Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран42. Шура
42 · сүре

Шура

53 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

حمٓ

Ха, Мим.

2

عٓسٓقٓ

Аин, Син, Қаф.

3

كَذَٰلِكَ يُوحِيٓ إِلَيْكَ وَإِلَى ٱلَّذِينَ مِن قَبْلِكَ ٱللَّهُ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ

(Уа, Мұхаммед!) Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісім мен әр үкімімде көптеген хикметтер болған) Алла саған әрі өзіңнен бұрынғы пайғамбарларға Өз пәрменін, міне, осылай уахи етеді.

4

لَهُۥ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلْأَرْضِۖ وَهُوَ ٱلْعَلِيُّ ٱلْعَظِيمُ

Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі бар нәрсе бір Өзіне тиесілі. Ол – Али (бәрінен асқақ, бәрінен жоғары), Азим (ең ұлы).

5

تَكَادُ ٱلسَّمَٰوَٰتُ يَتَفَطَّرْنَ مِن فَوْقِهِنَّۚ وَٱلْمَلَٰٓئِكَةُ يُسَبِّحُونَ بِحَمْدِ رَبِّهِمْ وَيَسْتَغْفِرُونَ لِمَن فِي ٱلْأَرْضِۗ أَلَآ إِنَّ ٱللَّهَ هُوَ ٱلْغَفُورُ ٱلرَّحِيمُ

Күллі аспан әлемі (Оның ұлылығы мен айбатының алдында) тас төбесінен шатынай жаздайды. Періштелер Раббыларына (Сен – мінсізсің, бар мадақ пен шексіз шүкіршілік һәм ең көркем есімдер мен сипаттар бір Өзіңе ғана тән – деп), мадақ жаудырады һәм Одан жердегілер (мүміндер) үшін кешірім тілейді. Ендеше біліп қойыңдар, Алла расында да Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді).

6

وَٱلَّذِينَ ٱتَّخَذُوا۟ مِن دُونِهِۦٓ أَوْلِيَآءَ ٱللَّهُ حَفِيظٌ عَلَيْهِمْ وَمَآ أَنتَ عَلَيْهِم بِوَكِيلࣲ

Ал Одан өзгелерді ие тұтып (күпірлік қылғандарға) келсек, Алла оларды үнемі бақылауда және барлық істерін жаздыруда. Ендеше, сен олар үшін жауап беретін олардың кепілгері емессің.

7

وَكَذَٰلِكَ أَوْحَيْنَآ إِلَيْكَ قُرْءَانًا عَرَبِيࣰّا لِّتُنذِرَ أُمَّ ٱلْقُرَىٰ وَمَنْ حَوْلَهَا وَتُنذِرَ يَوْمَ ٱلْجَمْعِ لَا رَيْبَ فِيهِۚ فَرِيقࣱ فِي ٱلْجَنَّةِ وَفَرِيقࣱ فِي ٱلسَّعِيرِ

Міне, осылайша саған бас шаһар – Мекке халқын һәм маңайындағы елдерді алдын-ала ескертуің үшін, анығын айтқанда, оларды шүбәсіз келетін махшар күнімен ескертерсің деп, арабша Құран уахи еттік. Сол күні олардың бір тобы жаннатта болса, енді бір тобы жалындаған оттың ішінде болады.

8

وَلَوْ شَآءَ ٱللَّهُ لَجَعَلَهُمْ أُمَّةࣰ وَٰحِدَةࣰ وَلَٰكِن يُدْخِلُ مَن يَشَآءُ فِي رَحْمَتِهِۦۚ وَٱلظَّٰلِمُونَ مَا لَهُم مِّن وَلِيࣲّ وَلَا نَصِيرٍ

Егер Алла қаласа, олардың барлығын (бір ғана сенім мен бір ғана өмір салтын ұстанатын) бір үмбет қылар еді. Алайда Ол (Өзінің хикметі бойынша) қалағанын шексіз рақымына бөлейді. Ал күнәһар залымдарға келсек, олардың қамқор иелері де, қысылғанда қолұшын берер медеткерлері де жоқ.

9

أَمِ ٱتَّخَذُوا۟ مِن دُونِهِۦٓ أَوْلِيَآءَۖ فَٱللَّهُ هُوَ ٱلْوَلِيُّ وَهُوَ يُحْيِ ٱلْمَوْتَىٰ وَهُوَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءࣲ قَدِيرࣱ

Соған қарамастан олардың Алладан өзгелерді ие тұтқаны қалай?! Әйтсе де, нағыз ие –Алла. Өлілерді қайтадан тірілтетін де бір Өзі. Оның құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді.

