Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран45. Жәсия
45 · сүре

Жәсия

37 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

حمٓ

Ха, Мим.

2

تَنزِيلُ ٱلْكِتَٰبِ مِنَ ٱللَّهِ ٱلْعَزِيزِ ٱلْحَكِيمِ

Бұл – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен әр үкімі көптеген хикметтерге негізделген теңдессіз даналық иесі) Алладан бірте-бірте түсірілген Кітап.

3

إِنَّ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ لَـَٔايَٰتࣲ لِّلْمُؤْمِنِينَ

Шүбәсіз, күллі аспан әлемі мен жерде мүміндер үшін (Алланың құдіреті күшті жалғыз Жаратушы екенін көрсететін) нақты дәлелдер мен анық белгілер бар.

4

وَفِي خَلْقِكُمْ وَمَا يَبُثُّ مِن دَآبَّةٍ ءَايَٰتࣱ لِّقَوْمࣲ يُوقِنُونَ

Сендердің жаратылыстарыңда, сондай-ақ Алланың өзге де алуан түрлі тіршілік иелерін жоқтан жаратып, оларды жер бетіне (жүйелі түрде) жаюында (Аллаға) қалтқысыз иланатын қауым үшін нақты дәлелдер мен ап-айқын белгілер бар.

5

وَٱخْتِلَٰفِ ٱلَّيْلِ وَٱلنَّهَارِ وَمَآ أَنزَلَ ٱللَّهُ مِنَ ٱلسَّمَآءِ مِن رِّزْقࣲ فَأَحْيَا بِهِ ٱلْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَا وَتَصْرِيفِ ٱلرِّيَٰحِ ءَايَٰتࣱ لِّقَوْمࣲ يَعْقِلُونَ

Сондай-ақ түн мен күннің бір ұзарып, бір қысқарып, алма-кезек алмасуында, Алланың аспаннан ризық түсіріп (яғни жауын жаудырып), сол арқылы өлі жерге жан бітіруінде және желдерді мың құбылтып (әр түрлі бағытта һәм сипатта) соқтыруында ақылға салып ойлана білетін қауым үшін көптеген дәлелдер мен анық белгілер бар.

6

تِلْكَ ءَايَٰتُ ٱللَّهِ نَتْلُوهَا عَلَيْكَ بِٱلْحَقِّۖ فَبِأَيِّ حَدِيثِۭ بَعْدَ ٱللَّهِ وَءَايَٰتِهِۦ يُؤْمِنُونَ

(Міне, болмыстағы аталмыш аяттар сияқты Құрандағы), осынау аяттар да Алланың айқын аяттары. Біз оларды саған ақиқаттың нақ өзі ретінде (Жәбірейіл арқылы) оқып берудеміз. Олар Аллаға һәм Оның осынау ап-айқын аяттарына иланбаған соң басқа қай сөзге иланады дейсің?

7

وَيْلࣱ لِّكُلِّ أَفَّاكٍ أَثِيمࣲ

Ендеше, күнәға белшесінен батқан әрбір жалақор кәззәптың жағдайы қандай өкінішті десеңші!

8

يَسْمَعُ ءَايَٰتِ ٱللَّهِ تُتْلَىٰ عَلَيْهِ ثُمَّ يُصِرُّ مُسْتَكْبِرࣰا كَأَن لَّمْ يَسْمَعْهَاۖ فَبَشِّرْهُ بِعَذَابٍ أَلِيمࣲ

Ол өзіне оқылатын Алланың аяттарын естиді, сөйте тұра менмендігі ұстап, түк естімегендей күпірлікте табандайды. Ендеше, оны жан төзгісіз азаппен сүйіншілей бер!

9

وَإِذَا عَلِمَ مِنْ ءَايَٰتِنَا شَيْـًٔا ٱتَّخَذَهَا هُزُوًاۚ أُو۟لَٰٓئِكَ لَهُمْ عَذَابࣱ مُّهِينࣱ

(Ондай бейбақ) аяттарымыз жайлы бір нәрсе біле қалса, оны мазаққа айналдырады. Міне, соларды қор қылатын азап күтуде.

