Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран54. Қамар
54 · сүре

Қамар

55 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

ٱقْتَرَبَتِ ٱلسَّاعَةُ وَٱنشَقَّ ٱلْقَمَرُ

Қиямет жақындады және Ай қақ жарылды.

2

وَإِن يَرَوْا۟ ءَايَةࣰ يُعْرِضُوا۟ وَيَقُولُوا۟ سِحْرࣱ مُّسْتَمِرࣱّ

Алайда мүшріктер анық мұғжиза көрсе болды, бірден теріс айналып, «Бұл оның бұрыннан көрсетіп жүрген күшті сиқырларының бірі», – деседі.

3

وَكَذَّبُوا۟ وَٱتَّبَعُوٓا۟ أَهْوَآءَهُمْۚ وَكُلُّ أَمْرࣲ مُّسْتَقِرࣱّ

Сөйтіп, олар (пайғамбардың өзіне де, көрсеткен мұғжизасына да) сенбеді һәм өз әуейіне ерді. Алайда әр істің алдын-ала белгіленген ақыры бар (сондықтан да олар түптің-түбінде әр істің ақиқатын өз көздерімен анық көретін болады).

4

وَلَقَدْ جَآءَهُم مِّنَ ٱلْأَنۢبَآءِ مَا فِيهِ مُزْدَجَرٌ

Әсілі, оларға өздерін теріс жолдан қайтаратын (ақиретке һәм өткен қауымдарға қатысты) ғибратқа толы небір маңызды хабарлар жетіп, оқиғалар баяндалды.

5

حِكْمَةُۢ بَٰلِغَةࣱۖ فَمَا تُغْنِ ٱلنُّذُرُ

Міне, бұлар (Құранда орын алған ғибратты оқиғалар мен ескертулер) аса жоғары, кемел хикмет. Алайда мұншама ескертулер оларға пайда бермеуде.

6

فَتَوَلَّ عَنْهُمْۘ يَوْمَ يَدْعُ ٱلدَّاعِ إِلَىٰ شَيْءࣲ نُّكُرٍ

Ендеше, сен де оларды өз жайына жібер. Күндердің күнінде жаршы (періште) бұрын-соңды жан баласы көрмеген жантүршігерлік ақиқатқа (қабірден шығып, ғарасат майданына жиналуға) шақырады.

7

خُشَّعًا أَبْصَٰرُهُمْ يَخْرُجُونَ مِنَ ٱلْأَجْدَاثِ كَأَنَّهُمْ جَرَادࣱ مُّنتَشِرࣱ

(Сонда күллі адамзат) көздері алақтап, бейне бір қаптаған қалың шегірткедей қабірлерінен шығады.

8

مُّهْطِعِينَ إِلَى ٱلدَّاعِۖ يَقُولُ ٱلْكَٰفِرُونَ هَٰذَا يَوْمٌ عَسِرࣱ

(Қабірлерінен шыққан бойда өздерін ғарасат майданына шақырушы) жаршыға бет алып ентелей жүгіреді. Сонда кәпірлер: «Бүгін тым ауыр күн!» – деп айтады.

9

۞كَذَّبَتْ قَبْلَهُمْ قَوْمُ نُوحࣲ فَكَذَّبُوا۟ عَبْدَنَا وَقَالُوا۟ مَجْنُونࣱ وَٱزْدُجِرَ

Олардан бұрынғы Нұх қауымы да (пайғамбарды) өтірікшіге балады. Олар өздерін тура жолға шақырған құлымызды өтірікшіге балады һәм онымен қоймай: «Бұл жынды», – деді. Сөйтіп, құлымыздың (алдын орап, меселін қайтару мақсатында) көңіліне қаяу түсірілді.

10

فَدَعَا رَبَّهُۥٓ أَنِّي مَغْلُوبࣱ فَٱنتَصِرْ

Соңында ол Раббысына: «Мен жеңілдім, маған көмек бере көр!» – деп жалбарынды.

11

فَفَتَحْنَآ أَبْوَٰبَ ٱلسَّمَآءِ بِمَآءࣲ مُّنْهَمِرࣲ

Біз (оның дұғасын қабыл алып) бірден көк қақпаларын ашып, нөсерлеттік.

12

وَفَجَّرْنَا ٱلْأَرْضَ عُيُونࣰا فَٱلْتَقَى ٱلْمَآءُ عَلَىٰٓ أَمْرࣲ قَدْ قُدِرَ

Жерден де қайнар сулар атқылаттық. Нәтижеде, (аспаннан құйылған нөсер мен жерден атқылаған) су әу баста жазылған істің жүзеге асуы үшін қосылды.

