Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран35. Фатыр
35 · сүре

Фатыр

45 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ فَاطِرِ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ جَاعِلِ ٱلْمَلَٰٓئِكَةِ رُسُلًا أُو۟لِيٓ أَجْنِحَةࣲ مَّثْنَىٰ وَثُلَٰثَ وَرُبَٰعَۚ يَزِيدُ فِي ٱلْخَلْقِ مَا يَشَآءُۚ إِنَّ ٱللَّهَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءࣲ قَدِيرࣱ

Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік жеті қат көк пен жерді жоқтан жаратып, оларды мінсіз жүйеге келтірген әрі екі, үш және төрт (тіпті, одан да көп) қанатты періштелерді (пәрменін жеткізуші) елшілер қылған Аллаға тән. Ол жаратуда қалағанынша арттыра түседі және жаратқандарына қалағанынша артықшылықтар береді. Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді.

2

مَّا يَفْتَحِ ٱللَّهُ لِلنَّاسِ مِن رَّحْمَةࣲ فَلَا مُمْسِكَ لَهَاۖ وَمَا يُمْسِكْ فَلَا مُرْسِلَ لَهُۥ مِنۢ بَعْدِهِۦۚ وَهُوَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ

Егер де Алла адамдар үшін рақым қазынасын айқара ашатын болса, онда Оның рақымына ешкім де тосқауыл қоя алмайды. Ал егер рақым қазынасын жабар болса, оны Одан басқа ешкім де (адамдарға) жібере алмайды. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлық), Хаким (әр үкімі мен әр ісінде көптеген хикметтер жататын теңдесі жоқ даналық Иесі).

3

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ ٱذْكُرُوا۟ نِعْمَتَ ٱللَّهِ عَلَيْكُمْۚ هَلْ مِنْ خَٰلِقٍ غَيْرُ ٱللَّهِ يَرْزُقُكُم مِّنَ ٱلسَّمَآءِ وَٱلْأَرْضِۚ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَۖ فَأَنَّىٰ تُؤْفَكُونَ

Уа, адамдар! Алланың өздеріңе үйіп-төгіп берген нығметтерін естеріңе алыңдар! Өздерің айтыңдаршы, сендерге көктен һәм жерден ризық-несібе беретін Алладан басқа жаратушы ие бар ма?! Одан басқа құдай жоқ! Ендеше, қалай ғана ақиқаттан безіп, теріс жолдарға түсесіңдер?!

4

وَإِن يُكَذِّبُوكَ فَقَدْ كُذِّبَتْ رُسُلࣱ مِّن قَبْلِكَۚ وَإِلَى ٱللَّهِ تُرْجَعُ ٱلْأُمُورُ

(Уа, Мұхаммед!) Егер олар өзіңді де, сөзіңді де жалғанға шығарса, онда (еш мұңайма, бұл сенің ғана басыңа келген жағдай емес), шүбәсіз, сенен бұрынғы пайғамбарлар да жалғанға шығарылған-тын. Соңында барлық істер бір Алланың құзырына жөнелтіледі, (сөйтіп, Ол қай іске қандай үкім айтса, сол болады).

5

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ إِنَّ وَعْدَ ٱللَّهِ حَقࣱّۖ فَلَا تَغُرَّنَّكُمُ ٱلْحَيَوٰةُ ٱلدُّنْيَا وَلَا يَغُرَّنَّكُم بِٱللَّهِ ٱلْغَرُورُ

Уа, адамдар! Алланың уағдасы, әлбетте, хақ. Олай болса, дүниенің қу тіршілігі сендерді қызықтырып, алдамасын. Сондай-ақ әзәзіл сұм шайтан да сендерді Алланың кеңшілігіне, шексіз мейіріміне құр үміт арттырып, алдап соқпасын.

6

إِنَّ ٱلشَّيْطَٰنَ لَكُمْ عَدُوࣱّ فَٱتَّخِذُوهُ عَدُوًّاۚ إِنَّمَا يَدْعُوا۟ حِزْبَهُۥ لِيَكُونُوا۟ مِنْ أَصْحَٰبِ ٱلسَّعِيرِ

Шүбәсіз, шайтан сендердің қас дұшпандарың. Ендеше, сендер де оны өздеріңе бітіспес дұшпан тұтыңдар. Ол өз жақтастарын тозақтық болсын деп, өзінің жолына шақырады.

