Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран47. Мұхаммед
47 · сүре

Мұхаммед

38 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَصَدُّوا۟ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ أَضَلَّ أَعْمَٰلَهُمْ

Өздері күпірлік қылғанмен қоймай, өзгелердің де алдын тосып, Алланың хақ жолына түсуіне бөгет жасағандардың істерін Алла бекер етеді.

2

وَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ وَءَامَنُوا۟ بِمَا نُزِّلَ عَلَىٰ مُحَمَّدࣲ وَهُوَ ٱلْحَقُّ مِن رَّبِّهِمْ كَفَّرَ عَنْهُمْ سَيِّـَٔاتِهِمْ وَأَصْلَحَ بَالَهُمْ

Ал иман келтіріп, игілікті істер істеген және Раббыларынан Мұхаммедке тұнып тұрған ақиқат ретінде қалтқысыз иланғандарға келсек, Алла олардың күнә-қателіктерін өшіріп, салттарын (яғни, ақыл-ойларын, ниеттерін, сөздері мен іс-әрекеттерін) түзеп, оңалтады.

3

ذَٰلِكَ بِأَنَّ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ ٱتَّبَعُوا۟ ٱلْبَٰطِلَ وَأَنَّ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ ٱتَّبَعُوا۟ ٱلْحَقَّ مِن رَّبِّهِمْۚ كَذَٰلِكَ يَضْرِبُ ٱللَّهُ لِلنَّاسِ أَمْثَٰلَهُمْ

Өйткені күпірлік қылғандар жалғанға ерді, ал иман келтіргендер болса, керісінше, Раббыларынан келген ақиқатты басшылыққа алды. Алла адамдарға өздерінің жай-күйлерін, міне, осылай баяндайды.

4

فَإِذَا لَقِيتُمُ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ فَضَرْبَ ٱلرِّقَابِ حَتَّىٰٓ إِذَآ أَثْخَنتُمُوهُمْ فَشُدُّوا۟ ٱلْوَثَاقَ فَإِمَّا مَنَّۢا بَعْدُ وَإِمَّا فِدَآءً حَتَّىٰ تَضَعَ ٱلْحَرْبُ أَوْزَارَهَاۚ ذَٰلِكَۖ وَلَوْ يَشَآءُ ٱللَّهُ لَٱنتَصَرَ مِنْهُمْ وَلَٰكِن لِّيَبْلُوَا۟ بَعْضَكُم بِبَعْضࣲۗ وَٱلَّذِينَ قُتِلُوا۟ فِي سَبِيلِ ٱللَّهِ فَلَن يُضِلَّ أَعْمَٰلَهُمْ

Ендеше, күпірлік қылғандармен (соғыс майданында) ұшырасқандарыңда бірден бастарын шабыңдар. Оларды әбден қансыратып, қарсыласа алмайтын халге түсіргендеріңде аяқ-қолдарын мықтап матап, тұтқынға алыңдар. Кейін соғыс оты сөнген соң, қаласаңдар, тұтқындарды бодаусыз-ақ жөніне жіберіңдер, қаласаңдар, есесіне бодау алып, босатыңдар. Сендерге берілген пәрмен, міне, осы. Егер Алла қаласа, (сендерге соғысуды бұйырмай-ақ), олардың лайықты сазайын Өзі-ақ берер еді. Алайда Ол біріңді-біріңмен сынап көру үшін (сендерге керек кезде соғысуды да бұйырады). Алла жолында өлтіріліп, шейіт болғандарға келсек, Алла еш уақытта олардың (сауапты) істерін зая етпейді.

5

سَيَهْدِيهِمْ وَيُصْلِحُ بَالَهُمْ

Оларды (екі дүниеде де) тура жолға салып, мақсат-мұратына жеткізеді һәм салттарын (яғни, ақыл-ойларын, ниеттерін, сөздерін, іс-әрекеттерін) түзеп, оңалтады.

6

وَيُدْخِلُهُمُ ٱلْجَنَّةَ عَرَّفَهَا لَهُمْ

Һәм оларды (дүниеде) өздеріне танытқан жұмағына кіргізеді.

7

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِن تَنصُرُوا۟ ٱللَّهَ يَنصُرْكُمْ وَيُثَبِّتْ أَقْدَامَكُمْ

Уа, иман келтіргендер! Егер Алланың (дініне) қолдау көрсетсеңдер, Алла да сендерді қолдайды һәм аяқтарыңды тайдырмай (хақ жолда) нық басқызады.

