Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран56. Уақиға
56 · сүре

Уақиға

96 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

إِذَا وَقَعَتِ ٱلْوَاقِعَةُ

Болмай қоймайтын ұлы оқиға (қиямет-қайым) орнаған кезде...

2

لَيْسَ لِوَقْعَتِهَا كَاذِبَةٌ

Оның болатынын ешкім де жоққа шығара алмайды.

3

خَافِضَةࣱ رَّافِعَةٌ

Бұл оқиға біреуді төмендетіп (қор қылып), енді біреуді көтереді (мерейін өсіреді).

4

إِذَا رُجَّتِ ٱلْأَرْضُ رَجࣰّا

Жер қатты сілкінгенде,

5

وَبُسَّتِ ٱلْجِبَالُ بَسࣰّا

таулардың быт-шыты шығып,

6

فَكَانَتْ هَبَآءࣰ مُّنۢبَثࣰّا

шаң-тозаңға айналғанда

7

وَكُنتُمْ أَزْوَٰجࣰا ثَلَٰثَةࣰ

және сендер (уа, саналы жаратылыстар) үш топқа бөлінгендеріңде,

8

فَأَصْحَٰبُ ٱلْمَيْمَنَةِ مَآ أَصْحَٰبُ ٱلْمَيْمَنَةِ

«асхабул-мәймәнә» (амал дәптерлерін оң жақтан алатын бақытты жандар), олар қандай бақытты жандар десеңші!

9

وَأَصْحَٰبُ ٱلْمَشْـَٔمَةِ مَآ أَصْحَٰبُ ٱلْمَشْـَٔمَةِ

«асхабул-мәшәмә» (амал дәптерін сол жақтан алатын бейбақтар), олар неткен бейбақ десеңші!

10

وَٱلسَّٰبِقُونَ ٱلسَّٰبِقُونَ

(Иманда, ізгілікте, Алланың дініне қызметте) оқ бойы озық болғандар! Олар (Алланың рақымына бөленуде де) ең алда болады!

11

أُو۟لَٰٓئِكَ ٱلْمُقَرَّبُونَ

Аллаға ең жақын болғандар, міне, солар.

12

فِي جَنَّٰتِ ٱلنَّعِيمِ

Олар нығметтерге толы жаннаттарда болады.

13

ثُلَّةࣱ مِّنَ ٱلْأَوَّلِينَ

Олардың басым көпшілігі Алланың дінін елден бұрын қабылдап, қолдағандар болады.

14

وَقَلِيلࣱ مِّنَ ٱلْـَٔاخِرِينَ

Аз бөлігі дінге кейіннен келіп қолдау көрсеткен кейінгі ұрпақтар.

15

عَلَىٰ سُرُرࣲ مَّوْضُونَةࣲ

Олар асыл тастармен зерленген, қаз-қатар тізілген жайлы да салтанатты орынтақтарға жайғасады.

16

مُّتَّكِـِٔينَ عَلَيْهَا مُتَقَٰبِلِينَ

(Қарама-қарсы қойылған) жайлы орынтақтарға шалқая түсіп, бір-біріне қарасып отырады.

17

يَطُوفُ عَلَيْهِمْ وِلْدَٰنࣱ مُّخَلَّدُونَ

Олардың айналасында мәңгі-бақи балғын, балауса қалпынан өзгермейтін бозбалалар айналсоқтап, құрақ ұшып қызмет көрсетіп жүреді.

18

بِأَكْوَابࣲ وَأَبَارِيقَ وَكَأْسࣲ مِّن مَّعِينࣲ

Жұмақ шарабы құйылған тостағандар, құмыралар және қадақтармен оларды айналсоқтап жүреді.

19

لَّا يُصَدَّعُونَ عَنْهَا وَلَا يُنزِفُونَ

Бұл шараптан олардың басы да ауырмайды, мас та болмайды.

20

وَفَٰكِهَةࣲ مِّمَّا يَتَخَيَّرُونَ

Сондай-ақ (аталмыш қызметшілер жұмақтық-тарға) өздері қалап таңдап жейтін жеміс-жидектің түр-түрін,

21

وَلَحْمِ طَيْرࣲ مِّمَّا يَشْتَهُونَ

көңілдері соққан алуан түрлі құс еттерін (ұсынып бәйек болып жүреді).