7

ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ لَهُمْ عَذَابࣱ شَدِيدࣱۖ وَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ لَهُم مَّغْفِرَةࣱ وَأَجْرࣱ كَبِيرٌ

Күпірлікте қасарысқандар үшін тым ауыр азап бар. Ал иман келтіріп, игілікті істер істегендерге келсек, оларды кең кешірім әрі зор сауап (үлкен сый-сияпат) күтуде.

8

أَفَمَن زُيِّنَ لَهُۥ سُوٓءُ عَمَلِهِۦ فَرَءَاهُ حَسَنࣰاۖ فَإِنَّ ٱللَّهَ يُضِلُّ مَن يَشَآءُ وَيَهْدِي مَن يَشَآءُۖ فَلَا تَذْهَبْ نَفْسُكَ عَلَيْهِمْ حَسَرَٰتٍۚ إِنَّ ٱللَّهَ عَلِيمُۢ بِمَا يَصْنَعُونَ

Өзінің теріс істері мен жат қылықтары өзіне (әзәзіл шайтанның азғыруымен) безендіріліп, сәндетіп көрсетілген және оларға, шынымен де, керемет іс екен деп қараған кісі, (бар ынта-ықыласымен Алланың жолында жүрген адамдай бола ма?!) Расында, Алла қалағанын адастырады, қалағанын тура жолға салады. Ендеше, кәпірлерге бола («бұлар неге иманға келмейді» деп), өз-өзіңді жеп жіберердей мұншалықты таусылма! Шүбәсіз, Алла олардың не істеп, не қойып жүргендерін толық біледі.

9

وَٱللَّهُ ٱلَّذِيٓ أَرْسَلَ ٱلرِّيَٰحَ فَتُثِيرُ سَحَابࣰا فَسُقْنَٰهُ إِلَىٰ بَلَدࣲ مَّيِّتࣲ فَأَحْيَيْنَا بِهِ ٱلْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَاۚ كَذَٰلِكَ ٱلنُّشُورُ

Алла әуелі желдерді естіреді, сөйтіп (Оның құдірет-күшімен) ескен желдер бұлттарды қозғалысқа келтіреді. Содан Біз ол бұлттарды (өсімдік атаулыдан жұрдай) өлі мекенге қарай айдап әкетеміз. Нәтижеде, өлі жерді (бұлттардан жауған жауынмен) қайта тірілтеміз. Өлгеннен кейін қайта тірілу, міне, осылай болмақ.

10

مَن كَانَ يُرِيدُ ٱلْعِزَّةَ فَلِلَّهِ ٱلْعِزَّةُ جَمِيعًاۚ إِلَيْهِ يَصْعَدُ ٱلْكَلِمُ ٱلطَّيِّبُ وَٱلْعَمَلُ ٱلصَّٰلِحُ يَرْفَعُهُۥۚ وَٱلَّذِينَ يَمْكُرُونَ ٱلسَّيِّـَٔاتِ لَهُمْ عَذَابࣱ شَدِيدࣱۖ وَمَكْرُ أُو۟لَٰٓئِكَ هُوَ يَبُورُ

Кімде-кім үстем (күшті, даңқты, абыройлы) болуды қаласа, біліп қойсын, үстемдік толығымен бір Алланың еншісінде! (Сондықтан да оны бір Алладан ғана сұрау керек). Пәк (игі) сөз Оның дәргейіне көтеріледі, оны (Алланың дәргейіне) игілікті істер көтеріп әкетеді. Ал (ел-жұртқа) үнемі жамандық ойлап, тұзақ құратындарға келсек, олар үшін тым ауыр азап бар. Олардың құрған барлық тұзақтары құрдымға айналып, құр далаға кетеді.

11

وَٱللَّهُ خَلَقَكُم مِّن تُرَابࣲ ثُمَّ مِن نُّطْفَةࣲ ثُمَّ جَعَلَكُمْ أَزْوَٰجࣰاۚ وَمَا تَحْمِلُ مِنْ أُنثَىٰ وَلَا تَضَعُ إِلَّا بِعِلْمِهِۦۚ وَمَا يُعَمَّرُ مِن مُّعَمَّرࣲ وَلَا يُنقَصُ مِنْ عُمُرِهِۦٓ إِلَّا فِي كِتَٰبٍۚ إِنَّ ذَٰلِكَ عَلَى ٱللَّهِ يَسِيرࣱ

Алла сендерді әу баста топырақтан жаратты, содан кейін (ер кісі мен әйелден бөлінген) бір тамшы судан жаратты. Содан кейін біріңді ер, біріңді әйел қылып, жұптастырды. Оның хабарынсыз бірде-бір ұрғашы ұрпақ көтермейді әрі тумайды. Сондай-ақ көкірегінде жаны бар қандай да бір тіршілік иесінің ұзақ ғұмыр кешетіндігі де, ғұмырының қысқа болатындығы да (Оның дәргейіндегі) Кітапта жазулы. Міне, мұның бәрі Алла үшін оп-оңай.

