Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран28. Қасас
28 · сүре

Қасас

88 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

طسٓمٓ

Та, Сиин, Мим.

2

تِلْكَ ءَايَٰتُ ٱلْكِتَٰبِ ٱلْمُبِينِ

Бұлар ақиқатты ашық баяндайтын һәм Хақтан келгендігі ап-айқын Кітаптың аяттары.

3

نَتْلُوا۟ عَلَيْكَ مِن نَّبَإِ مُوسَىٰ وَفِرْعَوْنَ بِٱلْحَقِّ لِقَوْمࣲ يُؤْمِنُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Иман келтіретін қауым үшін саған Мұса мен Перғауынға қатысты ғибратты оқиғалардың бір парасын шындық негізінде баяндап береміз.

4

إِنَّ فِرْعَوْنَ عَلَا فِي ٱلْأَرْضِ وَجَعَلَ أَهْلَهَا شِيَعࣰا يَسْتَضْعِفُ طَآئِفَةࣰ مِّنْهُمْ يُذَبِّحُ أَبْنَآءَهُمْ وَيَسْتَحْيِۦ نِسَآءَهُمْۚ إِنَّهُۥ كَانَ مِنَ ٱلْمُفْسِدِينَ

Расында, Перғауын (Мысыр) жерінде астамшылыққа барып, ол жердің халқын топ-топқа бөлді, әсіресе, олардың арасынан бір топқа көрсетпеген қорлығы қалмады. Олардың ұл балаларын жаппай бауыздауда, қыздарын (күң қылу әрі жергілікті халыққа үйлендіріп, аталмыш топтың тұқымын тұздай құрту үшін) тірі қалдыруда. Ол расында да, барып тұрған бұзақы еді.

5

وَنُرِيدُ أَن نَّمُنَّ عَلَى ٱلَّذِينَ ٱسْتُضْعِفُوا۟ فِي ٱلْأَرْضِ وَنَجْعَلَهُمْ أَئِمَّةࣰ وَنَجْعَلَهُمُ ٱلْوَٰرِثِينَ

Ал Біздің қалауымыз: Мысыр жерінде әбден қорлық көріп, жапа шеккен қауымға шарапатымызды тигізіп, оларды (залымдардың қанды шеңгелінен құтқарып) өзге ел-жұртқа жан-жақты үлгі болатын көсем ел етіп, араларынан елді тура жолға бастайтын жолбасшылар шығару, сондай-ақ оларды (шығысы мен батысына құт-береке дарыған қасиетті де құтты мекенге) мұрагер қылу еді.

6

وَنُمَكِّنَ لَهُمْ فِي ٱلْأَرْضِ وَنُرِيَ فِرْعَوْنَ وَهَٰمَٰنَ وَجُنُودَهُمَا مِنْهُم مَّا كَانُوا۟ يَحْذَرُونَ

Сондай-ақ оларды сол жердің қожайындары ету әрі Перғауын мен (бас уәзірі) Һаман һәм екеуінің қалың әскері (Мұса және қауымынан) қандай себеппен қорыққан болса оларды соған душар ету еді.

7

وَأَوْحَيْنَآ إِلَىٰٓ أُمِّ مُوسَىٰٓ أَنْ أَرْضِعِيهِۖ فَإِذَا خِفْتِ عَلَيْهِ فَأَلْقِيهِ فِي ٱلْيَمِّ وَلَا تَخَافِي وَلَا تَحْزَنِيٓۖ إِنَّا رَآدُّوهُ إِلَيْكِ وَجَاعِلُوهُ مِنَ ٱلْمُرْسَلِينَ

Мұса (дүниеге келгенде) анасына: «Оны еміз (тағдыры не болар екен деп уайым жеме)! Өміріне қауіп төне ме деп қорыққаныңда (сандыққа салып) өзенге ағызып жібер және ол үшін еш қорықпа да, мұңайма. Біз оны өзіңе қайтарамыз, әрі елші пайғамбарлардың бірі һәм бірегейі қыламыз», – деп аян бердік.

8

فَٱلْتَقَطَهُۥٓ ءَالُ فِرْعَوْنَ لِيَكُونَ لَهُمْ عَدُوࣰّا وَحَزَنًاۗ إِنَّ فِرْعَوْنَ وَهَٰمَٰنَ وَجُنُودَهُمَا كَانُوا۟ خَٰطِـِٔينَ

Содан Перғауынның үй іші түптің түбінде өздеріне дұшпан әрі бастарына қайғы болатын нәрестені өзеннен тауып алды. Расында, Перғауын, Һаман және екеуінің қалың әскері (әсіресе, Исрайыл ұрпақтарына қарсы) өте залым еді.

9

وَقَالَتِ ٱمْرَأَتُ فِرْعَوْنَ قُرَّتُ عَيْنࣲ لِّي وَلَكَۖ لَا تَقْتُلُوهُ عَسَىٰٓ أَن يَنفَعَنَآ أَوْ نَتَّخِذَهُۥ وَلَدࣰا وَهُمْ لَا يَشْعُرُونَ

Перғауынның әйелі (нәрестеге мейірімі түсіп, күйеуіне): «Міне, менің де, сенің де көзіміздің нұры һәм қуанышы болатын бала. Оны өлтірмеңдер. Кім біледі, бәлкім, бізге пайдасы тиер, не болмаса бауырымызға салып, бала етіп алармыз», – деп өтінді. Алайда олар сол кезде мұның ақыры не боларын сезген де жоқ.

10

وَأَصْبَحَ فُؤَادُ أُمِّ مُوسَىٰ فَٰرِغًاۖ إِن كَادَتْ لَتُبْدِي بِهِۦ لَوْلَآ أَن رَّبَطْنَا عَلَىٰ قَلْبِهَا لِتَكُونَ مِنَ ٱلْمُؤْمِنِينَ

Мұсаның анасы (сәбиінің Перғауынның қолында екенін білгенде) көңілі құлазып, әбден есі кетті. Егер уәдеміздің міндетті түрде орындалатынына кәміл сенуі үшін жүрегін орнықтырмағанымызда, (бауыр еті баласына қалай да жетемін деп жүріп) ішкі сырын әшкерелеп қояр еді.

11

وَقَالَتْ لِأُخْتِهِۦ قُصِّيهِۖ فَبَصُرَتْ بِهِۦ عَن جُنُبࣲ وَهُمْ لَا يَشْعُرُونَ

Содан анасы Мұсаның апайына: «Жан баласына сездірместен оның ізін бақ!» – деді. Сөйтіп, ол Перғауынның үй ішіне сездірместен бауырына алыстан көз салып, бақылап жүрді.

12

۞وَحَرَّمْنَا عَلَيْهِ ٱلْمَرَاضِعَ مِن قَبْلُ فَقَالَتْ هَلْ أَدُلُّكُمْ عَلَىٰٓ أَهْلِ بَيْتࣲ يَكْفُلُونَهُۥ لَكُمْ وَهُمْ لَهُۥ نَٰصِحُونَ

Мұсаға әу бастан-ақ (өзін емізу үшін сарайға шақырылған) бірде-бір әйелдің емшегін алғызбадық. (Бұл жайдан хабардар болған апайы сарайдағыларға): «Сендерге бұл балаға бар бейілімен қарайтын отбасын тауып берейін бе?» – деді.

13

فَرَدَدْنَٰهُ إِلَىٰٓ أُمِّهِۦ كَيْ تَقَرَّ عَيْنُهَا وَلَا تَحْزَنَ وَلِتَعْلَمَ أَنَّ وَعْدَ ٱللَّهِ حَقࣱّ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَهُمْ لَا يَعْلَمُونَ

Сөйтіп, анасы көзайым болсын, сары уайымға салынып мұңаймасын һәм Алланың уағдасының хақ екенін анық білсін деп, оны анасына қайтардық. Алайда адамдардың көбі (Алланың уағдасының хақ екенін) білмейді.