13

وَحَمَلْنَٰهُ عَلَىٰ ذَاتِ أَلْوَٰحࣲ وَدُسُرࣲ

Содан Нұхты біріне-бірі мықтап шегеленген тақтайлардан құрастырылған (кемеге) мінгіздік.

14

تَجْرِي بِأَعْيُنِنَا جَزَآءࣰ لِّمَن كَانَ كُفِرَ

Ол кеме қадір-қасиеті білінбеген сол бір ардақты кісіге көрсетілген сый ретінде Біздің тікелей бақылауымызбен жүзіп бара жатты.

15

وَلَقَد تَّرَكْنَٰهَآ ءَايَةࣰ فَهَلْ مِن مُّدَّكِرࣲ

(Соңында кеме тауға тоқтады.) Расында, Біз оны ақиқаттың бір белгісі һәм ғибрат болсын деп, сол күйі қалдырып сақтадық. Қане, бұдан ғибрат алатын жан бар ма?

16

فَكَيْفَ كَانَ عَذَابِي وَنُذُرِ

Менің жазалауым мен ескерткендерім қалай жүзеге асады екен, көріңдер!

17

وَلَقَدْ يَسَّرْنَا ٱلْقُرْءَانَ لِلذِّكْرِ فَهَلْ مِن مُّدَّكِرࣲ

Расында, Біз Құранды (адамдар) оған ой жүгіртсін һәм ғибрат алсын деп (адам баласының тілінде түсіру арқылы) жеңілдеттік. Олай болса, қане, оған ой жүгіртіп, ғибрат алатын жан бар ма?

18

كَذَّبَتْ عَادࣱ فَكَيْفَ كَانَ عَذَابِي وَنُذُرِ

Ад халқы да (өздеріне келген пайғамбарды) өтірікшіге балады. Менің жазалауым мен ескерткендерім қалай жүзеге асады екен, көріңдер!

19

إِنَّآ أَرْسَلْنَا عَلَيْهِمْ رِيحࣰا صَرْصَرࣰا فِي يَوْمِ نَحْسࣲ مُّسْتَمِرࣲّ

Біз оларға бәле-жала үзілмеген сол бір күні алдынан шыққанның бәрін сыпырып-сиырып, күлін көкке ұшыратын дүлей дауыл жібердік.

20

تَنزِعُ ٱلنَّاسَ كَأَنَّهُمْ أَعْجَازُ نَخْلࣲ مُّنقَعِرࣲ

Ол адамдарды түп-тамырымен қопарылған іші қуыс құрма ағаштарындай жұлып-жұлып әкетіп жатты.

21

فَكَيْفَ كَانَ عَذَابِي وَنُذُرِ

Менің жазалауым мен ескерткендерім қалай жүзеге асады екен, көріңдер!

22

وَلَقَدْ يَسَّرْنَا ٱلْقُرْءَانَ لِلذِّكْرِ فَهَلْ مِن مُّدَّكِرࣲ

Расында, Біз Құранды (адамдар) оған ой жүгіртсін һәм ғибрат алсын деп (адам баласының тілінде түсіру арқылы) жеңілдеттік. Олай болса, қане, оған ой жүгіртіп, ғибрат алатын жан бар ма?

23

كَذَّبَتْ ثَمُودُ بِٱلنُّذُرِ

Сәмуд халқы да өздеріне айтылған ескертулерге сенбеді.

24

فَقَالُوٓا۟ أَبَشَرࣰا مِّنَّا وَٰحِدࣰا نَّتَّبِعُهُۥٓ إِنَّآ إِذࣰا لَّفِي ضَلَٰلࣲ وَسُعُرٍ

Олар: «Сонда біз арамыздағы өзіміз сияқты жай бір адамның соңынан ереміз бе? Онда, сөзсіз, жолымыздан адасып, адам айтқысыз қателікке әрі есуастыққа ұрынған боламыз».

25

أَءُلْقِيَ ٱلذِّكْرُ عَلَيْهِ مِنۢ بَيْنِنَا بَلْ هُوَ كَذَّابٌ أَشِرࣱ

«Сонда басқа адам құрып қалғандай бұл кітап арамыздан соны тауып, соған түсірілген бе? Жо-жоқ, ол барып тұрған кәззап, (төбемізге шығып алып, бәрімізді билеп-төстегісі келетін) ардан безген оңбаған», – десті.

26

سَيَعْلَمُونَ غَدࣰا مَّنِ ٱلْكَذَّابُ ٱلْأَشِرُ

(Сол кезде Біз Салихқа): «Олар ертең кімнің кәззап, кімнің ардан безген оңбаған екенін әлі-ақ білетін болады!»

