Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран52. Тур
52 · сүре

Тур

49 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

وَٱلطُّورِ

Тур (Синай) тауына,

2

وَكِتَٰبࣲ مَّسْطُورࣲ

Жазылған кітаптарға,

3

فِي رَقࣲّ مَّنشُورࣲ

Жайылған жұқа теріге (және қағаздарға жазылған кітаптарға),

4

وَٱلْبَيْتِ ٱلْمَعْمُورِ

Бәйтул-Мағмұрға (құлшылық ниетімен толассыз зиярат етілетін қасиетті Қағбаға),

5

وَٱلسَّقْفِ ٱلْمَرْفُوعِ

Көтерілген көк күмбезіне (көк аспанға),

6

وَٱلْبَحْرِ ٱلْمَسْجُورِ

Тасыған (немесе қиямет орнағанда отқа оранып бұрқ-сарқ қайнайтын) теңіз(дер)ге серт!

7

إِنَّ عَذَابَ رَبِّكَ لَوَٰقِعࣱ

Раббыңның жазасы міндетті түрде жүзеге асады.

8

مَّا لَهُۥ مِن دَافِعࣲ

Оны тосып қалатын (немесе болдырмай тастайтын) ешқандай күш жоқ.

9

يَوْمَ تَمُورُ ٱلسَّمَآءُ مَوْرࣰا

Күндердің күнінде аспан қатты шайқалады.

10

وَتَسِيرُ ٱلْجِبَالُ سَيْرࣰا

Таулар сұмдық жылдамдықпен көшеді (және тоз-тозы шығып, күлі көкке ұшады).

11

فَوَيْلࣱ يَوْمَئِذࣲ لِّلْمُكَذِّبِينَ

Сол күні (пайғамбарға һәм ол әкелген ақиқатқа) сенбегендердің жағдайы қандай өкінішті десеңші!

12

ٱلَّذِينَ هُمْ فِي خَوْضࣲ يَلْعَبُونَ

Олар өздері бойлаған батпақтың (яғни, жалғанның) ішінде ойнап-күліп жүр.

13

يَوْمَ يُدَعُّونَ إِلَىٰ نَارِ جَهَنَّمَ دَعًّا

Олар сол күні жаһаннамның жалынды отына сұмдық екпінмен итерілетін болады.

14

هَٰذِهِ ٱلنَّارُ ٱلَّتِي كُنتُم بِهَا تُكَذِّبُونَ

Сонда оларға: «Кезінде өздерің жоққа шығарған от, міне, осы».

15

أَفَسِحْرٌ هَٰذَآ أَمْ أَنتُمْ لَا تُبْصِرُونَ

«Бұл да сиқыр ма?! Жоқ әлде сендер көрмейсіңдер ме?»

16

ٱصْلَوْهَا فَٱصْبِرُوٓا۟ أَوْ لَا تَصْبِرُوا۟ سَوَآءٌ عَلَيْكُمْۖ إِنَّمَا تُجْزَوْنَ مَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

«Қане, кіріңдер тозаққа. Енді шыдасаңдар да, шыдамасаңдар да бәрібір, (лайықты сазайларыңды тартасыңдар). (Онда дүниеде жүргенде) не істеген болсаңдар, соның ғана қарымын аласыңдар», – делінеді.

17

إِنَّ ٱلْمُتَّقِينَ فِي جَنَّٰتࣲ وَنَعِيمࣲ

Ал тақуа жандар болса, жаннат бақшаларында сан алуан нығметтерге бөленуде.

18

فَٰكِهِينَ بِمَآ ءَاتَىٰهُمْ رَبُّهُمْ وَوَقَىٰهُمْ رَبُّهُمْ عَذَابَ ٱلْجَحِيمِ

Раббыларының өздеріне берген (сан алуан) нығметтерінің қызығына батады. Сондай-ақ Раббылары оларды жалын атқан жаһаннам азабынан сақтайды.