12

وَمَا يَسْتَوِي ٱلْبَحْرَانِ هَٰذَا عَذْبࣱ فُرَاتࣱ سَآئِغࣱ شَرَابُهُۥ وَهَٰذَا مِلْحٌ أُجَاجࣱۖ وَمِن كُلࣲّ تَأْكُلُونَ لَحْمࣰا طَرِيࣰّا وَتَسْتَخْرِجُونَ حِلْيَةࣰ تَلْبَسُونَهَاۖ وَتَرَى ٱلْفُلْكَ فِيهِ مَوَاخِرَ لِتَبْتَغُوا۟ مِن فَضْلِهِۦ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

(Бір-бірімен тоғысса да, тоғыспаса да) екі теңіз (суы) бірдей болмайды: Мынаның суы ішуге жарамды тұщы, ал ананың суы тұзды да, ащы. Соған қарамастан екеуінен де жас ет жейсіңдер және (інжу, маржан сынды) сән үшін тағынатын әшекей бұйымдарын шығарасыңдар. Кемелердің теңізде суды қақ жарып жүзіп бара жатқанын да көресің. Міне, осының бәрі сендерге Оның шексіз шарапаты мен түгесілмес қазынасынан өз несібелеріңді табуларың және (осынау нығметтері үшін Оған) үнемі шүкіршілік етулерің үшін.

13

يُولِجُ ٱلَّيْلَ فِي ٱلنَّهَارِ وَيُولِجُ ٱلنَّهَارَ فِي ٱلَّيْلِ وَسَخَّرَ ٱلشَّمْسَ وَٱلْقَمَرَۖ كُلࣱّ يَجْرِي لِأَجَلࣲ مُّسَمࣰّىۚ ذَٰلِكُمُ ٱللَّهُ رَبُّكُمْ لَهُ ٱلْمُلْكُۚ وَٱلَّذِينَ تَدْعُونَ مِن دُونِهِۦ مَا يَمْلِكُونَ مِن قِطْمِيرٍ

Ол түнді күндізге қосып (күнді ұзартуда) және күндізді түнге қосып (түнді ұзартуда), күн мен айды да (сендерге қызмет еттіру үшін) Өзіне бағынышты қылды, олардың әрбірі өзі үшін алдын-ала белгіленген ақтық сәтке дейін (көк жүзінде) ағызып кетіп барады. Міне, осының бәрін істеген Раббыларың – Алла. Бар билік, шексіз үстемдік бір Өзіне тиесілі. Ал Одан өзге сиынған құдайларың болса, бір тал дәнектің қабыршығына да өздігімен иелік етіп, билігін жүргізе алмайды.

14

إِن تَدْعُوهُمْ لَا يَسْمَعُوا۟ دُعَآءَكُمْ وَلَوْ سَمِعُوا۟ مَا ٱسْتَجَابُوا۟ لَكُمْۖ وَيَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ يَكْفُرُونَ بِشِرْكِكُمْۚ وَلَا يُنَبِّئُكَ مِثْلُ خَبِيرࣲ

Сендер оларға қанша жерден дұға етіп, жалынып-жалбарынсаңдар да олар дұғаларыңды естімейді. Естіген күнде де дұғаларыңа жауап қата алмайды. Ал қиямет күні олар өздерін Аллаға серік еткендеріңді жоққа шығарады. Ешкім сені барлық нәрседен толық хабардар болған (Раббың) сияқты ақиқаттан хабардар ете (яғни, ешкім саған Раббың сияқты ақиқатты жеткізе де, түсіндіре де) алмайды.

15

۞يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ أَنتُمُ ٱلْفُقَرَآءُ إِلَى ٱللَّهِۖ وَٱللَّهُ هُوَ ٱلْغَنِيُّ ٱلْحَمِيدُ

Уа, адамдар! Алланың алдында барлығың пақырсыңдар, бәрің де Оған мұқтажсыңдар! Алла болса, Ғани (ешкімге және еш нәрсеге мұқтаж болмаған сарқылмас байлық иесі), Хамид (бәріңнің мұң-мұқтаждарыңды өтеп, ризық-несібелеріңді жеткізетін Раббыларың ретінде бар мадаққа әрі үздіксіз ұлықталуға әбден лайық).