27

إِنَّا مُرْسِلُوا۟ ٱلنَّاقَةِ فِتْنَةࣰ لَّهُمْ فَٱرْتَقِبْهُمْ وَٱصْطَبِرْ

«(Өздері мұғжиза сұраған екен, ендеше) оларды сынау үшін бір інген жібереміз. Сен олардың ақырын бақ және (адам айтқысыз қылықтары мен ауызға алғысыз сөздеріне) сабыр ет!» – дедік.

28

وَنَبِّئْهُمْ أَنَّ ٱلْمَآءَ قِسْمَةُۢ بَيْنَهُمْۖ كُلُّ شِرْبࣲ مُّحْتَضَرࣱ

«Оларды хабардар ет, олар суды (інгенмен) өзара кезектесіп пайдаланатын болады. Судың басына кезегі келген барады».

29

فَنَادَوْا۟ صَاحِبَهُمْ فَتَعَاطَىٰ فَعَقَرَ

Алайда олар (үкімімізге мүлдем құлақ аспады, тіпті әлгі інгеннен құтылудың айла-амалын ойластырып) жақын жолдастарын (елдегі атышулы ұйымдасқан тоғыз қарақшының басшысын) шақырды. Сөйтіп, ол (қанжарын) алды да інгенді бауыздап тастады.

30

فَكَيْفَ كَانَ عَذَابِي وَنُذُرِ

Менің жазалауым мен ескерткендерім қалай жүзеге асады екен, көріңдер!

31

إِنَّآ أَرْسَلْنَا عَلَيْهِمْ صَيْحَةࣰ وَٰحِدَةࣰ فَكَانُوا۟ كَهَشِيمِ ٱلْمُحْتَظِرِ

Біз оларға жан төзгісіз ащы дауыс (алапат жарылыс) жібердік. Нәтижеде, оларды қойшының (қой қамайтын қора жасау үшін үйіп қойған) қураған қурайы мен қуарған бұтақтарындай қылдық.

32

وَلَقَدْ يَسَّرْنَا ٱلْقُرْءَانَ لِلذِّكْرِ فَهَلْ مِن مُّدَّكِرࣲ

Расында, Біз Құранды (адамдар) оған ой жүгіртіп, ғибрат алсын деп (адам баласының тілінде түсіру арқылы) жеңілдеттік. Олай болса, қане, оған ой жүгіртіп, ғибрат алатын жан бар ма?

33

كَذَّبَتْ قَوْمُ لُوطِۭ بِٱلنُّذُرِ

Луттың қауымы да өздеріне жасалған ескертулерге сенбеді.

34

إِنَّآ أَرْسَلْنَا عَلَيْهِمْ حَاصِبًا إِلَّآ ءَالَ لُوطࣲۖ نَّجَّيْنَٰهُم بِسَحَرࣲ

Біз сол себепті, төбелеріне тас боратқан алапат боран жібердік. Ал Луттың отбасының жөні бөлек еді, Біз оларды таңға жуық (алапат азаптан) құтқардық.

35

نِّعْمَةࣰ مِّنْ عِندِنَاۚ كَذَٰلِكَ نَجْزِي مَن شَكَرَ

Оларға деген нығметіміз ретінде (оларды азаптан аман алып қалдық). Біз шүкіршілік еткендерді, міне, осылайша сыйға бөлейміз.

36

وَلَقَدْ أَنذَرَهُم بَطْشَتَنَا فَتَمَارَوْا۟ بِٱلنُّذُرِ

Лут, Біздің күнәһарларды жаман азапқа душар ететінімізді айтып, қауымына ескерткен болатын. Алайда олар бұл ескертулерге шәк келтіріп, үнемі жалғанға шығарумен болды.

37

وَلَقَدْ رَٰوَدُوهُ عَن ضَيْفِهِۦ فَطَمَسْنَآ أَعْيُنَهُمْ فَذُوقُوا۟ عَذَابِي وَنُذُرِ

Луттың қонақтарына ойлары кетіп, оған қайта-қайта кісі салып, әбден мазасын қашырды. Сол үшін олардың көзін бір сипағаннан-ақ жым-жылас етіп, бәрін көрсоқыр қылдық. «Қане, Менің жазам мен ескерткен азабымның дәмін татыңдар!»

38

وَلَقَدْ صَبَّحَهُم بُكْرَةً عَذَابࣱ مُّسْتَقِرࣱّ

Шүбәсіз, таңсәріде оларды әсте құтқармайтын айықпас азап басып қалды.

39

فَذُوقُوا۟ عَذَابِي وَنُذُرِ

Қане, Менің жазам мен ескерткен азабымның дәмін татыңдар.

