Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран50. Қаф
50 · сүре

Қаф

45 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

قٓۚ وَٱلْقُرْءَانِ ٱلْمَجِيدِ

Қаф. Қасиетті Құранға серт!

2

بَلْ عَجِبُوٓا۟ أَن جَآءَهُم مُّنذِرࣱ مِّنْهُمْ فَقَالَ ٱلْكَٰفِرُونَ هَٰذَا شَيْءٌ عَجِيبٌ

Олар өздеріне өз араларынан ескертуші пайғамбар келгеніне қайран қалды. Сөйтіп, кәпірлер: «Бұл өзі бір адам таңғаларлық нәрсе болды!».

3

أَءِذَا مِتْنَا وَكُنَّا تُرَابࣰاۖ ذَٰلِكَ رَجْعُۢ بَعِيدࣱ

«Сонда біз өліп, топыраққа айналған соң (қайтадан тірілеміз бе?!) Бұл өзі (ақылға сыймайтын) неғайбыл қайту ғой», – десті.

4

قَدْ عَلِمْنَا مَا تَنقُصُ ٱلْأَرْضُ مِنْهُمْۖ وَعِندَنَا كِتَٰبٌ حَفِيظُۢ

Шүбәсіз, Біз топырақтың олардың тәндерін қалай бірте-бірте кертіп жеп жатқанын да білеміз. Құзырымызда бәрін қамтыған һәм (әсте тозбайтын, өшпейтін, өзгермейтін) жан-жақты қорғауға алынған Кітап бар.

5

بَلْ كَذَّبُوا۟ بِٱلْحَقِّ لَمَّا جَآءَهُمْ فَهُمْ فِيٓ أَمْرࣲ مَّرِيجٍ

Шынтуайтында, олар ақиқатпен бетпе-бет келгенде сенбестік танытты. Ал енді келіп, не істерін білмей (хақ пайғамбарға біресе сиқыршы, біресе шайыр, біресе жын ұрған балгер деп, Құран жайлы да біресе сиқыр, біресе аңыз-әпсана деп, осынау ақиқатқа қарсы қандай уәж айтарын білмей) дал болып жүр.

6

أَفَلَمْ يَنظُرُوٓا۟ إِلَى ٱلسَّمَآءِ فَوْقَهُمْ كَيْفَ بَنَيْنَٰهَا وَزَيَّنَّٰهَا وَمَا لَهَا مِن فُرُوجࣲ

Сонда олар төбелеріндегі аспанға бір мәрте болса да зер салып қарамай ма?! Сөйтіп, Біздің оны қалай көтергенімізді және (жұлдыздармен) қалай безендіргенімізді һәм онда титтей де сызаттың жоқ (екенін көріп, ғибрат алмай ма?!)

7

وَٱلْأَرْضَ مَدَدْنَٰهَا وَأَلْقَيْنَا فِيهَا رَوَٰسِيَ وَأَنۢبَتْنَا فِيهَا مِن كُلِّ زَوْجِۭ بَهِيجࣲ

Сондай-ақ жерді көсілте жайып, оған тауларды қазық қылып қақтық және онда көздің жауын алып, көңілге қуаныш ұялататын сан алуан өсімдіктерді жұп-жұбымен өсірдік.

8

تَبْصِرَةࣰ وَذِكْرَىٰ لِكُلِّ عَبْدࣲ مُّنِيبࣲ

(Міне, бұлар) Аллаға бар ықыласымен бет алған әрбір құлдың көкірек көзін ашу һәм ақыл-ойы мен жүрегін ғибрат алуға бағыттау үшін.

9

وَنَزَّلْنَا مِنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءࣰ مُّبَٰرَكࣰا فَأَنۢبَتْنَا بِهِۦ جَنَّٰتࣲ وَحَبَّ ٱلْحَصِيدِ

Сондай-ақ Біз көктен (белгілі уақыттарда һәм қажет болған жағдайда) берекелі жауын жаудырып, сол арқылы бау-бақшалар мен уақыты келгенде орылатын дәнді дақылдар

10

وَٱلنَّخْلَ بَاسِقَٰتࣲ لَّهَا طَلْعࣱ نَّضِيدࣱ

және мәуесі шоқ-шоқ болып бітетін биік құрма ағаштарын өсірудеміз.

11

رِّزْقࣰا لِّلْعِبَادِۖ وَأَحْيَيْنَا بِهِۦ بَلْدَةࣰ مَّيْتࣰاۚ كَذَٰلِكَ ٱلْخُرُوجُ

Құлдарымызға ризық болсын деп, сол жауын суымен өлі өңірге (жерге) жан бітіреміз. Өлілердің қабірлерінен шығуы да, міне, солай болмақ.