10

وَمَا ٱخْتَلَفْتُمْ فِيهِ مِن شَيْءࣲ فَحُكْمُهُۥٓ إِلَى ٱللَّهِۚ ذَٰلِكُمُ ٱللَّهُ رَبِّي عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَإِلَيْهِ أُنِيبُ

«Араларыңда қандай да бір мәселеге қатысты келіспеушілік туса, оған қатысты айтылар ақтық үкім Алланың еншісінде. Менің Раббым Алла, міне, осындай. Мен Оған тәуекел етіп, арқа сүйедім және шын көңілден бір Өзіне ғана бет бұрамын».

11

فَاطِرُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۚ جَعَلَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَٰجࣰا وَمِنَ ٱلْأَنْعَٰمِ أَزْوَٰجࣰا يَذْرَؤُكُمْ فِيهِۚ لَيْسَ كَمِثْلِهِۦ شَيْءࣱۖ وَهُوَ ٱلسَّمِيعُ ٱلْبَصِيرُ

Ол – күллі аспан әлемі мен жерді жоқтан жаратып, оларды мызғымас жүйеге салған шебер Жаратушы. Сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратқанындай, қолдарыңдағы жануарлардың да жұптарын жаратты және сол арқылы сендерді (һәм қолдарыңдағы жан-жануарларды) көбейтуде. Оның бірде-бір ұқсасы жоқ. Ол – Сәмиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін көруші).

12

لَهُۥ مَقَالِيدُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۖ يَبْسُطُ ٱلرِّزْقَ لِمَن يَشَآءُ وَيَقْدِرُۚ إِنَّهُۥ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمࣱ

Күллі аспан әлемі мен жердің (қазыналарының) кілттері де бір Өзінің қолында. Ол ризық-несібені қалағанына үйіп-төгіп береді, қалағанына аз әрі өлшеп береді. Ол барлық нәрсені лайықты түрде біледі.

13

۞شَرَعَ لَكُم مِّنَ ٱلدِّينِ مَا وَصَّىٰ بِهِۦ نُوحࣰا وَٱلَّذِيٓ أَوْحَيْنَآ إِلَيْكَ وَمَا وَصَّيْنَا بِهِۦٓ إِبْرَٰهِيمَ وَمُوسَىٰ وَعِيسَىٰٓۖ أَنْ أَقِيمُوا۟ ٱلدِّينَ وَلَا تَتَفَرَّقُوا۟ فِيهِۚ كَبُرَ عَلَى ٱلْمُشْرِكِينَ مَا تَدْعُوهُمْ إِلَيْهِۚ ٱللَّهُ يَجْتَبِيٓ إِلَيْهِ مَن يَشَآءُ وَيَهْدِيٓ إِلَيْهِ مَن يُنِيبُ

Алла: «Дінді дұрыс түсініп, дұрыс тұтыңдар һәм дінде жік-жікке бөлінбеңдер», – деп, Нұхқа шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарды, өзіңе уахи еткенімізді һәм Ибраһимге, Мұсаға әрі Исаға шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарымызды сендер үшін де дін (міндетті шариғат) етіп бекітті. Сенің ел-жұртты берік ұстануға үндеген (дініңді мойындау) мүшріктерге өте ауыр тиеді. Алла қалаған құлдарын осынау хақ дін үшін таңдайды және Өзіне шын көңілден бет бұрғандарды сол жолға бағыттайды.

14

وَمَا تَفَرَّقُوٓا۟ إِلَّا مِنۢ بَعْدِ مَا جَآءَهُمُ ٱلْعِلْمُ بَغْيَۢا بَيْنَهُمْۚ وَلَوْلَا كَلِمَةࣱ سَبَقَتْ مِن رَّبِّكَ إِلَىٰٓ أَجَلࣲ مُّسَمࣰّى لَّقُضِيَ بَيْنَهُمْۚ وَإِنَّ ٱلَّذِينَ أُورِثُوا۟ ٱلْكِتَٰبَ مِنۢ بَعْدِهِمْ لَفِي شَكࣲّ مِّنْهُ مُرِيبࣲ

Өткен үмбеттер өздеріне (ақиқатты жар салып, тура жолға бастайтын) хақ ілім келгеннен кейін сол баяғы араларындағы зұлымдық пен күншілдіктің кесірінен жік-жікке бөлінді. Егер Раббыңның құлдарына қатысты бұрын-соңды айтқан (яғни, оларды дәм-тұздары таусылғанша өмір сүргізіп, жақсы-жаман істерінің қарымын о дүниеде толық қайтарамын деген) кесімді сөзі болмағанда, олардың арасында кесімді үкім баяғыда беріліп, бұл мәселеге нүкте қойылған болар еді. Ал олардан кейін келіп, Кітапқа мұрагер болғандар (яғни, кітап иелерінің кейінгі буыны) қолдарындағы Кітапқа күмәнмен қарауда.