19

كُلُوا۟ وَٱشْرَبُوا۟ هَنِيٓـَٔۢا بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

Оларға: «(Дүниеде) істеген игілікті істеріңнің қарымы ретінде тәбетпен ішіңдер, жеңдер, ас болсын!» – делінеді.

20

مُتَّكِـِٔينَ عَلَىٰ سُرُرࣲ مَّصْفُوفَةࣲۖ وَزَوَّجْنَٰهُم بِحُورٍ عِينࣲ

Олар онда қаз-қатар тізілген жайлы орынтақтарға шалқая түсіп, жайғасып отырады. Сондай-ақ оларға құралай көз хор қыздарынан пәк жұбайлар нәсіп етеміз.

21

وَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَٱتَّبَعَتْهُمْ ذُرِّيَّتُهُم بِإِيمَٰنٍ أَلْحَقْنَا بِهِمْ ذُرِّيَّتَهُمْ وَمَآ أَلَتْنَٰهُم مِّنْ عَمَلِهِم مِّن شَيْءࣲۚ كُلُّ ٱمْرِئِۭ بِمَا كَسَبَ رَهِينࣱ

Ал иман келтірген, сондай-ақ ұрпақтары да өздеріне еріп имандылық жолына түскен мүміндерге келсек, Біз оларды (жұмақта) ұрпақтарымен қауыштырамыз және сол үшін олардың игі істерінің сауабын титтей де кемітпейміз. Әркім өз тапқанының (өз ісінің) тұтқыны, (яғни, жұмаққа кірген әрбір жан дүниеде тапқан сауабына һәм иманының дәрежесіне қарай нығметке бөленеді, сондай-ақ тозаққа түскен әрбір күнәһар да өз қолымен тапқан күнәлары мен күпірлігінің деңгейіне қарай азап тартады).

22

وَأَمْدَدْنَٰهُم بِفَٰكِهَةࣲ وَلَحْمࣲ مِّمَّا يَشْتَهُونَ

Оларға көңілі соғып, тәбеті тартқан жеміс-жидек пен еттің түр-түрінен мол қылып береміз.

23

يَتَنَٰزَعُونَ فِيهَا كَأْسࣰا لَّا لَغْوࣱ فِيهَا وَلَا تَأْثِيمࣱ

Олар онда (бір-бірімен ойнап-күліп, көңіл көтеріп, бал татыған әр алуан шарапқа толы) қадақтарды бір-біріне ұсынумен болады. Алайда ішкен шараптары олардың арасында бос сөз, бөстекі әңгімелерге де, күнәға да сеп болмайды.

24

۞وَيَطُوفُ عَلَيْهِمْ غِلْمَانࣱ لَّهُمْ كَأَنَّهُمْ لُؤْلُؤࣱ مَّكْنُونࣱ

Олардың айналасында қызметтеріне берілген бейне бір қабыршағынан шығарылмай сақталған інжудей бозбалалар айналсоқтап, қызмет көрсетіп жүреді.

25

وَأَقْبَلَ بَعْضُهُمْ عَلَىٰ بَعْضࣲ يَتَسَآءَلُونَ

Олар бір-біріне бет бұрып, жылы шыраймен қарасып, (дүниеде не істеп, не қойғандары һәм жұмаққа қалай кіргендері жайлы) сұрасып, әңгіме-дүкен құра бастайды.

26

قَالُوٓا۟ إِنَّا كُنَّا قَبْلُ فِيٓ أَهْلِنَا مُشْفِقِينَ

«Біз кезінде (дүниеде жүргенімізде) үй ішімізбен (ақырымыз не болар екен деп) қатты қорқатынбыз».

27

فَمَنَّ ٱللَّهُ عَلَيْنَا وَوَقَىٰنَا عَذَابَ ٱلسَّمُومِ

«Алла бізді шексіз шарапатына бөледі және күйдіргенде, еттен өтіп сүйекке жететін жаһаннам азабынан сақтады».