22

وَحُورٌ عِينࣱ

Көздері мөлдіреген хор қыздары,

23

كَأَمْثَٰلِ ٱللُّؤْلُؤِ ٱلْمَكْنُونِ

бейне бір қабыршағынан алынбай сол күйі сақталған інжулер секілді.

24

جَزَآءَۢ بِمَا كَانُوا۟ يَعْمَلُونَ

(Мұның бәрі оларға дүниеде) істеген игілікті істерінің қарымы ретінде (беріледі).

25

لَا يَسْمَعُونَ فِيهَا لَغْوࣰا وَلَا تَأْثِيمًا

Олар онда бос әрі күнәға батыратын бірде-бір сөз естімейді.

26

إِلَّا قِيلࣰا سَلَٰمࣰا سَلَٰمࣰا

Еститіндері тек «сәлем», «сәлем» деген игі тілектер ғана.

27

وَأَصْحَٰبُ ٱلْيَمِينِ مَآ أَصْحَٰبُ ٱلْيَمِينِ

Асхабул-ямин (амал дәптерлерін оң жақтан алатын бақытты жандар), олар қандай бақытты жандар десеңші!

28

فِي سِدْرࣲ مَّخْضُودࣲ

Олар жеміс салмағынан бұтағы иілген тікенсіз шие ағаштарының және

29

وَطَلْحࣲ مَّنضُودࣲ

шоқ-шоқ болып ұйыса біткен банан ағаштарының

30

وَظِلࣲّ مَّمْدُودࣲ

созылып жатқан кең саясында

31

وَمَآءࣲ مَّسْكُوبࣲ

һәм сарқырап аққан сулардың жағасында (болады).

32

وَفَٰكِهَةࣲ كَثِيرَةࣲ

Сондай-ақ ағыл-тегіл жеміс-жидектердің,

33

لَّا مَقْطُوعَةࣲ وَلَا مَمْنُوعَةࣲ

әсте таусылмайтын әрі тыйым салынбайтын (жемістердің арасында болады).

34

وَفُرُشࣲ مَّرْفُوعَةٍ

Қастарында аса ардақты жұбайлары бар!

35

إِنَّآ أَنشَأْنَٰهُنَّ إِنشَآءࣰ

Біз ол кезде оларды (тәні мен жан-дүниелерін жұмаққа лайық етіп) жаңадан жаратқан боламыз.

36

فَجَعَلْنَٰهُنَّ أَبْكَارًا

Оларды қыз кездеріндегі пәк қалпына қайта түсіреміз.

37

عُرُبًا أَتْرَابࣰا

Олар жұбайларын құлай сүйетін әрі жас жағынан да түйдей құрдас болады.

38

لِّأَصْحَٰبِ ٱلْيَمِينِ

(Бұлардың бәрі амал дәптерлерін оң жақтан алатын бақытты жандар) асхабул-ямин үшін.

39

ثُلَّةࣱ مِّنَ ٱلْأَوَّلِينَ

Олардың көбі Алланың дінін елден бұрын қабылдап, қолдағандар.

40

وَثُلَّةࣱ مِّنَ ٱلْـَٔاخِرِينَ

Енді бірсыпырасы дінге кейіннен келіп, қолдау көрсеткен кейінгі ұрпақтар.

41

وَأَصْحَٰبُ ٱلشِّمَالِ مَآ أَصْحَٰبُ ٱلشِّمَالِ

Ал (амал дәптерлерін сол жақтан алатын) асхабуш-шималға келсек, олар неткен бейбақтар десеңші!

42

فِي سَمُومࣲ وَحَمِيمࣲ

Қуырып жіберетін от пен қайнақ сулардың ішінде,

43

وَظِلࣲّ مِّن يَحْمُومࣲ

Қоп-қою түтіннің ішінде,

44

لَّا بَارِدࣲ وَلَا كَرِيمٍ

Салқын да емес, жайлы да емес.

