Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран30. Рум
30 · сүре

Рум

60 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

الٓمٓ

Әлиф, Ләм, Мим.

2

غُلِبَتِ ٱلرُّومُ

Румдықтар жеңіліс тапты.

3

فِيٓ أَدْنَى ٱلْأَرْضِ وَهُم مِّنۢ بَعْدِ غَلَبِهِمْ سَيَغْلِبُونَ

(Арабстанға) ең таяу жерде (жеңіліс тапты). Алайда олар осы жеңілістен кейін жеңіске жетеді.

4

فِي بِضْعِ سِنِينَۗ لِلَّهِ ٱلْأَمْرُ مِن قَبْلُ وَمِنۢ بَعْدُۚ وَيَوْمَئِذࣲ يَفْرَحُ ٱلْمُؤْمِنُونَ

Бірнеше жылда (яғни, ары кетсе тоғыз-он жылда жеңіске жетеді). Әр істің һәм оқиғаның алдында да, соңында да бар билік бір Аллаға тән. Сөйтіп, (Румдықтар жеңіс туын көтерген) күні мүміндер қуанышқа бөленеді.

5

بِنَصْرِ ٱللَّهِۚ يَنصُرُ مَن يَشَآءُۖ وَهُوَ ٱلْعَزِيزُ ٱلرَّحِيمُ

(Олар) Алланың жәрдемімен (келген жеңіске қуанады). Алла қалағанына жәрдем беріп, мерейін үстем қылады. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Рахим (әсіресе, Өзіне бет бұрып, иман келтірген құлдарына) ерекше мейірімді.

6

وَعْدَ ٱللَّهِۖ لَا يُخْلِفُ ٱللَّهُ وَعْدَهُۥ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَ ٱلنَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ

Бұл – Алланың уағдасы. Алла әсте уәдесінен таймайды. Алайда адамдардың көбі (Хақ тағаланы лайықты түрде танымайтындықтан) мұны білмейді.

7

يَعْلَمُونَ ظَٰهِرࣰا مِّنَ ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا وَهُمْ عَنِ ٱلْـَٔاخِرَةِ هُمْ غَٰفِلُونَ

Олар дүниедегі қу тіршіліктің тек сыртқы жағын ғана біледі. Ал ақирет мәселесіне келгенде, мүлдем ғапыл әрі бейқам.

8

أَوَلَمْ يَتَفَكَّرُوا۟ فِيٓ أَنفُسِهِمۗ مَّا خَلَقَ ٱللَّهُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ وَمَا بَيْنَهُمَآ إِلَّا بِٱلْحَقِّ وَأَجَلࣲ مُّسَمࣰّىۗ وَإِنَّ كَثِيرࣰا مِّنَ ٱلنَّاسِ بِلِقَآئِ رَبِّهِمْ لَكَٰفِرُونَ

Олар – бір сәтке болса да оңаша қалып ойланбай ма? Алла күллі аспан әлемі мен жерді, сондай-ақ екеуінің арасындағы барлық нәрсені хақ мақсатта һәм ақиқатқа, мызғымас мінсіз жүйеге негіздеп және олардың әрқайсысына өлшеулі ғұмыр беріп жаратты. Соған қарамастан адамдардың дені Раббыларымен қауышатындықтарын жоққа шығаруда.

9

أَوَلَمْ يَسِيرُوا۟ فِي ٱلْأَرْضِ فَيَنظُرُوا۟ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْۚ كَانُوٓا۟ أَشَدَّ مِنْهُمْ قُوَّةࣰ وَأَثَارُوا۟ ٱلْأَرْضَ وَعَمَرُوهَآ أَكْثَرَ مِمَّا عَمَرُوهَا وَجَآءَتْهُمْ رُسُلُهُم بِٱلْبَيِّنَٰتِۖ فَمَا كَانَ ٱللَّهُ لِيَظْلِمَهُمْ وَلَٰكِن كَانُوٓا۟ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

Олар жер-жаһанды кезіп, өздерінен бұрын өткен (кәпір) қауымдардың ақырының не болғанын өз көздерімен көріп, ғибрат алмай ма? Анығында, олар бұлардан анағұрлым күшті еді, жердің асты-үстін бірдей игеріп, бұлардан әлдеқайда ауқымды әрі ұзақ уақыт бойы жер бетін көркейтумен болған болатын. Оларға да өз пайғамбарлары ап-айқын дәлелдермен келген болатын. Алла оларға (зауал беру арқылы) әсте зұлымдық жасаған емес, керісінше, олар өз-өздеріне зұлымдық жасаумен болған еді.