16

إِن يَشَأْ يُذْهِبْكُمْ وَيَأْتِ بِخَلْقࣲ جَدِيدࣲ

Егер Ол қаласа, сендерді жоқ қылып, орындарыңа (Алланың алдында өздерінің қаншалықты пақыр екенін және бар байлықтың бір Алланың сарқылмас қазынасынан келетінін жете түсінген, Өзіне лайықты құл, пайғамбарына лайықты үмбет болатын) жаңа қауым, жаңа ұрпақ әкеледі.

17

وَمَا ذَٰلِكَ عَلَى ٱللَّهِ بِعَزِيزࣲ

Бұл – Аллаға бұйым емес!

18

وَلَا تَزِرُ وَازِرَةࣱ وِزْرَ أُخْرَىٰۚ وَإِن تَدْعُ مُثْقَلَةٌ إِلَىٰ حِمْلِهَا لَا يُحْمَلْ مِنْهُ شَيْءࣱ وَلَوْ كَانَ ذَا قُرْبَىٰٓۗ إِنَّمَا تُنذِرُ ٱلَّذِينَ يَخْشَوْنَ رَبَّهُم بِٱلْغَيْبِ وَأَقَامُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَۚ وَمَن تَزَكَّىٰ فَإِنَّمَا يَتَزَكَّىٰ لِنَفْسِهِۦۚ وَإِلَى ٱللَّهِ ٱلْمَصِيرُ

Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды (һәм біреу үшін біреу жауапқа тартылмайды). Егер күнәсі батпандай ауыр болған пенде күнәсін көтерісуге басқа біреуді көмекке шақырса, көмекке шақырылған кісі оның ет жақыны болса дағы, оның ауыр жүгінен мысқалдай да арқаламайды. Сен тек Раббыларын көрмесе де Одан қатты именетін және намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқитын жандарды ғана сақтандыра аласың. Кімде-кім (жалған сенімдер мен күнә атаулыдан) арылатын болса, өзі (өз пайдасы) үшін арылады. Ақырында бәрі де Аллаға қайтады.

19

وَمَا يَسْتَوِي ٱلْأَعْمَىٰ وَٱلْبَصِيرُ

Соқыр мен көретін адам бірдей болмайды.

20

وَلَا ٱلظُّلُمَٰتُ وَلَا ٱلنُّورُ

Қараңғы түнектер мен жарық нұр да бірдей емес.

21

وَلَا ٱلظِّلُّ وَلَا ٱلْحَرُورُ

Көлеңке мен аптап ыстық та тең емес.

22

وَمَا يَسْتَوِي ٱلْأَحْيَآءُ وَلَا ٱلْأَمْوَٰتُۚ إِنَّ ٱللَّهَ يُسْمِعُ مَن يَشَآءُۖ وَمَآ أَنتَ بِمُسْمِعࣲ مَّن فِي ٱلْقُبُورِ

Сондай-ақ тірілер мен өлілер де тең болмайды. Расында, Алла (ақиқатты) қалаған құлына ғана естіртеді, ал сен қабірлерде жатқандарға (еш нәрсе) естірте алмайсың.

23

إِنْ أَنتَ إِلَّا نَذِيرٌ

Сен тек ескертуші ғанасың (адамдар мен жындардың тура жолға түсуіне жауапты емессің).

24

إِنَّآ أَرْسَلْنَٰكَ بِٱلْحَقِّ بَشِيرࣰا وَنَذِيرࣰاۚ وَإِن مِّنْ أُمَّةٍ إِلَّا خَلَا فِيهَا نَذِيرࣱ

Еш күмәнсіз, біз сені (иман мен ізгі істердің қарымтасы кешірім, мейірім, мол сияпат екенін) сүйіншілеуші әрі (азғындық, қиянат, зұлымдықтың ақыры ауыр азап екенін) ескертуші етіп, ақиқаттың нақ өзі болғанмен (яғни Құранмен) жібердік. (Адамзат тарихында) ішінде бірде-бір ескертуші болмаған үмбет жоқ.

25

وَإِن يُكَذِّبُوكَ فَقَدْ كَذَّبَ ٱلَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْ جَآءَتْهُمْ رُسُلُهُم بِٱلْبَيِّنَٰتِ وَبِٱلزُّبُرِ وَبِٱلْكِتَٰبِ ٱلْمُنِيرِ

(Уа, Мұхаммед!) Егер олар саған «өтірікшісің» деп, өзіңді де, сөзіңді де жалғанға шығарса, анығында, олардан бұрынғы қауымдар да (өздеріне келген Хақтың елшілерін) жалғанға шығарған-тын. Оларға да өз пайғамбарлары (ақиқатты көрсететін) ап-айқын дәлелдермен, өсиетке толы иләһи парақтармен және (Тәурат пен Інжіл сынды адамдардың көкірегіне иман нұрын ұялататын) нұрлы кітаптармен келген болатын.