12

كَذَّبَتْ قَبْلَهُمْ قَوْمُ نُوحࣲ وَأَصْحَٰبُ ٱلرَّسِّ وَثَمُودُ

(Адамзаттың өлгеннен кейін қайта тірілетіндігіне) бұлардан бұрын Нұх қауымы, Рәсс халқы және Сәмудтықтар да сенбеген болатын.

13

وَعَادࣱ وَفِرْعَوْنُ وَإِخْوَٰنُ لُوطࣲ

Ад халқы, Перғауын және Луттың бауырлары да.

14

وَأَصْحَٰبُ ٱلْأَيْكَةِ وَقَوْمُ تُبَّعࣲۚ كُلࣱّ كَذَّبَ ٱلرُّسُلَ فَحَقَّ وَعِيدِ

Сондай-ақ Әйкә халқы мен Туббәғ қауымы да (өлімнен кейінгі тірілуге сенбеді). Міне, бұлардың әрбірі өздеріне келген елшілердің (өзіне де, сөзіне де) сенбеді. Нәтижеде, өздерін қорқыта отырып, уәде еткен жазама лайық болды.

15

أَفَعَيِينَا بِٱلْخَلْقِ ٱلْأَوَّلِۚ بَلْ هُمْ فِي لَبْسࣲ مِّنْ خَلْقࣲ جَدِيدࣲ

Сонда Біз (оларды өлгеннен кейін қайта тірілте алмайтындай өздерін) ең алғаш жоқтан жаратқанда қандай да бір қауқарсыздық немесе олақтық танытып па едік?! Жо-жоқ, олар (мәселенің олай емес екенін іштей мойындаса да) жаңадан жарату мәселесіне келгенде күмәннан арыла алмай дал болып жүр.

16

وَلَقَدْ خَلَقْنَا ٱلْإِنسَٰنَ وَنَعْلَمُ مَا تُوَسْوِسُ بِهِۦ نَفْسُهُۥۖ وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ ٱلْوَرِيدِ

Анығында, адам баласын Біз жараттық, міне, сондықтан, нәпсісінің оған үнемі не сыбырлап, көкейіне қандай ойлар салатынын жақсы білеміз. Өйткені Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз.

17

إِذْ يَتَلَقَّى ٱلْمُتَلَقِّيَانِ عَنِ ٱلْيَمِينِ وَعَنِ ٱلشِّمَالِ قَعِيدࣱ

Оның оң жағы мен сол жағында отырған екі бірдей хатшы (періште жақсы-жаман барлық істерін) жазып алуда.

18

مَّا يَلْفِظُ مِن قَوْلٍ إِلَّا لَدَيْهِ رَقِيبٌ عَتِيدࣱ

Сондай-ақ адам баласының аузынан нендей сөз шықса да дәл қасында оның аузын бағып, бірде-бір сөзін қалт жібермей жазып алып тұратын бақылаушы періште бар.

19

وَجَآءَتْ سَكْرَةُ ٱلْمَوْتِ بِٱلْحَقِّۖ ذَٰلِكَ مَا كُنتَ مِنْهُ تَحِيدُ

Өлім аузындағы жаналқымға тығылған сәт, шынымен келіп, жеткенде (адамға): «Міне, сен өмір бойы қашып құтылуға тырысқан ақиқат – осы!» – делінеді.

20

وَنُفِخَ فِي ٱلصُّورِۚ ذَٰلِكَ يَوْمُ ٱلْوَعِيدِ

Және Сур үрленеді. Міне, бұл – (кәпірлерге) уәде етілген азапты күн!

21

وَجَآءَتْ كُلُّ نَفْسࣲ مَّعَهَا سَآئِقࣱ وَشَهِيدࣱ

Әрбір жан қасындағы бірі айдауыл, бірі айғақ (екі періштемен ғарасат майданына) келеді.

22

لَّقَدْ كُنتَ فِي غَفْلَةࣲ مِّنْ هَٰذَا فَكَشَفْنَا عَنكَ غِطَآءَكَ فَبَصَرُكَ ٱلْيَوْمَ حَدِيدࣱ

Сонда Алла: «Шүбәсіз, сен (дүниеде) мұның бәрінен ғапыл едің. Ал қазір көзіңдегі пердені алып тастадық. Сондықтан да, бүгін сенің көзің тым өткір!» – деп айтады.

23

وَقَالَ قَرِينُهُۥ هَٰذَا مَا لَدَيَّ عَتِيدٌ

Сонда қасындағы (куәгер періште): «Мінеки, мендегі оның амал дәптері (Мұнда оның не істеп, не қойғаны түгелдей жазулы)!» – дейді.

