Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран43. Зухруф
43 · сүре

Зухруф

89 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

حمٓ

Ха, Мим.

2

وَٱلْكِتَٰبِ ٱلْمُبِينِ

Ақиқатты ашық баяндайтын осынау ап-айқын Кітапқа серт!

3

إِنَّا جَعَلْنَٰهُ قُرْءَٰنًا عَرَبِيࣰّا لَّعَلَّكُمْ تَعْقِلُونَ

Біз ақылға салып ойланарсыңдар һәм ғибрат аларсыңдар деп, оны арабша Құран (яғни, арабша оқылатын кітап) қылдық.

4

وَإِنَّهُۥ فِيٓ أُمِّ ٱلْكِتَٰبِ لَدَيْنَا لَعَلِيٌّ حَكِيمٌ

Шүбәсіз, ол – құзырымыздағы бас Кітаптың (Лаухул махфуздың) ішіндегі ұлы һәм даналыққа толы теңдессіз Кітап.

5

أَفَنَضْرِبُ عَنكُمُ ٱلذِّكْرَ صَفْحًا أَن كُنتُمْ قَوْمࣰا مُّسْرِفِينَ

Сонда сендерді шектен шыққан һәм Алла берген сан алуан қабілеттер мен нығметтерді зая қылушы қауым екен деп осынау насихатқа толы қасиетті Кітапты түсіруді тоқтатып, сендерді өз жайларыңа қоя береміз бе?!

6

وَكَمْ أَرْسَلْنَا مِن نَّبِيࣲّ فِي ٱلْأَوَّلِينَ

Біз алғашқы қауымдарға да (хақ жолдауымызды жеткізетін) қаншама пайғамбар жібердік.

7

وَمَا يَأْتِيهِم مِّن نَّبِيٍّ إِلَّا كَانُوا۟ بِهِۦ يَسْتَهْزِءُونَ

Алайда олар өздеріне келген пайғамбарлардың бәрін келемеждеп, мазаққа айналдыратын еді.

8

فَأَهْلَكْنَآ أَشَدَّ مِنْهُم بَطْشࣰا وَمَضَىٰ مَثَلُ ٱلْأَوَّلِينَ

Міне, сонда Біз (сені мазаққа айналдырған Меккеліктерден) әлдеқайда күшті, анағұрлым пәрменді қауымдардың да көзін жойдық. (Бұл Құранда) күлі көкке ұшқан алғашқы қауымдар жайлы ғибратты оқиғалар бұдан бұрын да баяндалған-тын.

9

وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ لَيَقُولُنَّ خَلَقَهُنَّ ٱلْعَزِيزُ ٱلْعَلِيمُ

(Уа, Мұхаммед!) Егер олардан: «Күллі аспан әлемі мен жерді кім жаратты», – деп сұрасаң, онда олар сөзсіз: «Оларды Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Алим (бәрін білетін, шексіз ілім иесі Алла) жаратты», – деп айтуға мәжбүр болады.

10

ٱلَّذِي جَعَلَ لَكُمُ ٱلْأَرْضَ مَهْدࣰا وَجَعَلَ لَكُمْ فِيهَا سُبُلࣰا لَّعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ

Ол жер бетін сендерге бесік етті және онда жол тауып емін-еркін жүріп-тұруларың үшін жолдар мен өткелдер ашты.

11

وَٱلَّذِي نَزَّلَ مِنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءَۢ بِقَدَرࣲ فَأَنشَرْنَا بِهِۦ بَلْدَةࣰ مَّيْتࣰاۚ كَذَٰلِكَ تُخْرَجُونَ

Көктен белгілі мөлшерде жауын жаудыратын да бір Өзі. Нәтижеде, Біз сол жауынның суымен өлі елді мекенге қайтадан жан бітіреміз. Міне, сендер де дәл солай қайта тірілген күйде қабірлеріңнен шығарыласыңдар.

12

وَٱلَّذِي خَلَقَ ٱلْأَزْوَٰجَ كُلَّهَا وَجَعَلَ لَكُم مِّنَ ٱلْفُلْكِ وَٱلْأَنْعَٰمِ مَا تَرْكَبُونَ

Сондай-ақ жаратылыс атаулыны жұп-жұбымен жаратқан және сендер үшін мініс көлік ретінде кемелер мен жануарларды жаратқан да бір Өзі.

13

لِتَسْتَوُۥا۟ عَلَىٰ ظُهُورِهِۦ ثُمَّ تَذْكُرُوا۟ نِعْمَةَ رَبِّكُمْ إِذَا ٱسْتَوَيْتُمْ عَلَيْهِ وَتَقُولُوا۟ سُبْحَٰنَ ٱلَّذِي سَخَّرَ لَنَا هَٰذَا وَمَا كُنَّا لَهُۥ مُقْرِنِينَ

Оларға емін-еркін мініп, жайғасарсыңдар және сол кезде Раббыларыңның нығметін естеріңе алып былай деп айтарсыңдар: «Бізге осы мініс көлікті бағынышты еткен Алла мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм лайықсыз сипаттардан пәк! Әйтпесе, біздің оған шамамыз жетпес еді».

14

وَإِنَّآ إِلَىٰ رَبِّنَا لَمُنقَلِبُونَ

«Шүбәсіз, біз түбінде Раббымызға қайтамыз».