10

ثُمَّ كَانَ عَٰقِبَةَ ٱلَّذِينَ أَسَٰٓـُٔوا۟ ٱلسُّوٓأَىٰٓ أَن كَذَّبُوا۟ بِـَٔايَٰتِ ٱللَّهِ وَكَانُوا۟ بِهَا يَسْتَهْزِءُونَ

Жамандыққа белшесінен батқан сол қауымдардың ақыры өте жаман болды. Өйткені олар Алланың аяттарын жалғанға шығаратын әрі мазаққа айналдыратын еді.

11

ٱللَّهُ يَبْدَؤُا۟ ٱلْخَلْقَ ثُمَّ يُعِيدُهُۥ ثُمَّ إِلَيْهِ تُرْجَعُونَ

Алла жаратылыс атаулыны жоқтан жаратады, содан кейін (барлығын өлтіріп ақиретте) қайтадан жаратады. Содан соң (жауапқа тартылып, лайықты қарымталарыңды алу үшін) Оған қайтарыласыңдар.

12

وَيَوْمَ تَقُومُ ٱلسَّاعَةُ يُبْلِسُ ٱلْمُجْرِمُونَ

Қиямет-қайым орнаған күні күнәһарлар (бар жақсылықтан) үміттерін үзеді (немесе айтатын сылтау таппағандықтан үндері өшеді).

13

وَلَمْ يَكُن لَّهُم مِّن شُرَكَآئِهِمْ شُفَعَٰٓؤُا۟ وَكَانُوا۟ بِشُرَكَآئِهِمْ كَٰفِرِينَ

(Ол күні) Аллаға серік етіп қосқан құдайларының ішінен өздеріне ара түсетін бірде-бір шапағатшы шықпайды. Олар өздері де (дүниеде) Аллаға тең көрген құдайларынан сырт айналып, безетін болады.

14

وَيَوْمَ تَقُومُ ٱلسَّاعَةُ يَوْمَئِذࣲ يَتَفَرَّقُونَ

Қиямет-қайым орнаған күні адамдар (мүміндер және кәпірлер болып) екіге айырылады.

15

فَأَمَّا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ فَهُمْ فِي رَوْضَةࣲ يُحْبَرُونَ

Сонда иман келтіріп, игі істер істегендер жаннат бау-бақшаларында сансыз нығметке бөленіп, шат-шадыман күй кешеді.

16

وَأَمَّا ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَكَذَّبُوا۟ بِـَٔايَٰتِنَا وَلِقَآئِ ٱلْـَٔاخِرَةِ فَأُو۟لَٰٓئِكَ فِي ٱلْعَذَابِ مُحْضَرُونَ

Ал күпірлік қылып, аяттарымызды және ақиреттегі қауышуды жалғанға шығарғандарға келсек, олар топ-тобымен тұтылып, қайнаған азаптың қақ ортасына тасталады.

17

فَسُبْحَٰنَ ٱللَّهِ حِينَ تُمْسُونَ وَحِينَ تُصْبِحُونَ

Ендеше, кеш батырып, таң атырғандарыңда (яғни кешкі, түнгі және таңғы намазда) Алланың мінсіз, кемшілік атаулыдан ада екенін айтып жар салыңдар!

18

وَلَهُ ٱلْحَمْدُ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ وَعَشِيࣰّا وَحِينَ تُظْهِرُونَ

Екінді және түскі уақытта (яғни екінді және түскі намазында) да; көктерде де, жерде де бар мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Өзіне ғана тән екенін айтып жар салыңдар!

19

يُخْرِجُ ٱلْحَيَّ مِنَ ٱلْمَيِّتِ وَيُخْرِجُ ٱلْمَيِّتَ مِنَ ٱلْحَيِّ وَيُحْيِ ٱلْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَاۚ وَكَذَٰلِكَ تُخْرَجُونَ

Ол − өліден тіріні шығарады, тіріден өліні шығарады және (қыстағы) өлі жерді кейін (көктем келгенде) қайта тірілтеді. Міне, сендер де өлгеннен кейін дәл солай тірілтіліп, қабірлеріңнен шығарыласыңдар.

20

وَمِنْ ءَايَٰتِهِۦٓ أَنْ خَلَقَكُم مِّن تُرَابࣲ ثُمَّ إِذَآ أَنتُم بَشَرࣱ تَنتَشِرُونَ

Оның (құдіреті күшті жалғыз Жаратушы екендігінің) айқын дәлелдерінің бірі; сендерді топырақтан жаратқандығы. Кейін сендер өсіп-өніп, жер бетіне тарап, кеңінен қанат жайған адамзат қауымына айналдыңдар.