28

إِنَّا كُنَّا مِن قَبْلُ نَدْعُوهُۖ إِنَّهُۥ هُوَ ٱلْبَرُّ ٱلرَّحِيمُ

«Расында, біз кезінде (бір Аллаға ғана құлшылық етіп), бір Өзіне ғана жалбарынатынбыз. Ол, шынымен, Бәрр (бар жақсылық пен игілік иесі), Рахим (әсіресе, мүмін құлдарына ерекше мейірімді)».

29

فَذَكِّرْ فَمَآ أَنتَ بِنِعْمَتِ رَبِّكَ بِكَاهِنࣲ وَلَا مَجْنُونٍ

(Уа, расулым)! Сен үгіт-насихатыңды үзбе. Есіңде болсын, сен Раббыңның шарапатының арқасында (кәпірлердің айтқанындай) көріпкел де емессің, есі ауысқан жынды да емессің.

30

أَمْ يَقُولُونَ شَاعِرࣱ نَّتَرَبَّصُ بِهِۦ رَيْبَ ٱلْمَنُونِ

Жоқ, әлде олар сен жайлы (балгер яки жынды дегендері жетпегендей): «Ол (жын иектеген) ақын. Оны уақыттың еншісіне қалдырып, ақырын бағайық, әйтеуір бір пәлеге жолықпай қоймас», – дей ме?

31

قُلْ تَرَبَّصُوا۟ فَإِنِّي مَعَكُم مِّنَ ٱلْمُتَرَبِّصِينَ

Ендеше, оларға: «Олай болса, күте беріңдер! Мен де сендермен бірге күтейін, (сөйтіп, бастарыңа қандай күн туарын көрейін)!» – деп айт.

32

أَمْ تَأْمُرُهُمْ أَحْلَٰمُهُم بِهَٰذَآۚ أَمْ هُمْ قَوْمࣱ طَاغُونَ

Бұл істі олардан ақыл-естері талап етуде ме, жоқ әлде Құдай атқан азғын қауым болғандықтан соған баруда ма?

33

أَمْ يَقُولُونَ تَقَوَّلَهُۥۚ بَل لَّا يُؤْمِنُونَ

Әлде: «Құранды өз ойынан шығарып (Аллаға телуде)», – дей ме? Жо-жоқ, шынтуайтында, олардың иман етейік деген ниеті де жоқ.

34

فَلْيَأْتُوا۟ بِحَدِيثࣲ مِّثْلِهِۦٓ إِن كَانُوا۟ صَٰدِقِينَ

Егер айтқандары рас болса, (һәм Құранды ойдан шығару мүмкін болса), қане, өздері де дәл сондай бір сөзді ойдан шығарып әкелсінші, көрейік.

35

أَمْ خُلِقُوا۟ مِنْ غَيْرِ شَيْءٍ أَمْ هُمُ ٱلْخَٰلِقُونَ

Әлде олар (ешкімнің һәм) еш нәрсенің қатысынсыз, өз-өздерінен жаралды ма? Жоқ, әлде бәрін жаратқан ұлы Жаратушы солар ма?!

36

أَمْ خَلَقُوا۟ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَۚ بَل لَّا يُوقِنُونَ

Әлде күллі аспан әлемі мен жерді солар жаратты ма? Жо-жоқ, шынтуайтында, олар (жалпы жаратылысқа, адамзатқа және соларға қатысты басқа да ақиқаттар жайлы) ештеңе де білмейді.

37

أَمْ عِندَهُمْ خَزَآئِنُ رَبِّكَ أَمْ هُمُ ٱلْمُصَۣيْطِرُونَ

Жоқ, әлде Раббыңның қазыналары солардың құзырында ма еді? Әлде (кімнің пайғамбар болып, кімнің болмайтынын шешетіндей) күллі ғаламды билеп-төстеп тұрған солар ма?

38

أَمْ لَهُمْ سُلَّمࣱ يَسْتَمِعُونَ فِيهِۖ فَلْيَأْتِ مُسْتَمِعُهُم بِسُلْطَٰنࣲ مُّبِينٍ

Жоқ, әлде олардың (аспанға шығып алып) тың тыңдайтын сатылары бар ма? Олай болса, көктен тың тыңдағандары (періштелердің сөзін өз құлақтарымен естігендеріне қатысты) нақты да айқын дәлел келтірсін!