45

إِنَّهُمْ كَانُوا۟ قَبْلَ ذَٰلِكَ مُتْرَفِينَ

Өйткені олар одан бұрын дүниенің буына масайрап, әбден есіріп, азғындыққа салынған еді.

46

وَكَانُوا۟ يُصِرُّونَ عَلَى ٱلْحِنثِ ٱلْعَظِيمِ

Ең үлкен кешірілмес күнәда (Аллаға серік қосуда һәм Оны жоққа шығаруда) табандап тұрып алған болатын.

47

وَكَانُوا۟ يَقُولُونَ أَئِذَا مِتْنَا وَكُنَّا تُرَابࣰا وَعِظَٰمًا أَءِنَّا لَمَبْعُوثُونَ

Олар: «Сонда біз өліп, топыраққа һәм шіріген қу сүйекке айналғаннан кейін, шынымен, қайта тірілтілеміз бе?»

48

أَوَءَابَآؤُنَا ٱلْأَوَّلُونَ

«Баяғыда өткен ата-бабаларымыз да қайта тіріле ме?»– деп көкитін.

49

قُلْ إِنَّ ٱلْأَوَّلِينَ وَٱلْـَٔاخِرِينَ

Сен былай де: «Алғашқылар да, кейінгілер де (бірі қалмай қайта тірілтілетін болады)».

50

لَمَجْمُوعُونَ إِلَىٰ مِيقَٰتِ يَوْمࣲ مَّعْلُومࣲ

«Сөйтіп, барлығы (дүниенің ақырын білдіретін) белгілі бір күнде міндетті түрде бір жерге (ғарасат майданына) жиналады».

51

ثُمَّ إِنَّكُمْ أَيُّهَا ٱلضَّآلُّونَ ٱلْمُكَذِّبُونَ

Ей, хақ жолдан адасып, (ақиретті) жоққа шығарғандар, содан кейін мына сендер

52

لَـَٔاكِلُونَ مِن شَجَرࣲ مِّن زَقُّومࣲ

міндетті түрде Заққум ағашының жемісінен жейтін боласыңдар.

53

فَمَالِـُٔونَ مِنْهَا ٱلْبُطُونَ

Жеп-жеп, қарындарыңды сонымен лықа толтырасыңдар.

54

فَشَٰرِبُونَ عَلَيْهِ مِنَ ٱلْحَمِيمِ

Оның үстіне қайнақ су ішесіңдер.

55

فَشَٰرِبُونَ شُرْبَ ٱلْهِيمِ

Құдды әбден шөлдеп келіп суға бас қойған түйелерше сіміресіңдер.

56

هَٰذَا نُزُلُهُمْ يَوْمَ ٱلدِّينِ

Дін (ұлы сот һәм қарымта) күні оларға көрсетілетін сый-құрмет, міне, осы.

57

نَحْنُ خَلَقْنَٰكُمْ فَلَوْلَا تُصَدِّقُونَ

Сендерді жаратқан – мына Біз, сонда да (ақирет ақиқатына) сенбейсіңдер ме?

58

أَفَرَءَيْتُم مَّا تُمْنُونَ

(Әйелдеріңнің жатырына) төккен мәни (шәһуат) суларыңа қарамайсыңдар ма?!

59

ءَأَنتُمْ تَخْلُقُونَهُۥٓ أَمْ نَحْنُ ٱلْخَٰلِقُونَ

Соны һәм содан пайда болатын адамды жарататын сендерсіңдер ме әлде Біз бе?

60

نَحْنُ قَدَّرْنَا بَيْنَكُمُ ٱلْمَوْتَ وَمَا نَحْنُ بِمَسْبُوقِينَ

Араларыңда (пешенелеріңе) өлімді жазған да Біз. Сондықтан да (сендерге ажал құштырамыз десек) Бізге ешкім бөгет бола алмайды.

61

عَلَىٰٓ أَن نُّبَدِّلَ أَمْثَٰلَكُمْ وَنُنشِئَكُمْ فِي مَا لَا تَعْلَمُونَ

Сендерді өлтіріп, орындарыңа дәл өздеріңдей басқа адамдарды келтіреміз десек те, яки сендерді өздеріңе беймәлім жаңа болмыста қайтадан жаратамыз десек те (Бізге ешкім қарсы келе алмайды).