15

فَلِذَٰلِكَ فَٱدْعُۖ وَٱسْتَقِمْ كَمَآ أُمِرْتَۖ وَلَا تَتَّبِعْ أَهْوَآءَهُمْۖ وَقُلْ ءَامَنتُ بِمَآ أَنزَلَ ٱللَّهُ مِن كِتَٰبࣲۖ وَأُمِرْتُ لِأَعْدِلَ بَيْنَكُمُۖ ٱللَّهُ رَبُّنَا وَرَبُّكُمْۖ لَنَآ أَعْمَٰلُنَا وَلَكُمْ أَعْمَٰلُكُمْۖ لَا حُجَّةَ بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمُۖ ٱللَّهُ يَجْمَعُ بَيْنَنَاۖ وَإِلَيْهِ ٱلْمَصِيرُ

Сен (еш нәрсеге алаңдамай) адамдарды (өзің түскен хақ жолға) шақыр һәм өзіңе бұйырылғандай түзу бол! Сондай-ақ (дінде жік-жікке бөлінген әлгі кітап иелерінің) ығына жығылып, қалауларына ерме! Һәм: «Мен Алла түсірген Кітапқа иман келтіремін. Мен араларыңда (билік айтқанда, ешкімді бай-кедей, күшті-әлсіз, араб-ғажам, ақ-қара деп алаламай) қара қылды қақ жарған әділ болуға һәм әділдік орнатуға бұйырылдым. Алла біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың! Біздің істеген істеріміз өзімізге, сендердің істерің өздеріңе. Біз бен сендердің араларыңда талас-тартыстың орны жоқ. Қайткен күнде де Алла уақыты келгенде бәрімізді бір араға жинап, арамызда әділ билігін айтады. Ақыр соңында бәріміздің қайтар жеріміз Оның құзыры», – деп жар сал.

16

وَٱلَّذِينَ يُحَآجُّونَ فِي ٱللَّهِ مِنۢ بَعْدِ مَا ٱسْتُجِيبَ لَهُۥ حُجَّتُهُمْ دَاحِضَةٌ عِندَ رَبِّهِمْ وَعَلَيْهِمْ غَضَبࣱ وَلَهُمْ عَذَابࣱ شَدِيدٌ

Алланың хақ үндеуі (діні) қабыл алынған соң (яғни, адамдар хақ дінді өз еріктерімен, саналы түрде қабылдаған соң) Алла (һәм Оның діні) жайлы бейберекет сөз таластыратындарға келсек, олардың айтқан уәждері мен білдірген наразылықтары Раббыларының алдында түкке де тұрмайды. Оларға Алланың қаһары түседі һәм оларға (о дүниеде) қатты азап бар.

17

ٱللَّهُ ٱلَّذِيٓ أَنزَلَ ٱلْكِتَٰبَ بِٱلْحَقِّ وَٱلْمِيزَانَۗ وَمَا يُدْرِيكَ لَعَلَّ ٱلسَّاعَةَ قَرِيبࣱ

Ақиқатты жар салған осынау Кітапты және (адамдардың жақсы-жаман істерін өлшейтін) әділдік таразысын хақ мақсатта түсірген Алла. Қайдан білесің, бәлкім, (адамдар сол хақ Кітап пен әділдік таразысын мүлдем тәрк еткенде орнайтын) қиямет сағаты таяп та қалған шығар?!

18

يَسْتَعْجِلُ بِهَا ٱلَّذِينَ لَا يُؤْمِنُونَ بِهَاۖ وَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ مُشْفِقُونَ مِنْهَا وَيَعْلَمُونَ أَنَّهَا ٱلْحَقُّۗ أَلَآ إِنَّ ٱلَّذِينَ يُمَارُونَ فِي ٱلسَّاعَةِ لَفِي ضَلَٰلِۭ بَعِيدٍ

Қияметке сенбейтіндер оның тез арада келуін тілеп, (ол күнді мазаққа айналдырады). Ал иман келтіргендер болса, одан шын қорқады һәм ол күннің хақ екенін анық біледі. Ендеше, біліп қойыңдар, қиямет сағаты жайлы бей-берекет сөз таластыратындар, шүбәсіз, (ақиқаттан әбден алыстап), тура жолдан қатты адасуда.

19

ٱللَّهُ لَطِيفُۢ بِعِبَادِهِۦ يَرْزُقُ مَن يَشَآءُۖ وَهُوَ ٱلْقَوِيُّ ٱلْعَزِيزُ

Алла құлдарына өте шарапатты. Қалағанына (қалағанынша) ризық береді. Ол – шексіз күш-қуат иесі, бәрінен үстем һәм құдіретті.

20

مَن كَانَ يُرِيدُ حَرْثَ ٱلْـَٔاخِرَةِ نَزِدْ لَهُۥ فِي حَرْثِهِۦۖ وَمَن كَانَ يُرِيدُ حَرْثَ ٱلدُّنْيَا نُؤْتِهِۦ مِنْهَا وَمَا لَهُۥ فِي ٱلْـَٔاخِرَةِ مِن نَّصِيبٍ

Кімде-кім ақирет жемісін мақсат тұтса (яғни, бұл дүниеде шын ниетпен істеген игі істерінің жемісін о дүниеде көруді қаласа), Біз оның ақиретте көрер жемісін арттыра түсеміз. Ал кімде-кім қу дүниенің жемісін мақсат тұтса (яғни, бар қызықты осы дүниеде көруді қаласа), оның жемісінен оған да береміз. Алайда оған ақиретте ешқандай несібе бұйырмайды.