8

وَٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ فَتَعْسࣰا لَّهُمْ وَأَضَلَّ أَعْمَٰلَهُمْ

Ал күпірлік қылғандардың соры құрысын! Алла олардың істерін бекерге кетіріп, түкке тұрғысыз қылады.

9

ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ كَرِهُوا۟ مَآ أَنزَلَ ٱللَّهُ فَأَحْبَطَ أَعْمَٰلَهُمْ

Иә, солай қылады. Өйткені олар Алланың түсіргенін (яғни, Құранды) өздерінше жаратпады. Сол үшін Алла олардың бүкіл істерін зая қылды.

10

۞أَفَلَمْ يَسِيرُوا۟ فِي ٱلْأَرْضِ فَيَنظُرُوا۟ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْۖ دَمَّرَ ٱللَّهُ عَلَيْهِمْۖ وَلِلْكَٰفِرِينَ أَمْثَٰلُهَا

Олар жер-жаһанды кезіп өздерінен бұрын (Алланың аяттарын өтірікке балап, күпірлікте табандап) өткен қауымдардың ақырының не болғанын өз көзімен көріп, ғибрат алмай ма? Алла оларды жермен-жексен қылды. Бұл кәпірлердің ақыры да солай болады.

11

ذَٰلِكَ بِأَنَّ ٱللَّهَ مَوْلَى ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَأَنَّ ٱلْكَٰفِرِينَ لَا مَوْلَىٰ لَهُمْ

Иә солай, өйткені Алла – иман келтіргендердің иесі. Ал кәпірлердің (қысылғанда медет беретін ондай) иесі жоқ.

12

إِنَّ ٱللَّهَ يُدْخِلُ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ جَنَّٰتࣲ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَٰرُۖ وَٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ يَتَمَتَّعُونَ وَيَأْكُلُونَ كَمَا تَأْكُلُ ٱلْأَنْعَٰمُ وَٱلنَّارُ مَثْوࣰى لَّهُمْ

Шүбәсіз, Алла иман келтіріп, игілікті істер істегендерді (жайқалған бау-бақшаларының арасынан және зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағып жататын жаннат бақшаларына кіргізеді. Ал күпірлік қылғандарға келсек, олардың есіл-дерті қу тіршіліктің қызығын көріп, рақатына бату ғана. Сондай-ақ олар (бұл дүниеде осынау ағыл-тегіл нығметтің қайдан келіп жатқанын, оған қалай шүкіршілік ету керектігін ойланып жатпастан) мал сияқты ішіп-жеуді ғана біледі. Ендеше, олардың ақырғы барар жері тозақ болмақ!

13

وَكَأَيِّن مِّن قَرْيَةٍ هِيَ أَشَدُّ قُوَّةࣰ مِّن قَرْيَتِكَ ٱلَّتِيٓ أَخْرَجَتْكَ أَهْلَكْنَٰهُمْ فَلَا نَاصِرَ لَهُمْ

(Уа, Мұхаммед!) Біз бұдан бұрын қаншама шаһарды жермен-жексен қылдық. Біле білсең, сол шаһарлар сені сыйдырмай, ақыры қуып тынған мына ауылыңнан (яғни, меккеліктерден) әлдеқайда күшті һәм пәрменді болатын. Бірақ оларға қол ұшын берер бірде-бір медеткер табылмады.

14

أَفَمَن كَانَ عَلَىٰ بَيِّنَةࣲ مِّن رَّبِّهِۦ كَمَن زُيِّنَ لَهُۥ سُوٓءُ عَمَلِهِۦ وَٱتَّبَعُوٓا۟ أَهْوَآءَهُم

(Уа, Мұхаммед!) Раббысынан келген анық дәлелге сүйенген адам өз қолымен істеген жамандықтары (әзәзіл шайтанның қолымен) безендіріліп, өзіне кереметтей етіліп көрсетілген және тек өз әуейіліктерінің (нәпсіқұмарлықтарының) соңынан ерген әлдекімдер сияқты бола ма?!

