Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран27. Нәмл
27 · сүре

Нәмл

93 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

طسٓۚ تِلْكَ ءَايَٰتُ ٱلْقُرْءَانِ وَكِتَابࣲ مُّبِينٍ

Та, Син. Бұлар Құранның, ақиқатты ашып түсіндіретін һәм Хақтан келгендігі бұлтартпас ап-айқын Кітаптың аяттары.

2

هُدࣰى وَبُشْرَىٰ لِلْمُؤْمِنِينَ

Ол мүміндер үшін тура жолдың мөп-мөлдір қайнар көзі һәм зор сүйінші болып табылады.

3

ٱلَّذِينَ يُقِيمُونَ ٱلصَّلَوٰةَ وَيُؤْتُونَ ٱلزَّكَوٰةَ وَهُم بِٱلْـَٔاخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَ

Ол мүміндер намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды, зекетті толық береді және ақиретке титтей де күмән келтірместен кәміл сенеді.

4

إِنَّ ٱلَّذِينَ لَا يُؤْمِنُونَ بِٱلْـَٔاخِرَةِ زَيَّنَّا لَهُمْ أَعْمَٰلَهُمْ فَهُمْ يَعْمَهُونَ

Ал ақиретке сенбейтіндерге келсек, (күпірліктері себепті,) олардың барлық (жағымсыз) істері мен қылықтарын өздеріне кереметтей, жағымды етіп көрсеттік. Олар (жүректері өлі болғандықтан дүниенің қу тіршілігін ғана ойлап,) мәңгіріп жүре береді.

5

أُو۟لَٰٓئِكَ ٱلَّذِينَ لَهُمْ سُوٓءُ ٱلْعَذَابِ وَهُمْ فِي ٱلْـَٔاخِرَةِ هُمُ ٱلْأَخْسَرُونَ

Ең жаман, ең ауыр азап, міне, солардың басында. Сондай-ақ ақиретте ең көп зиян шегетіндер де – нақ солар.

6

وَإِنَّكَ لَتُلَقَّى ٱلْقُرْءَانَ مِن لَّدُنْ حَكِيمٍ عَلِيمٍ

(Уа, Мұхаммед!) Ал өзіңе келсек, осынау қасиетті Құран саған әр ісі мен үкімі көптеген хикметтерге толы болған һәм бәрін де лайықты түрде білетін Алланың құзырынан жеткізілуде.

7

إِذْ قَالَ مُوسَىٰ لِأَهْلِهِۦٓ إِنِّيٓ ءَانَسْتُ نَارࣰا سَـَٔاتِيكُم مِّنْهَا بِخَبَرٍ أَوْ ءَاتِيكُم بِشِهَابࣲ قَبَسࣲ لَّعَلَّكُمْ تَصْطَلُونَ

Бірде Мұса (отбасымен шөл далада түнделетіп жол жүріп келе жатып, алыстан жылт-жылт еткен от жарығын байқады да: «Сендер осы жерде тұра тұрыңдар. Мен (тау жақтан) от жарығын көрдім. Сол араға барып сендерге (қай жерде екеніміз және қай бағытта жүру керектігі жайлы) мәлімет әкелемін, тіпті, болмаса, бір шоқ алып келейін, сонымен от тұтатып, жылынып аларсыңдар», – деді.

8

فَلَمَّا جَآءَهَا نُودِيَ أَنۢ بُورِكَ مَن فِي ٱلنَّارِ وَمَنْ حَوْلَهَا وَسُبْحَٰنَ ٱللَّهِ رَبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Мұса отқа таяп келгенде, оған былай деп уахи етілді: «Осы оттың басындағы һәм оның маңайындағы жандарға құт-береке дарытылды. Әлемдердің Раббысы Алла – мінсіз, кемшілік атаулыдан ада».

9

يَٰمُوسَىٰٓ إِنَّهُۥٓ أَنَا ٱللَّهُ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ

«Уа, Мұса! Мен – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы) һәм Хаким (әр ісім мен әр үкімімде көптеген хикметтер қамтылған) Алламын».

10

وَأَلْقِ عَصَاكَۚ فَلَمَّا رَءَاهَا تَهْتَزُّ كَأَنَّهَا جَآنࣱّ وَلَّىٰ مُدْبِرࣰا وَلَمْ يُعَقِّبْۚ يَٰمُوسَىٰ لَا تَخَفْ إِنِّي لَا يَخَافُ لَدَيَّ ٱلْمُرْسَلُونَ

«Ал енді қолыңдағы асатаяғыңды жерге таста!» (Мұса асатаяғын жерге тастап кеп қалғанда) оның шапшаң жылан сияқты ирелең қаққанын көріп, жалт беріп, алды-артына қарамай қаша жөнелді. Сонда Алла оған: «Уа, Мұса, қорықпа! Өйткені Менің құзырымда пайғамбарлар қорықпайды».

