Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран34. Сәбә
34 · сүре

Сәбә

54 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ ٱلَّذِي لَهُۥ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلْأَرْضِ وَلَهُ ٱلْحَمْدُ فِي ٱلْـَٔاخِرَةِۚ وَهُوَ ٱلْحَكِيمُ ٱلْخَبِيرُ

Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік күллі аспан әлеміндегі және жердегінің бәрі бір Өзіне ғана тиесілі болған Аллаға тән. Сондай-ақ ақиретте де бар мадақ пен шексіз шүкір бір Өзіне ғана тән болмақ. Ол Хаким (әр үкімі мен әр ісі көптеген хикметтерге толы асқан даналық иесі), Хабир (бәрінен де лайықты түрде хабардар болушы).

2

يَعْلَمُ مَا يَلِجُ فِي ٱلْأَرْضِ وَمَا يَخْرُجُ مِنْهَا وَمَا يَنزِلُ مِنَ ٱلسَّمَآءِ وَمَا يَعْرُجُ فِيهَاۚ وَهُوَ ٱلرَّحِيمُ ٱلْغَفُورُ

Ол жер қойнына не кіріп, одан не шығып жатқанын, көктен не түсіп, оған не көтеріліп жатқанын толық біледі. Ол Рахим (мүмін құлдарына ерекше мейірімді), Ғафур (құлдарының күнәлары қаншалықты үлкен болса да өте кешірімді).

3

وَقَالَ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ لَا تَأْتِينَا ٱلسَّاعَةُۖ قُلْ بَلَىٰ وَرَبِّي لَتَأْتِيَنَّكُمْ عَٰلِمِ ٱلْغَيْبِۖ لَا يَعْزُبُ عَنْهُ مِثْقَالُ ذَرَّةࣲ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَلَا فِي ٱلْأَرْضِ وَلَآ أَصْغَرُ مِن ذَٰلِكَ وَلَآ أَكْبَرُ إِلَّا فِي كِتَٰبࣲ مُّبِينࣲ

Күпірлікте қасарысқан кәпірлер: «Басымызға қиямет-қайым орнамайды!» – дейді. Оларға: «Жо-жоқ, ғайыпты (яғни сезім мүшелерімен сезілмейтін тылсым әлемді) толық білетін Раббымның атымен ант етемін! Қиямет-қайым бастарыңа сөзсіз орнайды! Мейлі жеті қат көкте, мейлі жерде болсын, шаң тозаңындай мысқалдай нәрсенің өзі Одан жасырынып (қалтарыста) қала алмайды. Ол ол ма, әлгі мысқалдай нәрседен анағұрлым кіші, яки әлдеқайда үлкен нәрсенің өзі (Оның назарынан тыс қалмайды), өйткені бәрі де ап-айқын Кітапта анық жазылған», – деп айт.

4

لِّيَجْزِيَ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِۚ أُو۟لَٰٓئِكَ لَهُم مَّغْفِرَةࣱ وَرِزْقࣱ كَرِيمࣱ

Иә, (ілімі шексіз Алла бәрін біледі һәм бәрін жазғызып, сақтап қояды), өйткені Ол иман келтіріп, жібі түзу игілікті істер істейтін ізгі жандарды лайықты түрде марапаттап, сый-сияпатқа бөлейді. Міне осынау ізгі жандар үшін кең кешірім әрі сондай керім (мол, берекелі, зиянсыз әрі түгесілмейтін) ризық-несібе бар.

5

وَٱلَّذِينَ سَعَوْ فِيٓ ءَايَٰتِنَا مُعَٰجِزِينَ أُو۟لَٰٓئِكَ لَهُمْ عَذَابࣱ مِّن رِّجْزٍ أَلِيمࣱ

Ал аяттарымыздың ықпалын жойып, оларды түкке тұрғысыз ету үшін дамыл таппай жүргендерге келсек, оларды (тозақта) өте жиіркенішті әрі жан төзгісіз азап күтуде.

6

وَيَرَى ٱلَّذِينَ أُوتُوا۟ ٱلْعِلْمَ ٱلَّذِيٓ أُنزِلَ إِلَيْكَ مِن رَّبِّكَ هُوَ ٱلْحَقَّ وَيَهْدِيٓ إِلَىٰ صِرَٰطِ ٱلْعَزِيزِ ٱلْحَمِيدِ

Өздеріне хақ ілім нәсіп болған жандар Раббыңнан өзіңе түсірілген осынау Кітаптың бастан-аяқ хақ әрі ақиқаттың нақ өзі екенін анық көруде. Ол Азиз (бәрінен үстем әрі ұлық), Хамид (бар мадақ пен шексіз шүкіршілікке лайық болған) Алланың жолына бастайды.

7

وَقَالَ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ هَلْ نَدُلُّكُمْ عَلَىٰ رَجُلࣲ يُنَبِّئُكُمْ إِذَا مُزِّقْتُمْ كُلَّ مُمَزَّقٍ إِنَّكُمْ لَفِي خَلْقࣲ جَدِيدٍ

Соның өзінде күпірлікте қасарысқан бейбақтар өзараларында (пайғамбарды мазақ етіп:) «Сендерге парша-паршаларың шығып, іріп-шіріп жоқ болып кеткеннен кейін қайтадан жаратыласыңдар деп, ғайыптан хабар беретін бір кісіні көрсетейік пе?!»