14

وَلَمَّا بَلَغَ أَشُدَّهُۥ وَٱسْتَوَىٰٓ ءَاتَيْنَٰهُ حُكْمࣰا وَعِلْمࣰاۚ وَكَذَٰلِكَ نَجْزِي ٱلْمُحْسِنِينَ

Сөйтіп, ол ер жетіп, (тәндік һәм рухани жағынан) кемеліне келгенде, оған асқан ақыл-парасат, даналық һәм ерекше ілім нәсіп еттік. Міне, Біз ізгілікке жаны құштар, Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын жадында ұстап, игілікті істер істейтін ізгі жандарды осылай сый-сияпатқа бөлейміз.

15

وَدَخَلَ ٱلْمَدِينَةَ عَلَىٰ حِينِ غَفْلَةࣲ مِّنْ أَهْلِهَا فَوَجَدَ فِيهَا رَجُلَيْنِ يَقْتَتِلَانِ هَٰذَا مِن شِيعَتِهِۦ وَهَٰذَا مِنْ عَدُوِّهِۦۖ فَٱسْتَغَٰثَهُ ٱلَّذِي مِن شِيعَتِهِۦ عَلَى ٱلَّذِي مِنْ عَدُوِّهِۦ فَوَكَزَهُۥ مُوسَىٰ فَقَضَىٰ عَلَيْهِۖ قَالَ هَٰذَا مِنْ عَمَلِ ٱلشَّيْطَٰنِۖ إِنَّهُۥ عَدُوࣱّ مُّضِلࣱّ مُّبِينࣱ

Бір күні Мұса шаһар халқы үйді үйінде (түскі демалыста) болған шақта қалаға кірді. Бір қараса, бірі өз қауымынан, енді бірі жау жағынан екі адам бірін-бірі жағадан алып, төбелесіп жатыр екен. Өз қауымының адамы одан жау жағынан болған қарсыласына қарсы жәрдем сұрап еді, Мұса әлгі адамды бір-ақ ұрып, өлтіріп қойды. Соңынан ол: «Бұл (төбелес) әзәзіл шайтанның ісі. Шүбәсіз, ол адамды тура жолдан адастырушы, нағыз дұшпан», – деп істеген ісіне қатты өкінді.

16

قَالَ رَبِّ إِنِّي ظَلَمْتُ نَفْسِي فَٱغْفِرْ لِي فَغَفَرَ لَهُۥٓۚ إِنَّهُۥ هُوَ ٱلْغَفُورُ ٱلرَّحِيمُ

(Бірден): «Уа, Раббым! Мен, шынында да, өз өзіме зұлымдық жасадым! Мені кешіре көр!» – деп Жаратқанға жалбарынды. Сөйтіп, Алла оны бірден кешірді. Өйткені Ол – өте кешірімді, (әсіресе, күнәсі үшін өкініп, Өзіне тәубе еткен мүмін құлдарына) ерекше мейірімді.

17

قَالَ رَبِّ بِمَآ أَنْعَمْتَ عَلَيَّ فَلَنْ أَكُونَ ظَهِيرࣰا لِّلْمُجْرِمِينَ

Содан ол: «Уа, Раббым! Маған нәсіп еткен мұншама нығметіңнің құрметіне бұдан былай күнәһарларға болыспаймын», – деп уәде берді.

18

فَأَصْبَحَ فِي ٱلْمَدِينَةِ خَآئِفࣰا يَتَرَقَّبُ فَإِذَا ٱلَّذِي ٱسْتَنصَرَهُۥ بِٱلْأَمْسِ يَسْتَصْرِخُهُۥۚ قَالَ لَهُۥ مُوسَىٰٓ إِنَّكَ لَغَوِيࣱّ مُّبِينࣱ

Ол сол түні шаһарда бойын қорқыныш билеп, айналасына жалтақтап, көрер таңды көзбен атырды. Содан таңертең келе жатқанында кеше ғана өзінен жәрдем сұраған әлгі кісі (тағы біреумен жаға жыртысып жатыр екен), ол одан тағы да өзіне болысуын сұрап, айқайға басады. Сонда Мұса оған: «Сен өзің нағыз азғын, барып тұрған сотқар екенсің», – деді.

19

فَلَمَّآ أَنْ أَرَادَ أَن يَبْطِشَ بِٱلَّذِي هُوَ عَدُوࣱّ لَّهُمَا قَالَ يَٰمُوسَىٰٓ أَتُرِيدُ أَن تَقْتُلَنِي كَمَا قَتَلْتَ نَفْسَۢا بِٱلْأَمْسِۖ إِن تُرِيدُ إِلَّآ أَن تَكُونَ جَبَّارࣰا فِي ٱلْأَرْضِ وَمَا تُرِيدُ أَن تَكُونَ مِنَ ٱلْمُصْلِحِينَ

Сөйтіп, Мұса өзінің де, әлгі сотқардың да дұшпаны болған мысырлықты ұстап, екеуін ажыратпақшы болғанда, әлгі өз қауымының сотқары (Мұсаны өзіне бас сала ма екен деп, қорқып кетті де): «Әй, Мұса! Кеше ғана кісі өлтіргенің аз болғандай, енді мені өлтірейін дедің бе? Сенің жайың енді белгілі болды, сен бұл жерде адамдарды түзетуші әрі жарастырушы емес, озбыр болғың келеді екен ғой», – деді.

20

وَجَآءَ رَجُلࣱ مِّنْ أَقْصَا ٱلْمَدِينَةِ يَسْعَىٰ قَالَ يَٰمُوسَىٰٓ إِنَّ ٱلْمَلَأَ يَأْتَمِرُونَ بِكَ لِيَقْتُلُوكَ فَٱخْرُجْ إِنِّي لَكَ مِنَ ٱلنَّٰصِحِينَ

Содан шаһардың (Перғауын сарайы орналасқан) арғы басынан (сарайда үлкен лауазым иесі болған) бір кісі суыт жүріп келді де: «Уа, Мұса! Дәл қазір шонжарлар бас қосып, сені өлтіру үшін өзара кеңесіп жатыр. Шаһардан тездетіп шығып кет! Күмәнің болмасын, мен сенің шын жанашырыңмын!» – деді.

21

فَخَرَجَ مِنْهَا خَآئِفࣰا يَتَرَقَّبُۖ قَالَ رَبِّ نَجِّنِي مِنَ ٱلْقَوْمِ ٱلظَّٰلِمِينَ

Сөйтіп, ол шаһардан бойын қорқыныш билеп, жан-жағына қарайлаған күйде шығып кетті. Һәм: «Уа, Раббым! Мені залым қауымнан құтқара көр», – деп дұға етті.

22

وَلَمَّا تَوَجَّهَ تِلْقَآءَ مَدْيَنَ قَالَ عَسَىٰ رَبِّيٓ أَن يَهْدِيَنِي سَوَآءَ ٱلسَّبِيلِ

Содан шаһардан ұзап шығып, (Мысырмен көршілес) Мәдиян еліне қарай бет алғанда: «Раббым, мені дұрыс жолға түсірер деп үміт етемін», – деді.

23

وَلَمَّا وَرَدَ مَآءَ مَدْيَنَ وَجَدَ عَلَيْهِ أُمَّةࣰ مِّنَ ٱلنَّاسِ يَسْقُونَ وَوَجَدَ مِن دُونِهِمُ ٱمْرَأَتَيْنِ تَذُودَانِۖ قَالَ مَا خَطْبُكُمَاۖ قَالَتَا لَا نَسْقِي حَتَّىٰ يُصْدِرَ ٱلرِّعَآءُۖ وَأَبُونَا شَيْخࣱ كَبِيرࣱ

Мәдиянның суатына келіп жеткенде, суат басында малдарын суарып жатқан бір топ адамды көрді. Сондай-ақ олардан әудем жерде малын суатқа жібермей қайырып тұрған екі бойжеткенді көзі шалды. Олардан: «Екеуің неге бүйтіп тұрсыңдар? (Неліктен елмен бірге малдарыңды суармайсыңдар?)», – деп сұрады. Екеуі: «Малшылар малдарын суарып болып, суат басынан кетпейінше малымызды суармаймыз. Әкеміз қарт адам еді, (сондықтан, малға бізден басқа қарайтын ешкімі жоқ)», – деп жауап берді.