15

وَجَعَلُوا۟ لَهُۥ مِنْ عِبَادِهِۦ جُزْءًاۚ إِنَّ ٱلْإِنسَٰنَ لَكَفُورࣱ مُّبِينٌ

Соған қарамастан мүшріктер кейбір құлдарын Оның бір бөлшегі санады (сөйтіп, Алланың бауыр еті балалары бар дегенді шығарды). Адам баласы, шынында да, Құдайын танымайтын рақметі жоқ жаратылыс.

16

أَمِ ٱتَّخَذَ مِمَّا يَخْلُقُ بَنَاتࣲ وَأَصْفَىٰكُم بِٱلْبَنِينَ

(Әй, мүшріктер!) Сонда Ол жаратқан пенделерінің арасынан (мына сендер қор санайтын) қыздарды Өзіне бала етіп алып, ұл балаларды сендерге арнады дейсіңдер ме?!

17

وَإِذَا بُشِّرَ أَحَدُهُم بِمَا ضَرَبَ لِلرَّحْمَٰنِ مَثَلࣰا ظَلَّ وَجْهُهُۥ مُسْوَدࣰّا وَهُوَ كَظِيمٌ

Олардың бірі өздері Рахманға лайық көретін (яғни телитін) қыз баламен сүйіншіленгенінде, жүзі қап-қара боп түтігіп кетеді де, іштей ашуға булығады.

18

أَوَمَن يُنَشَّؤُا۟ فِي ٱلْحِلْيَةِ وَهُوَ فِي ٱلْخِصَامِ غَيْرُ مُبِينࣲ

Сонда (олар өздерінің түсінігіндегі) тек әшекейлеп, сәндеп өсірілетін һәм жауласып, дауласқанда, (көбіне сезімге беріліп кететіндіктен) өз ойы мен мақсат-мұратын ашып, анық жеткізе алмайтын (сөйтіп өз мүддесін өзі қорғай алмайтын) қыз баланы (Аллаға телуде ме)?!

19

وَجَعَلُوا۟ ٱلْمَلَٰٓئِكَةَ ٱلَّذِينَ هُمْ عِبَٰدُ ٱلرَّحْمَٰنِ إِنَٰثًاۚ أَشَهِدُوا۟ خَلْقَهُمْۚ سَتُكْتَبُ شَهَٰدَتُهُمْ وَيُسْـَٔلُونَ

Осылайша олар Рахманның хас құлдары болған періштелерді (өздері қор көретін) әйел жамағатына балап (періштелер Алланың қыздары дейді). Сонда олар періштелердің қалай жаралғанына куә болып па?! Олардың мұндай жалған куәлігі міндетті түрде жазылады және сол үшін жауапқа тартылады.

20

وَقَالُوا۟ لَوْ شَآءَ ٱلرَّحْمَٰنُ مَا عَبَدْنَٰهُمۗ مَّا لَهُم بِذَٰلِكَ مِنْ عِلْمٍۖ إِنْ هُمْ إِلَّا يَخْرُصُونَ

Олар: «Егер Рахман қаласа, біз оларға табынбас едік», – дейді. Әйтсе де, олардың бұл мәселеге (яғни, Алланың қалауы мен пенделердің қалауы һәм іс-әрекеттеріне) қатысты ешқандай ілімі жоқ. Олар ойларына келгенді айтып, құр сандырақтап жүр, одан басқа түк те емес.

21

أَمْ ءَاتَيْنَٰهُمْ كِتَٰبࣰا مِّن قَبْلِهِۦ فَهُم بِهِۦ مُسْتَمْسِكُونَ

Жоқ, әлде Біз оларға (Құраннан) бұрын (оқып, басшылыққа алыңдар деп) басқа кітап беріп пе едік?! Сөйтіп, олар соған жабысып жүр ме?!

22

بَلْ قَالُوٓا۟ إِنَّا وَجَدْنَآ ءَابَآءَنَا عَلَىٰٓ أُمَّةࣲ وَإِنَّا عَلَىٰٓ ءَاثَٰرِهِم مُّهْتَدُونَ

Жо-жоқ, (олар ешқандай кітапты басшылыққа алып отырған жоқ), олардың бар айтқаны: «Біз ата-бабаларымыздың осы дінді берік ұстанғанын көрдік. Біз де солардың басқан ізімен жүріп келеміз», – деу болды.

23

وَكَذَٰلِكَ مَآ أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ فِي قَرْيَةࣲ مِّن نَّذِيرٍ إِلَّا قَالَ مُتْرَفُوهَآ إِنَّا وَجَدْنَآ ءَابَآءَنَا عَلَىٰٓ أُمَّةࣲ وَإِنَّا عَلَىٰٓ ءَاثَٰرِهِم مُّقْتَدُونَ

Сол сияқты өзіңнен бұрын қай елді мекенге ескертуші пайғамбар жіберсек те, сол жердегі дүниенің буына масайраған бай-шонжарлар: «Біз ата-бабаларымыздың осы дінді (жолды) тұтқанын көрдік. Біз де солардың ізін басып келеміз», – деп айтқан еді.