8

أَفْتَرَىٰ عَلَى ٱللَّهِ كَذِبًا أَم بِهِۦ جِنَّةُۢۗ بَلِ ٱلَّذِينَ لَا يُؤْمِنُونَ بِٱلْـَٔاخِرَةِ فِي ٱلْعَذَابِ وَٱلضَّلَٰلِ ٱلْبَعِيدِ

«Сонда ол ойынан шығарған өтірігін Аллаға теліп тұр ма? Жоқ, әлде оны жын ұрды ма (түсінсек бұйырмасын)?!» – десіп мырс-мырс күлген еді. Жо-жоқ, әсте олай емес. Анығында, ақиретке сенбейтіндер тура жолдан алшақтап, мықтап адасуда және сол себепті жан азабын тартуда.

9

أَفَلَمْ يَرَوْا۟ إِلَىٰ مَا بَيْنَ أَيْدِيهِمْ وَمَا خَلْفَهُم مِّنَ ٱلسَّمَآءِ وَٱلْأَرْضِۚ إِن نَّشَأْ نَخْسِفْ بِهِمُ ٱلْأَرْضَ أَوْ نُسْقِطْ عَلَيْهِمْ كِسَفࣰا مِّنَ ٱلسَّمَآءِۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَةࣰ لِّكُلِّ عَبْدࣲ مُّنِيبࣲ

Олар алдарында да, арттарында да көк пен жердің тұрғанын (яғни, өздерін жан-жақтан қоршап тұрғанын) көрмей ме?! Егер қаласақ, оларды жерге жұтқызамыз немесе төбелеріне көктен кесек-кесек (тастар) жаудырамыз. Міне, осының өзінде, Аллаға бар ықыласымен бет бұрған әрбір пенде үшін ап-айқын ғибрат бар.

10

۞وَلَقَدْ ءَاتَيْنَا دَاوُۥدَ مِنَّا فَضْلࣰاۖ يَٰجِبَالُ أَوِّبِي مَعَهُۥ وَٱلطَّيْرَۖ وَأَلَنَّا لَهُ ٱلْحَدِيدَ

Біз расында да, Дәуітке өз тарапымыздан артықшылық бердік. Сөйттік те: «Уа, таулар, онымен бірге Алланы («Сен – мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың, серігі жоқ жалғыз Құдайсың», – деп, өз тілдеріңмен) ұлықтаңдар», – дедік, құстарға да соны бұйырдық. Сондай-ақ ол үшін темірді жұмсарттық (яғни, оны темірді қамырдай илеп, одан қажетті бұйымдар жасайтын шебер ұста қылдық).

11

أَنِ ٱعْمَلْ سَٰبِغَٰتࣲ وَقَدِّرْ فِي ٱلسَّرْدِۖ وَٱعْمَلُوا۟ صَٰلِحًاۖ إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرࣱ

Сөйтіп, оған: «Адам тәнінің өмірлік маңызды жерлерін толық жауып тұратын мықты сауыттар жаса, оларды тоқығанда, өлшеміне әрі сапасына да аса мән бер. Сондай-ақ (уа, Дәуіт әулеті!) Әрдайым (өздеріңді һәм қоғамды түзетуге бағытталған) игілікті істер істеңдер! Мен шүбәсіз, сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді анық көрудемін», – деп бұйырдық.

12

وَلِسُلَيْمَٰنَ ٱلرِّيحَ غُدُوُّهَا شَهْرࣱ وَرَوَاحُهَا شَهْرࣱۖ وَأَسَلْنَا لَهُۥ عَيْنَ ٱلْقِطْرِۖ وَمِنَ ٱلْجِنِّ مَن يَعْمَلُ بَيْنَ يَدَيْهِ بِإِذْنِ رَبِّهِۦۖ وَمَن يَزِغْ مِنْهُمْ عَنْ أَمْرِنَا نُذِقْهُ مِنْ عَذَابِ ٱلسَّعِيرِ

Ал Сүлейменге күшті желді бағынышты еттік. Ол таңертеңнен (түске дейін) бір айлық жолды есіп өтсе, кешке дейін дәл сондай бір айлық жолды есіп өтіп, кері қайтатын. Сүлеймен үшін балқыған мысты да қайнар көзінен сел қылып ағыздық. Сондай-ақ Раббысының рұқсатымен оның қол астында біраз жындар да жұмыс істейтін. Олардан кімде-кім (оған бағынбай) әмірімізден сәл ғана қиғаш тартатын болса, оған жалындаған от азабын таттыратын едік.

13

يَعْمَلُونَ لَهُۥ مَا يَشَآءُ مِن مَّحَٰرِيبَ وَتَمَٰثِيلَ وَجِفَانࣲ كَٱلْجَوَابِ وَقُدُورࣲ رَّاسِيَٰتٍۚ ٱعْمَلُوٓا۟ ءَالَ دَاوُۥدَ شُكْرࣰاۚ وَقَلِيلࣱ مِّنْ عِبَادِيَ ٱلشَّكُورُ

Жындар оған қалаған нәрсесін жасап беретін, соның ішінде, зәулім қамалдар мен сарайлар, керемет мүсіндер, көлемі қауыздай үлкен легендер және жерге қағылған қазықтай мызғымас алып қазандар жасайтын. «Уа, Дәуіт (пайғамбардың) әулеті! Еңбек етіңдер һәм сол арқылы Маған шүкіршілік етіңдер!» Құлдарымның арасында лайықты түрде шүкіршілік ететіндер неткен аз еді!