39

أَمْ لَهُ ٱلْبَنَٰتُ وَلَكُمُ ٱلْبَنُونَ

Демек, (өздерің қор көретін) қыз балалар Оған (Аллаға), ал ұл балалар сендерге тиесілі ме?

40

أَمْ تَسْـَٔلُهُمْ أَجْرࣰا فَهُم مِّن مَّغْرَمࣲ مُّثْقَلُونَ

(Уа, расулым!) Жоқ, әлде олар саған әбден қарыздар болып, еңселерін тіктей алмай қалатындай дінді насихаттағаның үшін олардан ақы талап етіп жүр ме едің?!

41

أَمْ عِندَهُمُ ٱلْغَيْبُ فَهُمْ يَكْتُبُونَ

Жоқ, әлде ғайыптың кілті солардың қолында болып, олар содан қалағанын көшіріп жазып алуда ма?!

42

أَمْ يُرِيدُونَ كَيْدࣰاۖ فَٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ هُمُ ٱلْمَكِيدُونَ

Жоқ, әлде олар (саған) тұзақ құрғысы келе ме? Шынтуайтында, күпірлік қылғандар біреуге құрған тұзақтарына түбінде өздері түседі!

43

أَمْ لَهُمْ إِلَٰهٌ غَيْرُ ٱللَّهِۚ سُبْحَٰنَ ٱللَّهِ عَمَّا يُشْرِكُونَ

Әлде олардың Алладан басқа құдайы бар ма? Алла олардың Өзіне серік етіп қосқан жалған құдайларынан аулақ!

44

وَإِن يَرَوْا۟ كِسْفࣰا مِّنَ ٱلسَّمَآءِ سَاقِطࣰا يَقُولُوا۟ سَحَابࣱ مَّرْكُومࣱ

(Олардың қасарыспа кәпір болғаны соншалық) егер де олар төбелеріне (жаза ретінде) аспанның бір кесегі құлап келе жатқанын көрсе: «Бұл – бұлт шоғыры», – дейді.

45

فَذَرْهُمْ حَتَّىٰ يُلَٰقُوا۟ يَوْمَهُمُ ٱلَّذِي فِيهِ يُصْعَقُونَ

Сондықтан да бастарына күн туып, ауыр жазаға душар болғанға дейін, оларды өз жайына жібер.

46

يَوْمَ لَا يُغْنِي عَنْهُمْ كَيْدُهُمْ شَيْـࣰٔا وَلَا هُمْ يُنصَرُونَ

Сол күні айла-амалдары өздеріне титтей де пайда бермейді, сондай-ақ оларға ешқандай жәрдем де берілмейді.

47

وَإِنَّ لِلَّذِينَ ظَلَمُوا۟ عَذَابࣰا دُونَ ذَٰلِكَ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَهُمْ لَا يَعْلَمُونَ

Шүбәсіз, (Аллаға серік қосып, хақ діннің жайылуына бөгет болып) ең үлкен зұлымдықты жасағандарға одан басқа да азап бар. Бірақ олардың көбі мұны білмейді.

48

وَٱصْبِرْ لِحُكْمِ رَبِّكَ فَإِنَّكَ بِأَعْيُنِنَاۖ وَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ حِينَ تَقُومُ

(Уа, Расулым!) Раббыңның үкімі жүзеге асқанша сабыр ет. Шүбәсіз, сен Біздің назарымызда һәм қорғауымыздасың. Намазға (немесе қандай да бір отырыстан) тұрғаныңда, Раббыңа (Сен – мінсізсің, барлық мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Өзіңе ғана тән деп) мадақ жаудыр!

49

وَمِنَ ٱلَّيْلِ فَسَبِّحْهُ وَإِدْبَٰرَ ٱلنُّجُومِ

Сондай-ақ түнде де Оның кемшіліктен ада, мінсіз екенін айтып, ұлықта және жұлдыздар батуға бет алған шақта да (яғни, таң намазында да Раббыңды ұлықта).

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play