيٌّ عَزِيزࣱ

Біз елшілерімізді (пайғамбарлықтарына айғақ болатын) анық дәлелдермен (мұғжизалармен) жібердік. Адамдар әділдікті ұстансын деп, елшілермен бірге кітап пен әділдік таразысын да түсірдік. Сондай-ақ болмысында (әсіресе, соғыс құралына айналғанда) зор күш-қуат болған әрі адамдар үшін пайдасы мол темірді де түсірдік. Алла (оны) Өзін көрмесе де, дініне һәм елшілеріне қолдау көрсеткендерді анықтау үшін (түсірді). Шүбәсіз, Алла Қауи (тым күшті) әрі Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы).

26

وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا نُوحࣰا وَإِبْرَٰهِيمَ وَجَعَلْنَا فِي ذُرِّيَّتِهِمَا ٱلنُّبُوَّةَ وَٱلْكِتَٰبَۖ فَمِنْهُم مُّهْتَدࣲۖ وَكَثِيرࣱ مِّنْهُمْ فَٰسِقُونَ

Нұх пен Ибраһимді де пайғамбар етіп жібердік, сондай-ақ олардың ұрпақтарын да пайғамбарлық пен кітаптан мақұрым етпедік. Алайда ұпақтарының біразы тура жолға түссе де, басым көпшілігі хақ жолдан біржолата тайғандар еді.

27

ثُمَّ قَفَّيْنَا عَلَىٰٓ ءَاثَٰرِهِم بِرُسُلِنَا وَقَفَّيْنَا بِعِيسَى ٱبْنِ مَرْيَمَ وَءَاتَيْنَٰهُ ٱلْإِنجِيلَۖ وَجَعَلْنَا فِي قُلُوبِ ٱلَّذِينَ ٱتَّبَعُوهُ رَأْفَةࣰ وَرَحْمَةࣰۚ وَرَهْبَانِيَّةً ٱبْتَدَعُوهَا مَا كَتَبْنَٰهَا عَلَيْهِمْ إِلَّا ٱبْتِغَآءَ رِضْوَٰنِ ٱللَّهِ فَمَا رَعَوْهَا حَقَّ رِعَايَتِهَاۖ فَـَٔاتَيْنَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ مِنْهُمْ أَجْرَهُمْۖ وَكَثِيرࣱ مِّنْهُمْ فَٰسِقُونَ

Содан кейін аталмыш пайғамбарлардың ізін ала өзге де пайғамбарларымызды бірінен кейін бірін жіберіп отырдық. Ақырында, Мәриямұлы Исаны жіберіп, оған Інжілді бердік һәм оған ергендердің жүрегіне мейірбандық пен мейірімділік сезімін ұялаттық. Ал өздері ойлап тапқан рухбандыққа (яғни, діндарлық жолына) келсек, Біз оны оларға парыз қылмаған едік. Олар оны Алланың разылығына бөленуді қалап, өздері ойлап тапқан болатын. Алайда олар ол жолды лайықты түрде (тиісінше) ұстана алмады. Біз араларынан иман келтіргендерге тиісті сый-сыбағаларын бердік. Әйтсе де, олардың дені тура жолдан тайғандар.

28

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ ٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ وَءَامِنُوا۟ بِرَسُولِهِۦ يُؤْتِكُمْ كِفْلَيْنِ مِن رَّحْمَتِهِۦ وَيَجْعَل لَّكُمْ نُورࣰا تَمْشُونَ بِهِۦ وَيَغْفِرْ لَكُمْۚ وَٱللَّهُ غَفُورࣱ رَّحِيمࣱ

Уа, иман келтіргендер! Аллаға шын көңілден тағзым етіп, алдында асы болудан сақтаныңдар! Сондай-ақ Оның елшісіне де шынайы түрде иман келтіріңдер! Сол арқылы Алла сендерге рақым қазынасынан (біреуі бұрынғы пайғамбарларға иланғандарың үшін, екіншісі Алла елшісіне иман келтіргендерің үшін) екі бірдей үлес берсін, сондай-ақ жарығымен (тура жолдан адаспай) жүретін нұр беріп, күнә-қателіктеріңді кешірсін. Өйткені Алла – Ғафур (құлдарының күнәлары қанша жерден үлкен болса да тәубе еткендер үшін өте кешірімді) әрі Рахим (әсіресе, мүмін құлдарына ерекше мейірімді).

29

لِّئَلَّا يَعْلَمَ أَهْلُ ٱلْكِتَٰبِ أَلَّا يَقْدِرُونَ عَلَىٰ شَيْءࣲ مِّن فَضْلِ ٱللَّهِ وَأَنَّ ٱلْفَضْلَ بِيَدِ ٱللَّهِ يُؤْتِيهِ مَن يَشَآءُۚ وَٱللَّهُ ذُو ٱلْفَضْلِ ٱلْعَظِيمِ

Ендеше, кітап иелері біліп қойсын, Алланың игілігі мен шарапатын үлестіру яки шектеу олардың қолында емес, сондай-ақ (Алла елшісіне һәм өткен пайғамбарлардың бәріне бірдей иман етпейінше) Алланың игілігі мен шарапатына бөлене алмақ емес. Бар игілік пен шексіз шарапат бір Алланың қолында, оны қалағанына нәсіп етеді. Алла – зор игілік, шексіз шарапат иесі!

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play