24

فَسَقَىٰ لَهُمَا ثُمَّ تَوَلَّىٰٓ إِلَى ٱلظِّلِّ فَقَالَ رَبِّ إِنِّي لِمَآ أَنزَلْتَ إِلَيَّ مِنْ خَيْرࣲ فَقِيرࣱ

Сөйтіп ол екі бойжеткеннің малын суарып берді де (екеуі кеткеннен) кейін көлеңкені саялап: «Уа, Раббым! Шүбәсіз, маған берер қандай жақсылығыңа, нендей нығметіңе болса да зәрумін!» – деді.

25

فَجَآءَتْهُ إِحْدَىٰهُمَا تَمْشِي عَلَى ٱسْتِحْيَآءࣲ قَالَتْ إِنَّ أَبِي يَدْعُوكَ لِيَجْزِيَكَ أَجْرَ مَا سَقَيْتَ لَنَاۚ فَلَمَّا جَآءَهُۥ وَقَصَّ عَلَيْهِ ٱلْقَصَصَ قَالَ لَا تَخَفْۖ نَجَوْتَ مِنَ ٱلْقَوْمِ ٱلظَّٰلِمِينَ

Содан көп ұзамай қос бойжеткеннің біреуі имене басып келді де: «Сізді әкем шақырып жатыр. Бізге қолұшын беріп, малымызды суарып бергеніңіз үшін ақыңызды бермек»; – деді. Мұса қыздардың әкесіне барып, басынан өткен уақиғаларды баяндап береді, ол: «Қорықпа, енді сен ол залымдардың қолынан құтылдың», – деді.

26

قَالَتْ إِحْدَىٰهُمَا يَٰٓأَبَتِ ٱسْتَـْٔجِرْهُۖ إِنَّ خَيْرَ مَنِ ٱسْتَـْٔجَرْتَ ٱلْقَوِيُّ ٱلْأَمِينُ

Сонда қыздардың біреуі: «Әкетай, оны жалдап алыңыз. Расында, жалдайтын ең жақсы адамың, осындай күшті де, сенімді болсын», – деді.

27

قَالَ إِنِّيٓ أُرِيدُ أَنْ أُنكِحَكَ إِحْدَى ٱبْنَتَيَّ هَٰتَيْنِ عَلَىٰٓ أَن تَأْجُرَنِي ثَمَٰنِيَ حِجَجࣲۖ فَإِنْ أَتْمَمْتَ عَشْرࣰا فَمِنْ عِندِكَۖ وَمَآ أُرِيدُ أَنْ أَشُقَّ عَلَيْكَۚ سَتَجِدُنِيٓ إِن شَآءَ ٱللَّهُ مِنَ ٱلصَّٰلِحِينَ

Содан әкелері Мұсаға: «Сені мына екі қызымның біреуіне қосқым келеді. Соның қарымы ретінде қолымда сегіз жыл жұмыс істейсің. Егер он жылға толтырамын десең, оның (бізге жасаған) жақсылығың болады. Саған ауыртпалық артқым келмейді. Алла қаласа, менің ешкімге қиянаты жоқ ізгі жан екенімді әлі-ақ көресің», – деді.

28

قَالَ ذَٰلِكَ بَيْنِي وَبَيْنَكَۖ أَيَّمَا ٱلْأَجَلَيْنِ قَضَيْتُ فَلَا عُدْوَٰنَ عَلَيَّۖ وَٱللَّهُ عَلَىٰ مَا نَقُولُ وَكِيلࣱ

Мұса оған: «(Мақұл!) Екеуіміздің арамыздағы келісім осы (болсын). Аталған екі мерзімнің қайсыбірін өтесем де, маған одан артық талап қойылмаса (әрі кінә тағылмаса) керек. Байласқан сөзімізге бір Алла куә әрі кепіл!» – деді.

29

۞فَلَمَّا قَضَىٰ مُوسَى ٱلْأَجَلَ وَسَارَ بِأَهْلِهِۦٓ ءَانَسَ مِن جَانِبِ ٱلطُّورِ نَارࣰاۖ قَالَ لِأَهْلِهِ ٱمْكُثُوٓا۟ إِنِّيٓ ءَانَسْتُ نَارࣰا لَّعَلِّيٓ ءَاتِيكُم مِّنْهَا بِخَبَرٍ أَوْ جَذْوَةࣲ مِّنَ ٱلنَّارِ لَعَلَّكُمْ تَصْطَلُونَ

Мұса келісілген мерзімді тамамдап, отбасын өзімен бірге ертіп (Құдыс бағытында шөл даламен) түнделетіп жол жүріп келе жатқанында Тур тауы жақтан жылт-жылт еткен от жарығын көрді де отбасына: «Сендер осы жерде аялдай тұрыңдар. Мен (тау жақтан) от жарығын көрдім. Сол маңға барып сендерге (қай жерде екеніміз және қай бағытта жүру керектігі жайлы) қандай да бір мәлімет әкелермін, тіпті болмаса, сол оттан бір шоқ алып келейін, сонымен, от тұтатып, жылынып аларсыңдар», – деді.

30

فَلَمَّآ أَتَىٰهَا نُودِيَ مِن شَٰطِئِ ٱلْوَادِ ٱلْأَيْمَنِ فِي ٱلْبُقْعَةِ ٱلْمُبَٰرَكَةِ مِنَ ٱلشَّجَرَةِ أَن يَٰمُوسَىٰٓ إِنِّيٓ أَنَا ٱللَّهُ رَبُّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Содан ол отқа таяп келгенде, сол қасиетті жердегі алқаптың оң жақ тұсында өсіп тұрған ағаштан оған былай деп үн қатылды: «Уа, Мұса! Мен әлемдердің Раббысы – Алламын».

31

وَأَنْ أَلْقِ عَصَاكَۚ فَلَمَّا رَءَاهَا تَهْتَزُّ كَأَنَّهَا جَآنࣱّ وَلَّىٰ مُدْبِرࣰا وَلَمْ يُعَقِّبْۚ يَٰمُوسَىٰٓ أَقْبِلْ وَلَا تَخَفْۖ إِنَّكَ مِنَ ٱلْـَٔامِنِينَ

«Қане, қолыңдағы асатаяғыңды жерге таста!» (Мұса асатаяғын жерге тастап кеп қалғанда) оның шапшаң жылан сияқты ирелең қаққанын көріп, жалт беріп, алды-артына қарамай қаша жөнелді. Сонда Алла оған: «Уа, Мұса, Бері кел! Қорықпа! Сен (пайғамбарсың) қауіп-қатерден амансың!»

32

ٱسْلُكْ يَدَكَ فِي جَيْبِكَ تَخْرُجْ بَيْضَآءَ مِنْ غَيْرِ سُوٓءࣲ وَٱضْمُمْ إِلَيْكَ جَنَاحَكَ مِنَ ٱلرَّهْبِۖ فَذَٰنِكَ بُرْهَٰنَانِ مِن رَّبِّكَ إِلَىٰ فِرْعَوْنَ وَمَلَإِي۟هِۦٓۚ إِنَّهُمْ كَانُوا۟ قَوْمࣰا فَٰسِقِينَ

«Ал енді, қолыңды қойныңа сал! Оны қайта шығарғаныңда, бір міні жоқ, әрі аппақ болып, жарқырап шығады. Қорқыныштан жайылған қос қолыңды жиып, көкірегіңе бас (бойыңды жи да пәрменіме құлақ ас!) Міне, осы екеуі – Раббыңның Перғауын мен шонжарларына көрсетсін деп, өзіңе берген қос дәлелі. Шүбәсіз, олар тура жолдан тайған бұзық қауым болды».