21

أَمْ لَهُمْ شُرَكَٰٓؤُا۟ شَرَعُوا۟ لَهُم مِّنَ ٱلدِّينِ مَا لَمْ يَأْذَنۢ بِهِ ٱللَّهُۚ وَلَوْلَا كَلِمَةُ ٱلْفَصْلِ لَقُضِيَ بَيْنَهُمْۗ وَإِنَّ ٱلظَّٰلِمِينَ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمࣱ

Жоқ, әлде олардың Алламен серіктес басқа да құдайлары бар ма және сол құдайлары олар үшін Алланың діндегі рұқсат етпеген нәрсесін шариғат шеңберіне сыйғызып беріп пе? Егер (Алланың адамдарды дәм-тұздары таусылғанша өмір сүргіземін деп айтқан) кесімді сөзі, ақтық үкімі болмағанда, олардың араларында кесімді үкім баяғыда айтылып, (залымдардың шаруасы біткен болар еді). Шүбәсіз, (өздеріне һәм өзгелерге зұлымдық жасап, күнәға белшелерінен батқан) залымдарды жан төзгісіз азап күтуде.

22

تَرَى ٱلظَّٰلِمِينَ مُشْفِقِينَ مِمَّا كَسَبُوا۟ وَهُوَ وَاقِعُۢ بِهِمْۗ وَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ فِي رَوْضَاتِ ٱلْجَنَّاتِۖ لَهُم مَّا يَشَآءُونَ عِندَ رَبِّهِمْۚ ذَٰلِكَ هُوَ ٱلْفَضْلُ ٱلْكَبِيرُ

(Алланың ақ жолынан тайып, теріс жолдарға түскен) залымдардың (қиямет күні) дүниеде өз қолдарымен істеген күнәлары себепті, қатты қорыққаннан дір қаққанын көресің. Алайда (олар қорыққан жан төзгісіз азап) бастарына сөзсіз келеді. Ал иман келтіріп, (сол иманның арқасында өздерінің һәм өзгелердің жақсылығы үшін) игілікті істер істеген ізгі жандар болса, нығмет пен көз жауын алатын әсемдікке толы жаннат бақшаларында болады. Олар қалаған нәрселерінің бәрін Раббыларының құзырынан табады. Ең үлкен жақсылық һәм ең зор жетістік, міне, осы!

23

ذَٰلِكَ ٱلَّذِي يُبَشِّرُ ٱللَّهُ عِبَادَهُ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِۗ قُل لَّآ أَسْـَٔلُكُمْ عَلَيْهِ أَجْرًا إِلَّا ٱلْمَوَدَّةَ فِي ٱلْقُرْبَىٰۗ وَمَن يَقْتَرِفْ حَسَنَةࣰ نَّزِدْ لَهُۥ فِيهَا حُسْنًاۚ إِنَّ ٱللَّهَ غَفُورࣱ شَكُورٌ

Алла иман келтіріп, игілікті істер істеген құлдарын, міне, осынау (зор жақсылықпен) сүйіншілейді. (Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Мен сендерден (өздеріңді осынау зор жетістікке жеткізетін хақ дінді насихаттағаным үшін) ешқандай ақы сұрамаймын. (Сендерден бар өтінерім осы дінге көп еңбегі сіңетін) жақындарыма деген сүйіспеншілік қана», – деп, айт. Кімде-кім сауапты іс істесе, сол үшін оған берер сый-сияпатты арттырамыз. Шүбәсіз, Алла (құлдары қанша жерден ауыр күнә жасаса да тәубеге келген жағдайда) өте кешірімді, әрбір жақсылық пен сауапты істің қарымын еселеп қайтарушы.

24

أَمْ يَقُولُونَ ٱفْتَرَىٰ عَلَى ٱللَّهِ كَذِبࣰاۖ فَإِن يَشَإِ ٱللَّهُ يَخْتِمْ عَلَىٰ قَلْبِكَۗ وَيَمْحُ ٱللَّهُ ٱلْبَٰطِلَ وَيُحِقُّ ٱلْحَقَّ بِكَلِمَٰتِهِۦٓۚ إِنَّهُۥ عَلِيمُۢ بِذَاتِ ٱلصُّدُورِ

Жоқ, әлде олар сен жайлы «өз ойынан шығарған өтірігін Аллаға теліп жүр», – дейді ме? Дегенмен, егер Алла қаласа, сенің жүрегіңді мөрлеп тастайтын еді, (сөйтіп, сен оларға ешқандай уахи жеткізе алмас едің. Анығында, сенің оларға Бізден жеткізгендеріңнің бәрі таза уахи). Алла жалғанды тып-типыл қылып өшіреді, ал ақиқатты Сөздерімен (түсірген Кітаптарымен) қуаттайды һәм сөз әрі іс жүзінде үстем қылады. Ол көкіректердегі бар сырды (яғни, ондағы барлық ойлар мен ниет-пиғылдарды) толықтай біледі.