40

وَلَقَدْ يَسَّرْنَا ٱلْقُرْءَانَ لِلذِّكْرِ فَهَلْ مِن مُّدَّكِرࣲ

Расында, Біз Құранды (адамдар) оған ой жүгіртіп, ғибрат алсын деп (адам баласының тілінде түсіру арқылы) жеңілдеттік. Олай болса, қане, оған ой жүгіртіп, ғибрат алатын жан бар ма?

41

وَلَقَدْ جَآءَ ءَالَ فِرْعَوْنَ ٱلنُّذُرُ

Шүбәсіз, Перғауын әулетіне де ескертуші пайғамбарлар келді.

42

كَذَّبُوا۟ بِـَٔايَٰتِنَا كُلِّهَا فَأَخَذْنَٰهُمْ أَخْذَ عَزِيزࣲ مُّقْتَدِرٍ

Олар болса, өздеріне көрсетілген мұғжизалары-мыздың бәріне сенбестік танытты. Біз де оларды шексіз үстемдік пен ұлылық иесі, құдіреті күшті Аллаға лайықты түрде жазаға тарттық.

43

أَكُفَّارُكُمْ خَيْرࣱ مِّنْ أُو۟لَٰٓئِكُمْ أَمْ لَكُم بَرَآءَةࣱ فِي ٱلزُّبُرِ

(Ей, Мекке мүшріктері!) өздерің айтыңдаршы, сендердің араларыңдағы кәпірлер мықты ма, әлде өздеріңнен бұрын өткен әлгі кәпірлер мықты ма еді? Жоқ, әлде иләһи кітаптарда сендерді ақтайтын үкім бар ма еді?

44

أَمْ يَقُولُونَ نَحْنُ جَمِيعࣱ مُّنتَصِرࣱ

Жоқ, әлде олар: «Біз иық тірескен жеңіскер қауымбыз», – дей ме?

45

سَيُهْزَمُ ٱلْجَمْعُ وَيُوَلُّونَ ٱلدُّبُرَ

Ендеше, біліп қойсын, жақында ол қауым жеңіліс тауып, ту сырттарын беріп қашатын болады.

46

بَلِ ٱلسَّاعَةُ مَوْعِدُهُمْ وَٱلسَّاعَةُ أَدْهَىٰ وَأَمَرُّ

Негізгі оларға уәде етілген (нағыз жеңіліс, нағыз жаза) Қиямет сағаты. Қиямет сағатының сұмдығы әлдеқайда күшті, әлдеқайда ащы.

47

إِنَّ ٱلْمُجْرِمِينَ فِي ضَلَٰلࣲ وَسُعُرࣲ

Шүбәсіз, күнәға белшеден батқан күнәһарлар (жұмақтан) тым алыс һәм құтырған жалынды оттың ішінде болады.

48

يَوْمَ يُسْحَبُونَ فِي ٱلنَّارِ عَلَىٰ وُجُوهِهِمْ ذُوقُوا۟ مَسَّ سَقَرَ

Сол күні тозақта етбеттерінен сүйреледі, сонда оларға: «Жаһаннам оты қалай тиеді екен, енді соны татыңдар!» – делінеді.

49

إِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَٰهُ بِقَدَرࣲ

Шүбәсіз, Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық.

50

وَمَآ أَمْرُنَآ إِلَّا وَٰحِدَةࣱ كَلَمْحِۭ بِٱلْبَصَرِ

Біз бәрін бір ғана бұйрықпен, қас қағым сәтте істейміз.

51

وَلَقَدْ أَهْلَكْنَآ أَشْيَاعَكُمْ فَهَلْ مِن مُّدَّكِرࣲ

Анығында, Біз өздерің сияқты (залым әрі қыңыр кәпір болған) қаншама қауымдардың көзін жойдық. Олай болса, осыған ой жүгіртіп, ғибрат алатын жан бар ма?

52

وَكُلُّ شَيْءࣲ فَعَلُوهُ فِي ٱلزُّبُرِ

Әрі олардың істеген істерінің барлығы да дәптерлерде жазулы.

53

وَكُلُّ صَغِيرࣲ وَكَبِيرࣲ مُّسْتَطَرٌ

Үлкен-кіші істердің бәрі де жіпке тізгендей тізіліп жазылған.

54

إِنَّ ٱلْمُتَّقِينَ فِي جَنَّٰتࣲ وَنَهَرࣲ

Ал тақуа жандар болса, жаннат бақшаларында және өзен жағаларында болады.

55

فِي مَقْعَدِ صِدْقٍ عِندَ مَلِيكࣲ مُّقْتَدِرِۭ

Құдіреті күшті Патшаның дәргейіндегі шындық пен адалдық мәжілісінен орын алады.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play