10

مِّن وَرَآئِهِمْ جَهَنَّمُۖ وَلَا يُغْنِي عَنْهُم مَّا كَسَبُوا۟ شَيْـࣰٔا وَلَا مَا ٱتَّخَذُوا۟ مِن دُونِ ٱللَّهِ أَوْلِيَآءَۖ وَلَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ

Ал арттарында жалын атқан жаһаннам бар. Оларға тапқан-таянғандары (яғни, мал-дүниесі, бала-шағасы, жеткен жетістіктері мен атақ-абыройы) да, Алланың орнына дос тұтқан тәңірлері де титтей де пайда бермейді. Олар үшін алапат азап бар.

11

هَٰذَا هُدࣰىۖ وَٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ بِـَٔايَٰتِ رَبِّهِمْ لَهُمْ عَذَابࣱ مِّن رِّجْزٍ أَلِيمٌ

Бұл (Құран) – тура жолға бастаушы! Ал Раббыларының ап-айқын аяттарын жалғанға шығарып, күпірлік қылғандарға келсек, олар үшін ең жаман жан төзгісіз азап бар.

12

۞ٱللَّهُ ٱلَّذِي سَخَّرَ لَكُمُ ٱلْبَحْرَ لِتَجْرِيَ ٱلْفُلْكُ فِيهِ بِأَمْرِهِۦ وَلِتَبْتَغُوا۟ مِن فَضْلِهِۦ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

Алла Өзінің әмірімен (яғни, орнатқан заңдылықтары негізінде) кемелердің емін-еркін жүзуі үшін һәм Өзінің шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді табуларың әрі сол үшін шүкіршілік етулерің үшін сендерге теңізді бағынышты қылды.

13

وَسَخَّرَ لَكُم مَّا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلْأَرْضِ جَمِيعࣰا مِّنْهُۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّقَوْمࣲ يَتَفَكَّرُونَ

Сондай-ақ Ол күллі аспан әлемі мен жердегінің бәрін Өзінің шексіз шарапатымен сендерге бағы-нышты қылды. Шүбәсіз, осында ақылға салып, ойланатын қауым үшін көптеген дәлелдер мен белгілер бар.

14

قُل لِّلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ يَغْفِرُوا۟ لِلَّذِينَ لَا يَرْجُونَ أَيَّامَ ٱللَّهِ لِيَجْزِيَ قَوْمَۢا بِمَا كَانُوا۟ يَكْسِبُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Иман келтірген жандарға айт: Алла-ның (кәпірлерді жер қылып, мүміндердің мерейін үстем ететін) күндерінің келетіндігі қаперлеріне кіріп те шықпайтын ғапылдардың сөздері мен қылықтарын көңілдеріне алмасын және олардың кінәраттарын кешсін. Өйткені Алла әр қауымның қарымын істеген (жақсы-жаман) ісіне қарай қайтарады.

15

مَنْ عَمِلَ صَٰلِحࣰا فَلِنَفْسِهِۦۖ وَمَنْ أَسَآءَ فَعَلَيْهَاۖ ثُمَّ إِلَىٰ رَبِّكُمْ تُرْجَعُونَ

Кімде-кім жақсылық жасаса, өз пайдасына, сондай-ақ кімде-кім жамандық жасаса, өз зиянына. Ақыр соңында бәрің де Раббыларыңның құзырына қайтарыласыңдар (сөйтіп, істеген жақсы-жаман істеріңнің қарымын толық аласыңдар).

16

وَلَقَدْ ءَاتَيْنَا بَنِيٓ إِسْرَٰٓءِيلَ ٱلْكِتَٰبَ وَٱلْحُكْمَ وَٱلنُّبُوَّةَ وَرَزَقْنَٰهُم مِّنَ ٱلطَّيِّبَٰتِ وَفَضَّلْنَٰهُمْ عَلَى ٱلْعَٰلَمِينَ

Ант етейік! Біз кезінде Исрайыл ұрпақтарына Кітап, (қолдарындағы Кітаппен адамдар арасында) төрелік айту өкілеттігін, билік және пайғамбарлық нәсіп еттік. Оларға алуан түрлі адал да пайдалы ризық-несібе бердік. Сондай-ақ (өз дәуірінде) олардың мерейін өзге қауымдардың бәрінен үстем қылдық.