24

أَلْقِيَا فِي جَهَنَّمَ كُلَّ كَفَّارٍ عَنِيدࣲ

Ақырында (Алла әлгі қос періштеге): «Қане, әрбір қасарыспа тоңмойын кәпірді лақтырыңдар жаһаннамға!»

25

مَّنَّاعࣲ لِّلْخَيْرِ مُعْتَدࣲ مُّرِيبٍ

«Өзі қайырсыз болғанмен қоймай өзгелерді де жақсылықтан қайтаруға тырысқан, зұлымдық пен азғындықта шектен шыққан, өзі күмәншіл һәм өзгелердің де көкірегіне күмән ұялатқыш»,

26

ٱلَّذِي جَعَلَ مَعَ ٱللَّهِ إِلَٰهًا ءَاخَرَ فَأَلْقِيَاهُ فِي ٱلْعَذَابِ ٱلشَّدِيدِ

«сондай-ақ Алламен қатар басқаны да тәңір тұтқан әрбір кәпірді алыңдар да ауыр азаптың қақ ортасына лақтырыңдар!» – деп пәрмен қылады.

27

۞قَالَ قَرِينُهُۥ رَبَّنَا مَآ أَطْغَيْتُهُۥ وَلَٰكِن كَانَ فِي ضَلَٰلِۭ بَعِيدࣲ

Сонда оның (дүниедегі) ажырамас шайтан серігі: «Уа, Раббымыз! Оны аздырған мен емеспін. Керісінше, оның өзі әбден адасқан болатын», – деп ақталады.

28

قَالَ لَا تَخْتَصِمُوا۟ لَدَيَّ وَقَدْ قَدَّمْتُ إِلَيْكُم بِٱلْوَعِيدِ

Сонда Алла: «Менің дәргейімде дауласпаңдар! Біле білсеңдер, сендерге әу бастан-ақ осынау ауыр азаптың болатынын айтып, ескерткен едім».

29

مَا يُبَدَّلُ ٱلْقَوْلُ لَدَيَّ وَمَآ أَنَا۠ بِظَلَّٰمࣲ لِّلْعَبِيدِ

«Менің дәргейімдегі сөз (яғни, үкімім) әсте өзгертілмейді. Сондай-ақ Мен құлдарыма қиянат жасайтындай залым емеспін», – деп айтады.

30

يَوْمَ نَقُولُ لِجَهَنَّمَ هَلِ ٱمْتَلَأْتِ وَتَقُولُ هَلْ مِن مَّزِيدࣲ

Сол күні жаһаннамнан: «Толдың ба?» – деп сұраймыз. Ол болса: «Тағы да бар ма?» – деп қомағайлана жауап қатады.

31

وَأُزْلِفَتِ ٱلْجَنَّةُ لِلْمُتَّقِينَ غَيْرَ بَعِيدٍ

Ал жаннатқа келсек, ол сол күні Аллаға шын жүректен тағзым етіп, алдында асылық етуден һәм азабынан қорыққан тақуа жандарға жақындатылады. Сөйтіп, ол (өзіне еніп, мәңгілік бақытқа бөленетін тақуа жандар үшін) алыс болмайды.

32

هَٰذَا مَا تُوعَدُونَ لِكُلِّ أَوَّابٍ حَفِيظࣲ

Оларға: «Міне, өздеріңе уәде етілген сый! Осынау сый – үнемі шын көңілден Аллаға бет алатын һәм Оның алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындаған»,

33

مَّنْ خَشِيَ ٱلرَّحْمَٰنَ بِٱلْغَيْبِ وَجَآءَ بِقَلْبࣲ مُّنِيبٍ

«көрмесе де Рахманға бар ықыласымен тағзым етіп, Одан шын именген һәм үнемі Аллаға бет алған һәм мойынсұнған жүрекпен келген әрбір жанға (бұйырады)».

34

ٱدْخُلُوهَا بِسَلَٰمࣲۖ ذَٰلِكَ يَوْمُ ٱلْخُلُودِ

«Қане, жұмаққа еш нәрсеге алаңдамай есендікпен кіріңдер! Бұл – мәңгілік күні!» – делінеді.

35

لَهُم مَّا يَشَآءُونَ فِيهَا وَلَدَيْنَا مَزِيدࣱ

Онда олардың қалаған нәрселерінің бәрі бар. Сондай-ақ құзырымызда одан да көп сый-сияпат бар.