33

قَالَ رَبِّ إِنِّي قَتَلْتُ مِنْهُمْ نَفْسࣰا فَأَخَافُ أَن يَقْتُلُونِ

Сонда Мұса: «Уа, Раббым! Мен олардың бір адамын байқамай өлтіріп қойған едім. Сол себепті, олар мені (алдарына барған бетте ай-шайға қарамай) өлтіріп тастай ма (сөйтіп, міндетімді толық атқара алмай қаламын ба) деп қорқамын».

34

وَأَخِي هَٰرُونُ هُوَ أَفْصَحُ مِنِّي لِسَانࣰا فَأَرْسِلْهُ مَعِيَ رِدْءࣰا يُصَدِّقُنِيٓۖ إِنِّيٓ أَخَافُ أَن يُكَذِّبُونِ

«Бауырым Һарун маған қарағанда сөзге жүйрік. Оны сөзімді растайтын жәрдемшім етіп, менімен бірге жібергейсің. Өйткені олар мені өтірікшіге шығара ма деп қорқамын», – деп өтінді.

35

قَالَ سَنَشُدُّ عَضُدَكَ بِأَخِيكَ وَنَجْعَلُ لَكُمَا سُلْطَٰنࣰا فَلَا يَصِلُونَ إِلَيْكُمَا بِـَٔايَٰتِنَآۚ أَنتُمَا وَمَنِ ٱتَّبَعَكُمَا ٱلْغَٰلِبُونَ

Алла оған: «Біз бауырың арқылы сенің айбыныңды асырып, екеуіңнің мерейіңді үстем етеміз. Өздеріңе берген мұғжизаларымыздың арқасында олар сендерге қолұшын да тигізе алмайды. Нәтижеде екеуіңнің һәм соңдарыңнан ергендердің мерейі үстем болады», – деді.

36

فَلَمَّا جَآءَهُم مُّوسَىٰ بِـَٔايَٰتِنَا بَيِّنَٰتࣲ قَالُوا۟ مَا هَٰذَآ إِلَّا سِحْرࣱ مُّفْتَرࣰى وَمَا سَمِعْنَا بِهَٰذَا فِيٓ ءَابَآئِنَا ٱلْأَوَّلِينَ

Содан Мұса ап-айқын дәлелдерімізбен, айқын мұғжизаларымызбен келгенде, олар: «Мұның бәрі ойдан шығарылған сиқырдан басқа түк те емес. Сонымен қатар, біз мұндай (Алланың үндеуі және пайғамбарлық деген) нәрсені өткен ата-бабаларымыздың кезінде болыпты дегенді де естіген емеспіз», – деді.

37

وَقَالَ مُوسَىٰ رَبِّيٓ أَعْلَمُ بِمَن جَآءَ بِٱلْهُدَىٰ مِنْ عِندِهِۦ وَمَن تَكُونُ لَهُۥ عَٰقِبَةُ ٱلدَّارِۚ إِنَّهُۥ لَا يُفْلِحُ ٱلظَّٰلِمُونَ

Мұса: «Менің Раббым кімнің Өзінен тура жолға бастайтын дәлелдермен келгенін және (бұл жалғанда да, ақиретте де) кімнің ақырының қайырлы болатынын жақсы біледі. Анығында, залымдар әсте мақсат-мұратына жетпейді һәм (Алланың азабынан) құтылмайды», – деп айтты.

38

وَقَالَ فِرْعَوْنُ يَٰٓأَيُّهَا ٱلْمَلَأُ مَا عَلِمْتُ لَكُم مِّنْ إِلَٰهٍ غَيْرِي فَأَوْقِدْ لِي يَٰهَٰمَٰنُ عَلَى ٱلطِّينِ فَٱجْعَل لِّي صَرْحࣰا لَّعَلِّيٓ أَطَّلِعُ إِلَىٰٓ إِلَٰهِ مُوسَىٰ وَإِنِّي لَأَظُنُّهُۥ مِنَ ٱلْكَٰذِبِينَ

Сонда Перғауын шонжарларына: «Уа, игі-жақсылар! Білуімше, сендердің менен басқа құдайларың болған емес! Ей, Һаман! Қане, кірпіш күйдіріп, маған арнап, көкпен таласқан зәулім мұнара салғыз! Соған шығып, бәлкім Мұсаның тәңірін көрермін. Әйтсе де оның өтірікші кәззәптардың бірі екеніне күмәнім жоқ», – деді.

39

وَٱسْتَكْبَرَ هُوَ وَجُنُودُهُۥ فِي ٱلْأَرْضِ بِغَيْرِ ٱلْحَقِّ وَظَنُّوٓا۟ أَنَّهُمْ إِلَيْنَا لَا يُرْجَعُونَ

Осылайша Перғауын мен оның әскері (Мысыр) жерінде орынсыз астамсып, шектен тыс зұлымдық жасады және Бізге әсте қайтарылмаймыз (әсте жауапқа тартылмаймыз) деп ойлады.

40

فَأَخَذْنَٰهُ وَجُنُودَهُۥ فَنَبَذْنَٰهُمْ فِي ٱلْيَمِّۖ فَٱنظُرْ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلظَّٰلِمِينَ

Алайда Біз ақыр соңында оны да, әскерін де бас салып, тұңғиық теңізге тастадық (батырдық). Ендеше, залымдардың ақырының не болғанына қара!

41

وَجَعَلْنَٰهُمْ أَئِمَّةࣰ يَدْعُونَ إِلَى ٱلنَّارِۖ وَيَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ لَا يُنصَرُونَ

Оларды (ел-жұртты) тозаққа шақыратын көсемдер қылдық. (Олар бұл жалғанда ел-жұртқа құлдықтың қамытын кигізіп, алдарында құрдай жорғалатса да) оларға қиямет күні (қысыл-таяңда) титтей де жәрдем берілмейді.

42

وَأَتْبَعْنَٰهُمْ فِي هَٰذِهِ ٱلدُّنْيَا لَعْنَةࣰۖ وَيَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ هُم مِّنَ ٱلْمَقْبُوحِينَ

Біз бұл дүниеде олардың соңына лағынет түсірдік (яғни, Алла, періштелер және адамдар оларға қиямет қайымға дейін лағынет жаудырады). Ал қиямет күні олар ең жеккөрінішті әрі Алланың рақымынан ең көп мақұрым қалатындардың қатарында болады.

43

وَلَقَدْ ءَاتَيْنَا مُوسَى ٱلْكِتَٰبَ مِنۢ بَعْدِ مَآ أَهْلَكْنَا ٱلْقُرُونَ ٱلْأُولَىٰ بَصَآئِرَ لِلنَّاسِ وَهُدࣰى وَرَحْمَةࣰ لَّعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ

Біз осылайша алғашқы нәсілдердің көзін жойғаннан кейін адамдар ойлансын, ғибрат алсын деп, Мұсаға адамдардың көкірек көзін ашып, ақыл-ойлары мен жан дүниелерін нұрға бөлейтін һәм олар үшін тура жолдың қайнар көзі әрі рақым болған Тәуратты түсірдік.

44

وَمَا كُنتَ بِجَانِبِ ٱلْغَرْبِيِّ إِذْ قَضَيْنَآ إِلَىٰ مُوسَى ٱلْأَمْرَ وَمَا كُنتَ مِنَ ٱلشَّٰهِدِينَ

(Уа, Мұхаммед! Осының бәрін өзіңе уахи арқылы білдіріп отырмыз, өйткені) Біз Мұсаға Пәрменімізді (Тәуратты) түсірген кезімізде сен сонау қасиетті алқаптың батысында болмаған едің әрі болған істі өз көзіңмен көрмеген едің.