14

فَلَمَّا قَضَيْنَا عَلَيْهِ ٱلْمَوْتَ مَا دَلَّهُمْ عَلَىٰ مَوْتِهِۦٓ إِلَّا دَآبَّةُ ٱلْأَرْضِ تَأْكُلُ مِنسَأَتَهُۥۖ فَلَمَّا خَرَّ تَبَيَّنَتِ ٱلْجِنُّ أَن لَّوْ كَانُوا۟ يَعْلَمُونَ ٱلْغَيْبَ مَا لَبِثُوا۟ فِي ٱلْعَذَابِ ٱلْمُهِينِ

Сүлейменді өлуге жазғанымызда, (ауыр жұмысқа жегілген) жындардың бірде-бірі оның дүниеден озғанын сезбестен жұмыстарын істей берді. Оның сүйеніп отырған асатаяғын жегі құрт ішінен үнгіп тастағанда, (асатаяқ морт сынып) Сүлеймен жерге жығылды. Жындар сонда ғана оның дүниеден озғанын білді. Міне, сол кезде жындар ғайыпты білмейтіндіктерін анық аңғарды. Егер олар ғайыпты білсе, өздерін қор қылған мұншама азапты жұмысты істеп жүре бермес еді.

15

لَقَدْ كَانَ لِسَبَإࣲ فِي مَسْكَنِهِمْ ءَايَةࣱۖ جَنَّتَانِ عَن يَمِينࣲ وَشِمَالࣲۖ كُلُوا۟ مِن رِّزْقِ رَبِّكُمْ وَٱشْكُرُوا۟ لَهُۥۚ بَلْدَةࣱ طَيِّبَةࣱ وَرَبٌّ غَفُورࣱ

Шүбәсіз, Сәбә халқы үшін өздері мекендеген жерде (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлел әрі ап-айқын ғибрат бар болатын. Мекен-жайларының оң қапталы мен сол қапталында көз жауын алатын ғаламат екі бау-бақша бар еді. (Оларға): «Раббыларың нәсіп еткен ризық-несібеден жеп-ішіңдер, есесіне Оған лайықты түрде шүкір етіңдер! Міне, сендерге қандай керемет мемлекет нәсіп болған, Раббыларың да өте кешірімді!» – (делінген еді).

16

فَأَعْرَضُوا۟ فَأَرْسَلْنَا عَلَيْهِمْ سَيْلَ ٱلْعَرِمِ وَبَدَّلْنَٰهُم بِجَنَّتَيْهِمْ جَنَّتَيْنِ ذَوَاتَيْ أُكُلٍ خَمْطࣲ وَأَثْلࣲ وَشَيْءࣲ مِّن سِدْرࣲ قَلِيلࣲ

Алайда олар (шүкір етуден) бас тартып, Бізден сырт айналды. Соның есесіне оларға (жарылған) бөгеттерден жойқын топан су жібердік те олардың құлпырған қос бау-бақшасын ащы әрі қышқыл миуалы, жыңғылды, тікені көп, жемісі мардымсыз санаулы ғана ағаш өсетін екі бірдей жабайы бақшаға айналдырдық.

17

ذَٰلِكَ جَزَيْنَٰهُم بِمَا كَفَرُوا۟ۖ وَهَلْ نُجَٰزِيٓ إِلَّا ٱلْكَفُورَ

Міне, шүкіршілік етудің орнына күпірлік қылғандары үшін оларды осылай жазаладық. Біз шүкіршілік етуді білмейтін күнәһарлардан өзгені жазаға тартып па едік?! (Әрине, тартпаймыз, Біз тек шектен шыққан күнәһарларды ғана жазалаймыз).

18

وَجَعَلْنَا بَيْنَهُمْ وَبَيْنَ ٱلْقُرَى ٱلَّتِي بَٰرَكْنَا فِيهَا قُرࣰى ظَٰهِرَةࣰ وَقَدَّرْنَا فِيهَا ٱلسَّيْرَۖ سِيرُوا۟ فِيهَا لَيَالِيَ وَأَيَّامًا ءَامِنِينَ

Олардың елі мен Өзіміз құт-береке дарытқан (Шам еліндегі) шаһарлар арасына бір-біріне жақын орналасқан, бірінен-бірі менмұндалап көрініп тұратын елді мекендер тұрғыздық. Сондай-ақ оларға сол кенттердің үстінен өтетін өз соқпағы бар жүйелі керуен жолын салдық. (Сөйтіп оларға): «Күндіз-түні емін-еркін, алаңсыз сапар шегіңдер», – (дедік).