24

۞قَٰلَ أَوَلَوْ جِئْتُكُم بِأَهْدَىٰ مِمَّا وَجَدتُّمْ عَلَيْهِ ءَابَآءَكُمْۖ قَالُوٓا۟ إِنَّا بِمَآ أُرْسِلْتُم بِهِۦ كَٰفِرُونَ

Хақ пайғамбар оларға: «Егер мен сендерге ата-бабаларыңнан көрген діндеріңнен анағұрлым дұрыс һәм хақ дінді әкелсем де (сол баяғы ата-бабаларыңның жолын қуасыңдар ма?!)» – деген еді. Алайда (қай елдің болмасын бай-шонжарлары) өздеріне келген Хақ елшілеріне: «Расында, біз сендер арқылы келгеннің бәрін жалғанға шығарамыз, әкелгендеріңнің бірде-біріне сенбейміз», – деп жауап берді.

25

فَٱنتَقَمْنَا مِنْهُمْۖ فَٱنظُرْ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلْمُكَذِّبِينَ

Біз ақырында олардың сазайын беріп, (мүміндер үшін олардан) өш алдық. Міне, (пайғамбарларға, олар жеткізген қасиетті жолдауға) сенбегендердің ақыры не болды көрдің бе?!

26

وَإِذْ قَالَ إِبْرَٰهِيمُ لِأَبِيهِ وَقَوْمِهِۦٓ إِنَّنِي بَرَآءࣱ مِّمَّا تَعْبُدُونَ

Кезінде Ибраһим (пұтқа табынатын) әкесі мен қауымына: «Біліп қойыңдар! Мен, шынында, сендердің табынып жүрген құдайларыңнан аулақпын».

27

إِلَّا ٱلَّذِي فَطَرَنِي فَإِنَّهُۥ سَيَهْدِينِ

«Мен өзімді жоқтан жаратқанға ғана табынамын. Ол мені тура жолға бастайды», – деген еді.

28

وَجَعَلَهَا كَلِمَةَۢ بَاقِيَةࣰ فِي عَقِبِهِۦ لَعَلَّهُمْ يَرْجِعُونَ

Алла (таухид сенімінің ұраны болған) осынау сөзді (жалған сенімдерді тәрк етіп, хақ дінге) қайтсын деп одан кейінгі нәсілдерге мәңгілік мұра етіп қалдырды.

29

بَلْ مَتَّعْتُ هَٰٓؤُلَآءِ وَءَابَآءَهُمْ حَتَّىٰ جَآءَهُمُ ٱلْحَقُّ وَرَسُولࣱ مُّبِينࣱ

Расында, Мен бұлардың (Меккеліктердің) өздерін де, ата-бабаларын да өздеріне хақ (Кітап) пен ақиқатты ашып түсіндіретін пайғамбар келгенге дейін ағыл-тегіл нығметке бөлеп, өмір сыйладым.

30

وَلَمَّا جَآءَهُمُ ٱلْحَقُّ قَالُوا۟ هَٰذَا سِحْرࣱ وَإِنَّا بِهِۦ كَٰفِرُونَ

Ақыр соңында өздеріне хақ (Кітап) келгенде, олар: «Бұл бір сиқыр, біз оны мүлдем жалғанға шығарамыз», – десті.

31

وَقَالُوا۟ لَوْلَا نُزِّلَ هَٰذَا ٱلْقُرْءَانُ عَلَىٰ رَجُلࣲ مِّنَ ٱلْقَرْيَتَيْنِ عَظِيمٍ

Сондай-ақ олар: «Бұл Құран мына екі шаһардың (Мекке мен Тайыф) біріндегі бетке ұстар бір ұлыққа түсірілуі керек емес пе еді?!» – десті.

32

أَهُمْ يَقْسِمُونَ رَحْمَتَ رَبِّكَۚ نَحْنُ قَسَمْنَا بَيْنَهُم مَّعِيشَتَهُمْ فِي ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَاۚ وَرَفَعْنَا بَعْضَهُمْ فَوْقَ بَعْضࣲ دَرَجَٰتࣲ لِّيَتَّخِذَ بَعْضُهُم بَعْضࣰا سُخْرِيࣰّاۗ وَرَحْمَتُ رَبِّكَ خَيْرࣱ مِّمَّا يَجْمَعُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Сонда (біреуді пайғамбарлыққа лайық көріп, енді біреуді лайық көрмейтіндей) Раббыңның рақымын үлестіру солардың еншісінде ме екен?! (Пайғамбарлықты былай қойғанда) бұл дүниде олардың ризық-несібелерін де мына Біз үлестірдік. Сондай-ақ бірін-бірі жалдап қолдансын, біріне-бірі септігін тигізсін деп, олардың кейбіреуінің бақ-дәрежесін кейбіреулерінен жоғары қылдық. Ендеше, Раббыңның (кім көрінгенге нәсіп ете бермейтін иман, тура жол және пайғамбарлық сынды) рақымы болса, олардың бар жиып-тергенінен де қайырлы!