26

ثُمَّ أَخَذْتُ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ۖ فَكَيْفَ كَانَ نَكِيرِ

Ақырында, күпірлік еткендердің сазайларын тартқыздым. Менің жоққа шығаруым қалай болады екен, көрсін!

27

أَلَمْ تَرَ أَنَّ ٱللَّهَ أَنزَلَ مِنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءࣰ فَأَخْرَجْنَا بِهِۦ ثَمَرَٰتࣲ مُّخْتَلِفًا أَلْوَٰنُهَاۚ وَمِنَ ٱلْجِبَالِ جُدَدُۢ بِيضࣱ وَحُمْرࣱ مُّخْتَلِفٌ أَلْوَٰنُهَا وَغَرَابِيبُ سُودࣱ

Алланың көктен жауын жаудырғанын, сөйтіп оның (түссіз, дәмсіз әрі иіссіз) суымен түрлі-түсті (иісі мен дәмі де әр алуан) өнімдер өндіріп, жемістер өсіргенімізді көрмеймісің?! Тауларда да (ондағы топырақтың түр-түсіне қарай) ақ, қызыл және басқа да түрлі-түсті һәм қара жолдар мен (жол-жол) жолақтар бар.

28

وَمِنَ ٱلنَّاسِ وَٱلدَّوَآبِّ وَٱلْأَنْعَٰمِ مُخْتَلِفٌ أَلْوَٰنُهُۥ كَذَٰلِكَۗ إِنَّمَا يَخْشَى ٱللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ ٱلْعُلَمَٰٓؤُا۟ۗ إِنَّ ٱللَّهَ عَزِيزٌ غَفُورٌ

Сондай-ақ адамдар, хайуанаттар және ірілі-ұсақты үй жануарлары да түр-түсі жағынан алуан түрлі болып келеді. Шынтуайтында, Алладан құлдарының арасынан тек ғұламалар ғана шын именеді. Шүбәсіз, Алла – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Ғафур (құлдарының күнәлары қанша жерден ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда оларға өте кешірімді).

29

إِنَّ ٱلَّذِينَ يَتْلُونَ كِتَٰبَ ٱللَّهِ وَأَقَامُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ وَأَنفَقُوا۟ مِمَّا رَزَقْنَٰهُمْ سِرࣰّا وَعَلَانِيَةࣰ يَرْجُونَ تِجَٰرَةࣰ لَّن تَبُورَ

Расында, Алланың Кітабын лайықты түрде оқитын, намазды да кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқитын сондай-ақ өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір парасын ізгілік жолында жасырын әрі жария түрде жұмсайтындар әсте зиянға ұшырамайтын берекелі саудаға үміт арта алады.

30

لِيُوَفِّيَهُمْ أُجُورَهُمْ وَيَزِيدَهُم مِّن فَضْلِهِۦٓۚ إِنَّهُۥ غَفُورࣱ شَكُورࣱ

Өйткені Алла оларға тиісті сауаптарын толық береді, оған қоса, оларға шексіз шарапатын төгіп, берер сый-сияпатын арттыра түседі. Алла өте кешірімді, әрбір игілікті ниет пен істің қарымын еселеп, артығымен беруші.

31

وَٱلَّذِيٓ أَوْحَيْنَآ إِلَيْكَ مِنَ ٱلْكِتَٰبِ هُوَ ٱلْحَقُّ مُصَدِّقࣰا لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهِۗ إِنَّ ٱللَّهَ بِعِبَادِهِۦ لَخَبِيرُۢ بَصِيرࣱ

(Уа, Мұхаммед!) Саған Біз уахи еткен осынау Кітап – тұнып тұрған таза ақиқат һәм өзінен бұрын түскен иләһи кітаптарды (тұнығы лайланбаған қалпында) растаушы. Шүбәсіз, Алла құлдарының жай-күйінен толық хабардар және оларды әркез көріп бақылап тұрушы.