45

وَلَٰكِنَّآ أَنشَأْنَا قُرُونࣰا فَتَطَاوَلَ عَلَيْهِمُ ٱلْعُمُرُۚ وَمَا كُنتَ ثَاوِيࣰا فِيٓ أَهْلِ مَدْيَنَ تَتْلُوا۟ عَلَيْهِمْ ءَايَٰتِنَا وَلَٰكِنَّا كُنَّا مُرْسِلِينَ

Шүбәсіз, Біз (Мұсаның дәуірінен саған дейін) көптеген нәсілдерді жараттық, сөйтіп, талай ғасырлар өтті. Сен (Мұсаның басынан өткен оқиғаларды айнытпай баяндайтын) аяттарымызды өз замандастарыңа оқып беретіндей Мәдияндықтардың да арасында тұрған жоқ едің. Алайда Біз елші пайғамбарлар жібереміз (олар өздеріне келген уахи мен берілген аянды ғана жеткізеді, міне, сен де сол елші пайғамбарлардың бірі һәм бірегейісің).

46

وَمَا كُنتَ بِجَانِبِ ٱلطُّورِ إِذْ نَادَيْنَا وَلَٰكِن رَّحْمَةࣰ مِّن رَّبِّكَ لِتُنذِرَ قَوْمࣰا مَّآ أَتَىٰهُم مِّن نَّذِيرࣲ مِّن قَبْلِكَ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ

Сондай-ақ сен (Мұсаға) үн қатқанымызда да Тур тауының маңында болмаған едің. Алайда Раббыңның шексіз рақымы түсіп, ақылға салып ойлансын һәм ғибрат алсын деп, өзіңнен бұрын ескертуші келмеген қауымды ескертуің үшін саған (осынау міндетті жүктедік).

47

وَلَوْلَآ أَن تُصِيبَهُم مُّصِيبَةُۢ بِمَا قَدَّمَتْ أَيْدِيهِمْ فَيَقُولُوا۟ رَبَّنَا لَوْلَآ أَرْسَلْتَ إِلَيْنَا رَسُولࣰا فَنَتَّبِعَ ءَايَٰتِكَ وَنَكُونَ مِنَ ٱلْمُؤْمِنِينَ

Содан кейін өз қолдарымен істеген күнәларына байланысты (дүниеде немесе ақиретте) бастары бәлеге қалғанда: «Уа, Раббымыз! Егер бізге пайғамбар жібергеніңде біз де аяттарыңа мойынсұнып, мүмін құлдарыңның қатарынан табылар едік», – деп айтпауы үшін (сені оларға ескертуші пайғамбар етіп жібердік).

48

فَلَمَّا جَآءَهُمُ ٱلْحَقُّ مِنْ عِندِنَا قَالُوا۟ لَوْلَآ أُوتِيَ مِثْلَ مَآ أُوتِيَ مُوسَىٰٓۚ أَوَلَمْ يَكْفُرُوا۟ بِمَآ أُوتِيَ مُوسَىٰ مِن قَبْلُۖ قَالُوا۟ سِحْرَانِ تَظَٰهَرَا وَقَالُوٓا۟ إِنَّا بِكُلࣲّ كَٰفِرُونَ

Алайда оларға Бізден ақиқат (Құран мен хақ пайғамбар) келгенде: «(Егер ол, шынымен, пайғамбар болса), онда Мұсаға бүтін күйінде берілген Кітап сияқты оған да сондай бүтін Кітап берілсе қайтеді!» – дейді. Олар бұдан бұрын Мұсаға берілгенге иман келтіруден бас тарпап па еді?! Олар: «Бұл екеуі (Құран мен Тәурат) бір-бірін демеп, қостайтын қос сиқыр», – деген-ді және: «Біз мұндай кітап атаулының бәрін жоққа шығарамыз, ешқайсысына иман келтірмейміз», – деген еді.

49

قُلْ فَأْتُوا۟ بِكِتَٰبࣲ مِّنْ عِندِ ٱللَّهِ هُوَ أَهْدَىٰ مِنْهُمَآ أَتَّبِعْهُ إِن كُنتُمْ صَٰدِقِينَ

Оларға: «Егер (бұл екі Кітап та сиқыр деген) сөздерің рас болса, онда Алланың құзырынан тура жолды ол екеуінен де жақсы көрсететін басқа кітап әкеліңдер, мен де соны басшылыққа алайын», – деп айт.

50

فَإِن لَّمْ يَسْتَجِيبُوا۟ لَكَ فَٱعْلَمْ أَنَّمَا يَتَّبِعُونَ أَهْوَآءَهُمْۚ وَمَنْ أَضَلُّ مِمَّنِ ٱتَّبَعَ هَوَىٰهُ بِغَيْرِ هُدࣰى مِّنَ ٱللَّهِۚ إِنَّ ٱللَّهَ لَا يَهْدِي ٱلْقَوْمَ ٱلظَّٰلِمِينَ

Егер олар саған жауап бере алмаса, біліп қой, олар тек қу нәпсінің жетегінде кетіп, өз әуейіліктеріне ерігендер. Алланың нұсқауын басшылыққа алмай, тек қу нәпсіге ергеннен өткен адасқан бар ма? Шүбәсіз, Алла залым қауымды әсте тура жолға салмайды, олардың ісін әсте оңғармайды.

51

۞وَلَقَدْ وَصَّلْنَا لَهُمُ ٱلْقَوْلَ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ

Біз оларға ойланып, ғибрат алсын деп, сөзімізді бірінен соң бірін жеткізіп отырдық.

52

ٱلَّذِينَ ءَاتَيْنَٰهُمُ ٱلْكِتَٰبَ مِن قَبْلِهِۦ هُم بِهِۦ يُؤْمِنُونَ

Өздеріне одан (Құраннан) бұрын Кітап берілгендер (яһудилер мен христиандардың арасындағы иманды ғалымдар) оған да иман келтіреді.

53

وَإِذَا يُتْلَىٰ عَلَيْهِمْ قَالُوٓا۟ ءَامَنَّا بِهِۦٓ إِنَّهُ ٱلْحَقُّ مِن رَّبِّنَآ إِنَّا كُنَّا مِن قَبْلِهِۦ مُسْلِمِينَ

Оларға Құран оқылғанда: «Біз оған иман келтірдік. Шүбәсіз, ол Раббымыздан келген ақиқаттың нақ өзі. Біз бұған дейін де бір Аллаға мойынсұнған мұсылмандар едік», – дейді.

54

أُو۟لَٰٓئِكَ يُؤْتَوْنَ أَجْرَهُم مَّرَّتَيْنِ بِمَا صَبَرُوا۟ وَيَدْرَءُونَ بِٱلْحَسَنَةِ ٱلسَّيِّئَةَ وَمِمَّا رَزَقْنَٰهُمْ يُنفِقُونَ

Оларға (имандылықта) сабырлылық танытып, табандылық көрсеткендері үшін екі мәрте сауап беріледі. Олар жамандықты жақсылықпен қайтарады (яғни, күнә-қателіктерін игі істерімен жуып-шаяды немесе жамандыққа жақсылықпен жауап береді) һәм өздеріне ризық ретінде берген нығметтерімізден (Алла жолында міндет етпей) жұмсайды.

55

وَإِذَا سَمِعُوا۟ ٱللَّغْوَ أَعْرَضُوا۟ عَنْهُ وَقَالُوا۟ لَنَآ أَعْمَٰلُنَا وَلَكُمْ أَعْمَٰلُكُمْ سَلَٰمٌ عَلَيْكُمْ لَا نَبْتَغِي ٱلْجَٰهِلِينَ

Олар бос, бейәдеп сөз естігенде, сырт айналып: «Біздің істеріміз өзімізге, сендердің істерің өздеріңе. Біз сендерге тек жақсылық пен есендік тілейміз. Әйтсе де, біз (Алладан безген) надандарға жақын болуды қаламаймыз», – деп айтады.

56

إِنَّكَ لَا تَهْدِي مَنْ أَحْبَبْتَ وَلَٰكِنَّ ٱللَّهَ يَهْدِي مَن يَشَآءُۚ وَهُوَ أَعْلَمُ بِٱلْمُهْتَدِينَ

(Уа, Мұхаммед!) Сен көңіліңе жаққан әр адамды тура жолға сала алмайсың, Алла ғана қалаған пендесін тура жолға салады. Ол кімнің тура жолға түсуге лайық әрі бейім екенін жақсы біледі.