17

وَءَاتَيْنَٰهُم بَيِّنَٰتࣲ مِّنَ ٱلْأَمْرِۖ فَمَا ٱخْتَلَفُوٓا۟ إِلَّا مِنۢ بَعْدِ مَا جَآءَهُمُ ٱلْعِلْمُ بَغْيَۢا بَيْنَهُمْۚ إِنَّ رَبَّكَ يَقْضِي بَيْنَهُمْ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ فِيمَا كَانُوا۟ فِيهِ يَخْتَلِفُونَ

Сонымен қатар, оларға діндері мен діни жөн-жоралғыларына қатысты ап-айқын дәлелдер мен мұғжизалар нәсіп еттік. Алайда олар өздеріне осынау хақ ілім келгеннен кейін араларындағы көреалмаушылық пен дұшпандықтың кесірінен бір-бірімен алауыз болды да қалды. Шүбәсіз, Раббың қиямет күні олардың өзара қырғи қабақ болып, таласып-тартысқан мәселелеріне қатысты билік айтып, ақтық үкімін шығарады.

18

ثُمَّ جَعَلْنَٰكَ عَلَىٰ شَرِيعَةࣲ مِّنَ ٱلْأَمْرِ فَٱتَّبِعْهَا وَلَا تَتَّبِعْ أَهْوَآءَ ٱلَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Содан кейін Біз сені дін мәселе-сінде ап-айқын шариғат иесі қылдық. Ендеше, сен соны басшылыққа ал һәм ақиқатты білмейтіндердің әуейілігіне (нәпсі құмарлығына) ерме!

19

إِنَّهُمْ لَن يُغْنُوا۟ عَنكَ مِنَ ٱللَّهِ شَيْـࣰٔاۚ وَإِنَّ ٱلظَّٰلِمِينَ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَآءُ بَعْضࣲۖ وَٱللَّهُ وَلِيُّ ٱلْمُتَّقِينَ

Өйткені олар сені Алладан келетін бірде-бір (жазадан) арашалап қала алмайды. Расында, (Алланың хақ жолынан сырт айналған) залымдар біріне-бірі ниеттес дос келеді. Алла болса, Өзіне лайықты түрде тағзым ететін һәм қарсы келуден сақтанатын тақуа жандардың жанашыр досы.

20

هَٰذَا بَصَٰٓئِرُ لِلنَّاسِ وَهُدࣰى وَرَحْمَةࣱ لِّقَوْمࣲ يُوقِنُونَ

Міне, бұл (Құран) адамдардың көкірек көзін ақиқатқа ашатын нұр және (өзіне) қалтқысыз сенетін қауым үшін тура жолға бастайтын жолбасшы һәм рақым болып табылады.

21

أَمْ حَسِبَ ٱلَّذِينَ ٱجْتَرَحُوا۟ ٱلسَّيِّـَٔاتِ أَن نَّجْعَلَهُمْ كَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ سَوَآءࣰ مَّحْيَاهُمْ وَمَمَاتُهُمْۚ سَآءَ مَا يَحْكُمُونَ

Сонда үнемі жамандық істейтіндер тіршілікте де, өлімде де өздерін, иман келтіріп, игілікті істер істегендермен тең көріп, бірдей бағалаймыз деп ойлады ма?! Олардың өз беттерінше шығарған бұл үкімі қандай жаман әрі қате үкім еді!

22

وَخَلَقَ ٱللَّهُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ بِٱلْحَقِّ وَلِتُجْزَىٰ كُلُّ نَفْسِۭ بِمَا كَسَبَتْ وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ

Алла күллі аспан әлемі мен жерді хақ мақсатта әділдік пен мінсіз жүйеге негіздеп жаратты. Сондай-ақ (Ол осынау жер мен көкті онда тіршілік еткен) әрбір жан өз қолымен істеген жақсы-жаман істерінің қарымын мысқалдай да әділетсіздікке ұшырамастан толық алсын деп жаратты.

23

أَفَرَءَيْتَ مَنِ ٱتَّخَذَ إِلَٰهَهُۥ هَوَىٰهُ وَأَضَلَّهُ ٱللَّهُ عَلَىٰ عِلْمࣲ وَخَتَمَ عَلَىٰ سَمْعِهِۦ وَقَلْبِهِۦ وَجَعَلَ عَلَىٰ بَصَرِهِۦ غِشَٰوَةࣰ فَمَن يَهْدِيهِ مِنۢ بَعْدِ ٱللَّهِۚ أَفَلَا تَذَكَّرُونَ

Өз әуейілігін (құмарлығын) тәңір тұтып, көңілі соққан нәрсенің құлы болған, сондай-ақ (ақ пен қараның, ақиқат пен жалғанның парқын) білсе де Алланың Өзі адастырып, құлағы мен жүрегін мөрлеп, көзін перделеп тастаған бейбақты көрдің бе?! Оны Алланың Өзі адастырғаннан кейін тура жолға кім түсіре алады дейсің?! Міне, осының өзін ойлап, ғибрат алмайсыңдар ма?!