25

وَهُوَ ٱلَّذِي يَقْبَلُ ٱلتَّوْبَةَ عَنْ عِبَادِهِۦ وَيَعْفُوا۟ عَنِ ٱلسَّيِّـَٔاتِ وَيَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ

Сонымен қатар, Ол құлдарының шынайы тәубесін қабыл алады және жамандықтарды біржолата кешеді, сондай-ақ Ол не істеп, не қойып жүргендеріңді жақсы біледі.

26

وَيَسْتَجِيبُ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ وَيَزِيدُهُم مِّن فَضْلِهِۦۚ وَٱلْكَٰفِرُونَ لَهُمْ عَذَابࣱ شَدِيدࣱ

Иман келтіріп, (сол иманның арқасында өздерінің һәм өзгелердің жақсылығы үшін) игілікті істер істегендердің құлшылықтары мен дұға-мінәжаттарын қабыл алады. Сөйтіп, Өзінің шексіз шарапатымен олардың сауабын арттырады. Ал кәпірлерге келсек, олар үшін қатты азап бар.

27

۞وَلَوْ بَسَطَ ٱللَّهُ ٱلرِّزْقَ لِعِبَادِهِۦ لَبَغَوْا۟ فِي ٱلْأَرْضِ وَلَٰكِن يُنَزِّلُ بِقَدَرࣲ مَّا يَشَآءُۚ إِنَّهُۥ بِعِبَادِهِۦ خَبِيرُۢ بَصِيرࣱ

Егер Алла құлдарына ризық-несібені үнемі үйіп-төгіп берер болса, онда олар, шүбәсіз, жер бетінде әбден азғындап, озбырлық жасауда шектен шығар еді. Алайда Ол ризықты Өзі қалаған мөлшерде түсіреді. Өйткені Ол құлдарының жай-күйінен толық хабардар, оларды әрдайым көріп, бақылап тұрады.

28

وَهُوَ ٱلَّذِي يُنَزِّلُ ٱلْغَيْثَ مِنۢ بَعْدِ مَا قَنَطُوا۟ وَيَنشُرُ رَحْمَتَهُۥۚ وَهُوَ ٱلْوَلِيُّ ٱلْحَمِيدُ

Құлдары жауыннан үміттерін үзген шақта жауын жаудырып, (тіршілік иелері үшін) рақымын шартарапқа жаятын да Өзі. Ол дәріптелуге, мадаққа әбден лайық болған (құлдарының) шын досы һәм қорғаны.

29

وَمِنْ ءَايَٰتِهِۦ خَلْقُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ وَمَا بَثَّ فِيهِمَا مِن دَآبَّةࣲۚ وَهُوَ عَلَىٰ جَمْعِهِمْ إِذَا يَشَآءُ قَدِيرࣱ

Күллі аспан әлемі мен жердің жоқтан жаратылуы және сол жер мен көкке тіршілік иелерін кеңінен жаюуы Оның (құдіреті күшті жалғыз Жаратушы екенін көрсететін) ең айқын дәлелдерінің бірі. Сондай-ақ олардың бәрін қалаған шағында бір араға жинауға Оның құдіреті толық жетеді.

30

وَمَآ أَصَٰبَكُم مِّن مُّصِيبَةࣲ فَبِمَا كَسَبَتْ أَيْدِيكُمْ وَيَعْفُوا۟ عَن كَثِيرࣲ

(Естеріңде болсын!) Бастарыңа келген әрбір бәле-жала өз қолдарыңмен істеген күнәларыңның кесірінен. Дегенмен, Ол күнәларыңның көбін біржола кешеді.

31

وَمَآ أَنتُم بِمُعْجِزِينَ فِي ٱلْأَرْضِۖ وَمَا لَكُم مِّن دُونِ ٱللَّهِ مِن وَلِيࣲّ وَلَا نَصِيرࣲ

Сендер жер бетінде Алланы шарасыз күйге түсіре алмайсыңдар (яғни, еш уақытта Алланың ерік-қалауы мен үкіміне қарсы келе де, құрығынан құтыла да алмайсыңдар). Сендердің Алладан басқа медеткер достарың да, қорғандарың да жоқ.

32

وَمِنْ ءَايَٰتِهِ ٱلْجَوَارِ فِي ٱلْبَحْرِ كَٱلْأَعْلَٰمِ

Сондай-ақ теңіздерде жүзіп жүрген таудай-таудай желкенді кемелер де Оның (құдіреті күшті жалғыз Жаратушы екенін көрсететін) ең айқын дәлелдерінің бірі.