21

وَمِنْ ءَايَٰتِهِۦٓ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَٰجࣰا لِّتَسْكُنُوٓا۟ إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةࣰ وَرَحْمَةًۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّقَوْمࣲ يَتَفَكَّرُونَ

Сондай-ақ Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқандығы. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін ап-айқын дәлелдер мен талай ғибрат бар.

22

وَمِنْ ءَايَٰتِهِۦ خَلْقُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ وَٱخْتِلَٰفُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَٰنِكُمْۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّلْعَٰلِمِينَ

Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен реңдеріңнің әр алуан болғандығы да Оның (шексіз құдірет иесі екенін көрсететін) ап-айқын дәлелдерінің бірі. Әрине, осында да (жаратылыстың қыр-сырын) білетіндер үшін айқын белгілер мен талай ғибрат бар.

23

وَمِنْ ءَايَٰتِهِۦ مَنَامُكُم بِٱلَّيْلِ وَٱلنَّهَارِ وَٱبْتِغَآؤُكُم مِّن فَضْلِهِۦٓۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّقَوْمࣲ يَسْمَعُونَ

Түнгі және күндізгі ұйқыларың әрі Оның кеңшілігінен ризық-несібелеріңді табуларың да Оның (шексіз құдірет Иесі екенін көрсететін) айқын дәлелдердің бірі. Міне, осының өзінде (ақиқатқа) құлақ асатын жандар үшін айқын белгілер мен талай ғибрат бар.

24

وَمِنْ ءَايَٰتِهِۦ يُرِيكُمُ ٱلْبَرْقَ خَوْفࣰا وَطَمَعࣰا وَيُنَزِّلُ مِنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءࣰ فَيُحْيِۦ بِهِ ٱلْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَآۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّقَوْمࣲ يَعْقِلُونَ

Оның айқын дәлелдерінің бір парасы да мыналар: Ол сендерге һәм үрей салу һәм (жауыннан) үміттендіру үшін көкте найзағай ойнатады. Сондай-ақ Ол көктен жауын жаудырып, сол арқылы өлі жерді қайтадан тірілтеді. Міне, осында ақылға салып, ойланатын жандар үшін айқын белгілер мен талай ғибрат бар.

25

وَمِنْ ءَايَٰتِهِۦٓ أَن تَقُومَ ٱلسَّمَآءُ وَٱلْأَرْضُ بِأَمْرِهِۦۚ ثُمَّ إِذَا دَعَاكُمْ دَعْوَةࣰ مِّنَ ٱلْأَرْضِ إِذَآ أَنتُمْ تَخْرُجُونَ

Сонымен қатар, көк пен жердің Оның әмірінің (және орнатқан заңдылықтарының) арқасында мызғымай тұрғаны да Оның айқын дәлелдерінің бірі. Кейін сендерді жатқан жерлеріңнен шақырған сәтте-ақ қабірлеріңнен атып шығасыңдар.

26

وَلَهُۥ مَن فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۖ كُلࣱّ لَّهُۥ قَٰنِتُونَ

Көктердегінің һәм жердегінің бәрі бір Өзіне тиесілі. Барлығы да бір Өзіне мойынсұнуда. (Яғни, жаратылыс атаулының бәрі Алланың табиғи заңдылықтарына және көпшілігі һәм табиғи һәм шариғи заңдылықтарына қалтқысыз бағынуда).

27

وَهُوَ ٱلَّذِي يَبْدَؤُا۟ ٱلْخَلْقَ ثُمَّ يُعِيدُهُۥ وَهُوَ أَهْوَنُ عَلَيْهِۚ وَلَهُ ٱلْمَثَلُ ٱلْأَعْلَىٰ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۚ وَهُوَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ

Жаратылыс атаулыны жоқтан жарататын, содан кейін (барлығын өлтіріп, ақиретте) қайтадан жарататын да бір Өзі. Ол үшін қайта жарату оп-оңай. Көктерде де, жерде де жаратылыс атаулыға үлгі боларлық ең көркем сипаттар мен ең асқақ қасиеттер бір Өзіне тән (Оны сол ерекше қасиеттері мен аса көркем сипаттары арқылы таныту керек). Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен үкімінде көптеген хикметтер болатын асқан даналық иесі).