33

وَلَوْلَآ أَن يَكُونَ ٱلنَّاسُ أُمَّةࣰ وَٰحِدَةࣰ لَّجَعَلْنَا لِمَن يَكْفُرُ بِٱلرَّحْمَٰنِ لِبُيُوتِهِمْ سُقُفࣰا مِّن فِضَّةࣲ وَمَعَارِجَ عَلَيْهَا يَظْهَرُونَ

Егер адамдар (бақ-дәулеті тасыған кәпірлерге қызығып, тек дүние қуып, ақиретті ұмытып, нәтижеде, жаппай күпірлікке бой алдырған) бірыңғай кәпір үмбетке айналмайтын болғанда, (бұл дүниені басы-бүтін кәпірлерге беріп) Рахманға күпірлік қылған әрбір кәпірді (сансыз байлыққа кенелтер едік те), олардың үйлерінің төбесі мен басатын баспалдақтары саф күмістен құйылған болар еді.

34

وَلِبُيُوتِهِمْ أَبْوَٰبࣰا وَسُرُرًا عَلَيْهَا يَتَّكِـُٔونَ

Һәм үйлерінің есіктері мен шалқая түсіп жайғасып отыратын орынтақтары да (саф күмістен құйылған болар еді).

35

وَزُخْرُفࣰاۚ وَإِن كُلُّ ذَٰلِكَ لَمَّا مَتَٰعُ ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَاۚ وَٱلْـَٔاخِرَةُ عِندَ رَبِّكَ لِلْمُتَّقِينَ

Сондай-ақ (оларды) алтынға (һәм басқа да баға жетпес асыл дүниелерге) әбден қарық қылар едік. Дегенмен, бұлардың бәрі де дүниедегі қу тіршіліктің болмашы бұйым-боқшасы ғана. Ал (қисапсыз ныметке толы мәңгілік бақыт мекені) ақирет болса, Раббыңның құзырында тақуалардың еншісінде.

36

وَمَن يَعْشُ عَن ذِكْرِ ٱلرَّحْمَٰنِ نُقَيِّضْ لَهُۥ شَيْطَٰنࣰا فَهُوَ لَهُۥ قَرِينࣱ

Ал кімде-кім (тақуа болудың орнына) Рахман Алланы еске алудан сырт айналса (яғни Алланы еске алу, Оған құлшылық ету мәселесінде немқұрайдылық танытып, ғапылдыққа салынса), Біз оған бір әзәзіл шайтанды қосып қоямыз, сөйтіп, ол оның ажырамас жолдасы болады.

37

وَإِنَّهُمْ لَيَصُدُّونَهُمْ عَنِ ٱلسَّبِيلِ وَيَحْسَبُونَ أَنَّهُم مُّهْتَدُونَ

Әзәзіл шайтандар оларды (Аллаға жеткізетін) хақ жолдан тайдырады, олар соған қарамастан өздерін тура жолдамыз деп есептейді.

38

حَتَّىٰٓ إِذَا جَآءَنَا قَالَ يَٰلَيْتَ بَيْنِي وَبَيْنَكَ بُعْدَ ٱلْمَشْرِقَيْنِ فَبِئْسَ ٱلْقَرِينُ

Ал құзырымызға келгендерінде ол әзәзіл жолдасына: «Әттең, сені мен менің арамда екі шығыстың (яғни, шығыс пен батыстың) арасындай ара қашықтық болғанда ғой! Сен неткен жаман жолдас едің!» – деп аһ ұрады.

39

وَلَن يَنفَعَكُمُ ٱلْيَوْمَ إِذ ظَّلَمْتُمْ أَنَّكُمْ فِي ٱلْعَذَابِ مُشْتَرِكُونَ

«(Бүйтіп, аһ ұрып өкінгеннің) бүгін сендер үшін титтей де пайдасы болмайды. Өйткені екеуің (дүниеде) бірге зұлымдық жасадыңдар. Ендеше, бұл жерде де азапты бірге тартасыңдар».

40

أَفَأَنتَ تُسْمِعُ ٱلصُّمَّ أَوْ تَهْدِي ٱلْعُمْيَ وَمَن كَانَ فِي ضَلَٰلࣲ مُّبِينࣲ

(Уа, Мұхаммед!) Олай болса, саңырауларға сөзіңді естірте аласың ба?! Яки, көрсоқырлар мен анық адасуда болғандарды тура жолға бастай аласың ба?!

41

فَإِمَّا نَذْهَبَنَّ بِكَ فَإِنَّا مِنْهُم مُّنتَقِمُونَ

Біз сені (олардан бұрын) о дүниеге аттандырсақ дағы, түптің түбінде оларға лайықты сазайын береміз, сөйтіп (мүміндер үшін) олардан өш аламыз.

42

أَوْ نُرِيَنَّكَ ٱلَّذِي وَعَدْنَٰهُمْ فَإِنَّا عَلَيْهِم مُّقْتَدِرُونَ

Я болмаса, оларға уәде еткен азабымызды (көзіңнің тірісінде тартқызамыз да) саған (олардың қалай қор болғанын) көрсетеміз. Шүбәсіз, Біздің құдіретіміз оларға әбден жетеді.

43

فَٱسْتَمْسِكْ بِٱلَّذِيٓ أُوحِيَ إِلَيْكَۖ إِنَّكَ عَلَىٰ صِرَٰطࣲ مُّسْتَقِيمࣲ

Олай болса, сен өзіңе уахи етілген (Құранды) мықтап ұста. Еш күмәнің болмасын, сен тұп-тура жолдасың!

