وَٱلنَّجْمِ إِذَا هَوَىٰ
Ағып бара жатқан жұлдызға серт!
بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ
وَٱلنَّجْمِ إِذَا هَوَىٰ
Ағып бара жатқан жұлдызға серт!
مَا ضَلَّ صَاحِبُكُمْ وَمَا غَوَىٰ
Жолдастарың (Мұхаммед) адасқан да жоқ, азғындап тура жолдан тайған да жоқ.
وَمَا يَنطِقُ عَنِ ٱلْهَوَىٰٓ
Ол ешқашан өз әуейілігіне (нәпсі қалауына) қарай сөйлемейді.
إِنْ هُوَ إِلَّا وَحْيࣱ يُوحَىٰ
Ол (яғни, оның айтқанының бәрі) уахи ғана.
عَلَّمَهُۥ شَدِيدُ ٱلْقُوَىٰ
Оны (Құранды) оған пәрмені күшті (Жәбірейіл періште) үйретті.
ذُو مِرَّةࣲ فَٱسْتَوَىٰ
Тым күшті, асқан ақыл-ой иесі. Ол негізгі періште кейпінде тікесінен тік тұрды.
وَهُوَ بِٱلْأُفُقِ ٱلْأَعْلَىٰ
Сол кезде ол көкжиектің ұшқар биігінде (яғни, күн шығысында тікесінен тік тұрған) еді.
ثُمَّ دَنَا فَتَدَلَّىٰ
Содан кейін жақындап келіп, төмен қарай құлдилай бастады.
فَكَانَ قَابَ قَوْسَيْنِ أَوْ أَدْنَىٰ
(Жақындап келгені соншалық) екі арада (қатар қойылған) қос садақтың арасындай ғана аралық қалды, тіпті одан да аз.
فَأَوْحَىٰٓ إِلَىٰ عَبْدِهِۦ مَآ أَوْحَىٰ
Міне, осылайша (Алла) құлына уахи етуді қалаған нәрсесін толық уахи етті.
مَا كَذَبَ ٱلْفُؤَادُ مَا رَأَىٰٓ
Оның (өз көзімен көргенін) жүрегі жалғанға шығармады.
أَفَتُمَٰرُونَهُۥ عَلَىٰ مَا يَرَىٰ
Енді келіп, сендер оның өз көзімен көргені жайлы онымен сөз таластырасыңдар ма?
وَلَقَدْ رَءَاهُ نَزْلَةً أُخْرَىٰ
Оны (дәл сол періште кейпінде) басқа бір жолы (екінші рет) түскенінде тағы көрді.
عِندَ سِدْرَةِ ٱلْمُنتَهَىٰ
Сидратул-мүнтаһаның (болмыстың ең шетіндегі Жаратылыс ағашының) дәл тұсында.
عِندَهَا جَنَّةُ ٱلْمَأْوَىٰٓ
Оның тұсында (шейіттер мен тақуалар паналайтын) Жәннәтул-Мәуа болды.
إِذْ يَغْشَى ٱلسِّدْرَةَ مَا يَغْشَىٰ
Сол сәтте Сидраны (Жаратылыс ағашын) қапсырған (Алланың рақымы) оны одан сайын қапсыра түсті.
مَا زَاغَ ٱلْبَصَرُ وَمَا طَغَىٰ
Алла елшісінің көзі асып-саспады һәм басқа жаққа таймады (көргенін анық көрді), сондай-ақ көру шегінен де ары аспады (яғни, елес көрмеді).
لَقَدْ رَأَىٰ مِنْ ءَايَٰتِ رَبِّهِ ٱلْكُبْرَىٰٓ
Шүбәсіз, ол Раббысының ең үлкен аяттарының (яғни, Раббысы жаратқан ең елеулі таңғажайып жаратылыстардың) бір бөлігін көрді.
أَفَرَءَيْتُمُ ٱللَّٰتَ وَٱلْعُزَّىٰ
Ал енді мына Лат пен Ұззаға қараңдаршы! (Осынау ұлы ақиқаттар тұрғанда ол екеуінде не қасиет, қандай құдірет бар дейсіңдер?!)
وَمَنَوٰةَ ٱلثَّالِثَةَ ٱلْأُخْرَىٰٓ
Олардан өзге үшіншісі Мәнатқа да (қараңдар)!