62

وَلَقَدْ عَلِمْتُمُ ٱلنَّشْأَةَ ٱلْأُولَىٰ فَلَوْلَا تَذَكَّرُونَ

Өздеріңді алғаш жоқтан жаратқанымызды (яғни, дүниеге қалай келтірілгендеріңді) шүбәсіз жақсы білесіңдер. Ендеше, соған ой жүгіртулерің (сөйтіп, келесі жаратылыстың да әбден мүмкін екенін мойындауларың) керек емес пе?

63

أَفَرَءَيْتُم مَّا تَحْرُثُونَ

Еккен егістеріңе қарамайсыңдар ма?!

64

ءَأَنتُمْ تَزْرَعُونَهُۥٓ أَمْ نَحْنُ ٱلزَّٰرِعُونَ

Оны сендер өсіріп жатырсыңдар ма, әлде Біз өсірудеміз бе?

65

لَوْ نَشَآءُ لَجَعَلْنَٰهُ حُطَٰمࣰا فَظَلْتُمْ تَفَكَّهُونَ

Егер қаласақ, әлгі өсіп шыққан егістеріңді бірден қу қиқымға айналдырар едік, сөйтіп, не істерлеріңді білмей аңырып тұрар едіңдер һәм:

66

إِنَّا لَمُغْرَمُونَ

«Ойбай-ау, енді қайттық, еңбегіміз еш кетті-ау!»

67

بَلْ نَحْنُ مَحْرُومُونَ

«Бәрінен де, ризық-несібеден қағылып масқара болғанымызды қарашы!» – деп, аһ ұрар едіңдер.

68

أَفَرَءَيْتُمُ ٱلْمَآءَ ٱلَّذِي تَشْرَبُونَ

Сондай-ақ ішіп жүрген суларыңа қарамайсыңдар ма?

69

ءَأَنتُمْ أَنزَلْتُمُوهُ مِنَ ٱلْمُزْنِ أَمْ نَحْنُ ٱلْمُنزِلُونَ

Оны бұлттан жаудырған сендерсіңдер ме әлде жаудыратын Біз бе?

70

لَوْ نَشَآءُ جَعَلْنَٰهُ أُجَاجࣰا فَلَوْلَا تَشْكُرُونَ

Қаласақ, оны тұзды қылар едік. Ендеше, шүкіршілік етулерің керек емес пе?

71

أَفَرَءَيْتُمُ ٱلنَّارَ ٱلَّتِي تُورُونَ

Ал жаққан оттарыңа не дейсіңдер?!

72

ءَأَنتُمْ أَنشَأْتُمْ شَجَرَتَهَآ أَمْ نَحْنُ ٱلْمُنشِـُٔونَ

Оның ағашын өз қолдарыңмен өсіріп пе едіңдер, әлде өсіретін Біз бе?

73

نَحْنُ جَعَلْنَٰهَا تَذْكِرَةࣰ وَمَتَٰعࣰا لِّلْمُقْوِينَ

Біз оны (адамдар үшін) ғибрат һәм сахараны мекендеген көшпенділер мен жолаушылар үшін, сондай-ақ оған зәру жандар үшін пайда көзі қылдық.

74

فَسَبِّحْ بِٱسْمِ رَبِّكَ ٱلْعَظِيمِ

Ендеше, шексіз ұлылық иесі Раббыңның Есімін (яғни, Оның мінсіздігін, кемшілік пен серік атаулыдан ада екендігін айтып) ұлықта!

75

۞فَلَآ أُقْسِمُ بِمَوَٰقِعِ ٱلنُّجُومِ

Жұлдыздардың орнына серт!

76

وَإِنَّهُۥ لَقَسَمࣱ لَّوْ تَعْلَمُونَ عَظِيمٌ

Біле білсеңдер, бұл, шынында да, өте үлкен серт.

77

إِنَّهُۥ لَقُرْءَانࣱ كَرِيمࣱ

Анығында, ол өте қасиетті Құран.

78

فِي كِتَٰبࣲ مَّكْنُونࣲ

Ол ерекше қорғауға алынған Кітапта (Лаухул-махфузда).