19

فَقَالُوا۟ رَبَّنَا بَٰعِدْ بَيْنَ أَسْفَارِنَا وَظَلَمُوٓا۟ أَنفُسَهُمْ فَجَعَلْنَٰهُمْ أَحَادِيثَ وَمَزَّقْنَٰهُمْ كُلَّ مُمَزَّقٍۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّكُلِّ صَبَّارࣲ شَكُورࣲ

Алайда олар (осынау ныметтердің қадірін білмегендіктен): «Уа, Раббымыз! Жолымыздың үстіндегі кенттердің (керуен сарайлардың) арасын алшақтатып, сапарларымызды ұзартқайсың», – деп асылық қылды һәм күнәға батып, өз-өздеріне кесір жасады. Нәтижеде оларды ұрпақтан-ұрпаққа жететін өткен заманның ғибратты әңгімелеріне арқау еттік әрі тарам-тарам қылып шартарапқа бостырып жібердік. Міне, осының өзінде (Аллаға құлшылық етіп, күнә атаулыдан сақтануда әрі басына түскен ауыртпалықтарға) сабырлылық танытатын және (Алланың нығметтеріне) үнемі шүкіршілік ететін ізгі жандар үшін бір талай ғибрат бар екені сөзсіз.

20

وَلَقَدْ صَدَّقَ عَلَيْهِمْ إِبْلِيسُ ظَنَّهُۥ فَٱتَّبَعُوهُ إِلَّا فَرِيقࣰا مِّنَ ٱلْمُؤْمِنِينَ

(Сәбә халқының осындай теріс іс-әрекеттерінің арқасында) Ібілістің оларға (һәм жалпы адам баласына) қатысты ойы мен тілеуі расталды. Сөйтіп, олардың араларындағы бір топ мүміннен басқасының бәрі Ібілістің соңынан еріп кетті.

21

وَمَا كَانَ لَهُۥ عَلَيْهِم مِّن سُلْطَٰنٍ إِلَّا لِنَعْلَمَ مَن يُؤْمِنُ بِٱلْـَٔاخِرَةِ مِمَّنْ هُوَ مِنْهَا فِي شَكࣲّۗ وَرَبُّكَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءٍ حَفِيظࣱ

Әсілі, шайтанның оларды өз ырқына мәжбүрлеп көндіретіндей құдіреті жоқ. Алайда Біз кімнің ақиретке шынымен сенетінін және кімнің оған шәк келтіретіндігін айқындап, оларды бір-бірінен айыру үшін (әзәзіл шайтанға адамды әр қилы жолмен азғыруға мүмкіндік беріп, сол арқылы адам баласын сынаймыз). Ендеше, Раббың бәрін бақылауда һәм (ауыздан шыққан әр сөзді және істелінген әр істі періштелеріне) жаздыруда.

22

قُلِ ٱدْعُوا۟ ٱلَّذِينَ زَعَمْتُم مِّن دُونِ ٱللَّهِ لَا يَمْلِكُونَ مِثْقَالَ ذَرَّةࣲ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَلَا فِي ٱلْأَرْضِ وَمَا لَهُمْ فِيهِمَا مِن شِرْكࣲ وَمَا لَهُۥ مِنْهُم مِّن ظَهِيرࣲ

Оларға: «Алланы былай қалдырып, тәңір екен деп табынған пұттарыңа қанша жалбарынсаңдар да өз еріктерің!» – де. Олар бәрібір көкте де, жерде де (қандай да бір нәрсеге пайда немесе зиян келтіре алатындай) мысқалдай құдіретке де ие емес. Сондай-ақ көк пен жерді жаратуда, билеуде әрі меңгеріп тұруда олардың мысқалдай ортақтастығы да болған емес, сондай-ақ Алла олардың ешбірін Өзіне сүйеніш еткен де емес.

23

وَلَا تَنفَعُ ٱلشَّفَٰعَةُ عِندَهُۥٓ إِلَّا لِمَنْ أَذِنَ لَهُۥۚ حَتَّىٰٓ إِذَا فُزِّعَ عَن قُلُوبِهِمْ قَالُوا۟ مَاذَا قَالَ رَبُّكُمْۖ قَالُوا۟ ٱلْحَقَّۖ وَهُوَ ٱلْعَلِيُّ ٱلْكَبِيرُ

Алланың құзырында Өзі рұқсат еткен адамнан басқасының шапағаты түк те пайда бермейді. Ақырында (Алланың рұқсатымен шапағат ететіндердің) жүректері үрейден арылып, көңілдері жай тапқанда, (олардан шапағат күткендер): «Раббыларың не айтты? (Шапағат етулеріңе рұқсат берді ме?)», – деп сұрайды. Сонда олар: «Әлбетте, ақиқатты айтты (яғни, тек ақиқат шеңберінде ғана шапағат етуімізге рұқсат етті)», – деп жауап береді. Ол – Али (бәрінен асқақ, ең ұлы), Кәбир (бәрінен зор, бәрінен де жоғары).

24

۞قُلْ مَن يَرْزُقُكُم مِّنَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۖ قُلِ ٱللَّهُۖ وَإِنَّآ أَوْ إِيَّاكُمْ لَعَلَىٰ هُدًى أَوْ فِي ضَلَٰلࣲ مُّبِينࣲ

Оларға: «Сендерге көктен және жерден ризық-несібелеріңді үзбей жеткізіп тұрған кім?!» – деп сұра. Сөйтіп, өзің: «Әлбетте, Алла», – деп жауап бер әрі оларға: «Ендеше, (Оған ғана иман келтіріп, құлдық ұрған) мына бізбен (Оған өзгелерді серік етіп қосатын) мына сендердің қайсымыз тура жолдамыз немесе қайсымыз анық адасудамыз, өздерің айтыңдаршы?!» – де.