33

إِن يَشَأْ يُسْكِنِ ٱلرِّيحَ فَيَظْلَلْنَ رَوَاكِدَ عَلَىٰ ظَهْرِهِۦٓۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّكُلِّ صَبَّارࣲ شَكُورٍ

Егер Ол қаласа, желді тоқтатып қояр еді де желкенді кемелер теңіз бетінде жүзе алмай, тұрып қалар еді. Міне, осының өзінде әрбір өте сабырлы да шүкіршіл жан үшін (Алланың құдіретінің шексіздігін әрі адам баласының қауқарсыздығын көрсететін) айқын дәлелдер мен талай ғибраттың бары даусыз.

34

أَوْ يُوبِقْهُنَّ بِمَا كَسَبُوا۟ وَيَعْفُ عَن كَثِيرࣲ

Не болмаса (жолаушылардың) істеген күнәлары себепті, кемелерді батырып жіберер еді. Әйтсе де, Ол күнә-қателіктердің көбін біржола кешеді.

35

وَيَعْلَمَ ٱلَّذِينَ يُجَٰدِلُونَ فِيٓ ءَايَٰتِنَا مَا لَهُم مِّن مَّحِيصࣲ

Ендеше, аяттарымыз жайында бей-берекет сөз таластыратындар (Алланың азабынан) ешқайда да қашып құтыла алмайтындықтарын біліп қойсын!

36

فَمَآ أُوتِيتُم مِّن شَيْءࣲ فَمَتَٰعُ ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَاۚ وَمَا عِندَ ٱللَّهِ خَيْرࣱ وَأَبْقَىٰ لِلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَلَىٰ رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ

(Уа, адамдар! Бұл дүниеде) өздеріңе берілгеннің бәрі қу тіршіліктің болмашы бұйым-боқшасы (мен өткінші сән-салтанаты) ғана. Ал Алланың құзырындағы нығметтер болса, иман келтіріп, Раббыларына тәуекел ететіндер үшін әлдеқайда қайырлы һәм мәңгілік.

37

وَٱلَّذِينَ يَجْتَنِبُونَ كَبَٰٓئِرَ ٱلْإِثْمِ وَٱلْفَوَٰحِشَ وَإِذَا مَا غَضِبُوا۟ هُمْ يَغْفِرُونَ

Олар (яғни, Раббыларына иман келтіріп, Оған лайықты түрде тәуекел еткендер) үлкен күнәлардан һәм (зинақорлық сынды) жиіркенішті істер мен арсыздық атаулыдан іргелерін аулақ салады, әрі ашуланғанда, (ашуды ақылға жеңгізіп, ашуға тигендерді) кешіреді.

38

وَٱلَّذِينَ ٱسْتَجَابُوا۟ لِرَبِّهِمْ وَأَقَامُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ وَأَمْرُهُمْ شُورَىٰ بَيْنَهُمْ وَمِمَّا رَزَقْنَٰهُمْ يُنفِقُونَ

Сондай-ақ олар Раббыларының (хақ дінге деген) үндеуін қабыл алып, (Оған қалтқысыз мойынсұнады). Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды және барлық істерін өзара кеңесе отырып істейді және өздеріне ризық ретінде берген (мал-мүлік, күш-қуат, ақыл-парасат, білім, т.с.с.) нығметтерімізден (міндет етпей) ізгілік жолында жұмсайды.

39

وَٱلَّذِينَ إِذَآ أَصَابَهُمُ ٱلْبَغْيُ هُمْ يَنتَصِرُونَ

Сонымен қатар, олар (жеке-дара немесе қауым болып) зұлымдыққа ұшырағанда, жұдырықтай жұмылып бір-біріне қолдау көрсетіп, зұлымдыққа жұмыла қарсы тұрады.

40

وَجَزَٰٓؤُا۟ سَيِّئَةࣲ سَيِّئَةࣱ مِّثْلُهَاۖ فَمَنْ عَفَا وَأَصْلَحَ فَأَجْرُهُۥ عَلَى ٱللَّهِۚ إِنَّهُۥ لَا يُحِبُّ ٱلظَّٰلِمِينَ

(Естеріңде болсын!) Жамандықтың қарымы – істелген жамандыққа барабар жамандық болмақ. Ал енді кімде-кім (жамандықты) кеше білсе һәм (өшпенділікке бой алдырмай өзіне қиянат жасаған адаммен) мәмілеге келсе, ондай жанның сауабын Алланың Өзі береді. Шүбәсіз, Ол қиянатшыл залымдарды еш ұнатпайды.