28

ضَرَبَ لَكُم مَّثَلࣰا مِّنْ أَنفُسِكُمْۖ هَل لَّكُم مِّن مَّا مَلَكَتْ أَيْمَٰنُكُم مِّن شُرَكَآءَ فِي مَا رَزَقْنَٰكُمْ فَأَنتُمْ فِيهِ سَوَآءࣱ تَخَافُونَهُمْ كَخِيفَتِكُمْ أَنفُسَكُمْۚ كَذَٰلِكَ نُفَصِّلُ ٱلْـَٔايَٰتِ لِقَوْمࣲ يَعْقِلُونَ

Алла сендерге өз бастарыңнан мынадай салыстырмалы мысал келтіреді: Қоластыларыңдағы (құлдарың мен жалшыларыңның) арасында Біз берген ризық-несібелеріңе өздеріңмен тең дәрежеде ортақтасатын еншілестерің, сондай-ақ өздеріңмен терезесі тең жандардан именгендеріңдей олардың арасында да именіп, құрмет тұтатындарың бар ма?! (Ендеше қалай ғана Алланың құлдарын Өзіне ортақтас немесе серік етіп қосасыңдар)?! Міне, Біз ақылға салып, ойланатын қауым үшін (Алланың серігі жоқ жалғыз Құдай екенін көрсететін) аяттарымызды осылай баяндаймыз.

29

بَلِ ٱتَّبَعَ ٱلَّذِينَ ظَلَمُوٓا۟ أَهْوَآءَهُم بِغَيْرِ عِلْمࣲۖ فَمَن يَهْدِي مَنْ أَضَلَّ ٱللَّهُۖ وَمَا لَهُم مِّن نَّٰصِرِينَ

Жо-жоқ, (Аллаға серік қосып) ең зор зұлымдықты жасағандар шынайы ілімге емес, әуейіліктеріне еруде. Міне, сондықтан да Алла адастырғанды тура жолға кім сала алады дейсің?! (Қиямет күні ондай Құдай атқан мүшріктерге) қолұшын берер бірде-бір медеткер табылмайды.

30

فَأَقِمْ وَجْهَكَ لِلدِّينِ حَنِيفࣰاۚ فِطْرَتَ ٱللَّهِ ٱلَّتِي فَطَرَ ٱلنَّاسَ عَلَيْهَاۚ لَا تَبْدِيلَ لِخَلْقِ ٱللَّهِۚ ذَٰلِكَ ٱلدِّينُ ٱلْقَيِّمُ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَ ٱلنَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ

Алайда сен (жалған сенім мен екіжүзділіктен ада болған) пәк сенім таухидті берік ұстанған күйде хақ дінге (Исламға) жан-тәніңмен бет бұр! Бұл сондай дін – Алла күллі адамзатты (олардың табиғатын, бар болмысын) соның негізінде, соған сай етіп жаратты, (адамзаттың жаратылыс мақсаты да – сол хақ дінге бет бұру болып табылады). Алланың жаратқаны өзгермейді, оны өзгерту мүмкін емес. Нағыз хақ, мінсіз дін, міне, осы. Алайда адамдардың көбі мұны білмейді.

31

۞مُنِيبِينَ إِلَيْهِ وَٱتَّقُوهُ وَأَقِيمُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ وَلَا تَكُونُوا۟ مِنَ ٱلْمُشْرِكِينَ

(Қауым болып, қоғам болып мойынсұнған,) шын жүректен тәубеге келген күйде бір Аллаға бет бұрыңдар. Одан лайықты түрде қорқыңдар, Оны шын көңілден ұлықтаңдар оған қарсы келуден әрі қаһарына ұшыраудан сақтаныңдар. Намазды кемеліне келтіріп, уақытылы әрі үзбей оқыңдар. Сондай-ақ (сенімде, құлшылықта әрі күнделікті тіршілікте) Оған өзгелерді серік етіп қосатын мүшріктерге қосылмаңдар!

32

مِنَ ٱلَّذِينَ فَرَّقُوا۟ دِينَهُمْ وَكَانُوا۟ شِيَعࣰاۖ كُلُّ حِزْبِۭ بِمَا لَدَيْهِمْ فَرِحُونَ

Яғни, діндерін (әр түрлі мақсатта пайдалануды көздеп) тарам-тарам қылып, (жалған көсемдердің соңынан еріп) сан алуан топтарға, әр қилы ағымдарға бөлінген мүшріктерге қосылмаңдар. Әр топ өз сенімі мен ұстанымына мәз болып масаттанады.