36

وَكَمْ أَهْلَكْنَا قَبْلَهُم مِّن قَرْنٍ هُمْ أَشَدُّ مِنْهُم بَطْشࣰا فَنَقَّبُوا۟ فِي ٱلْبِلَٰدِ هَلْ مِن مَّحِيصٍ

(Уа, Мұхаммед!) Біз бұлардан бұрын қаншама нәсілдің көзін жойдық. Олар бұларға қарағанда әлдеқайда күшті, арыны күшті жауынгер халықтар еді. Сондай-ақ олар (билігінің аясын кеңейте түсу үшін) өзге елдерге де аттанып, жер-әлемді шарлайтын еді. Алайда (Алланың жазасынан) қашып құтылатын жер бар ма?!

37

إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَذِكْرَىٰ لِمَن كَانَ لَهُۥ قَلْبٌ أَوْ أَلْقَى ٱلسَّمْعَ وَهُوَ شَهِيدࣱ

Міне, осының өзінде кейдесінде жүрегі бар, яки ақиқатқа саналы түрде құлақ аса білетін, көзімен де жан-жағын лайықты түрде көре білетін әрбір жан үшін талай ғибрат бар.

38

وَلَقَدْ خَلَقْنَا ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ وَمَا بَيْنَهُمَا فِي سِتَّةِ أَيَّامࣲ وَمَا مَسَّنَا مِن لُّغُوبࣲ

Расында, Біз күллі аспан әлемі мен жерді һәм екеуінің арасындағы бар нәрсені алты күнде жараттық және Біз (одан еш) шаршап-шалдықпадық.

39

فَٱصْبِرْ عَلَىٰ مَا يَقُولُونَ وَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ قَبْلَ طُلُوعِ ٱلشَّمْسِ وَقَبْلَ ٱلْغُرُوبِ

(Уа, Мұхаммед!) Ендеше олардың айтқан сөздеріне сабыр ет және күн шықпастан бұрын һәм батпай тұрып Раббыңа (Сен – мінсізсің. Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік һәм ең көркем есімдер мен теңдессіз сипаттар бір Өзіңе ғана тән, – деп), (ертелі-кеш) мадақ жаудыр!

40

وَمِنَ ٱلَّيْلِ فَسَبِّحْهُ وَأَدْبَٰرَ ٱلسُّجُودِ

Сондай-ақ түннің бір уағында һәм сәжделердің (яғни, бес уақыт намаздың) артынша Оған (Сен – мінсізсің, – деп) мадақ айт!

41

وَٱسْتَمِعْ يَوْمَ يُنَادِ ٱلْمُنَادِ مِن مَّكَانࣲ قَرِيبࣲ

Һәм (Исрафил періште) таяу жерден үн қататын күнді құлақ түре күт!

42

يَوْمَ يَسْمَعُونَ ٱلصَّيْحَةَ بِٱلْحَقِّۚ ذَٰلِكَ يَوْمُ ٱلْخُرُوجِ

Сол күні күллі адамзат (Сурдың) жер жарған дауысын (Алланың) хақ үкімі ретінде анық естиді. Ол – өлілер қайта тірілтіліп, қабірлерінен шығатын күн!

43

إِنَّا نَحْنُ نُحْيِۦ وَنُمِيتُ وَإِلَيْنَا ٱلْمَصِيرُ

Шүбәсіз, жан бітіріп, өмір сыйлайтын да, жан алып, өлтіретін де – Бізбіз. Ақырында бәрі Бізге қайтады.

44

يَوْمَ تَشَقَّقُ ٱلْأَرْضُ عَنْهُمْ سِرَاعࣰاۚ ذَٰلِكَ حَشْرٌ عَلَيْنَا يَسِيرࣱ

Ол күні жер жарылады да адамдар қабірлерінен атып-атып шыққан бойда (Сурдың жер жарған үнін естіп) ғарасат майданына қарай жүгіреді. Міне, (күллі адамзатты қабірлерінен шығарып) осылай бір жерге жинау Біз үшін оп-оңай шаруа.

45

نَّحْنُ أَعْلَمُ بِمَا يَقُولُونَۖ وَمَآ أَنتَ عَلَيْهِم بِجَبَّارࣲۖ فَذَكِّرْ بِٱلْقُرْءَانِ مَن يَخَافُ وَعِيدِ

(Уа, Мұхаммед!) Біз олардың (кәпірлердің) не айтып, не қойғанын жақсы білеміз. Сен оларды күштеп дінге кіргізетіндей озбыр емессің. Ендеше, сен Менің ескертуімнен (кәпірлерге уәде еткен жазамнан) қорқатындарға Құранмен уағыз-насихат айтып, дұрыс бағыт-бағдар бер.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play