44

وَإِنَّهُۥ لَذِكْرࣱ لَّكَ وَلِقَوْمِكَۖ وَسَوْفَ تُسْـَٔلُونَ

Шүбәсіз, бұл Құран (екі дүниеде) өзіңнің де, қауымыңның да мерейін үстем қылатын үгіт-насихат, иләһи жолдау! Әрине, күндердің күнінде сол үшін жауапқа тартыласыңдар.

45

وَسْـَٔلْ مَنْ أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رُّسُلِنَآ أَجَعَلْنَا مِن دُونِ ٱلرَّحْمَٰنِ ءَالِهَةࣰ يُعْبَدُونَ

Уа, Мұхаммед! Өзіңнен бұрын жіберген пайғамбарларымыздың (шынайы ізбасарларынан) сұрап көрші, Біз Рахман Алладан басқа құлдық ұрып, табынуға болатын өзге де құдайлар бар деп айттық па?!

46

وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا مُوسَىٰ بِـَٔايَٰتِنَآ إِلَىٰ فِرْعَوْنَ وَمَلَإِي۟هِۦ فَقَالَ إِنِّي رَسُولُ رَبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Расында, Мұсаны ап-айқын аяттарымызбен (ғаламат мұғжизаларымызбен) Перғауынға және оның бетке ұстар шонжарларына жіберген едік. Мұса оларға: «Күмәндарың болмасын, мен күллі әлемнің Раббысының (сендерді хақ жолға бастау үшін жіберген) елшісімін!» – деді.

47

فَلَمَّا جَآءَهُم بِـَٔايَٰتِنَآ إِذَا هُم مِّنْهَا يَضْحَكُونَ

Сөйтіп, Мұса оларға аяттарымызды (мұғжиза-ларымызды) көрсеткенде, олар аяттарымызға күліп, мазаққа айналдырды.

48

وَمَا نُرِيهِم مِّنْ ءَايَةٍ إِلَّا هِيَ أَكْبَرُ مِنْ أُخْتِهَاۖ وَأَخَذْنَٰهُم بِٱلْعَذَابِ لَعَلَّهُمْ يَرْجِعُونَ

Біз оларға бірінен бірі асып түсетін ғаламат дәлелдеріміз бен мұғжизаларымызды бірінен кейін бірін көрсетіп бақтық. Сондай-ақ райларынан қайтар ма екен деп, оларды (бірінен-бірі өтетін) сан-қилы азапқа салып, жазалап та көрдік.

49

وَقَالُوا۟ يَٰٓأَيُّهَ ٱلسَّاحِرُ ٱدْعُ لَنَا رَبَّكَ بِمَا عَهِدَ عِندَكَ إِنَّنَا لَمُهْتَدُونَ

(Олар күпірліктері себепті, қандай да бір азапқа душар болғанда, Мұсаға келіп): «Әй, сиқыршы! Алланың өзіңе берген уәдесі бойынша біз үшін Раббыңа дұға етіп, жалбарын (бізді кешсін). Өйткені біз бұдан былай сөзсіз тура жолға түсеміз», – деп айтатын еді.

50

فَلَمَّا كَشَفْنَا عَنْهُمُ ٱلْعَذَابَ إِذَا هُمْ يَنكُثُونَ

(Мұсаның дұғасымен) еңселерін езген ауыр азаптың бетін қайтарғанымызда, олар түк болмағандай бірден сөздерінен таятын еді.

51

وَنَادَىٰ فِرْعَوْنُ فِي قَوْمِهِۦ قَالَ يَٰقَوْمِ أَلَيْسَ لِي مُلْكُ مِصْرَ وَهَٰذِهِ ٱلْأَنْهَٰرُ تَجْرِي مِن تَحْتِيٓۚ أَفَلَا تُبْصِرُونَ

(Мұса көрсеткен мұғжизалардың алдында амалы құрып, тығырыққа тірелген) Перғауын бірде қауымына былай деп үн қатты: «Уа, халқым! Мысыр елі, мұндағы шексіз билік әрі аяғымның астында ағып жатқан мына өзендер маған тиесілі емес пе?! Менің осынау ұлықтығымды көрсеңдер етті?!»

52

أَمْ أَنَا۠ خَيْرࣱ مِّنْ هَٰذَا ٱلَّذِي هُوَ مَهِينࣱ وَلَا يَكَادُ يُبِينُ

«Мен, өз ойын да дұрыстап жеткізе алмайтын мына мүсәпірден әлдеқайда қайырлы емеспін бе?!»

53

فَلَوْلَآ أُلْقِيَ عَلَيْهِ أَسْوِرَةࣱ مِّن ذَهَبٍ أَوْ جَآءَ مَعَهُ ٱلْمَلَٰٓئِكَةُ مُقْتَرِنِينَ

«Егер ол, шынымен, пайғамбар болса, онда төбесіне аспаннан алтын білезіктер жаудырылмай ма? Я болмаса, оған қосақталып (сөзін растайтын) періштелер келмей ме?!»

54

فَٱسْتَخَفَّ قَوْمَهُۥ فَأَطَاعُوهُۚ إِنَّهُمْ كَانُوا۟ قَوْمࣰا فَٰسِقِينَ

Міне, осылайша, Перғауын өз халқын қор санап, олармен мүлдем санаспады. Халқы болса, оның ығына жығылып, көзсіз мойынсұнды. Өйткені олар онсыз да (күнәға белшелерінен батып), тура жолдан тайған азғын қауым еді.