41

وَلَمَنِ ٱنتَصَرَ بَعْدَ ظُلْمِهِۦ فَأُو۟لَٰٓئِكَ مَا عَلَيْهِم مِّن سَبِيلٍ

Ал кімде-кім зұлымдыққа ұшыраған соң есесін (шариғат шеңберінде) қайтарар болса, міне, ондай жандар айыпталуға тиіс емес.

42

إِنَّمَا ٱلسَّبِيلُ عَلَى ٱلَّذِينَ يَظْلِمُونَ ٱلنَّاسَ وَيَبْغُونَ فِي ٱلْأَرْضِ بِغَيْرِ ٱلْحَقِّۚ أُو۟لَٰٓئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمࣱ

Айыпқа тек ел-жұртқа зұлымдық жасайтын және жер бетінде нақақтан-нақақ сойқан салып, озбырлыққа баратындар ғана тартылуы тиіс. Міне, соларға жан төзгісіз азап бар.

43

وَلَمَن صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَٰلِكَ لَمِنْ عَزْمِ ٱلْأُمُورِ

Алайда кімде-кім сабыр етіп, өзіне орынсыз озбырлық көрсеткенді кешірсе, шүбәсіз, бұл табандылық пен күш-жігерді талап ететін, сауабы зор іс болмақ.

44

وَمَن يُضْلِلِ ٱللَّهُ فَمَا لَهُۥ مِن وَلِيࣲّ مِّنۢ بَعْدِهِۦۗ وَتَرَى ٱلظَّٰلِمِينَ لَمَّا رَأَوُا۟ ٱلْعَذَابَ يَقُولُونَ هَلْ إِلَىٰ مَرَدࣲّ مِّن سَبِيلࣲ

Алла қайсыбір пендесін (арам пиғылы мен орынсыз іс-әрекеттері үшін) адастырар болса, одан кейін оған қорған болар бірде-бір жанашыр дос та, қамқор ие де табылмайды. (Ақиреттегі жан төзгісіз) азапты өз көздерімен көргендерінде залымдардың: «(Ойбай-ау, енді қайттық?! Күнәларымыздан толық арылып, игі жандардың қатарына қосылуымыз үшін) дүниеге қайта оралудың қандай бір жолы бар ма екен?!» – деп зар илегенін көресің.

45

وَتَرَىٰهُمْ يُعْرَضُونَ عَلَيْهَا خَٰشِعِينَ مِنَ ٱلذُّلِّ يَنظُرُونَ مِن طَرْفٍ خَفِيࣲّۗ وَقَالَ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِنَّ ٱلْخَٰسِرِينَ ٱلَّذِينَ خَسِرُوٓا۟ أَنفُسَهُمْ وَأَهْلِيهِمْ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِۗ أَلَآ إِنَّ ٱلظَّٰلِمِينَ فِي عَذَابࣲ مُّقِيمࣲ

Олардың әбден қор болғаннан сүмірейіп, қалтыраған күйде тозаққа әкелінгенін және естері шыққаннан жалын шашқан тозаққа көздерінің қиығымен алақтап қарағанын көресің. Сонда иман келтіргендер олардың қандай күйде екенін көргендерінде: «Міне, нағыз алапат зиянға ұшырағандар осылайша өздерін һәм ет жақындарын (отбасыларын) қиямет күні мұншама зиянға ұшыратып, құрдымға батырғандар», – деп айтады. Ендеше, біліп қойыңдар, (өздерін де, өзгелерді де зиянға ұшыратқан) ондай залымдар бітпейтін азапта болады.

46

وَمَا كَانَ لَهُم مِّنْ أَوْلِيَآءَ يَنصُرُونَهُم مِّن دُونِ ٱللَّهِۗ وَمَن يُضْلِلِ ٱللَّهُ فَمَا لَهُۥ مِن سَبِيلٍ

Олардың Алладан басқа қысылғанда медет берер жанашыр достары да, қамқор иелері де жоқ. Алла қайсыбір құлын тура жолдан тайдырар болса, ол үшін (Алланың азабынан) құтылар жол жоқ.

47

ٱسْتَجِيبُوا۟ لِرَبِّكُم مِّن قَبْلِ أَن يَأْتِيَ يَوْمࣱ لَّا مَرَدَّ لَهُۥ مِنَ ٱللَّهِۚ مَا لَكُم مِّن مَّلْجَإࣲ يَوْمَئِذࣲ وَمَا لَكُم مِّن نَّكِيرࣲ

Ендеше, Алладан ешкім кері қайтара (да, кейінге шегере де) алмайтын алапат күн келмей тұрып, Раббыларыңның (хақ дінге деген) шақыруын қабыл алыңдар! Ол күні сендерге (Алланың азабынан құтылу үшін) бас сауғалайтын пана да, жасырынатын жер де болмайды, сондай-ақ күнәларыңнан жалтара да алмайсыңдар.