33

وَإِذَا مَسَّ ٱلنَّاسَ ضُرࣱّ دَعَوْا۟ رَبَّهُم مُّنِيبِينَ إِلَيْهِ ثُمَّ إِذَآ أَذَاقَهُم مِّنْهُ رَحْمَةً إِذَا فَرِيقࣱ مِّنْهُم بِرَبِّهِمْ يُشْرِكُونَ

Адамдардың басына қандай да бір қиындық туа қалса, бірден пұшайман күй кешіп, Раббыларына бар ықыластарымен бет бұрып, жалбарына бастайды. Кейін Хақ тағала оларды есіркеп, рақымының дәмін таттырған кезде, олардың бір тобы, түк болмағандай Раббыларына қайтадан серік қосып шыға келеді.

34

لِيَكْفُرُوا۟ بِمَآ ءَاتَيْنَٰهُمْۚ فَتَمَتَّعُوا۟ فَسَوْفَ تَعْلَمُونَ

Олар осылай, өздеріне берген нығметтерімізге мүлдем алғыс айтпайды. Ендеше, өздеріңе жақсы болса, қу тіршіліктің қызығы мен рақатына бата беріңдер. Не істегендеріңді (қандай үлкен қателік жасағандарыңды) әлі-ақ білетін боласыңдар.

35

أَمْ أَنزَلْنَا عَلَيْهِمْ سُلْطَٰنࣰا فَهُوَ يَتَكَلَّمُ بِمَا كَانُوا۟ بِهِۦ يُشْرِكُونَ

Әлде оларға Аллаға өзгелерді серік етіп қосыңдар деп айтатын пәрмен түсіріп пе едік?!

36

وَإِذَآ أَذَقْنَا ٱلنَّاسَ رَحْمَةࣰ فَرِحُوا۟ بِهَاۖ وَإِن تُصِبْهُمْ سَيِّئَةُۢ بِمَا قَدَّمَتْ أَيْدِيهِمْ إِذَا هُمْ يَقْنَطُونَ

Адамдарға рақымымыздың дәмін таттыра қалсақ, соған масайрап шыға келеді. Ал өз қолдарымен істеген күнәларының кесірінен бастарына қандай да бір жамандық келсе, бірден түңіліп, бар жақсылықтан үміт үзеді.

37

أَوَلَمْ يَرَوْا۟ أَنَّ ٱللَّهَ يَبْسُطُ ٱلرِّزْقَ لِمَن يَشَآءُ وَيَقْدِرُۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّقَوْمࣲ يُؤْمِنُونَ

Олар Алланың ризық-несібе дегенді құлдарының арасынан қалағанына үйіп-төгіп беретінін, ал қалағанына аз әрі өлшеп беретінін көрмей ме? Шүбәсіз, осының өзінде иман келтіретін қауым үшін көптеген айқын белгілер әрі талай ғибрат бар.

38

فَـَٔاتِ ذَا ٱلْقُرْبَىٰ حَقَّهُۥ وَٱلْمِسْكِينَ وَٱبْنَ ٱلسَّبِيلِۚ ذَٰلِكَ خَيْرࣱ لِّلَّذِينَ يُرِيدُونَ وَجْهَ ٱللَّهِۖ وَأُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلْمُفْلِحُونَ

Ендеше, жақын туыстарыңа, пақыр-міскінге және (ел-жұртынан жырақта жүрген) мұқтаж жолаушыға (қолыңдағы дүниеңнен) тиісті хақысын бер! Алланың разылығын қалайтын жандар үшін ең қайырлы іс, міне, сол. Олар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұраттарына жететіндер.

39

وَمَآ ءَاتَيْتُم مِّن رِّبࣰا لِّيَرْبُوَا۟ فِيٓ أَمْوَٰلِ ٱلنَّاسِ فَلَا يَرْبُوا۟ عِندَ ٱللَّهِۖ وَمَآ ءَاتَيْتُم مِّن زَكَوٰةࣲ تُرِيدُونَ وَجْهَ ٱللَّهِ فَأُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلْمُضْعِفُونَ

Өзгелердің дүние-пұлының ішінде көбейе түссін деп, өсім үшін берген мал-пұлдарың (сырттай қарағанда қанша жерден көбейсе де) Алланың құзырында әсте көбеймейді (керісінше, оның құты қашады). Ал бір Алланың разылығын қалап, шын жүректен берген зекет-садақаларың болса, (Алланың құзырында сөзсіз еселене түседі). Дүниесін де, сауабын да еселеп көбейту арқылы мол табысқа кенелетіндер, міне, солар.