أَلَكُمُ ٱلذَّكَرُ وَلَهُ ٱلْأُنثَىٰ
Сонда ұл балалар мына сендерге, ал қыздар Аллаға тән бе?
تِلْكَ إِذࣰا قِسْمَةࣱ ضِيزَىٰٓ
Ендеше, бұл тым әділетсіз бөліс болмай ма?!
إِنْ هِيَ إِلَّآ أَسْمَآءࣱ سَمَّيْتُمُوهَآ أَنتُمْ وَءَابَآؤُكُم مَّآ أَنزَلَ ٱللَّهُ بِهَا مِن سُلْطَٰنٍۚ إِن يَتَّبِعُونَ إِلَّا ٱلظَّنَّ وَمَا تَهْوَى ٱلْأَنفُسُۖ وَلَقَدْ جَآءَهُم مِّن رَّبِّهِمُ ٱلْهُدَىٰٓ
Негізі, олар мына сендер және ата-бабаларың ойдан шығарған атаулар (яғни, құр аты бар меңіреу пұттар) ғана. Алла тағала олардың құдай екеніне қатысты ешқандай дәлел түсірген емес. Олар тек өз ойы мен нәпсілерінің әуейіне ереді. Әйтсе де оларға Раббыларынан тура жолдың нақ өзі һәм соған бастайтын жолбасшы келіп тұр.
أَمْ لِلْإِنسَٰنِ مَا تَمَنَّىٰ
Жоқ, әлде адам баласының көңілі соққан нәрсенің бәрі бола бере ме?
فَلِلَّهِ ٱلْـَٔاخِرَةُ وَٱلْأُولَىٰ
Жоқ, олай емес! Ақирет өмірі де, дүниенің тіршілігі де бір Алланың билігінде. (Екі дүниеде де шексіз билік бір Өзіне ғана тән).
۞وَكَم مِّن مَّلَكࣲ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ لَا تُغْنِي شَفَٰعَتُهُمْ شَيْـًٔا إِلَّا مِنۢ بَعْدِ أَن يَأْذَنَ ٱللَّهُ لِمَن يَشَآءُ وَيَرْضَىٰٓ
Аспан әлемінде қаншама періште бар, алайда Алла қаламайынша һәм разылық танытып, рұқсат етпейінше, олардың біреуге жасаған шапағаты титтей де пайда бермейді.
إِنَّ ٱلَّذِينَ لَا يُؤْمِنُونَ بِٱلْـَٔاخِرَةِ لَيُسَمُّونَ ٱلْمَلَٰٓئِكَةَ تَسْمِيَةَ ٱلْأُنثَىٰ
Расында, ақиретке сенбейтіндер періштелерді (Алланың қыздары деп оларды) қыздардың аттарымен атайды.
وَمَا لَهُم بِهِۦ مِنْ عِلْمٍۖ إِن يَتَّبِعُونَ إِلَّا ٱلظَّنَّۖ وَإِنَّ ٱلظَّنَّ لَا يُغْنِي مِنَ ٱلْحَقِّ شَيْـࣰٔا
Анығында, олар бұл жайлы ештеңе де білмейді. Олардың бар білетіні – құрғақ ой мен құр болжалдың жетегінде жүру. Ал құрғақ ой мен құр болжал ақиқаттың қасында түкке тұрғысыз!
فَأَعْرِضْ عَن مَّن تَوَلَّىٰ عَن ذِكْرِنَا وَلَمْ يُرِدْ إِلَّا ٱلْحَيَوٰةَ ٱلدُّنْيَا
Ендеше, осынау кітабымыздан һәм Бізді еске алудан сырт айналып, дүниенің қу тіршілігінен басқаны қаламағандарды өз жайына жібер (білгенін істеп жүре берсін).
ذَٰلِكَ مَبْلَغُهُم مِّنَ ٱلْعِلْمِۚ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِۦ وَهُوَ أَعْلَمُ بِمَنِ ٱهْتَدَىٰ
Олардың бар ілімі осы-ақ (дүниенің қу тіршілігімен, онда да оның сырт кейпін білумен ғана шектеледі). Шүбәсіз, Раббың Өзінің тура жолынан кімнің адасқанын һәм кімнің тура жолмен келе жатқанын бәрінен жақсы біледі.