55

فَلَمَّآ ءَاسَفُونَا ٱنتَقَمْنَا مِنْهُمْ فَأَغْرَقْنَٰهُمْ أَجْمَعِينَ

Ақырында олар (өздерінің шектен шыққан қылықтарымен) ашуымызға тигенде, лайықты сазайын беріп, түгелдей суға батырдық.

56

فَجَعَلْنَٰهُمْ سَلَفࣰا وَمَثَلࣰا لِّلْـَٔاخِرِينَ

Сөйтіп, оларды (тозаққа) тұңғыш жол салушы қауым һәм кейінгі ұрпақтарға ғибрат боларлық мысал қылдық.

57

۞وَلَمَّا ضُرِبَ ٱبْنُ مَرْيَمَ مَثَلًا إِذَا قَوْمُكَ مِنْهُ يَصِدُّونَ

Мәриямұлы Иса да (Алланың құдіреті күшті жалғыз Құдай екенін дәлелдеу мақсатында) мысал ретінде келтірілгенде, қауымың (оны менсінбеген сыңай танытып һәм бұл мысалды түкке тұрғысыз санап) бірден даурығып, күлген еді.

58

وَقَالُوٓا۟ ءَأَٰلِهَتُنَا خَيْرٌ أَمْ هُوَۚ مَا ضَرَبُوهُ لَكَ إِلَّا جَدَلَۢاۚ بَلْ هُمْ قَوْمٌ خَصِمُونَ

Сонда олар: «Біздің құдайларымыз үстем бе, жоқ әлде Иса ма?» – деді. Олардың сондағы бар ойы сенімен сөз таластыру ғана, одан басқа түк те емес. Сөз таластыруды былай қойғанда, олар жанжалға жаны құмар, барып тұрған сотқар қауым.

59

إِنْ هُوَ إِلَّا عَبْدٌ أَنْعَمْنَا عَلَيْهِ وَجَعَلْنَٰهُ مَثَلࣰا لِّبَنِيٓ إِسْرَٰٓءِيلَ

Әйтсе де, ол (Иса) Өзіміз нығметке бөлеген (яғни, пайғамбарлық міндет жүктеген ерекше) құл еді. Біз оны Исрайыл ұрпақтары үшін (одан үлгі алып, тура жолға түсер ме екен деп) ерекше үлгі-өнеге қылдық.

60

وَلَوْ نَشَآءُ لَجَعَلْنَا مِنكُم مَّلَٰٓئِكَةࣰ فِي ٱلْأَرْضِ يَخْلُفُونَ

Егер қаласақ, араларыңнан кейбіреулерді періште қылар едік, сөйтіп, олар да өздерің сияқты өсіп-өніп, жер бетінде тіршілік етер еді.

61

وَإِنَّهُۥ لَعِلْمࣱ لِّلسَّاعَةِ فَلَا تَمْتَرُنَّ بِهَا وَٱتَّبِعُونِۚ هَٰذَا صِرَٰطࣱ مُّسْتَقِيمࣱ

Сондай-ақ ол (яғни, Мәриямұлы Иса һәм оның мұғжизалары) қиямет қайымның (міндетті түрде орнайтынын әрі таяп қалғанын көрсететін) бірден бір белгі. Ендеше, оған күмән келтіруші болмаңдар, сондай-ақ (ақиреттегі мәңгілік бақытқа қол жеткізгілерің келсе), маған еріңдер. Нағыз тура жол, міне, осы!

62

وَلَا يَصُدَّنَّكُمُ ٱلشَّيْطَٰنُۖ إِنَّهُۥ لَكُمْ عَدُوࣱّ مُّبِينࣱ

Абайлаңдар, шайтан сендерді (осынау хақ жолға түсуден) тежемесін. Өйткені ол сендерге анық дұшпан.

63

وَلَمَّا جَآءَ عِيسَىٰ بِٱلْبَيِّنَٰتِ قَالَ قَدْ جِئْتُكُم بِٱلْحِكْمَةِ وَلِأُبَيِّنَ لَكُم بَعْضَ ٱلَّذِي تَخْتَلِفُونَ فِيهِۖ فَٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ وَأَطِيعُونِ

Иса ап-айқын мұғжизалармен келді де қауымына: «Күмәндарың болмасын, мен сендерге хикметпен (яғни, пайғамбарлық міндет және даналыққа толы Кітаппен), сондай-ақ араларыңда келіспеушілік тудырған кейбір мәселелерді ашып түсіндіру үшін келдім. Олай болса, Алланы лайықты түрде ұлықтап, Оған қарсы келуден сақтаныңдар және маған қалтқысыз мойынсұныңдар!»

64

إِنَّ ٱللَّهَ هُوَ رَبِّي وَرَبُّكُمْ فَٱعْبُدُوهُۚ هَٰذَا صِرَٰطࣱ مُّسْتَقِيمࣱ

«Шүбәсіз, Алла менің де Раббым, сендердің де Раббыларың. Ендеше Оған құлшылық етіңдер. Нағыз тура жол, міне, осы!» – деген еді.