57

وَقَالُوٓا۟ إِن نَّتَّبِعِ ٱلْهُدَىٰ مَعَكَ نُتَخَطَّفْ مِنْ أَرْضِنَآۚ أَوَلَمْ نُمَكِّن لَّهُمْ حَرَمًا ءَامِنࣰا يُجْبَىٰٓ إِلَيْهِ ثَمَرَٰتُ كُلِّ شَيْءࣲ رِّزْقࣰا مِّن لَّدُنَّا وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَهُمْ لَا يَعْلَمُونَ

Мекке мүшріктері: «(Уа, Мұхаммед! Жарайды, сенікі жөн делік), алайда біз (ата-баба дінімізді тастап) сенімен бірге тура жолға түсетін болсақ, өз жерімізден қағыламыз (өзге араб тайплары бізді түтіп жеп қояды», – деді. Әйтсе де, Біз оларды шексіз шарапатымызбен жарылқап, жан-жақтан әр алуан өнімдер ағылатын қасиетті де қауіпсіз жерге (Меккеге) орналастырмап па едік? Алайда олардың көбі (ақиқатты, яғни, өздерін қорғап, ризық-несібелерін жеткізіп отырған араб тайпалары емес, мына Біз екенімізді) білмейді.

58

وَكَمْ أَهْلَكْنَا مِن قَرْيَةِۭ بَطِرَتْ مَعِيشَتَهَاۖ فَتِلْكَ مَسَٰكِنُهُمْ لَمْ تُسْكَن مِّنۢ بَعْدِهِمْ إِلَّا قَلِيلࣰاۖ وَكُنَّا نَحْنُ ٱلْوَٰرِثِينَ

Біз байлықтың, ағыл-тегіл нығметтің буына масайраған қаншама елді мекеннің күлін көкке ұшырдық. Міне солардың жұрттары! Олардан кейін ол жұрттарға (жол-жөнекей ат басын тіреген) бірен-саран жолаушылар болмаса, ешкім қоныс тепкен емес. Сөйтіп, олардың бар байлығына Біз мұрагер болдық.

59

وَمَا كَانَ رَبُّكَ مُهْلِكَ ٱلْقُرَىٰ حَتَّىٰ يَبْعَثَ فِيٓ أُمِّهَا رَسُولࣰا يَتْلُوا۟ عَلَيْهِمْ ءَايَٰتِنَاۚ وَمَا كُنَّا مُهْلِكِي ٱلْقُرَىٰٓ إِلَّا وَأَهْلُهَا ظَٰلِمُونَ

Раббың елдердің бас қалаларына аяттарымызды оқып жеткізетін елші пайғамбар жібермейінше, оларды жермен жексен етпейді. Біз халқы (күпірлікте, күнә істеуде һәм) зұлымдықта шектен шыққан залымдарға айналмайынша ешбір елді жермен жексен етпейміз.

60

وَمَآ أُوتِيتُم مِّن شَيْءࣲ فَمَتَٰعُ ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا وَزِينَتُهَاۚ وَمَا عِندَ ٱللَّهِ خَيْرࣱ وَأَبْقَىٰٓۚ أَفَلَا تَعْقِلُونَ

(Уа, адамдар! Бұл дүниеде) өздеріңе берілгеннің бәрі қу тіршіліктің болмашы бұйым-боқшасы мен өткінші сән-салтанаты ғана. Ал Алланың сендер үшін сақтаған (ақиреттік) сый-сияпаты болса, әлдеқайда қайырлы һәм мәңгілік. Әлі де ақылға салып ойланбайсыңдар ма?!

61

أَفَمَن وَعَدْنَٰهُ وَعْدًا حَسَنࣰا فَهُوَ لَٰقِيهِ كَمَن مَّتَّعْنَٰهُ مَتَٰعَ ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا ثُمَّ هُوَ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ مِنَ ٱلْمُحْضَرِينَ

Бізден жақсы уәде алған һәм өзіне уәде етілген сый-сияпатқа міндетті түрде жететін жанның жағдайы өзіне қу тіршіліктің қызығын көрсеткеннен кейін қиямет күні алдымен жауапқа тартылып, соңынан бітпейтін азапқа душар етілу үшін тұтылған бойда (Хақ тағаланың құзырына) әкелінген бейбақтың жағдайына ұқсай ма?

62

وَيَوْمَ يُنَادِيهِمْ فَيَقُولُ أَيْنَ شُرَكَآءِيَ ٱلَّذِينَ كُنتُمْ تَزْعُمُونَ

Сол күні Хақ тағала ондай бейбақтарға: «Маған тең көрген құдайларың қане?!» – деп айтады.

63

قَالَ ٱلَّذِينَ حَقَّ عَلَيْهِمُ ٱلْقَوْلُ رَبَّنَا هَٰٓؤُلَآءِ ٱلَّذِينَ أَغْوَيْنَآ أَغْوَيْنَٰهُمْ كَمَا غَوَيْنَاۖ تَبَرَّأْنَآ إِلَيْكَۖ مَا كَانُوٓا۟ إِيَّانَا يَعْبُدُونَ

Сонда (ел-жұртты азғырып, Аллаға серік қосуға және асылық қылуға бастағаны үшін) мәңгілік азапқа кесілген (жын мен адамның шайтандары): «Уа, Раббымыз! Мыналар біздің азғыруымызға еріп, тура жолдан тайғандар. Өзіміз қалай азғындап, адасқан болсақ, оларды да дәл солай азғырып, тура жолдан тайдырдық. Олардың бізге табынғанын, бізді Өзіңе тең көріп, тәңір тұтқанын жоққа шығарамыз. Анығында, олар бізге емес, өз нәпсісіне табынумен болған еді», – деп айтады.

64

وَقِيلَ ٱدْعُوا۟ شُرَكَآءَكُمْ فَدَعَوْهُمْ فَلَمْ يَسْتَجِيبُوا۟ لَهُمْ وَرَأَوُا۟ ٱلْعَذَابَۚ لَوْ أَنَّهُمْ كَانُوا۟ يَهْتَدُونَ

Содан әлгі мүшріктерге: «Қане, Аллаға тең көріп, серік етіп қосқан тәңірлеріңе жалбарыныңдар!» – делінеді. Сонда олар (құдайларына) сиынып жалбарынады, алайда сиынған құдайлары оларға жауап қатпайды. Сөйтіп, олар өздерін күтіп тұрған азапты көреді. Кезінде ақиқатқа мойынсұнып, тура жолға түскенде бұлай болмас еді!

65

وَيَوْمَ يُنَادِيهِمْ فَيَقُولُ مَاذَآ أَجَبْتُمُ ٱلْمُرْسَلِينَ

Сол күні Алла (мүшріктер мен кәпірлерге): «Өздеріңе келген пайғамбарларға не деп жауап берген едіңдер?» – деп үн қатады.

66

فَعَمِيَتْ عَلَيْهِمُ ٱلْأَنۢبَآءُ يَوْمَئِذࣲ فَهُمْ لَا يَتَسَآءَلُونَ

Сонда олар қатты сасқанынан не деп жауап берерін, қандай сылтау айтарларын да білмей аңтарылысып қалады. Бір-бірінен (не айтамыз деп) сұрайтын жағдайлары да болмайды.

67

فَأَمَّا مَن تَابَ وَءَامَنَ وَعَمِلَ صَٰلِحࣰا فَعَسَىٰٓ أَن يَكُونَ مِنَ ٱلْمُفْلِحِينَ

Алайда тәубесіне келіп, иман келтіріп, Аллаға бет бұрғандар және (өздерін әрі қоғамды түзетуге бағытталған) игі істер істегендер (мәңгілік азаптан) құтылып, мақсат-мұраттарына жететіндердің қатарында боламыз деп үміт ете алады.