25

قُل لَّا تُسْـَٔلُونَ عَمَّآ أَجْرَمْنَا وَلَا نُسْـَٔلُ عَمَّا تَعْمَلُونَ

Оларға: «(Егер өздерің айтқандай, бір Аллаға сиыну күнә болса), онда сендер біз істеген қандай да бір күнә үшін жауапқа тартылмайсыңдар, сондай-ақ біз де сендердің істеп жүрген мынадай істерің үшін жауапқа тартылмаймыз», – де.

26

قُلْ يَجْمَعُ بَيْنَنَا رَبُّنَا ثُمَّ يَفْتَحُ بَيْنَنَا بِٱلْحَقِّ وَهُوَ ٱلْفَتَّاحُ ٱلْعَلِيمُ

Оларға: «Раббымыз (қиямет күні) бәрімізді бір жерге жинайды да арамызда кесімді үкімін шығарып, ара-жігімізді ажыратады. Ол – Фәттах (пенделері арасында әділ үкім айтып, тура жолдағы мен адасқанның арасын ашушы), Алим (бәрін білуші)», – деп айт.

27

قُلْ أَرُونِيَ ٱلَّذِينَ أَلْحَقْتُم بِهِۦ شُرَكَآءَۖ كَلَّاۚ بَلْ هُوَ ٱللَّهُ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ

Сондай-ақ оларға: «Қане, Аллаға серік етіп қосқан құдайларыңды маған көрсетіңдерші (араларында, шынымен, тәңір болуға лайық біреу бар ма екен, көрейін)! Жоқ, ол әсте мүмкін емес! Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі Өзіне ешкімді де ортақ қылмайтын ұлы), Хаким (әр үкімі мен ісі даналыққа толы болған) Алла», – деп айт.

28

وَمَآ أَرْسَلْنَٰكَ إِلَّا كَآفَّةࣰ لِّلنَّاسِ بَشِيرࣰا وَنَذِيرࣰا وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَ ٱلنَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ

(Уа, Мұхаммед!) біз сені күллі адамзатқа (иман мен ізгі істердің қарымтасы кешірім, мейірім, мол сияпат екенін) сүйіншілеуші әрі (адасу, азғындық, қиянат секілді жаман істердің ақыры ауыр азап екенін) ескертуші ретінде ғана жібердік. Алайда адамдардың көбі мұны (һәм сенің қадір-қасиетіңді) білмейді.

29

وَيَقُولُونَ مَتَىٰ هَٰذَا ٱلْوَعْدُ إِن كُنتُمْ صَٰدِقِينَ

Олар (мүміндерге): «Айтқандарың рас болса, бізді өздеріңше қорқытып, уәде еткен қиямет-қайымдарың қашан орнайды?» – дейді.

30

قُل لَّكُم مِّيعَادُ يَوْمࣲ لَّا تَسْتَـْٔخِرُونَ عَنْهُ سَاعَةࣰ وَلَا تَسْتَقْدِمُونَ

Оларға: «Сендердің әу бастан белгіленген межелі күндерің бар, сендер ол күнді бір сәтке болсын кейінге шегере де, тездете де алмайсыңдар», – деп айт.

31

وَقَالَ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ لَن نُّؤْمِنَ بِهَٰذَا ٱلْقُرْءَانِ وَلَا بِٱلَّذِي بَيْنَ يَدَيْهِۗ وَلَوْ تَرَىٰٓ إِذِ ٱلظَّٰلِمُونَ مَوْقُوفُونَ عِندَ رَبِّهِمْ يَرْجِعُ بَعْضُهُمْ إِلَىٰ بَعْضٍ ٱلْقَوْلَ يَقُولُ ٱلَّذِينَ ٱسْتُضْعِفُوا۟ لِلَّذِينَ ٱسْتَكْبَرُوا۟ لَوْلَآ أَنتُمْ لَكُنَّا مُؤْمِنِينَ

Күпірлікте қасарысқандар: «Біз бұл Құранға да, оның алдындағы кітаптарға да әсте сенбейміз», – дейді. Сен ол залым кәпірлерді Раббыларының құзырына айдалып әкелінгендерінде бір-бірімен қағысып, айтысқанын көрсең ғой! Сонда дүниеден қор болып өткен кәпірлер өздерін билеп-төстегендерге: «Сендер болмағанда, біз иман етер едік», – дейді.

32

قَالَ ٱلَّذِينَ ٱسْتَكْبَرُوا۟ لِلَّذِينَ ٱسْتُضْعِفُوٓا۟ أَنَحْنُ صَدَدْنَٰكُمْ عَنِ ٱلْهُدَىٰ بَعْدَ إِذْ جَآءَكُمۖ بَلْ كُنتُم مُّجْرِمِينَ

Ал әлжуаз елді билеп-төстеген озбыр кәпірлер болса, дүниеде өздерінен әбден зәбір-жапа көргендерге: «Өздеріңе тура жолдың нақ өзі келгеннен кейін біз сендерді сол жолдан күштеп қайтардық па? Жо-жоқ, әсілі өздерің күнәға белшеден батқан күнәһар едіңдер», – деп жауап береді.