40

ٱللَّهُ ٱلَّذِي خَلَقَكُمْ ثُمَّ رَزَقَكُمْ ثُمَّ يُمِيتُكُمْ ثُمَّ يُحْيِيكُمْۖ هَلْ مِن شُرَكَآئِكُم مَّن يَفْعَلُ مِن ذَٰلِكُم مِّن شَيْءࣲۚ سُبْحَٰنَهُۥ وَتَعَٰلَىٰ عَمَّا يُشْرِكُونَ

Сендерді жоқтан жаратқан, жаратқаннан кейін ризықтандырған, кейін (дәм-тұздарың таусылғанда) сендерге ажал таптыратын да, содан кейін қайта тірілтетін де бір Алла. (Әй, мүшріктер!) Қане, айтыңдаршы, Аллаға серік етіп қосқан құдайларыңның арасында осы айтылғандардың біреуін болса да істей алатын бар ма?! Алла – олардың Өзіне серік етіп қосқан жалған құдайларынан аулақ һәм әлдеқайда ұлы.

41

ظَهَرَ ٱلْفَسَادُ فِي ٱلْبَرِّ وَٱلْبَحْرِ بِمَا كَسَبَتْ أَيْدِي ٱلنَّاسِ لِيُذِيقَهُم بَعْضَ ٱلَّذِي عَمِلُوا۟ لَعَلَّهُمْ يَرْجِعُونَ

Адамдардың өз қолымен істеген жамандықтары мен күнәларының кесірінен теңізде де, құрлықта да бүліншілік орын алып, ондағы жүйе мен тәртіптің астаң-кестеңі шықты. Сол арқылы Алла, оларға, бәлкім, райларынан қайтар деп, өз қолдарымен істеген кесірлі істерінің зардабын тартқызуда.

42

قُلْ سِيرُوا۟ فِي ٱلْأَرْضِ فَٱنظُرُوا۟ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلَّذِينَ مِن قَبْلُۚ كَانَ أَكْثَرُهُم مُّشْرِكِينَ

Оларға: «Жер бетін шарлап, бұрын өткен күнәһар қауымдардың ақырының не болғанына көз жіберіңдер! Олардың дені мүшріктер болатын», – деп, айт.

43

فَأَقِمْ وَجْهَكَ لِلدِّينِ ٱلْقَيِّمِ مِن قَبْلِ أَن يَأْتِيَ يَوْمࣱ لَّا مَرَدَّ لَهُۥ مِنَ ٱللَّهِۖ يَوْمَئِذࣲ يَصَّدَّعُونَ

Ендеше, Алладан ешкім кері қайтара (да, кейінге шегере де) алмайтын алапат күн келмей тұрып, мінсіз, тура дінге толық бет бұр! Сол күні адамдар (жұмақтықтар мен тозақылар болып) екіге айырылады.

44

مَن كَفَرَ فَعَلَيْهِ كُفْرُهُۥۖ وَمَنْ عَمِلَ صَٰلِحࣰا فَلِأَنفُسِهِمْ يَمْهَدُونَ

Ендеше, кімде-кім (иман ақиқатынан сырт айналып) күпірлік қылса, оның күпірлігі өзіне. Ал кім (иман келтіріп) игілік істесе, олар да өздері үшін қамдануда (о дүниеде мәңгі-бақи бақытты өмір сүрудің қамын жасауда).

45

لِيَجْزِيَ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ مِن فَضْلِهِۦٓۚ إِنَّهُۥ لَا يُحِبُّ ٱلْكَٰفِرِينَ

Өйткені Алла, иман келтіріп, игі істер істегендерді Өзінің шексіз шарапатымен ерекше сый-сияпатқа бөлейді. Шүбәсіз, Ол – кәпірлерді жақсы көрмейді.

46

وَمِنْ ءَايَٰتِهِۦٓ أَن يُرْسِلَ ٱلرِّيَاحَ مُبَشِّرَٰتࣲ وَلِيُذِيقَكُم مِّن رَّحْمَتِهِۦ وَلِتَجْرِيَ ٱلْفُلْكُ بِأَمْرِهِۦ وَلِتَبْتَغُوا۟ مِن فَضْلِهِۦ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

Оның (жауын жаудырар алдында) желді сүйін-шілеуші ретінде жіберуі, (ұлылығы мен құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі. Ол осынау желді сендерге нұрын төгіп, рақымының дәмін таттыру үшін пәрменімен (яғни, Өзі орнатқан табиғи заңдылықтар негізінде) кемелердің еркін жүзуі үшін сондай-ақ (сол кемелермен теңізге шығып) шарапатты кеңшілігінен ризық-несібелеріңді табуларың үшін, әрі Өзіне шүкіршілік етулерің үшін жіберуде.