24

وَقَالُوا۟ مَا هِيَ إِلَّا حَيَاتُنَا ٱلدُّنْيَا نَمُوتُ وَنَحْيَا وَمَا يُهْلِكُنَآ إِلَّا ٱلدَّهْرُۚ وَمَا لَهُم بِذَٰلِكَ مِنْ عِلْمٍۖ إِنْ هُمْ إِلَّا يَظُنُّونَ

(Ақиретті жоққа шығаратын кәпірлер): «Біздің тіршілігіміз осы дүниедегі тіршілікпен ғана шектеледі. Біріміз өлеміз, біріміз өмір сүреміз, енді біріміз дүниеге келеміз. Бізді тек замана ағымы ғана біржолата құртып, жоқ қылады», – деп көкиді. Десе де, бұл мәселеде олардың ілімі жоқтың қасы. Олар өздерінше солай тон пішеді, одан басқа түк те емес.

25

وَإِذَا تُتْلَىٰ عَلَيْهِمْ ءَايَٰتُنَا بَيِّنَٰتࣲ مَّا كَانَ حُجَّتَهُمْ إِلَّآ أَن قَالُوا۟ ٱئْتُوا۟ بِـَٔابَآئِنَآ إِن كُنتُمْ صَٰدِقِينَ

Оларға ақиреттің хақ екеніне қатысты айқын аяттарымыз ашық түрде оқылғанда, олардың айтқан бар уәжі: «Егер айтқандарың рас болса, қане, ата-бабаларымызды (көрлерінен тірілтіп) әкеліңдерші, көрейік», – деу ғана болған еді.

26

قُلِ ٱللَّهُ يُحْيِيكُمْ ثُمَّ يُمِيتُكُمْ ثُمَّ يَجْمَعُكُمْ إِلَىٰ يَوْمِ ٱلْقِيَٰمَةِ لَا رَيْبَ فِيهِ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَ ٱلنَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ

Ендеше, оларға: «Сендерге өмір сыйлайтын, содан кейін жандарыңды алатын һәм содан соң орнайтындығында еш күмән болмаған қиямет күні бәріңді қайта тірілтіп, (ғарасат майданына) жинайтын бір Алла», – деп, айт. Алайда адамдардың көбі осынау ақиқатты білмейді.

27

وَلِلَّهِ مُلْكُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۚ وَيَوْمَ تَقُومُ ٱلسَّاعَةُ يَوْمَئِذࣲ يَخْسَرُ ٱلْمُبْطِلُونَ

Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен шексіз иелігі бір Аллаға тиесілі! Қиямет-қайым орнайтын күні, иә, дәл сол күні жалғанның сойылын соғып, ақиқатты жоққа шығарып жүргендер орасан зор зиянға ұшырайды.

28

وَتَرَىٰ كُلَّ أُمَّةࣲ جَاثِيَةࣰۚ كُلُّ أُمَّةࣲ تُدْعَىٰٓ إِلَىٰ كِتَٰبِهَا ٱلْيَوْمَ تُجْزَوْنَ مَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

Міне, сол күні барлық үмбетті бір араға жиналып, (бойларын билеген үрейден) тізе бүккен күйде көресің. Әр үмбет (дүниеде істеген жақсы-жаман істерінің есебін беру үшін) өз амал дәптерін оқуға шақырылады, сонда оларға: «Бүгін (дүниеде) істеген жақсы-жаман істеріңнің қарымын толық аласыңдар!»

29

هَٰذَا كِتَٰبُنَا يَنطِقُ عَلَيْكُم بِٱلْحَقِّۚ إِنَّا كُنَّا نَسْتَنسِخُ مَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

«Міне, бұл – сендерге тек ақиқатты баяндайтын кітабымыз. Шүбәсіз, Біз сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді тегіс жазып отыратын едік», – делінеді.

30

فَأَمَّا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ فَيُدْخِلُهُمْ رَبُّهُمْ فِي رَحْمَتِهِۦۚ ذَٰلِكَ هُوَ ٱلْفَوْزُ ٱلْمُبِينُ

Ендеше, (дүниеде) иман келтіріп, (сол имандылықтың арқасында өзін һәм қоғамды түзеуге бағытталған) игілікті істер істегендер бар ғой, міне, Раббылары соларды шексіз рақымына бөлеп (сол шексіз рақымының көрінісі болған жаннатына кіргізеді). Ең айқын жетістік, ең зор табыс, міне, осы!