33

وَقَالَ ٱلَّذِينَ ٱسْتُضْعِفُوا۟ لِلَّذِينَ ٱسْتَكْبَرُوا۟ بَلْ مَكْرُ ٱلَّيْلِ وَٱلنَّهَارِ إِذْ تَأْمُرُونَنَآ أَن نَّكْفُرَ بِٱللَّهِ وَنَجْعَلَ لَهُۥٓ أَندَادࣰاۚ وَأَسَرُّوا۟ ٱلنَّدَامَةَ لَمَّا رَأَوُا۟ ٱلْعَذَابَۚ وَجَعَلْنَا ٱلْأَغْلَٰلَ فِيٓ أَعْنَاقِ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ۖ هَلْ يُجْزَوْنَ إِلَّا مَا كَانُوا۟ يَعْمَلُونَ

Әлжуаз кәпірлер өздерін билеп-төстеген озбырларға: «Жоқ, олай емес. Сендердің есіл-дерттерің (ақиқаттың жайылуына бөгет жасау үшін) күндіз-түні сан қилы қулық-сұмдыққа бару еді. Сондай-ақ бізге қысым көрсетіп, Аллаға күпірлік қылуды және Оған өзгелерді ортақтас етуді бұйыратын едіңдер», – дейді. Ақырында екі жақ та өздерін күткен жан төзгісіз азапты көргендерінде іштей аһ ұрып, қатты өкінеді. Біз дүниеден кәпір болып өткендердің мойындарына темір қамыт кигізіп мәңгі-бақи тозақта ұстаймыз. Міне, бұл олардың дүниеде өз беттерімен істеген күнәларының қарымы емей немене?!

34

وَمَآ أَرْسَلْنَا فِي قَرْيَةࣲ مِّن نَّذِيرٍ إِلَّا قَالَ مُتْرَفُوهَآ إِنَّا بِمَآ أُرْسِلْتُم بِهِۦ كَٰفِرُونَ

Біз қай елге (Алланың азабынан сақтандыратын) ескертуші жіберсек те сол елдегі байлықтың буына мас болған бай-шонжарлары: «Біз сендер әкелген мына жолдауға әсте сенбейміз», – деп шіренгеннен басқаны білмеді.

35

وَقَالُوا۟ نَحْنُ أَكْثَرُ أَمْوَٰلࣰا وَأَوْلَٰدࣰا وَمَا نَحْنُ بِمُعَذَّبِينَ

Олар ақиқат жаршыларына: «Біздің байлығымыз да, бала-шағамыз да сендердікінен анағұрлым көп, сендерден әлдеқайда күштіміз. (Сендер бізді өйтіп азаппен қорқытпай-ақ қойыңдар), біз азапқа әсте душар болмаймыз!» – деп көкірек керді.

36

قُلْ إِنَّ رَبِّي يَبْسُطُ ٱلرِّزْقَ لِمَن يَشَآءُ وَيَقْدِرُ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَ ٱلنَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ

(Уа, Мұхаммед! Ондайларға): «Расында, Раббым ризық-несібе дегенді құлдарының арасынан қалағанына үйіп-төгіп береді, ал қалағанына аз әрі өлшеп береді. Алайда адамдардың көбі осынау ақиқатты білмейді», – деп айт.

37

وَمَآ أَمْوَٰلُكُمْ وَلَآ أَوْلَٰدُكُم بِٱلَّتِي تُقَرِّبُكُمْ عِندَنَا زُلْفَىٰٓ إِلَّا مَنْ ءَامَنَ وَعَمِلَ صَٰلِحࣰا فَأُو۟لَٰٓئِكَ لَهُمْ جَزَآءُ ٱلضِّعْفِ بِمَا عَمِلُوا۟ وَهُمْ فِي ٱلْغُرُفَٰتِ ءَامِنُونَ

Олай болса, мал-пұлдарың да, бала-шағаларың да сендерді дәргейімізге жақындатпайды. Тек иман келтіріп, (өздеріне һәм өзгелерге пайда келтіретін) игілікті істер істеген жандар ғана (Бізге жақын болады). Міне, сондай ізгі жандар істеген игілікті істері үшін еселеп сауап алады һәм жұмақтың зәулім сарайларында еш нәрседен қауіп-қатер күтпей алаңсыз тұра береді.

38

وَٱلَّذِينَ يَسْعَوْنَ فِيٓ ءَايَٰتِنَا مُعَٰجِزِينَ أُو۟لَٰٓئِكَ فِي ٱلْعَذَابِ مُحْضَرُونَ

Ал аяттарымыздың ықпалын жойып, оларды түкке тұрғысыз ету үшін дамыл таппай жүргендерге келсек, ондайлар тұтылған бойда қайнаған азаптың қақ ортасына тасталады.

39

قُلْ إِنَّ رَبِّي يَبْسُطُ ٱلرِّزْقَ لِمَن يَشَآءُ مِنْ عِبَادِهِۦ وَيَقْدِرُ لَهُۥۚ وَمَآ أَنفَقْتُم مِّن شَيْءࣲ فَهُوَ يُخْلِفُهُۥۖ وَهُوَ خَيْرُ ٱلرَّٰزِقِينَ

(Уа, Мұхаммед!) «Расында, Раббым ризық-несібе дегенді құлдарынан қалағанына үйіп-төгіп береді де қалағанына аз әрі өлшеп береді. Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы», – деп айт.