32

ثُمَّ أَوْرَثْنَا ٱلْكِتَٰبَ ٱلَّذِينَ ٱصْطَفَيْنَا مِنْ عِبَادِنَاۖ فَمِنْهُمْ ظَالِمࣱ لِّنَفْسِهِۦ وَمِنْهُم مُّقْتَصِدࣱ وَمِنْهُمْ سَابِقُۢ بِٱلْخَيْرَٰتِ بِإِذْنِ ٱللَّهِۚ ذَٰلِكَ هُوَ ٱلْفَضْلُ ٱلْكَبِيرُ

(Пайғамбардан кейін) осынау Кітапты пенделеріміз арасынан Өзіміз таңдап алған құлдарымызға (оны көздің қарашығындай сақтасын, оны басшылыққа алсын һәм өзгелерге де үйретсін деп) асыл мұра етіп қалдырдық. Алайда олардың арасында (осынау ұлы міндетті лайықты түрде атқармай, күнәға белшесінен батып) өз-өздеріне зұлымдық жасаушылар бар; олардың ішінде (оны бірде басшылыққа алса, бірде алмай) екі ортада дел-сал болып жүргендер де бар; сондай-ақ олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар да бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы (яғни, Алланың қалауымен пайғамбарға лайықты түрде мұрагер болу).

33

جَنَّٰتُ عَدْنࣲ يَدْخُلُونَهَا يُحَلَّوْنَ فِيهَا مِنْ أَسَاوِرَ مِن ذَهَبࣲ وَلُؤْلُؤࣰاۖ وَلِبَاسُهُمْ فِيهَا حَرِيرࣱ

Оларға берілетін сый – қисапсыз нығметке толы мәңгілік бақыт мекені Адн жұмақ бақшалары, олар сол Адн жұмақ бақшаларына (ерекше ілтипатпен) кіреді, онда алтын білезіктер мен інжу тағынып жарқырап шыға келеді, ондағы киімдері де жібектен болады.

34

وَقَالُوا۟ ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ ٱلَّذِيٓ أَذْهَبَ عَنَّا ٱلْحَزَنَۖ إِنَّ رَبَّنَا لَغَفُورࣱ شَكُورٌ

Сонда олар: «Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік қайғы-мұңды бізден мәңгілікке аластаған Аллаға арналады. Шүбәсіз, Раббымыз (күнәміз қанша жерден үлкен болса да, тәубеге келгенімізде кешіре білетін) өте кешірімді, әрбір игілікті ниет пен істің қарымын еселеп, артығымен беруші», – деп Аллаға мадақ жаудырып, алғыс білдіреді.

35

ٱلَّذِيٓ أَحَلَّنَا دَارَ ٱلْمُقَامَةِ مِن فَضْلِهِۦ لَا يَمَسُّنَا فِيهَا نَصَبࣱ وَلَا يَمَسُّنَا فِيهَا لُغُوبࣱ

Сондай-ақ: «Ол бізді шексіз шарапаты һәм ерекше мархаматымен мәңгі-бақи тұрақтайтын құтты мекенімізге орнықтырды. Біз енді мұнда машақатқа тап болып, жүдеп-жадау дегенді және қажып-қалжырау дегенді мүлдем білмейтін боламыз», – деп, айтады.

36

وَٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ لَهُمْ نَارُ جَهَنَّمَ لَا يُقْضَىٰ عَلَيْهِمْ فَيَمُوتُوا۟ وَلَا يُخَفَّفُ عَنْهُم مِّنْ عَذَابِهَاۚ كَذَٰلِكَ نَجْزِي كُلَّ كَفُورࣲ

Ал күпірлік қылғандарға келсек, олар үшін жаһаннам оты бар. Онда олар біржола өліп (азаптан құтылып кететіндей) өлімге бұйырылмайды және оларға кесілген тозақ азабы да мүлдем жеңілдетілмейді. Міне, Біз әрбір шектен шыққан қиқар кәпірді осылай жазалаймыз.

37

وَهُمْ يَصْطَرِخُونَ فِيهَا رَبَّنَآ أَخْرِجْنَا نَعْمَلْ صَٰلِحًا غَيْرَ ٱلَّذِي كُنَّا نَعْمَلُۚ أَوَلَمْ نُعَمِّرْكُم مَّا يَتَذَكَّرُ فِيهِ مَن تَذَكَّرَ وَجَآءَكُمُ ٱلنَّذِيرُۖ فَذُوقُوا۟ فَمَا لِلظَّٰلِمِينَ مِن نَّصِيرٍ

Тозақта олардың құлындағы дауысы құраққа шығып: «Уа, Раббымыз! Садағаң кетейік, бізді мына тозақтан шығара көр (дүниеге қайтаршы)! Бұрын-соңды істеген теріс істерімізден бөлек игілікті істер атқарайық!» – дейді. Сонда оларға: «Сендерге ақылға салып, ойланатын адам емін-еркін ойланып, ғибрат алатындай (һәм өзінің жаратылыс мақсатына қарай әрекет етіп, біраз игілікті істі тындырып тастайтындай) жеткілікті ғұмыр бермедік пе?! Онымен қоймай, сендерге ескертуші ретінде пайғамбар да келген еді. Енді азаптың дәмін татыңдар! (Күпірлікте қасарысып өзіне һәм өзгелерге зұлымдық жасаған) залымдардың медеткері болмайды», – делінеді.