47

وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ رُسُلًا إِلَىٰ قَوْمِهِمْ فَجَآءُوهُم بِٱلْبَيِّنَٰتِ فَٱنتَقَمْنَا مِنَ ٱلَّذِينَ أَجْرَمُوا۟ۖ وَكَانَ حَقًّا عَلَيْنَا نَصْرُ ٱلْمُؤْمِنِينَ

Шүбәсіз, сенен бұрын да әрқайсысы өз қауымын тура жолға бастайтын елші пайғамбарлар жібердік. Олар қауымдарына ақиқатты көрсететін айқын дәлелдермен келді. Алайда ақыр соңында, (күпір-лікте қасарысқанымен қоймай, мүміндерге қысым көрсетіп) күнәға белшесінен батқан күнәһарлардың сазайын бердік. Өйткені мүміндерге жәрдем беру Біздің хақ уағдамыз әрі борышымыз еді.

48

ٱللَّهُ ٱلَّذِي يُرْسِلُ ٱلرِّيَٰحَ فَتُثِيرُ سَحَابࣰا فَيَبْسُطُهُۥ فِي ٱلسَّمَآءِ كَيْفَ يَشَآءُ وَيَجْعَلُهُۥ كِسَفࣰا فَتَرَى ٱلْوَدْقَ يَخْرُجُ مِنْ خِلَٰلِهِۦۖ فَإِذَآ أَصَابَ بِهِۦ مَن يَشَآءُ مِنْ عِبَادِهِۦٓ إِذَا هُمْ يَسْتَبْشِرُونَ

Алла әуелі желдерді естіреді, сөйтіп (Оның құдірет-күшімен) ескен желдер бұлттарды қозғалысқа келтіреді. Алла ол бұлттарды көк кеңістігіне Өз қалауы бойынша жаяды, кейде түйдек-түйдек етіп ыдыратады. Нәтижеде бұлттардың арасынан жауынның жауғанын көресің. Алла нұрын Өзі қалаған құлдарына төккен шақта олар жүздеріне нұр жүгіріп, шаттыққа бөленеді.

49

وَإِن كَانُوا۟ مِن قَبْلِ أَن يُنَزَّلَ عَلَيْهِم مِّن قَبْلِهِۦ لَمُبْلِسِينَ

Әйтпесе, олар бұған дейін, өздеріне жауын жаумай тұрып, одан мүлдем күдер үзген еді.

50

فَٱنظُرْ إِلَىٰٓ ءَاثَٰرِ رَحْمَتِ ٱللَّهِ كَيْفَ يُحْيِ ٱلْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَآۚ إِنَّ ذَٰلِكَ لَمُحْيِ ٱلْمَوْتَىٰۖ وَهُوَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءࣲ قَدِيرࣱ

Ал енді, Алланың шексіз рақымының іздеріне көз жіберші, жерді өлгеннен кейін қалай тірілтеді?! Міне, соны істеген, өлілерді де қайта тірілтетін шексіз құдірет иесі. Оның құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді.

51

وَلَئِنْ أَرْسَلْنَا رِيحࣰا فَرَأَوْهُ مُصْفَرࣰّا لَّظَلُّوا۟ مِنۢ بَعْدِهِۦ يَكْفُرُونَ

Егер де Біз аңызақ қара жел соқтырсақ, сөйтіп, олар (кеше ғана Алланың қалауымен) жайқалып тұрған өсімдіктер мен егіннің күйіп, сарғайып кеткенін көрсе, бәрібір Аллаға бір ауыз рақметі жоқ кәпірлер болып қала береді. (Яғни, көр кеуде кәпірлер бастарына қанша жерден бәле жауса да өздерінен көрмейді, сол үшін де ғибрат алып, тәубеге келмейді).

52

فَإِنَّكَ لَا تُسْمِعُ ٱلْمَوْتَىٰ وَلَا تُسْمِعُ ٱلصُّمَّ ٱلدُّعَآءَ إِذَا وَلَّوْا۟ مُدْبِرِينَ

Сондықтан да (уа, Мұхаммед!) Дауысыңды өлілерге естірте алмайтыныңдай (ақиқат айтылғанда) сырт айналып тұра қаштын саңырауларға да үндеуіңді естірте алмайсың.

53

وَمَآ أَنتَ بِهَٰدِ ٱلْعُمْيِ عَن ضَلَٰلَتِهِمْۖ إِن تُسْمِعُ إِلَّا مَن يُؤْمِنُ بِـَٔايَٰتِنَا فَهُم مُّسْلِمُونَ

Сондай-ақ (ақиқатты көрмейтін) көрсоқырлар-дың да адасқан бетін бері бұрып, тура жолға түсіре алмайсың. Сен үндеуіңді тек (өз бойларындағы һәм жалпы болмыстағы) аяттарымызға, айқын дәлелдерімізге иланатын һәм ақиқатқа мойын-сұнатын жандарға ғана естірте аласың.