11

إِلَّا مَن ظَلَمَ ثُمَّ بَدَّلَ حُسْنَۢا بَعْدَ سُوٓءࣲ فَإِنِّي غَفُورࣱ رَّحِيمࣱ

«Тек зұлымдық қылып, күнәға белшесінен батқандардың жөні басқа, (олардың Менен қорқуы заңды). Алайда олар да (тәубелеріне келіп,) істеген жамандықтарын жақсылыққа алмастыратын болса, біліп қойсын, Мен өте кешірімдімін, (әсіресе, өткен ісіне өкініп, тәубеге келіп, Өзіме бет бұрған құлдарыма) ерекше мейірімдімін».

12

وَأَدْخِلْ يَدَكَ فِي جَيْبِكَ تَخْرُجْ بَيْضَآءَ مِنْ غَيْرِ سُوٓءࣲۖ فِي تِسْعِ ءَايَٰتٍ إِلَىٰ فِرْعَوْنَ وَقَوْمِهِۦٓۚ إِنَّهُمْ كَانُوا۟ قَوْمࣰا فَٰسِقِينَ

«Қане, оң қолыңды қойныңа сал! Оны қайта шығарғаныңда, бір міні жоқ, әрі аппақ болып, жарқырап шығады. Міне, осы (асатаяғың мен оң қолың) Перғауын мен қауымына көрсететін тоғыз бірдей дәлелдің (мұғжизаның) ішіне кіреді. Шүбәсіз, олар тура жолдан тайған қауым».

13

فَلَمَّا جَآءَتْهُمْ ءَايَٰتُنَا مُبْصِرَةࣰ قَالُوا۟ هَٰذَا سِحْرࣱ مُّبِينࣱ

Алайда мұғжизаларымыз алдарына ақиқатты көрсететін ап-айқын дәлел ретінде келгенде, олар: «Мынауың нағыз сиқыр ғой», – деді.

14

وَجَحَدُوا۟ بِهَا وَٱسْتَيْقَنَتْهَآ أَنفُسُهُمْ ظُلْمࣰا وَعُلُوࣰّاۚ فَٱنظُرْ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلْمُفْسِدِينَ

Олардың ұжданы осынау мұғжизалардың Алладан келгеніне кәміл сенсе де, олар зұлымдық пен күнәда қасарысып һәм жөнсіз көкірек керіп, оларды жоққа шығарды. Нәтижеде бұзғыншы, лаңшыл тобырдың ақырының не болғанына қара!

15

وَلَقَدْ ءَاتَيْنَا دَاوُۥدَ وَسُلَيْمَٰنَ عِلْمࣰاۖ وَقَالَا ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ ٱلَّذِي فَضَّلَنَا عَلَىٰ كَثِيرࣲ مِّنْ عِبَادِهِ ٱلْمُؤْمِنِينَ

Бертін келе (ғасырлар бойы Перғауынның шеңгелінен шыға алмай келген Исрайыл ұрпақтарын құтқардық һәм тасын өрге домалаттық.) Дәуіт пен Сүлейменге ерекше ілім нәсіп еттік. Екеуі үнемі: «Бар мақтау, шексіз шүкіршілік – мүмін құлдарының көбінен мерейімізді үстем, бағымызды артық қылған Аллаға арналады!» – деп шүкіршілік ететін.

16

وَوَرِثَ سُلَيْمَٰنُ دَاوُۥدَۖ وَقَالَ يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ عُلِّمْنَا مَنطِقَ ٱلطَّيْرِ وَأُوتِينَا مِن كُلِّ شَيْءٍۖ إِنَّ هَٰذَا لَهُوَ ٱلْفَضْلُ ٱلْمُبِينُ

Сөйтіп, Сүлеймен әкесі Дәуітке (пайғамбарлықта һәм патшалықта) мұрагер болды. Ол үнемі (Алланың өзіне һәм қауымына деген нығметтерін тілге тиек етіп): «Уа, жарандар! Бізге құстардың тілі үйретілді және (нығмет атаулыға жататын) бар нәрсе нәсіп етілді. Бұл, әрине, (Алланың) ап-айқын шарапаты», – деп айтатын.

17

وَحُشِرَ لِسُلَيْمَٰنَ جُنُودُهُۥ مِنَ ٱلْجِنِّ وَٱلْإِنسِ وَٱلطَّيْرِ فَهُمْ يُوزَعُونَ

Күндердің күнінде Сүлейменнің пәрменімен жындардан, адамдардан және құстардан жасақталған қалың әскер, оның қолбасшылығында темір тәртіппен сап түзеп, алға қарай жылжып келе жатты.