38

إِنَّ ٱللَّهَ عَٰلِمُ غَيْبِ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۚ إِنَّهُۥ عَلِيمُۢ بِذَاتِ ٱلصُّدُورِ

Шүбәсіз, Алла күллі аспан әлемі мен жердің бар құпиясын толық білуші. Ол шүбәсіз, көкіректердегі бар сырды (яғни, ондағы барлық ойлар мен ниет-пиғылдарды) толықтай біледі.

39

هُوَ ٱلَّذِي جَعَلَكُمْ خَلَٰٓئِفَ فِي ٱلْأَرْضِۚ فَمَن كَفَرَ فَعَلَيْهِ كُفْرُهُۥۖ وَلَا يَزِيدُ ٱلْكَٰفِرِينَ كُفْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ إِلَّا مَقْتࣰاۖ وَلَا يَزِيدُ ٱلْكَٰفِرِينَ كُفْرُهُمْ إِلَّا خَسَارࣰا

Ол сендерді жер бетінде халифалар қылды (яғни, Алла сендерді жер бетін көркейтетін, онда Өзінің үкімі, орнатқан заңы бойынша өмір сүріп, ондағы өзге жаратылыстарды меңгеретін Өзінің өкілдері қылды). Ендеше, бұдан былай кімде-кім Құдайын танымай күпірлік қылса, оның күпірлігі өзіне (өз сорына). Кәпірлердің күпірлігі Раббыларының құзырында өздеріне деген ашу-ызаны ғана арттырады. Кәпірлердің күпірлігі олардың зияны мен өкінішін ғана арттырады.

40

قُلْ أَرَءَيْتُمْ شُرَكَآءَكُمُ ٱلَّذِينَ تَدْعُونَ مِن دُونِ ٱللَّهِ أَرُونِي مَاذَا خَلَقُوا۟ مِنَ ٱلْأَرْضِ أَمْ لَهُمْ شِرْكࣱ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ أَمْ ءَاتَيْنَٰهُمْ كِتَٰبࣰا فَهُمْ عَلَىٰ بَيِّنَتࣲ مِّنْهُۚ بَلْ إِن يَعِدُ ٱلظَّٰلِمُونَ بَعْضُهُم بَعْضًا إِلَّا غُرُورًا

Оларға: «Өздеріңше Аллаға серік етіп, жалбарынған құдайларыңа қараңдаршы! Олар жердің қай бұрышын жаратыпты, қане, маған көрсетіңдерші?! Жоқ, әлде олар аспан әлемін жаратуда һәм меңгеруде Аллаға серіктес (ортақтас) болып па?!» – де. Я болмаса, Біз бұл мүшріктерге бір кітап беріп, олар сондағы бір айқын дәлелге сүйеніп, Алладан өзгеге табынып жүр ме?! Жо-жоқ, әсте олай емес, анығында, (Аллаға өзгелерді серік етіп қосып, күнәға белшелерінен батқан) залымдар бірін-бірі жалған уәдемен алдарқатып қана жүр (яғни, «бұл пұттар Алланың құзырында бізге шапағат етеді»,– деп өз-өздерін алдап жүр).

41

۞إِنَّ ٱللَّهَ يُمْسِكُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ أَن تَزُولَاۚ وَلَئِن زَالَتَآ إِنْ أَمْسَكَهُمَا مِنْ أَحَدࣲ مِّنۢ بَعْدِهِۦٓۚ إِنَّهُۥ كَانَ حَلِيمًا غَفُورࣰا

Шүбәсіз, күллі аспан әлемі мен жерді күйреп жоқ болып кетуден сақтап, ұстап тұрған бір Алла. Егер жер мен көк күйреп, зауалға ұшырар болса, онда ол екеуін Одан басқа ешкім де сақтап қала алмайды. (Алла құлдарының мұншама күнәларына қарамастан күні бүгінге дейін жер мен көкті күйретпей ұстап тұрса, демек) Ол – Халим (құлдарын бірден жазаламайтын сондай сабырлы), Ғафур (өте кешірімді).