40

وَيَوْمَ يَحْشُرُهُمْ جَمِيعࣰا ثُمَّ يَقُولُ لِلْمَلَٰٓئِكَةِ أَهَٰٓؤُلَآءِ إِيَّاكُمْ كَانُوا۟ يَعْبُدُونَ

Ол күндердің күнінде (мүшіріктерді және олардың тәңір тұтқан құдайларын) барлығын ғарасат майданына жинайды. Содан кейін періштелерге: «Мыналар сендерге сиынатын ба еді?» – деп сұрайды.

41

قَالُوا۟ سُبْحَٰنَكَ أَنتَ وَلِيُّنَا مِن دُونِهِمۖ بَلْ كَانُوا۟ يَعْبُدُونَ ٱلْجِنَّۖ أَكْثَرُهُم بِهِم مُّؤْمِنُونَ

Періштелер: «Сен ұлысың, мінсізсіз. Мүшірік-тердің айтқанындай емессің, Сенің серігің де, ортағың да жоқ. Біздің иеміз де, қорғанымыз да бір Өзіңсің. Біздің оларға еш қатысымыз жоқ. Жо-жоқ, әсілі олар (бізге емес) жындарға табынатын әрі көбі соларға имандай сенетін», – деп жауап береді.

42

فَٱلْيَوْمَ لَا يَمْلِكُ بَعْضُكُمْ لِبَعْضࣲ نَّفْعࣰا وَلَا ضَرࣰّا وَنَقُولُ لِلَّذِينَ ظَلَمُوا۟ ذُوقُوا۟ عَذَابَ ٱلنَّارِ ٱلَّتِي كُنتُم بِهَا تُكَذِّبُونَ

Ендеше, дәл бүгін біріңе бірің титтей пайда да, мысқалдай зиян да келтіре алмайсыңдар. Содан (Алланың алдында кешірілмес күнәға батып), өз-өздеріне зұлымдық істегендерге: «Ал енді өздерің жоққа шығарып келген тозақ азабын татыңдар», – деп айтамыз.

43

وَإِذَا تُتْلَىٰ عَلَيْهِمْ ءَايَٰتُنَا بَيِّنَٰتࣲ قَالُوا۟ مَا هَٰذَآ إِلَّا رَجُلࣱ يُرِيدُ أَن يَصُدَّكُمْ عَمَّا كَانَ يَعْبُدُ ءَابَآؤُكُمْ وَقَالُوا۟ مَا هَٰذَآ إِلَّآ إِفْكࣱ مُّفْتَرࣰىۚ وَقَالَ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ لِلْحَقِّ لَمَّا جَآءَهُمْ إِنْ هَٰذَآ إِلَّا سِحْرࣱ مُّبِينࣱ

Мүшіріктерге аяттарымыз ап-айқын дәлел ретінде оқылған кезде олар: «Бұл сендерді сонау ата-бабаларың сиынып өткен құдайларыңнан біржола бездіруді көксейтін адам, басқа ешкім де емес!» – деді. Бұнымен қоймай: «Оның мына Кітабы да жалған, (Аллаға жабылған) қып-қызыл жала, одан басқа түк те емес», – деп айтты. Күпірліктің шырмауына түскендер өздеріне ақиқат (хақ дін, хақ Кітап) келгенде: «Бұл нағыз сиқырдан, ашық көзбояушылықтан басқа түк те емес», – дейді.

44

وَمَآ ءَاتَيْنَٰهُم مِّن كُتُبࣲ يَدْرُسُونَهَاۖ وَمَآ أَرْسَلْنَآ إِلَيْهِمْ قَبْلَكَ مِن نَّذِيرࣲ

Біз бұдан бұрын оларға зерделеп оқитын бірде-бір кітап берген емеспіз (ендеше, олар қалай ғана Құранға өздерінше баға беріп, «бұл нағыз сиқыр» деп айта алады?!). Сондай-ақ оларға өзіңнен бұрын бірде-бір ескертуші де жіберген емеспіз (олай болса саған «өтірікшісің, сиқыршысың» деп жала жабуға олардың қалай ғана дәті барады?!).

45

وَكَذَّبَ ٱلَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْ وَمَا بَلَغُوا۟ مِعْشَارَ مَآ ءَاتَيْنَٰهُمْ فَكَذَّبُوا۟ رُسُلِيۖ فَكَيْفَ كَانَ نَكِيرِ

Олардан бұрын өткен кәпір қауымдар да өздеріне келген ақиқатты жоққа шығарған-тын. Ал мыналар Біздің бұрынғыларға берген күш-қуат пен сән-салтанаттың оннан біріне де жеткен емес. (Соған қарамастан әлгі күштілер азабымнан құтыла алмады). Өздеріне жіберген елшілерімді «өтірікшісіңдер» деп жалғанға шығарғанда, (Менің қаһарыма ұшырап, көздері жойылып тынды), сөйтіп, Менің жоққа шығаруымның қалай болатынын олар өз көздерімен көрді!