وَلِلَّهِ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلْأَرْضِ لِيَجْزِيَ ٱلَّذِينَ أَسَٰٓـُٔوا۟ بِمَا عَمِلُوا۟ وَيَجْزِيَ ٱلَّذِينَ أَحْسَنُوا۟ بِٱلْحُسْنَى
Күллі аспан әлеміндегінің және жердегінің бәрі бір Аллаға тиесілі. Ол (бәрін көріп, біліп тұратындықтан) жамандық жасағандарды істеген ісіне қарай жазалап, игілікті істер істегендерді ең жақсы түрде марапаттайды.
ٱلَّذِينَ يَجْتَنِبُونَ كَبَٰٓئِرَ ٱلْإِثْمِ وَٱلْفَوَٰحِشَ إِلَّا ٱللَّمَمَۚ إِنَّ رَبَّكَ وَٰسِعُ ٱلْمَغْفِرَةِۚ هُوَ أَعْلَمُ بِكُمْ إِذْ أَنشَأَكُم مِّنَ ٱلْأَرْضِ وَإِذْ أَنتُمْ أَجِنَّةࣱ فِي بُطُونِ أُمَّهَٰتِكُمْۖ فَلَا تُزَكُّوٓا۟ أَنفُسَكُمْۖ هُوَ أَعْلَمُ بِمَنِ ٱتَّقَىٰٓ
Олар (кей уақыттарда) кішігірім күнә-қателіктер істеп қойса да, үлкен күнәлар мен арсыздық атаулыдан бойларын аулақ ұстайды. Шүбәсіз, Раббың өте кең (кешірімді)! Ол сендерді топырақтан жаратқан кезде де, аналарыңның құрсағында шақалақ (эмбрион) болған кездеріңде де жақсы білетін. Ендеше, (күнә атаулыдан мүлдем пәкпіз деп ойлап) өздеріңді ақтамаңдар. Алла кімнің Өзіне лайықты түрде тағзым ететінін әрі қарсы келуден именетінін өте жақсы біледі.
أَفَرَءَيْتَ ٱلَّذِي تَوَلَّىٰ
(Уа, Мұхаммед! Сенен һәм қасиетті дағуаңнан) сырт айналып кете барғанды көрдің бе?!
وَأَعْطَىٰ قَلِيلࣰا وَأَكْدَىٰٓ
Мұқтажға берешегінің аз ғана бөлігін беріп, қалғанын сараңдығы ұстап бермей қойғанды (көрдің бе?).
أَعِندَهُۥ عِلْمُ ٱلْغَيْبِ فَهُوَ يَرَىٰٓ
Сонда ғайыптың кілті соның қолында болып, (болашақта болатындарды) өз көзімен көруде ме?
أَمْ لَمْ يُنَبَّأْ بِمَا فِي صُحُفِ مُوسَىٰ
Жоқ, әлде ол Мұсаның парақтарындағы ақиқаттардан хабардар етілмеді ме?
وَإِبْرَٰهِيمَ ٱلَّذِي وَفَّىٰٓ
Сондай-ақ міндетін лайықты түрде атқарған Ибраһимнің (парақтарындағы ақиқаттардан да хабардар емес пе?)
أَلَّا تَزِرُ وَازِرَةࣱ وِزْرَ أُخْرَىٰ
Ешбір күнәһар пенде өзгенің күнәсін арқаламайды.
وَأَن لَّيْسَ لِلْإِنسَٰنِ إِلَّا مَا سَعَىٰ
Әр адам өз еңбегінің ғана қарымын алады.
وَأَنَّ سَعْيَهُۥ سَوْفَ يُرَىٰ
Оның еңбегінің жемісі алдағы уақытта міндетті түрде көрінетін (әрі лайықты түрде бағаланатын) болады.
ثُمَّ يُجْزَىٰهُ ٱلْجَزَآءَ ٱلْأَوْفَىٰ
Содан кейін оған (еңбегінің) қарымы толық қайтарылады.
وَأَنَّ إِلَىٰ رَبِّكَ ٱلْمُنتَهَىٰ
Шүбәсіз, ақырғы аялдама – Раббыңның құзыры.