42

وَأَقْسَمُوا۟ بِٱللَّهِ جَهْدَ أَيْمَٰنِهِمْ لَئِن جَآءَهُمْ نَذِيرࣱ لَّيَكُونُنَّ أَهْدَىٰ مِنْ إِحْدَى ٱلْأُمَمِۖ فَلَمَّا جَآءَهُمْ نَذِيرࣱ مَّا زَادَهُمْ إِلَّا نُفُورًا

Әйтсе де, кезінде мүшріктер, егер өздеріне (өзге үмбеттерге келгендей) ескертуші пайғамбар келер болса, онда тура жолды ұстанып, хақ дінді басшылыққа алуда өзге үмбеттерге қарағанда анағұрлым озық болатындарын айтып, бар ынта-жігерлерімен Алланың атымен ант-су ішкен еді. Алайда өздеріне көптен күткен ескертуші пайғамбар келгенде, бұл оларды (хақ діннен) тек одан арман үркітіп, бездірді.

43

ٱسْتِكْبَارࣰا فِي ٱلْأَرْضِ وَمَكْرَ ٱلسَّيِّئِۚ وَلَا يَحِيقُ ٱلْمَكْرُ ٱلسَّيِّئُ إِلَّا بِأَهْلِهِۦۚ فَهَلْ يَنظُرُونَ إِلَّا سُنَّتَ ٱلْأَوَّلِينَۚ فَلَن تَجِدَ لِسُنَّتِ ٱللَّهِ تَبْدِيلࣰاۖ وَلَن تَجِدَ لِسُنَّتِ ٱللَّهِ تَحْوِيلًا

Өйткені олар жер бетінде көкірек керіп, дандайсиды. Өзгелерге қулық-сұмдық ойлап, тұзақ құрады. Алайда біреуге арамдық ойлап, құрылған тұзақ тек өз иесін орға жығады. Әлде олар (өздері сияқты өзгелерге арамдық ойлап, ақырында Алланың қаһарына ұшыраған) бұрынғы қауымдардың кебін киуді күтіп отыр ма? Олай болса, Алланың заңынан ешқандай өзгеріс таппайсың! Алланың заңынан ешқандай өзгертушілік те таппайсың! (Яғни, Алланың пенделерінің қай сенімі мен қай қылығына қалай қарайтындығы әрі қарымталарын қалай қайтаратындығы иләһи заң түрінде белгілі әрі әсте өзгермейді).

44

أَوَلَمْ يَسِيرُوا۟ فِي ٱلْأَرْضِ فَيَنظُرُوا۟ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْ وَكَانُوٓا۟ أَشَدَّ مِنْهُمْ قُوَّةࣰۚ وَمَا كَانَ ٱللَّهُ لِيُعْجِزَهُۥ مِن شَيْءࣲ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَلَا فِي ٱلْأَرْضِۚ إِنَّهُۥ كَانَ عَلِيمࣰا قَدِيرࣰا

Олар жер-жаһанды кезіп, өздерінен бұрын (күпірлікте қасарысып) өткен қауымдардың ақырының не болғанын өз көздерімен көріп, ғибрат алмай ма? Анығында, олар бұлардан анағұрлым күшті болатын. Алайда күллі аспан әлемінде де, жерде де еш нәрсе Алланы дәрменсіз ете алмайды. Ол – Алим (барлық нәрсені білуші), Қадир (шексіз құдірет иесі).

45

وَلَوْ يُؤَاخِذُ ٱللَّهُ ٱلنَّاسَ بِمَا كَسَبُوا۟ مَا تَرَكَ عَلَىٰ ظَهْرِهَا مِن دَآبَّةࣲ وَلَٰكِن يُؤَخِّرُهُمْ إِلَىٰٓ أَجَلࣲ مُّسَمࣰّىۖ فَإِذَا جَآءَ أَجَلُهُمْ فَإِنَّ ٱللَّهَ كَانَ بِعِبَادِهِۦ بَصِيرَۢا

Егер Алла адамдарды істеген күнәлары үшін бірден жазалайтын болса, онда жер бетінде бірде-бір қыбырлаған тіршілік иесін қалдырмас еді. Алайда Алла оларға мұрсат беріп, істерін белгілі уақытқа дейін кейінге қалдыруда. Оларға берілген уақыт таусылып ажалдары жеткенде, (Алла істеген істеріне қарай қарымталарын қайтарады). Шүбәсіз, Алла құлдарын толық көріп бақылауда.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play