65

فَٱخْتَلَفَ ٱلْأَحْزَابُ مِنۢ بَيْنِهِمْۖ فَوَيْلࣱ لِّلَّذِينَ ظَلَمُوا۟ مِنْ عَذَابِ يَوْمٍ أَلِيمٍ

Өкінішке қарай, (Исадан кейін) олардың ішінде (Иса һәм оның ілімі жайлы) өзара бей-берекет таласып-тартысқан сан алуан топтар пайда болды. Ендеше, (Исаның ілімін түбегейлі өзгерту арқылы) өздеріне һәм өзгелерге зұлымдық жасаған залымдар жан төзгісіз ауыр күннің азабына душар қылынып, қараң болсын!

66

هَلْ يَنظُرُونَ إِلَّا ٱلسَّاعَةَ أَن تَأْتِيَهُم بَغْتَةࣰ وَهُمْ لَا يَشْعُرُونَ

Жоқ, әлде олар (яғни, күпірлікте қасарысқан мүшріктер) қиямет қайымның, еш нәрсе сезбей, жайбарақат жүргендерінде, аяқ астынан келуін күтуде ме?!

67

ٱلْأَخِلَّآءُ يَوْمَئِذِۭ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ إِلَّا ٱلْمُتَّقِينَ

Ол (қиямет) күні дүниедегі барлық достар (яғни, бір-бірін тек дүниелік мақсатта дос тұтқандар) біріне-бірі қас дұшпан болады. Ал тақуалардың жөні бөлек, (олар қай кезде де бір-біріне шын жанашыр дос болады)

68

يَٰعِبَادِ لَا خَوْفٌ عَلَيْكُمُ ٱلْيَوْمَ وَلَآ أَنتُمْ تَحْزَنُونَ

(Сол күні Алла тақуа жандарға былай деп үн қатады): «Уа, құлдарым! Бүгін сендер үшін ешқандай қорқыныш жоқ! Сондай-ақ бүгін сендер мүлдем қайғы-қасірет шекпейсіңдер».

69

ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ بِـَٔايَٰتِنَا وَكَانُوا۟ مُسْلِمِينَ

Олар барлық аяттарымызға иман келтірген һәм Бізге жан-тәндерімен мойынсұнған құлдарымыз!

70

ٱدْخُلُوا۟ ٱلْجَنَّةَ أَنتُمْ وَأَزْوَٰجُكُمْ تُحْبَرُونَ

Оларға: «Қане, (өздерің сияқты иман келтіріп, қалтқысыз мойынсұнған) жұбайларыңмен бірге шат-шадыман болып, жұмаққа кіріңдер!» – делінеді.

71

يُطَافُ عَلَيْهِم بِصِحَافࣲ مِّن ذَهَبࣲ وَأَكْوَابࣲۖ وَفِيهَا مَا تَشْتَهِيهِ ٱلْأَنفُسُ وَتَلَذُّ ٱلْأَعْيُنُۖ وَأَنتُمْ فِيهَا خَٰلِدُونَ

Алтын табақтар мен (бал татыған алуан түрлі сусындарға толы) қадақтар тасыған жұмақ қызметшілері оларды айналсоқтап, сый-құрмет көрсетеді. Онда көңіл соғатын һәм көздің жауын алатын нәрселердің бәрі бар. Сендер онда мәңгі-бақи қаласыңдар.

72

وَتِلْكَ ٱلْجَنَّةُ ٱلَّتِيٓ أُورِثْتُمُوهَا بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

Дүниеде істеген игілікті істерің үшін сендерге мұра ретінде берілген жаннат міне осы!

73

لَكُمْ فِيهَا فَٰكِهَةࣱ كَثِيرَةࣱ مِّنْهَا تَأْكُلُونَ

Онда сендер тойып жейтін (түр-түсі, дәмі һәм иісі жағынан) алуан түрлі жеміс-жидектер бар!

74

إِنَّ ٱلْمُجْرِمِينَ فِي عَذَابِ جَهَنَّمَ خَٰلِدُونَ

Ал күнәға белшесінен батқан тозақы кәпірлер болса, жаһаннам азабын бойлап, онда мәңгі-бақи қалады.

75

لَا يُفَتَّرُ عَنْهُمْ وَهُمْ فِيهِ مُبْلِسُونَ

Олардың азабы мүлде жеңілдетілмейді һәм онда (Алланың рақымынан) біржола үміт үзіп қала береді.

76

وَمَا ظَلَمْنَٰهُمْ وَلَٰكِن كَانُوا۟ هُمُ ٱلظَّٰلِمِينَ

Біз оларға мысқалдай да қиянат жасамадық. Керісінше, олар өз-өздеріне қиянат жасаған залымдардың нақ өзі болды.

77

وَنَادَوْا۟ يَٰمَٰلِكُ لِيَقْضِ عَلَيْنَا رَبُّكَۖ قَالَ إِنَّكُم مَّٰكِثُونَ

Олар жаһаннамда (сондағы сақшы періштелердің басшысына): «Уа, Мәлік! Садағаң кетейік, (бізге осы да жетер)! Раббың көзімізді біржола құртып, шаруамызды бітірсін!» – деп ойбайға басады. Сонда Мәлік оларға: «Жоқ, енді сендер осында мәңгі-бақи қаласыңдар!» – деп айтады.