15

مَّثَلُ ٱلْجَنَّةِ ٱلَّتِي وُعِدَ ٱلْمُتَّقُونَۖ فِيهَآ أَنْهَٰرࣱ مِّن مَّآءٍ غَيْرِ ءَاسِنࣲ وَأَنْهَٰرࣱ مِّن لَّبَنࣲ لَّمْ يَتَغَيَّرْ طَعْمُهُۥ وَأَنْهَٰرࣱ مِّنْ خَمْرࣲ لَّذَّةࣲ لِّلشَّٰرِبِينَ وَأَنْهَٰرࣱ مِّنْ عَسَلࣲ مُّصَفࣰّىۖ وَلَهُمْ فِيهَا مِن كُلِّ ٱلثَّمَرَٰتِ وَمَغْفِرَةࣱ مِّن رَّبِّهِمْۖ كَمَنْ هُوَ خَٰلِدࣱ فِي ٱلنَّارِ وَسُقُوا۟ مَآءً حَمِيمࣰا فَقَطَّعَ أَمْعَآءَهُمْ

Тақуа жандарға уәде етілген жаннаттың мысалы: онда суы әсте лайланбайтын һәм борсымайтын тұп-тұнық өзендер, дәмі еш өзгермейтін (ашымайтын) сүттен өзендер, ішкен жанды ерекше ләззатқа бөлейтін шараптан өзендер және қоспасыз таза балдан өзендер бар. Сондай-ақ олар үшін онда сан алуан жемістер мен Раббыларының шексіз кеңшілігі де болады. (Ендеше, осынау әсте түгесілмейтін нығметтерге бөленген тақуа жандар) мәңгі-бақи тозақта қалатын һәм қайнақ сумен суарылғандарында ішек-қарындарының парша-паршасы шығатын бейбақтармен тең бе?

16

وَمِنْهُم مَّن يَسْتَمِعُ إِلَيْكَ حَتَّىٰٓ إِذَا خَرَجُوا۟ مِنْ عِندِكَ قَالُوا۟ لِلَّذِينَ أُوتُوا۟ ٱلْعِلْمَ مَاذَا قَالَ ءَانِفًاۚ أُو۟لَٰٓئِكَ ٱلَّذِينَ طَبَعَ ٱللَّهُ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ وَٱتَّبَعُوٓا۟ أَهْوَآءَهُمْ

(Уа, Мұхаммед!) Олардың (яғни, мәдиналық мұнафықтардың) арасында сөзіңе құлақ асып, уағыз-насихатыңды тыңдайтындар да бар. Алайда олар құзырыңнан былай шыға бере (сөзіңді қылжаққа айналдырып, дін ілімін терең меңгерген) ілім иелерінен: «(Мұхаммед) жаңа не айтты?» – деп, сұрайды. Алла тағала жүректерін мөрлеп тастаған және өз әуейіліктеріне (нәпсі құмарлықтарына) ерген бейбақтар, міне, солар!

17

وَٱلَّذِينَ ٱهْتَدَوْا۟ زَادَهُمْ هُدࣰى وَءَاتَىٰهُمْ تَقْوَىٰهُمْ

Ал тура жолға түскендерге келсек, Алла олардың осынау хақ жолға деген сенімін арттырып, жүректерін орнықтырады һәм (Өзіне лайықты түрде тағзым ететін әрі күнә атаулыдан барынша сақтанатын) тақуа болуды нәсіп етеді.

18

فَهَلْ يَنظُرُونَ إِلَّا ٱلسَّاعَةَ أَن تَأْتِيَهُم بَغْتَةࣰۖ فَقَدْ جَآءَ أَشْرَاطُهَاۚ فَأَنَّىٰ لَهُمْ إِذَا جَآءَتْهُمْ ذِكْرَىٰهُمْ

Жоқ, әлде олар (яғни, жүрегі мөрленген мұнафықтар) қиямет қайымның бастарына кенеттен келуін күтуде ме?! Анығында, оның айқын белгілері әлдеқашан келіп те қойған. Алайда қиямет қайым орнағанда олардың ақылға келгенінен не пайда?!