31

وَأَمَّا ٱلَّذِينَ كَفَرُوٓا۟ أَفَلَمْ تَكُنْ ءَايَٰتِي تُتْلَىٰ عَلَيْكُمْ فَٱسْتَكْبَرْتُمْ وَكُنتُمْ قَوْمࣰا مُّجْرِمِينَ

Ал күпірлік қылғандарға келсек, (Хақ тағала оларға): «Сендерге аяттарым оқылмап па еді?! Сонда сендер орынсыз тәкаппарланып, күнәға батқан қауым болмап па едіңдер?!»

32

وَإِذَا قِيلَ إِنَّ وَعْدَ ٱللَّهِ حَقࣱّ وَٱلسَّاعَةُ لَا رَيْبَ فِيهَا قُلْتُم مَّا نَدْرِي مَا ٱلسَّاعَةُ إِن نَّظُنُّ إِلَّا ظَنࣰّا وَمَا نَحْنُ بِمُسْتَيْقِنِينَ

«Сондай-ақ сендерге: Шүбәсіз, Алланың уағдасы хақ, қиямет сағатының орнайтындығында титтей де күмән жоқ», – делінгенде, «Біз қияметтің не екенін білмейміз (білгіміз де келмейді)! Ол біздің ой-санамыздағы құр қиял ғана, басқа түк те емес. Біздің оған шынайы сенген емеспіз», – деп айтпап па едіңдер (дейді).

33

وَبَدَا لَهُمْ سَيِّـَٔاتُ مَا عَمِلُوا۟ وَحَاقَ بِهِم مَّا كَانُوا۟ بِهِۦ يَسْتَهْزِءُونَ

Сөйтіп, олардың өз қолымен істеген жаман-дықтары алдарынан шықты һәм кезінде өздері мазаққа айналдырған ақиқаттар өздеріне жан-жақтан құрсау салды.

34

وَقِيلَ ٱلْيَوْمَ نَنسَىٰكُمْ كَمَا نَسِيتُمْ لِقَآءَ يَوْمِكُمْ هَٰذَا وَمَأْوَىٰكُمُ ٱلنَّارُ وَمَا لَكُم مِّن نَّٰصِرِينَ

Сонда оларға: «Сендер өздеріңе уәде етілген осы күнге қауышатындықтарыңды қалай ұмыт қалдырған болсаңдар, Біз де бүгін сендерді (кешірім мен рақым мәселесінде) мүлдем ұмыт қалдырамыз. Бүгіннен бастап панажайларың тозақ болмақ, сондай-ақ сендерге қол ұшын беретін медеткер де табылмайды».

35

ذَٰلِكُم بِأَنَّكُمُ ٱتَّخَذْتُمْ ءَايَٰتِ ٱللَّهِ هُزُوࣰا وَغَرَّتْكُمُ ٱلْحَيَوٰةُ ٱلدُّنْيَاۚ فَٱلْيَوْمَ لَا يُخْرَجُونَ مِنْهَا وَلَا هُمْ يُسْتَعْتَبُونَ

«Иә, солай болмақ, өйткені сендер Алланың айқын аяттарын мазаққа айналдырған едіңдер һәм дүниедегі қу тіршілік сендерді әбден арбаған еді», – деп айтылады. Міне, сондықтан да олар бүгін тозақтан шығарылмайды, әрі «түзеліп, Раббымызды разы ету үшін дүниеге қайтарылсақ екен» деген өтініштері де қабылданбайды.

36

فَلِلَّهِ ٱلْحَمْدُ رَبِّ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَرَبِّ ٱلْأَرْضِ رَبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік күллі аспан әлемінің Раббысы, жердің Раббысы және күллі әлемнің Раббысы – Аллаға тән!

37

وَلَهُ ٱلْكِبْرِيَآءُ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۖ وَهُوَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ

Сондай-ақ аспан әлемі мен жердегі теңдесі жоқ ұлылық пен шексіз билік бір Өзіне ғана тән! Ол – Азиз (бәрінен үстем, теңдесі жоқ ұлылық иесі) һәм Хаким (әр ісі мен әр үкімінде көптеген хикметтер болатын асқан даналық иесі).

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play