78

لَقَدْ جِئْنَٰكُم بِٱلْحَقِّ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَكُمْ لِلْحَقِّ كَٰرِهُونَ

Анығында, Біз сендерге ақиқатты әкелген едік, алайда басым көпшілігің ақиқатты жақтырмадыңдар.

79

أَمْ أَبْرَمُوٓا۟ أَمْرࣰا فَإِنَّا مُبْرِمُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Сонда олар саған тұзақ құру арқылы мәселені түбегейлі шештік деп ойлады ма?! Анығында, мәселені түбегейлі шешетін мына Бізбіз!

80

أَمْ يَحْسَبُونَ أَنَّا لَا نَسْمَعُ سِرَّهُمْ وَنَجْوَىٰهُمۚ بَلَىٰ وَرُسُلُنَا لَدَيْهِمْ يَكْتُبُونَ

Әлде Бізді бір-біріне сыбырлап айтқан сырлары мен құпия кеңестерін естімейді деп ойлай ма? Естігенде қандай, сондай-ақ әркез қастарынан табылатын елшілеріміз (періштелеріміз) де олардың (барлық сөздері мен істерін) жазып алуда.

81

قُلْ إِن كَانَ لِلرَّحْمَٰنِ وَلَدࣱ فَأَنَا۠ أَوَّلُ ٱلْعَٰبِدِينَ

Оларға: «Егер Рахманның баласы болғанда, оған ең алғаш табынатын мына мен болар едім», – де.

82

سُبْحَٰنَ رَبِّ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ رَبِّ ٱلْعَرْشِ عَمَّا يَصِفُونَ

Күллі аспан әлемі мен жердің Раббысы, ұлы Арштың Раббысы олардың Өзіне теліген сипаттарынан мүлдем ада һәм мінсіз!

83

فَذَرْهُمْ يَخُوضُوا۟ وَيَلْعَبُوا۟ حَتَّىٰ يُلَٰقُوا۟ يَوْمَهُمُ ٱلَّذِي يُوعَدُونَ

Ендеше, оларды жөніне қоя бер, өздеріне уәде етілген мерзімді күндеріне тап болғанша өздері дендеп бойлаған жалғанның қызығына батып, ойнап-күліп жүре берсін.

84

وَهُوَ ٱلَّذِي فِي ٱلسَّمَآءِ إِلَٰهࣱ وَفِي ٱلْأَرْضِ إِلَٰهࣱۚ وَهُوَ ٱلْحَكِيمُ ٱلْعَلِيمُ

Ол көкте де (табынуға лайық) жалғыз Құдай, жерде де (табынуға лайық) жалғыз Құдай. Ол – Хаким (әр ісі мен үкімі көптеген хикметтерге толы асқан даналық иесі), Алим (бәрін лайықты түрде білетін шексіз ілім иесі).

85

وَتَبَارَكَ ٱلَّذِي لَهُۥ مُلْكُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ وَمَا بَيْنَهُمَا وَعِندَهُۥ عِلْمُ ٱلسَّاعَةِ وَإِلَيْهِ تُرْجَعُونَ

Күллі аспан әлемінің, жердің және көк пен жердің арасындағы барлық нәрсенің бар билігі мен иелігі бір Өзіне ғана тән болған, қисапсыз нығмет пен құт-берекенің жалғыз иесі Алла қандай ұлы десеңші! Қиямет сағаты жайлы нақты мәлімет те бір Өзінің құзырында. Ақыр соңында бәрің де Оның құзырына қайтарыласыңдар.

86

وَلَا يَمْلِكُ ٱلَّذِينَ يَدْعُونَ مِن دُونِهِ ٱلشَّفَٰعَةَ إِلَّا مَن شَهِدَ بِٱلْحَقِّ وَهُمْ يَعْلَمُونَ

Мүшріктердің Алладан басқа тәңір тұтып, жалбарынған құдайлары (Хақ тағаланың құзырында) шапағат ете алмайды. Ал саналы түрде һәм хақ ілімге сүйене отырып ақиқатты (яғни, Алланың құдіреті шексіз жалғыз Құдай екенін) растап, куәлікке жүргендердің жөні бөлек, (олар Алланың құзырында шапағат етуге құқылы).

87

وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّنْ خَلَقَهُمْ لَيَقُولُنَّ ٱللَّهُۖ فَأَنَّىٰ يُؤْفَكُونَ

Егер мүшріктерден «сендерді кім жаратты» деп сұрасаң, шүбәсіз, «Алла» деп айтады. Ендеше, олар қалай ғана осынау ақиқаттан алшақтатылып, теріс жолдарға түсірілуде?!

88

وَقِيلِهِۦ يَٰرَبِّ إِنَّ هَٰٓؤُلَآءِ قَوْمࣱ لَّا يُؤْمِنُونَ

Алла тағала пайғамбарының: «Уа, Раббым! Расында, бұлар (Құдайға) сенбейтін қауым», – деп (қауымы үшін қам жеп, қатты қынжылғанын да біледі).

89

فَٱصْفَحْ عَنْهُمْ وَقُلْ سَلَٰمࣱۚ فَسَوْفَ يَعْلَمُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Ендеше, кәпірлердің сөздері мен қылықтарын көңіліңе алма, оларға есендік тілеп, өз жолыңмен жүре бер. Олар (күпірліктің өздерін қандай құрдымға құлататынын) әлі-ақ білетін болады!

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play