19

فَٱعْلَمْ أَنَّهُۥ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا ٱللَّهُ وَٱسْتَغْفِرْ لِذَنۢبِكَ وَلِلْمُؤْمِنِينَ وَٱلْمُؤْمِنَٰتِۗ وَٱللَّهُ يَعْلَمُ مُتَقَلَّبَكُمْ وَمَثْوَىٰكُمْ

Ендеше, біліп қой, Алладан басқа құдай жоқ! Сондай-ақ өз күнәң үшін һәм мүмін ерлер мен әйелдер үшін Алладан кешірім, кеңшілік тіле! Алла сендердің барлық жай-күйлерің мен жүріс-тұрыстарыңды және ақырында қайда барып тұрақтайтындарыңды да жақсы біледі.

20

وَيَقُولُ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَوْلَا نُزِّلَتْ سُورَةࣱۖ فَإِذَآ أُنزِلَتْ سُورَةࣱ مُّحْكَمَةࣱ وَذُكِرَ فِيهَا ٱلْقِتَالُ رَأَيْتَ ٱلَّذِينَ فِي قُلُوبِهِم مَّرَضࣱ يَنظُرُونَ إِلَيْكَ نَظَرَ ٱلْمَغْشِيِّ عَلَيْهِ مِنَ ٱلْمَوْتِۖ فَأَوْلَىٰ لَهُمْ

Иман келтіргендер (ақиқатты һәм Алланың үкімдерін қамтыған Құран сүресінің түсуін сарғая күтіп): «Шіркін, тағы да бір жаңа сүре түсірілсе екен!» – дейді. Ал мазмұнында (мәжбүр болған жағдайда кәпірлерге қарсы) соғысудың міндет екендігі айтылған айқын да кесімді сүре түсірілгенде, жүрегінде дерт болғандардың бейне бір өлім аузындағы жаны қысылған адамша өзіңе бажырая қарағанын көресің. Ендеше, өлердей қорыққан нәрселері бастарына келсін!

21

طَاعَةࣱ وَقَوْلࣱ مَّعْرُوفࣱۚ فَإِذَا عَزَمَ ٱلْأَمْرُ فَلَوْ صَدَقُوا۟ ٱللَّهَ لَكَانَ خَيْرࣰا لَّهُمْ

(Ал шынайы мүміндердің міндеті – қалтқысыз бойсұну һәм жақсы сөз айту (яғни Алланың пәрменін естігенде, «Құп болады» деу). Міне, сондықтан да олар іс (яғни, соғыстың болатындығы) нақтыланғанда, Аллаға берген уәделерінен таймаса, әлбетте, өздері үшін қайырлы болар еді.

22

فَهَلْ عَسَيْتُمْ إِن تَوَلَّيْتُمْ أَن تُفْسِدُوا۟ فِي ٱلْأَرْضِ وَتُقَطِّعُوٓا۟ أَرْحَامَكُمْ

(Әй, мұнафықтар!) Демек, (қолдарыңа билік тізгіні тие қалса), сөздеріңнен тайқып, Алладан сырт айналмақ һәм жер бетінде бұзақылық жасап, араларыңдағы туыстық қатынасты үзбек екенсіңдер ғой?!

23

أُو۟لَٰٓئِكَ ٱلَّذِينَ لَعَنَهُمُ ٱللَّهُ فَأَصَمَّهُمْ وَأَعْمَىٰٓ أَبْصَٰرَهُمْ

Алла ондайларды рақымынан аластап, құлақтарын (хақ сөзді) естімейтін тас керең, көздерін (ақиқатты) көрмейтін көрсоқыр етіп қойды.

24

أَفَلَا يَتَدَبَّرُونَ ٱلْقُرْءَانَ أَمْ عَلَىٰ قُلُوبٍ أَقْفَالُهَآ

Әйтпесе, олар осынау Құранға ой жүгіртпей ме?! Жоқ, әлде жүректерінде бірінің үстіне бірі салынған қат-қабат құлыптар бар ма?!

25

إِنَّ ٱلَّذِينَ ٱرْتَدُّوا۟ عَلَىٰٓ أَدْبَٰرِهِم مِّنۢ بَعْدِ مَا تَبَيَّنَ لَهُمُ ٱلْهُدَى ٱلشَّيْطَٰنُ سَوَّلَ لَهُمْ وَأَمْلَىٰ لَهُمْ

Өздеріне тура жол анық көрінгеннен кейін кері кетіп, діннен шыққандарға шайтан ғапылдық шекпенін кигізді және оларды («Бүкіл өмірлерің, көрер қызықтарың әлі алда», – деп) құрғақ үмітпен үміттендіріп, алдап соқты.