68

وَرَبُّكَ يَخْلُقُ مَا يَشَآءُ وَيَخْتَارُۗ مَا كَانَ لَهُمُ ٱلْخِيَرَةُۚ سُبْحَٰنَ ٱللَّهِ وَتَعَٰلَىٰ عَمَّا يُشْرِكُونَ

Раббың қалағанын жаратады және (құлдары үшін қалаған жолын) таңдайды һәм сол жолмен жүруді бұйырады. (Алланың таңдауы тұрғанда) олардың таңдау құқығы да, өкілеттігі де жоқ. Алла олардың Өзіне серік етіп қосқанынан аулақ һәм әлдеқайда ұлы әрі мінсіз.

69

وَرَبُّكَ يَعْلَمُ مَا تُكِنُّ صُدُورُهُمْ وَمَا يُعْلِنُونَ

Раббың олардың көкіректеріне (ішке) бүккенін де, ашықтан ашық істеп жүрген істерін де жақсы біледі.

70

وَهُوَ ٱللَّهُ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَۖ لَهُ ٱلْحَمْدُ فِي ٱلْأُولَىٰ وَٱلْـَٔاخِرَةِۖ وَلَهُ ٱلْحُكْمُ وَإِلَيْهِ تُرْجَعُونَ

Ол – Алла, Одан басқа құдай жоқ, (әр істің, әрбір жетістіктің) басында да, соңында да, дүниеде де, ақиретте де бар мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Өзіне тән. Үкім беру де бір Өзіне ғана тән және бәрің Оған қайтарылудасыңдар.

71

قُلْ أَرَءَيْتُمْ إِن جَعَلَ ٱللَّهُ عَلَيْكُمُ ٱلَّيْلَ سَرْمَدًا إِلَىٰ يَوْمِ ٱلْقِيَٰمَةِ مَنْ إِلَٰهٌ غَيْرُ ٱللَّهِ يَأْتِيكُم بِضِيَآءٍۚ أَفَلَا تَسْمَعُونَ

Оларға: «Өздерің айтыңдаршы, егер Алла қараңғы түнді қиямет күніне дейін ұзартып сендерді қараңғы түнекте қалдырса, Алладан басқа қай құдай сендерге (нұрын төгіп) жарық бере алады? Әлі де ақиқатқа құлақ аспайсыңдар ма?!» – деп айт.

72

قُلْ أَرَءَيْتُمْ إِن جَعَلَ ٱللَّهُ عَلَيْكُمُ ٱلنَّهَارَ سَرْمَدًا إِلَىٰ يَوْمِ ٱلْقِيَٰمَةِ مَنْ إِلَٰهٌ غَيْرُ ٱللَّهِ يَأْتِيكُم بِلَيْلࣲ تَسْكُنُونَ فِيهِۚ أَفَلَا تُبْصِرُونَ

Сондай-ақ оларға: «Қане, айтыңдаршы, егер Алла күндізді қиямет күніне дейін ұзартса, бел жазып тынығу үшін сендерге Алладан басқа қай құдай түнді келтіре алады? Әлі де көздеріңді ашып, ақиқатты көрмейсіңдер ме?!» – деп айт.

73

وَمِن رَّحْمَتِهِۦ جَعَلَ لَكُمُ ٱلَّيْلَ وَٱلنَّهَارَ لِتَسْكُنُوا۟ فِيهِ وَلِتَبْتَغُوا۟ مِن فَضْلِهِۦ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

Ол сендерге деген шексіз рақымымен бірінде дамылдап, тынығуларың, енді бірінде тіршілік етіп, Өзінің кеңшілігінен несібелеріңді табуларың үшін һәм Өзіне дәйімі шүкіршілік етерсіңдер деп түн мен күндізді жаратты.

74

وَيَوْمَ يُنَادِيهِمْ فَيَقُولُ أَيْنَ شُرَكَآءِيَ ٱلَّذِينَ كُنتُمْ تَزْعُمُونَ

Ол күндердің күнінде (Өзіне серік қосқан мүшріктерге): «Маған тең деген (тең көрген) құдайларың қайда?!» – деп үн қатады.

75

وَنَزَعْنَا مِن كُلِّ أُمَّةࣲ شَهِيدࣰا فَقُلْنَا هَاتُوا۟ بُرْهَٰنَكُمْ فَعَلِمُوٓا۟ أَنَّ ٱلْحَقَّ لِلَّهِ وَضَلَّ عَنْهُم مَّا كَانُوا۟ يَفْتَرُونَ

Сол күні әр үмбеттен бір-бір адамды (яғни, әр үмбеттің пайғамбарын) куәға тартамыз да (кәпірлерге): «Қане, дәлелдеріңді келтіріңдер!» – дейміз. Сонда олар ақиқаттың һәм (бар билікке ие болып, күллі жаратылысты дәргейіне бас ұрғызу) құқығы бір Аллаға ғана тән екенін білетін болады. Сөйтіп, Аллаға серік етіп қосқан жалған құдайлары оларды тәрк етіп, көзден ғайып болады.

76

۞إِنَّ قَٰرُونَ كَانَ مِن قَوْمِ مُوسَىٰ فَبَغَىٰ عَلَيْهِمْۖ وَءَاتَيْنَٰهُ مِنَ ٱلْكُنُوزِ مَآ إِنَّ مَفَاتِحَهُۥ لَتَنُوٓأُ بِٱلْعُصْبَةِ أُو۟لِي ٱلْقُوَّةِ إِذْ قَالَ لَهُۥ قَوْمُهُۥ لَا تَفْرَحْۖ إِنَّ ٱللَّهَ لَا يُحِبُّ ٱلْفَرِحِينَ

(Тура жолдан тайған) Қарун Мұсаның қауымынан еді. Алайда ол (Перғауынға жақтасып) өз қауымына озбырлық көрсетті. Біз оған кілттерінің өзін күші бойына сыймайтын бір топ адам әзер таситын байлыққа толы қазыналар нәсіп еттік. Қауымы оған: «Байлығыңның буына мастанып есірме, Шүбәсіз, Алла есіргендерді ұнатпайды!» – деп ескерткен еді.

77

وَٱبْتَغِ فِيمَآ ءَاتَىٰكَ ٱللَّهُ ٱلدَّارَ ٱلْـَٔاخِرَةَۖ وَلَا تَنسَ نَصِيبَكَ مِنَ ٱلدُّنْيَاۖ وَأَحْسِن كَمَآ أَحْسَنَ ٱللَّهُ إِلَيْكَۖ وَلَا تَبْغِ ٱلْفَسَادَ فِي ٱلْأَرْضِۖ إِنَّ ٱللَّهَ لَا يُحِبُّ ٱلْمُفْسِدِينَ

Әрі оған: «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақиреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алланың өзіңе шексіз шарапатын тигізіп, жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса. Бұл жерде лаң салып, бүліншілік жасауды көксеме! Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді», – деп насихат айтқан еді.

78

قَالَ إِنَّمَآ أُوتِيتُهُۥ عَلَىٰ عِلْمٍ عِندِيٓۚ أَوَلَمْ يَعْلَمْ أَنَّ ٱللَّهَ قَدْ أَهْلَكَ مِن قَبْلِهِۦ مِنَ ٱلْقُرُونِ مَنْ هُوَ أَشَدُّ مِنْهُ قُوَّةࣰ وَأَكْثَرُ جَمْعࣰاۚ وَلَا يُسْـَٔلُ عَن ذُنُوبِهِمُ ٱلْمُجْرِمُونَ

Қарун оларға: «Бұл байлық маған бойымдағы ілімнің арқасында ғана берілді», – деп асылық қылды. Сонда ол Алланың өзінен бұрын өткен нәсілдердің ішіндегі өзінен анағұрлым күшті һәм әлдеқайда дәулетті болғандардың көзін жойғанын білмейтін бе еді?! Күнәға белшесінен батқан күнәһарлар (көздері жойыларда) күнәлары үшін жауапқа тартылып жатпастан (бірден арты мәңгілік азапқа ұласатын жойқын азапқа душар болады).