48

فَإِنْ أَعْرَضُوا۟ فَمَآ أَرْسَلْنَٰكَ عَلَيْهِمْ حَفِيظًاۖ إِنْ عَلَيْكَ إِلَّا ٱلْبَلَٰغُۗ وَإِنَّآ إِذَآ أَذَقْنَا ٱلْإِنسَٰنَ مِنَّا رَحْمَةࣰ فَرِحَ بِهَاۖ وَإِن تُصِبْهُمْ سَيِّئَةُۢ بِمَا قَدَّمَتْ أَيْدِيهِمْ فَإِنَّ ٱلْإِنسَٰنَ كَفُورࣱ

Егер олар (мұншама ескертуге қарамастан, хақ дінді қабылдаудан бас тартып) сырт айналатын болса (уа, Мұхаммед, онда сен еш мұңайма), Біз сені оларды (теріс жолдардан күштеп қайтаратын һәм төбелерінен төніп, әрдайым бақылап тұратын) қорушы етіп жібермедік. Сенің міндетің: (оларға ақиқатты) жеткізу ғана! (Сондай-ақ сен олардың бұл қылықтарына таңғалма. Өйткені бұзылған адамнан одан басқа не күтуге болады). Егер де Біз адам баласына (яғни, бұзылған адамға) рақымымыз түсіп, қандай да бір нығметіміздің дәмін таттырсақ, ол (сол нығметтің кімнен келгенін және не үшін берілгенін ойланудың орнына) соған мәз болып, есіріп кетеді. Ал егер өз қолымен істеген күнәлары себепті, басына жамандық келсе, онда адам баласы (өзін жоқтан жаратып, ағыл-тегіл нығметке бөлеген) Құдайын танымай кетеді.

49

لِّلَّهِ مُلْكُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۚ يَخْلُقُ مَا يَشَآءُۚ يَهَبُ لِمَن يَشَآءُ إِنَٰثࣰا وَيَهَبُ لِمَن يَشَآءُ ٱلذُّكُورَ

Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен иелігі бір Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды (береді), қалағанына ұл сыйлайды (береді).

50

أَوْ يُزَوِّجُهُمْ ذُكْرَانࣰا وَإِنَٰثࣰاۖ وَيَجْعَلُ مَن يَشَآءُ عَقِيمًاۚ إِنَّهُۥ عَلِيمࣱ قَدِيرࣱ

Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу етеді. Шүбәсіз, Ол бәрін білуші, бәріне толық құдіретті.

51

۞وَمَا كَانَ لِبَشَرٍ أَن يُكَلِّمَهُ ٱللَّهُ إِلَّا وَحْيًا أَوْ مِن وَرَآئِ حِجَابٍ أَوْ يُرْسِلَ رَسُولࣰا فَيُوحِيَ بِإِذْنِهِۦ مَا يَشَآءُۚ إِنَّهُۥ عَلِيٌّ حَكِيمࣱ

Алла адам баласымен тек (жүрегіне) аян беру арқылы немесе перде сыртынан оған тіл қату арқылы, я болмаса оған Өзінің қалауын уахи ететін елші (періште) жіберу арқылы ғана тілдеседі. Шүбәсіз, Ол – Али (бәрінен асқақ, бәрінен жоғары), Хаким (әр үкімі мен ісінде көптеген хикметтер болатын теңдессіз даналық иесі).

52

وَكَذَٰلِكَ أَوْحَيْنَآ إِلَيْكَ رُوحࣰا مِّنْ أَمْرِنَاۚ مَا كُنتَ تَدْرِي مَا ٱلْكِتَٰبُ وَلَا ٱلْإِيمَٰنُ وَلَٰكِن جَعَلْنَٰهُ نُورࣰا نَّهْدِي بِهِۦ مَن نَّشَآءُ مِنْ عِبَادِنَاۚ وَإِنَّكَ لَتَهْدِيٓ إِلَىٰ صِرَٰطࣲ مُّسْتَقِيمࣲ

Міне, осылайша саған да Өзіміздің әмірімізден (жүректерге һәм ой-санаға жан бітіруші) рух (Құран) уахи еттік. Сен одан бұрын кітаптың не екенін және иманның не екенін білмейтін де едің. Алайда Біз ол рухты (Құранды) нұр қылдық һәм сол арқылы құлдарымыздың арасынан қалағандарымызды тура жолға бастаудамыз. Шүбәсіз, сен (үмбетіңді) тура жолға бастаудасың.

53

صِرَٰطِ ٱللَّهِ ٱلَّذِي لَهُۥ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلْأَرْضِۗ أَلَآ إِلَى ٱللَّهِ تَصِيرُ ٱلْأُمُورُ

Күллі аспан әлеміндегі мен жердегінің бәрі бір Өзіне ғана тиесілі болған Алланың жолына (бастаудасың). Естеріңде болсын, барлық істер түптің-түбінде Алланың алдына барады (сөйтіп, әрбір іске қатысты кесімді билікті Алланың Өзі айтып, ақтық үкімді Өзі шығарады).

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play