وَأَنَّهُۥ هُوَ أَضْحَكَ وَأَبْكَىٰ
Күлдіретін де, жылататын да – Өзі.
وَأَنَّهُۥ هُوَ أَمَاتَ وَأَحْيَا
Кеудедегі жанды алып өлтіретін де, жан бітіріп өмір сыйлайтын да – Өзі.
وَأَنَّهُۥ خَلَقَ ٱلزَّوْجَيْنِ ٱلذَّكَرَ وَٱلْأُنثَىٰ
Еркек пен ұрғашыны жұп қылып жаратқан да – бір Өзі.
مِن نُّطْفَةٍ إِذَا تُمْنَىٰ
(Ана) жатырына ытқыған бірнеше тамшы сұйықтықтан.
وَأَنَّ عَلَيْهِ ٱلنَّشْأَةَ ٱلْأُخْرَىٰ
Екінші рет (өлгеннен кейін қайта) жарату да бір Өзіне тән.
وَأَنَّهُۥ هُوَ أَغْنَىٰ وَأَقْنَىٰ
(Қалағанын) бай қылатын, (қалағанына) қанағат етерлік қана нәпақа нәсіп ететін де – бір Өзі.
وَأَنَّهُۥ هُوَ رَبُّ ٱلشِّعْرَىٰ
(Мүшріктер) табынатын Шиғра жұлдызының Раббысы да – бір Өзі.
وَأَنَّهُۥٓ أَهْلَكَ عَادًا ٱلْأُولَىٰ
Бұрынғы Ад қауымын жойған да – бір Өзі.
وَثَمُودَا۟ فَمَآ أَبْقَىٰ
Бірде-бірін қалдырмай Сәмуд халқын (жойған да).
وَقَوْمَ نُوحࣲ مِّن قَبْلُۖ إِنَّهُمْ كَانُوا۟ هُمْ أَظْلَمَ وَأَطْغَىٰ
Олардан бұрын Нұхтың қауымын (жойған да – бір Өзі). Өйткені олар (Ад пен Сәмудтан) асқан озбыр әрі азғын қауым еді.
وَٱلْمُؤْتَفِكَةَ أَهْوَىٰ
Сондай-ақ асты үстіне келтірілген шаһар (халқы Лут қауымын жойған да – бір Өзі).
فَغَشَّىٰهَا مَا غَشَّىٰ
Оларды қандай бәле, қандай алапат азап баспады десеңші?!
فَبِأَيِّ ءَالَآءِ رَبِّكَ تَتَمَارَىٰ
(Әй, адам баласы) енді Раббыңның қай нығметіне шәк келтіріп, қай нығметін жоққа шығармақсың?
هَٰذَا نَذِيرࣱ مِّنَ ٱلنُّذُرِ ٱلْأُولَىٰٓ
Бұл (пайғамбар) да өзінен бұрынғы ескертуші пайғамбарлар секілді бір ескертуші.
أَزِفَتِ ٱلْـَٔازِفَةُ
Жақындайтын (қиямет) тым жақын!
لَيْسَ لَهَا مِن دُونِ ٱللَّهِ كَاشِفَةٌ
Оның көкірекк салатын үрейі мен адам айтқысыз қасіретінен Алладан басқа ешкім арылта алмайды.
أَفَمِنْ هَٰذَا ٱلْحَدِيثِ تَعْجَبُونَ
Сонда сендер (өздеріңді мәңгілік бақытқа шақыратын) осынау сөзге таңданасыңдар ма?!
وَتَضْحَكُونَ وَلَا تَبْكُونَ
(Қиянаттарың мен күнәларың үшін жылаудың орнына) үнемі күлесіңдер, еш жыламайсыңдар.
وَأَنتُمْ سَٰمِدُونَ
Ойнап-күліп, сауық-сайран құрып, ғапылдыққа салынасыңдар.
فَٱسْجُدُوا۟ لِلَّهِ وَٱعْبُدُوا۟۩
(Ендеше, өкініштен өзектерің өртенбей тұрып, өздеріңді жоқтан жаратқан құдіреті күшті жалғыз) Аллаға сәжде етіп, қалтқысыз мойынсұныңдар және Оған ғана құлшылық етіңдер!
Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.