54

۞ٱللَّهُ ٱلَّذِي خَلَقَكُم مِّن ضَعْفࣲ ثُمَّ جَعَلَ مِنۢ بَعْدِ ضَعْفࣲ قُوَّةࣰ ثُمَّ جَعَلَ مِنۢ بَعْدِ قُوَّةࣲ ضَعْفࣰا وَشَيْبَةࣰۚ يَخْلُقُ مَا يَشَآءُۚ وَهُوَ ٱلْعَلِيمُ ٱلْقَدِيرُ

Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін сол әлсіздіктен соң (буындарыңды бекітіп) күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады. Ол қалағанын жаратады. Ол – Алим (бәрін лайықты түрде білетін шексіз ілім Иесі), Қадир (теңдессіз құдірет иесі).

55

وَيَوْمَ تَقُومُ ٱلسَّاعَةُ يُقْسِمُ ٱلْمُجْرِمُونَ مَا لَبِثُوا۟ غَيْرَ سَاعَةࣲۚ كَذَٰلِكَ كَانُوا۟ يُؤْفَكُونَ

Қиямет-қайым орнаған күні күнәға белшесінен батқан күнәһарлар дүниеде бір сағаттан артық тұрмағанын айтып, ант-су ішеді. Олар (дүниеде де) дәл осылай ақиқаттан алшақтатылып, қателіктерге ұрындырылатын еді.

56

وَقَالَ ٱلَّذِينَ أُوتُوا۟ ٱلْعِلْمَ وَٱلْإِيمَٰنَ لَقَدْ لَبِثْتُمْ فِي كِتَٰبِ ٱللَّهِ إِلَىٰ يَوْمِ ٱلْبَعْثِۖ فَهَٰذَا يَوْمُ ٱلْبَعْثِ وَلَٰكِنَّكُمْ كُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ

Ал өздеріне шынайы ілім һәм иман берілген жандар болса, оларға: «Алла жазмыш Кітабында сендерге дүниеде қанша уақыт тұруды жазса, қайта тірілетін күнге дейін сонша уақыт тұрдыңдар. Міне, бүгін қайта тірілу күні, алайда сендер мұны білмейтін едіңдер, тіпті, білгілерің де келмейтін еді», – деп айтады.

57

فَيَوْمَئِذࣲ لَّا يَنفَعُ ٱلَّذِينَ ظَلَمُوا۟ مَعْذِرَتُهُمْ وَلَا هُمْ يُسْتَعْتَبُونَ

Ол күні (дүниеде күнәға әбден батып) өздеріне де, өзгелерге де зұлымдық жасағандарға айтқан сылтаулары мен уәждері түк те пайда бермейді һәм «түзеліп, Раббымызды разы ету үшін дүниеге қайтарылсақ екен», деген өтініштері де қабыл алынбайды.

58

وَلَقَدْ ضَرَبْنَا لِلنَّاسِ فِي هَٰذَا ٱلْقُرْءَانِ مِن كُلِّ مَثَلࣲۚ وَلَئِن جِئْتَهُم بِـَٔايَةࣲ لَّيَقُولَنَّ ٱلَّذِينَ كَفَرُوٓا۟ إِنْ أَنتُمْ إِلَّا مُبْطِلُونَ

Біз расында, осынау Құранда адамдар үшін сан алуан мысалдар, тәмсілдер мен дәлелдер келтіріп бақтық. (Уа, Мұхаммед!) Егер оларға сұраған мұғжизаларын көрсетсең-де, күпірлікте қасарысқан ол кәпірлер: «Сендер (Алланың атын жамылып, ел-жұртты өздерің ойлап тапқан жалған жолға бастау үшін жүрген) өтірікші кәззәпсыңдар, басқа түк те емес», – деп айтады.

59

كَذَٰلِكَ يَطْبَعُ ٱللَّهُ عَلَىٰ قُلُوبِ ٱلَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ

Міне, Алла, ақиқатты білмейтін һәм білгісі де келмейтін надандардың жүрегін осылай (мәңгі-бақи оянбастай етіп) мөрлеп тастайды.

60

فَٱصْبِرْ إِنَّ وَعْدَ ٱللَّهِ حَقࣱّۖ وَلَا يَسْتَخِفَّنَّكَ ٱلَّذِينَ لَا يُوقِنُونَ

Ендеше, сен барынша сабыр ет. Өйткені Алланың уағдасы хақ. Олай болса, осынау ақиқатқа иланбайтындар дегбіріңді қашырмасын.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play