26

ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُوا۟ لِلَّذِينَ كَرِهُوا۟ مَا نَزَّلَ ٱللَّهُ سَنُطِيعُكُمْ فِي بَعْضِ ٱلْأَمْرِۖ وَٱللَّهُ يَعْلَمُ إِسْرَارَهُمْ

Себебі, олар (яғни, мұнафықтар) Алла түсірген (Құранды) жаратпағандарға: «Біз кейбір мәселелерде сендерге бағынамыз, сендермен бірге боламыз», – деп сөз берген еді. Дегенмен Алла олардың бар сырын, құпия келісімдерін біледі.

27

فَكَيْفَ إِذَا تَوَفَّتْهُمُ ٱلْمَلَٰٓئِكَةُ يَضْرِبُونَ وُجُوهَهُمْ وَأَدْبَٰرَهُمْ

Ендеше, жаналғыш періштелер олардың бет-ауызынан соққылап, жонынан таспа тіліп, жандарын алған кезде олар қайтер екен?!

28

ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمُ ٱتَّبَعُوا۟ مَآ أَسْخَطَ ٱللَّهَ وَكَرِهُوا۟ رِضْوَٰنَهُۥ فَأَحْبَطَ أَعْمَٰلَهُمْ

(Иә, олар солай жан тапсырады). Өйткені олар Алланың ашуын келтіретін нәрселерге ерді де, Оны разы ететін нәрселерді өздерінше жақтырмады. Сондықтан Алла олардың бүкіл (игі) істерін зая қылып, еңбектерін еш етті.

29

أَمْ حَسِبَ ٱلَّذِينَ فِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ أَن لَّن يُخْرِجَ ٱللَّهُ أَضْغَٰنَهُمْ

Жоқ, әлде жүректерінде дерті барлар іштеріндегі (хақ дінге һәм мүміндерге деген) өшпенділікті Алла тағала әшкере етпейді деп ойлады ма?!

30

وَلَوْ نَشَآءُ لَأَرَيْنَٰكَهُمْ فَلَعَرَفْتَهُم بِسِيمَٰهُمْۚ وَلَتَعْرِفَنَّهُمْ فِي لَحْنِ ٱلْقَوْلِۚ وَٱللَّهُ يَعْلَمُ أَعْمَٰلَكُمْ

(Уа, Мұхаммед!) Егер қаласақ, саған оларды бір-бірлеп көрсетер едік те, оларды бет-әлпетінен таныр едің. Әйтсе де сен оларды сөздерінің сарынынан-ақ сөзсіз танисың. Алла сендердің барлық істеріңді біледі.

31

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ حَتَّىٰ نَعْلَمَ ٱلْمُجَٰهِدِينَ مِنكُمْ وَٱلصَّٰبِرِينَ وَنَبْلُوَا۟ أَخْبَارَكُمْ

Біз араларыңдағы (Алла жолында) жан-тәнімен күресіп жүргендерді және (хақ жолда) барынша сабыр етіп, табандылық танытумен болғандарды анықтағанға дейін, сондай-ақ сөздерің мен істеріңді (ниет, сауап әрі күнә тұрғысынан) бағалау үшін сендерді міндетті түрде сынап бағамыз.

32

إِنَّ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَصَدُّوا۟ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ وَشَآقُّوا۟ ٱلرَّسُولَ مِنۢ بَعْدِ مَا تَبَيَّنَ لَهُمُ ٱلْهُدَىٰ لَن يَضُرُّوا۟ ٱللَّهَ شَيْـࣰٔا وَسَيُحْبِطُ أَعْمَٰلَهُمْ

Өздері күпірлік қылғанмен қоймай, өзгелердің Алланың хақ жолына түсуіне бөгет жасағандар және тура жол анық айқындалғаннан кейін Алла елшісіне қарсылық танытқандар, Аллаға титтей де зиян тигізе алмайды. Алла олардың барлық ісін бекерге кетіріп, еңбектерін еш қылады.

33

۞يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ أَطِيعُوا۟ ٱللَّهَ وَأَطِيعُوا۟ ٱلرَّسُولَ وَلَا تُبْطِلُوٓا۟ أَعْمَٰلَكُمْ

Уа, иман келтіргендер! Аллаға бойсұныңдар және Алла елшісіне бойсұныңдар, сондай-ақ істеріңді бекерге кетіріп, өз еңбектеріңді өздерің зая етпеңдер.