46

۞قُلْ إِنَّمَآ أَعِظُكُم بِوَٰحِدَةٍۖ أَن تَقُومُوا۟ لِلَّهِ مَثْنَىٰ وَفُرَٰدَىٰ ثُمَّ تَتَفَكَّرُوا۟ۚ مَا بِصَاحِبِكُم مِّن جِنَّةٍۚ إِنْ هُوَ إِلَّا نَذِيرࣱ لَّكُم بَيْنَ يَدَيْ عَذَابࣲ شَدِيدࣲ

(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Сендерге бар-жоғы бір ғана насихат айтамын: Естеріңді жиыңдар, мейлі жұптасып, оңаша қалып Алла үшін (менмендікті, сыңарезулікті қойып) шын көңілмен ақылға салып ойланыңдаршы. Жолдастарыңда жын ұрғандықтың табы да жоқ. Ол сендерді ауыр азапқа тап болмай тұрып ескерту үшін келген пайғамбар ғана», – деп айт.

47

قُلْ مَا سَأَلْتُكُم مِّنْ أَجْرࣲ فَهُوَ لَكُمْۖ إِنْ أَجْرِيَ إِلَّا عَلَى ٱللَّهِۖ وَهُوَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءࣲ شَهِيدࣱ

Әрі оларға: «Мен атқарған міндетім үшін сендерден ақы сұрамаймын. («Осы түбінде бізден осыны сұрайды-ау» деген) дүниелерің өздеріңе. Менің ақымды Алланың Өзі береді. Ол барлық нәрсеге толық куә», – де.

48

قُلْ إِنَّ رَبِّي يَقْذِفُ بِٱلْحَقِّ عَلَّٰمُ ٱلْغُيُوبِ

Оларға: «Менің Раббым ақиқатты жіберіп, (онымен жалғанның тас-талқанын шығарады). Ол – ғайып атаулыны (сезім мүшелерімен сезілмейтін тылсым дүниелерді, уақыт және мекенмен шектеулі заттық әлемнің ар жағындағының бәрін) білуші», – де.

49

قُلْ جَآءَ ٱلْحَقُّ وَمَا يُبْدِئُ ٱلْبَٰطِلُ وَمَا يُعِيدُ

Оларға: «Ақиқат келді (де айналаға нұрлы шуағын төкті). Ал жалғанның дәурені тайды, енді ол жаңадан еш нәрсе жасай да, өшкенді қайта жаңғырта да алмайды», – де.

50

قُلْ إِن ضَلَلْتُ فَإِنَّمَآ أَضِلُّ عَلَىٰ نَفْسِيۖ وَإِنِ ٱهْتَدَيْتُ فَبِمَا يُوحِيٓ إِلَيَّ رَبِّيٓۚ إِنَّهُۥ سَمِيعࣱ قَرِيبࣱ

Сондай-ақ оларға: «Егер тура жолдан адасқан болсам, демек, тек нәпсіме ергендіктен және өз зияныма адастым. Ал егер тура жолды тапқан болсам, онда Раббымның өзіме уахи еткен ақиқаттың арқасында таптым. Ол бәрін де естуші, құлдарына сондай жақын», – деп айт.

51

وَلَوْ تَرَىٰٓ إِذْ فَزِعُوا۟ فَلَا فَوْتَ وَأُخِذُوا۟ مِن مَّكَانࣲ قَرِيبࣲ

(Оларды өлім аузында, яки қайта тірілтіліп, қабірлерінен шығарылғанда) зәре-құты қалмаған кезде көрсең ғой; бірақ олар үшін енді қашып құтылатын жер жоқ, өйткені олар өте жақын тұстан (яғни, өздеріне күре тамырларынан да жақын болған Алла тарапынан) тұтылды.

52

وَقَالُوٓا۟ ءَامَنَّا بِهِۦ وَأَنَّىٰ لَهُمُ ٱلتَّنَاوُشُ مِن مَّكَانِۭ بَعِيدࣲ

Сонда олар: «Біз оған (Құранға) сендік», – дейді. Алайда оларға (ақирет сынды) соншама алыс жерден (дүниеде қалған) иманға қол жеткізу қайда?!

53

وَقَدْ كَفَرُوا۟ بِهِۦ مِن قَبْلُۖ وَيَقْذِفُونَ بِٱلْغَيْبِ مِن مَّكَانِۭ بَعِيدࣲ

Анығында, олар оны кезінде (дүниеде) жоққа шығарған еді. Һәм алыс жерден (дүниеде тұрып) ғайыпқа (ақиретке) тас атып, тіл тигізумен болған еді.

54

وَحِيلَ بَيْنَهُمْ وَبَيْنَ مَا يَشْتَهُونَ كَمَا فُعِلَ بِأَشْيَاعِهِم مِّن قَبْلُۚ إِنَّهُمْ كَانُوا۟ فِي شَكࣲّ مُّرِيبِۭ

Ал енді, бұдан бұрын өткен өздерімен бір сенімде болғандарға істелінгендей, олар мен (дүниеде жүргендерінде) жан-тәндерімен қалаған нәрселері арасына өткел бермес бөгет қойылды. Өйткені олар (дүниеде ақиретке қатысты) өте күшті шүбә-күдіктің (яғни, өзгелерді де күмәнға қалдыратын және өздеріне де маза бермейтін алапат шүбә-күдіктің) шырмауына түскен болатын.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play