79

فَخَرَجَ عَلَىٰ قَوْمِهِۦ فِي زِينَتِهِۦۖ قَالَ ٱلَّذِينَ يُرِيدُونَ ٱلْحَيَوٰةَ ٱلدُّنْيَا يَٰلَيْتَ لَنَا مِثْلَ مَآ أُوتِيَ قَٰرُونُ إِنَّهُۥ لَذُو حَظٍّ عَظِيمࣲ

«(Бір күні) Қарун қауымының алдына үлде мен бүлдеге оранып, сән-салтанатын асырып шыққан еді. Сонда дүниенің қызылды-жасылды қу тіршілігін жан-тәнімен қалайтындар: «Шіркін, Қарунға берілген байлық бізге де бітсе ғой! Ол неткен бақ-дәулеті асқан жан еді!» – десті.

80

وَقَالَ ٱلَّذِينَ أُوتُوا۟ ٱلْعِلْمَ وَيْلَكُمْ ثَوَابُ ٱللَّهِ خَيْرࣱ لِّمَنْ ءَامَنَ وَعَمِلَ صَٰلِحࣰاۚ وَلَا يُلَقَّىٰهَآ إِلَّا ٱلصَّٰبِرُونَ

Алайда өздеріне ақиқат ілім беріліп, көкіректері нұрға толған ізгі жандар: «Ой, бар болғырлар! (Біле білсеңдер), Алланың иман келтіріп, игі істер істегендерге берер сауабы (Қарунның дәулетінен) әлдеқайда қайырлы. Бірақ оған (бәле-жалаға, нәпсі мен шайтанның азғыруына қарсы һәм Хақ тағалаға құлшылық етуде) табандылық таныта білген сабырлы жандардан өзге ешкім қол жеткізе алмайды», – деп әлгілерді жазғырды.

81

فَخَسَفْنَا بِهِۦ وَبِدَارِهِ ٱلْأَرْضَ فَمَا كَانَ لَهُۥ مِن فِئَةࣲ يَنصُرُونَهُۥ مِن دُونِ ٱللَّهِ وَمَا كَانَ مِنَ ٱلْمُنتَصِرِينَ

Ақыры оның өзін де, салтанатты сарайын да жерге жұтқызып жібердік. Сонда Алланың осынау пәрменіне қарсы, оған қолұшын беретін бірде бір топ болмады. Сондай-ақ ол (сонша байлығы һәм соншама нөкерімен) өз қара басын да қорғай алмады.

82

وَأَصْبَحَ ٱلَّذِينَ تَمَنَّوْا۟ مَكَانَهُۥ بِٱلْأَمْسِ يَقُولُونَ وَيْكَأَنَّ ٱللَّهَ يَبْسُطُ ٱلرِّزْقَ لِمَن يَشَآءُ مِنْ عِبَادِهِۦ وَيَقْدِرُۖ لَوْلَآ أَن مَّنَّ ٱللَّهُ عَلَيْنَا لَخَسَفَ بِنَاۖ وَيْكَأَنَّهُۥ لَا يُفْلِحُ ٱلْكَٰفِرُونَ

Сөйтіп, кеше ғана соның орнында болуды көксегендер тәубелеріне келіп: «Ойбай-ау, демек, Алла ризық-несібе дегенді құлдарының арасынан қалағанына үйіп-төгіп береді екен де қалағанына аз әрі белгілі бір мөлшерде береді екен-ау. Егер Алла бізді есіркемегенде, бізді де жерге жұтқызып жіберер еді. Демек, кәпірлер, шынымен, оңбайды (жазадан құтылмайды) екен!» – десті.

83

تِلْكَ ٱلدَّارُ ٱلْـَٔاخِرَةُ نَجْعَلُهَا لِلَّذِينَ لَا يُرِيدُونَ عُلُوࣰّا فِي ٱلْأَرْضِ وَلَا فَسَادࣰاۚ وَٱلْعَٰقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ

Ал сонау ақиреттегі мәңгілік бақыт мекеніне келсек, оны жер бетінде (молшылықты көтере алмай) асып-тасуды һәм бүліншілік шығаруды қаламайтындарға нәсіп етеміз. Ақырғы жетістік – Алланы лайықты түрде ұлықтайтын әрі азабынан сақтанатын тақуа жандарға тиесілі (Алланы лайықты түрде ұлықтайтын әрі азабынан сақтанатын тақуа жандардың ақыры қайырлы болады).

84

مَن جَآءَ بِٱلْحَسَنَةِ فَلَهُۥ خَيْرࣱ مِّنْهَاۖ وَمَن جَآءَ بِٱلسَّيِّئَةِ فَلَا يُجْزَى ٱلَّذِينَ عَمِلُوا۟ ٱلسَّيِّـَٔاتِ إِلَّا مَا كَانُوا۟ يَعْمَلُونَ

Кімде-кім (ақиретте Алланың алдына) жақсылықпен келсе, оған одан да қайырлы сый-сияпат беріледі. Ал кім жамандықпен келсе, жаман істер істегендер тек істеген істерінің ғана қарымын алады (яғни, тек істеген күнәларына қарай жазаға тартылады).

85

إِنَّ ٱلَّذِي فَرَضَ عَلَيْكَ ٱلْقُرْءَانَ لَرَآدُّكَ إِلَىٰ مَعَادࣲۚ قُل رَّبِّيٓ أَعْلَمُ مَن جَآءَ بِٱلْهُدَىٰ وَمَنْ هُوَ فِي ضَلَٰلࣲ مُّبِينࣲ

(Уа, Мұхаммед!) Саған Құранды (оқуды, бас-шылыққа алуды һәм адамзатқа жеткізуді) парыз қылған Алла сені қайтар жеріңе (яғни, кезінде тәрк етуге мәжбүр болған қасиетті Меккеге), сөзсіз, (айқын жеңіспен) қайтарады. Ендеше: «Раббым, кімнің тура жолға бастайтын дұрыс нұсқаумен келгенін, сондай-ақ кімнің анық адасуда екенін, әлбетте, бәрінен де жақсы біледі», – деп айт.

86

وَمَا كُنتَ تَرْجُوٓا۟ أَن يُلْقَىٰٓ إِلَيْكَ ٱلْكِتَٰبُ إِلَّا رَحْمَةࣰ مِّن رَّبِّكَۖ فَلَا تَكُونَنَّ ظَهِيرࣰا لِّلْكَٰفِرِينَ

Сен осынау Кітап өзіме уахи етіледі деп үміттенбеген (ойламаған) едің. Алайда ол тек Раббыңның рақымы ретінде (өзіңе түсірілуде). Ендеше, әсте кәпірлерге арқа сүйеме!

87

وَلَا يَصُدُّنَّكَ عَنْ ءَايَٰتِ ٱللَّهِ بَعْدَ إِذْ أُنزِلَتْ إِلَيْكَۖ وَٱدْعُ إِلَىٰ رَبِّكَۖ وَلَا تَكُونَنَّ مِنَ ٱلْمُشْرِكِينَ

Өзіңе Алланың аяттары түсірілгеннен кейін оны адамдарға жекізуіңе ешкім бөгет болмасын. Адамдарды Раббыңның жолына шақыра бер әрі әсте мүшріктердің қатарына қосылма!

88

وَلَا تَدْعُ مَعَ ٱللَّهِ إِلَٰهًا ءَاخَرَۘ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَۚ كُلُّ شَيْءٍ هَالِكٌ إِلَّا وَجْهَهُۥۚ لَهُ ٱلْحُكْمُ وَإِلَيْهِ تُرْجَعُونَ

Алламен қатар өзгеге де құдай екен деп жалбарынба! Одан басқа құдай жоқ! Ондан (және Оның разылығынан) басқаның бәрі түптің түбінде ұшты-күйлі жоқ болады. Үкім айту бір Өзіне ғана тән және ақырында бәрің Оған қайтарыласыңдар.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play