34

إِنَّ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَصَدُّوا۟ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ ثُمَّ مَاتُوا۟ وَهُمْ كُفَّارࣱ فَلَن يَغْفِرَ ٱللَّهُ لَهُمْ

Өздері күпірлік қылғанмен қоймай, өзгелердің де Алланың хақ жолына түсуіне бөгет жасағандарды және ақыр соңында кәпір болып өлгендерді Алла әсте кешірмейді.

35

فَلَا تَهِنُوا۟ وَتَدْعُوٓا۟ إِلَى ٱلسَّلْمِ وَأَنتُمُ ٱلْأَعْلَوْنَ وَٱللَّهُ مَعَكُمْ وَلَن يَتِرَكُمْ أَعْمَٰلَكُمْ

(Уа, мүміндер!) Міне, сондықтан да, (кәпірлермен соғысқандарыңда) босаңсымаңдар. Мерейлерің үстем бола тұра, оларды бейбіт бітімге шақырмаңдар. (Біліп қойыңдар), Алла сендермен бірге, сондай-ақ Ол игі істеріңнің сауабын кемітпейді, (ақыларыңды жемейді, керісінше, ықыласпен істеген игі істеріңнің қарымын толық, тіпті еселеп қайтарады).

36

إِنَّمَا ٱلْحَيَوٰةُ ٱلدُّنْيَا لَعِبࣱ وَلَهْوࣱۚ وَإِن تُؤْمِنُوا۟ وَتَتَّقُوا۟ يُؤْتِكُمْ أُجُورَكُمْ وَلَا يَسْـَٔلْكُمْ أَمْوَٰلَكُمْ

(Біле білсеңдер), дүниедегі қу тіршілік құр ойын-күлкі мен уақытша сауық-сайран ғана. Міне, сондықтан да иман келтіретін һәм Аллаға лайықты түрде тағзым етіп, алдында асылық етуден сақтанатын болсаңдар, Алла (бір Өзінің разылығын көздеп істеген) игі істеріңнің сауабын толық береді. Сондай-ақ Алла (хақ жолда садақа-зекет беруге шақырғанда) сендерден қолдарыңдағы мал-пұлдарыңның бәрін беруді талап етпейді.

37

إِن يَسْـَٔلْكُمُوهَا فَيُحْفِكُمْ تَبْخَلُوا۟ وَيُخْرِجْ أَضْغَٰنَكُمْ

Егер Ол сендерден (қолдарыңдағы мал-дүниелеріңнің) бәрін беруді талап етіп, қысым көрсетер болса, онда сендер сараңдық танытар едіңдер. Сөйтіп, Алла (имандылықтың арқасында ауыздықталған) іштеріңдегі барлық жаман мінездеріңді сыртқа шығарып, әшкере етер еді.

38

هَٰٓأَنتُمْ هَٰٓؤُلَآءِ تُدْعَوْنَ لِتُنفِقُوا۟ فِي سَبِيلِ ٱللَّهِ فَمِنكُم مَّن يَبْخَلُۖ وَمَن يَبْخَلْ فَإِنَّمَا يَبْخَلُ عَن نَّفْسِهِۦۚ وَٱللَّهُ ٱلْغَنِيُّ وَأَنتُمُ ٱلْفُقَرَآءُۚ وَإِن تَتَوَلَّوْا۟ يَسْتَبْدِلْ قَوْمًا غَيْرَكُمْ ثُمَّ لَا يَكُونُوٓا۟ أَمْثَٰلَكُم

(Уа, мүміндер!) Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла жолында жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда араларыңдағы базбіреулер сараңдық танытуда. Ендеше, кімде-кім сараңдық танытса, тек өз-өзіне сараңдық танытып, өз-өзін көптеген жақсылықтан мақұрым еткені. Алла – Ғани (ешкімге һәм еш нәрсеге мұқтаж емес шексіз, түгесілмес байлық иесі), ал сендер пақырсыңдар (һәм Аллаға әркез мұқтажсыңдар)! Егер (иман етуден және Оған қалтқысыз мойынсұнудан) бас тартатын болсаңдар, онда Ол сендердің орындарыңа басқа қауымды әкеледі һәм олар сендер сияқты болмайды.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play