79

لَّا يَمَسُّهُۥٓ إِلَّا ٱلْمُطَهَّرُونَ

Оны (тәндік һәм рухани кірлерден толық арылған) таза жандардан өзгелер ұстай алмайды.

80

تَنزِيلࣱ مِّن رَّبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Ол әлемдердің Раббысы тарапынан бірте-бірте түсірілген.

81

أَفَبِهَٰذَا ٱلْحَدِيثِ أَنتُم مُّدْهِنُونَ

Сонда сендер бұл сөзді менсінбейсіңдер ме (яғни, оны түкке тұрғысыз санап, жалғанға шығарасыңдар ма)?

82

وَتَجْعَلُونَ رِزْقَكُمْ أَنَّكُمْ تُكَذِّبُونَ

Сонда сендер үшін баға жетпес нығмет болған осынау Кітаптан алар нәсіптерің оны өтірік деу болды ма?

83

فَلَوْلَآ إِذَا بَلَغَتِ ٱلْحُلْقُومَ

Жан алқымға тығылғанда не істер екенсіңдер, көрейік!

84

وَأَنتُمْ حِينَئِذࣲ تَنظُرُونَ

Сол бір сәтте өлім аузында жатқан адамның басында амалдарың құрып, (Құдайдың ісіне не шара, деп) құр қарап тұрасыңдар.

85

وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنكُمْ وَلَٰكِن لَّا تُبْصِرُونَ

Біз оған сендерден де жақынбыз, алайда сендер көрмейсіңдер.

86

فَلَوْلَآ إِن كُنتُمْ غَيْرَ مَدِينِينَ

Қане, егер (өздерің айтқандай күпірліктерің мен күнәларың үшін) жауапқа тартылмайтын болсаңдар,

87

تَرْجِعُونَهَآ إِن كُنتُمْ صَٰدِقِينَ

Егер айтқандарың рас және өздерің де шынайы болсаңдар, қане, алқымға тығылған сол жанды денеге кері қайтармайсыңдар ма?!

88

فَأَمَّآ إِن كَانَ مِنَ ٱلْمُقَرَّبِينَ

Егер қайтыс болған жан Аллаға жақын хас пенделердің бірі болса,

89

فَرَوْحࣱ وَرَيْحَانࣱ وَجَنَّتُ نَعِيمࣲ

онда оны мәңгілік рақат ғұмыр, ең керемет ризық-несібе мен (көз көріп, құлақ естімеген) нығметтер мен шаттыққа толы Нағим жұмағы күтеді.

90

وَأَمَّآ إِن كَانَ مِنْ أَصْحَٰبِ ٱلْيَمِينِ

Егер (амал дәптерлерін оң жақтан алатын бақытты жандар) асхабул-яминнің қатарында болса,

91

فَسَلَٰمࣱ لَّكَ مِنْ أَصْحَٰبِ ٱلْيَمِينِ

(онда оған): «Уа, амал дәптерін оң жақтан алған игілік иесі саған өзің сияқты игілік иелерінен жалынды сәлем!» – делініп (ерекше қошемет көрсетіледі).

92

وَأَمَّآ إِن كَانَ مِنَ ٱلْمُكَذِّبِينَ ٱلضَّآلِّينَ

Ал егер ол (хақ дінге де, пайғамбарға да) сенбей, хақ жолдан адасқандардың бірі болса,

93

فَنُزُلࣱ مِّنْ حَمِيمࣲ

онда оған (тозақтың тұрақты да сыйлы қонағы ретінде) бұрқ-сарқ қайнаған ыстық сумен сый-құрмет көрсетіледі,

94

وَتَصْلِيَةُ جَحِيمٍ

әрі жалындаған жаһаннам отына тасталады.

95

إِنَّ هَٰذَا لَهُوَ حَقُّ ٱلْيَقِينِ

Анық ақиқат, міне, осы (Құран).

96

فَسَبِّحْ بِٱسْمِ رَبِّكَ ٱلْعَظِيمِ

Ендеше, шексіз ұлылық иесі Раббыңның Есімін (яғни, Оның мінсіз екендігін айтып) ұлықта!

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play