18

حَتَّىٰٓ إِذَآ أَتَوْا۟ عَلَىٰ وَادِ ٱلنَّمْلِ قَالَتْ نَمْلَةࣱ يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّمْلُ ٱدْخُلُوا۟ مَسَٰكِنَكُمْ لَا يَحْطِمَنَّكُمْ سُلَيْمَٰنُ وَجُنُودُهُۥ وَهُمْ لَا يَشْعُرُونَ

Сөйтіп, олар құмырсқалы алқапқа келіп жеткенде, бір құмырсқа: «Уа, құмырсқалар! Дереу ұяларыңа кіріңдер! Сүлеймен мен қалың әскері сендерді байқамай таптап кетіп жүрмесін», – деп жанұшыра жар салды.

19

فَتَبَسَّمَ ضَاحِكࣰا مِّن قَوْلِهَا وَقَالَ رَبِّ أَوْزِعْنِيٓ أَنْ أَشْكُرَ نِعْمَتَكَ ٱلَّتِيٓ أَنْعَمْتَ عَلَيَّ وَعَلَىٰ وَٰلِدَيَّ وَأَنْ أَعْمَلَ صَٰلِحࣰا تَرْضَىٰهُ وَأَدْخِلْنِي بِرَحْمَتِكَ فِي عِبَادِكَ ٱلصَّٰلِحِينَ

Әлгі құмырсқаның сөзін естіген Сүлеймен (Раббысының өзіне әрі ата-анасына жасаған жақсылықтарына көңілі тасып) езу тартып күлді де: «Уа, Раббым! Маған һәм ата-анама нәсіп еткен нығметтеріңе лайықты түрде шүкіршілік етуді және үнемі Өзіңді разы ететін игілікті істер істеуді көңіліме ұялатқайсың. Сондай-ақ мені шексіз рақымыңмен игі құлдарыңның қатарына қосқайсың!» – деп дұға етті.

20

وَتَفَقَّدَ ٱلطَّيْرَ فَقَالَ مَا لِيَ لَآ أَرَى ٱلْهُدْهُدَ أَمْ كَانَ مِنَ ٱلْغَآئِبِينَ

Бір күні Сүлеймен құстардың қосынын аралап жүріп: «Оу, мен Һуд-һудты (бәбісек құсты) неге көрмей тұрмын? Әлде ол өз бетімен үшті-күйлі жоқ болып кетті ме?»

21

لَأُعَذِّبَنَّهُۥ عَذَابࣰا شَدِيدًا أَوْ لَأَا۟ذْبَحَنَّهُۥٓ أَوْ لَيَأْتِيَنِّي بِسُلْطَٰنࣲ مُّبِينࣲ

«Ендеше, оны аяусыз жазалаймын, яки бірден басын аламын! Әйтпесе, ол маған өзін ақтайтын орынды себеп айтып, нақты дәйек келтіруі керек», – деді.

22

فَمَكَثَ غَيْرَ بَعِيدࣲ فَقَالَ أَحَطتُ بِمَا لَمْ تُحِطْ بِهِۦ وَجِئْتُكَ مِن سَبَإِۭ بِنَبَإࣲ يَقِينٍ

Содан көп ұзамай-ақ, (Һуд-һуд келді де Сүлейменнің дәргейіне бас ұрып, аяқ-астынан жоғалып кетуінің себебін баяндады): «Мен расында да, саған беймәлім бір істің жайын білдім. Мен саған Сәбә жерінен аса маңызды һәм рас екендігі күмәнсіз хабар алып келдім».

23

إِنِّي وَجَدتُّ ٱمْرَأَةࣰ تَمْلِكُهُمْ وَأُوتِيَتْ مِن كُلِّ شَيْءࣲ وَلَهَا عَرْشٌ عَظِيمࣱ

«Сәбә елінде бір әйелдің патшалық құрып, бүкіл елді билеп отырғанын көрдім. Бір өзіне (нағыз патшаға нәсіп болатын) нәрсенің бәрі беріліпті. Сондай-ақ оның үлкен тағы бар екен (соған қарағанда, билігі бекем, пәрмені күшті екені анық)».

24

وَجَدتُّهَا وَقَوْمَهَا يَسْجُدُونَ لِلشَّمْسِ مِن دُونِ ٱللَّهِ وَزَيَّنَ لَهُمُ ٱلشَّيْطَٰنُ أَعْمَٰلَهُمْ فَصَدَّهُمْ عَنِ ٱلسَّبِيلِ فَهُمْ لَا يَهْتَدُونَ

«Алайда оның да, қауымының да құдіреті күшті Аллаға емес, күнге табынғанын көрдім. Шайтан олардың сондай теріс істерін өздеріне кереметтей етіп көрсетіп, тура жолдан тайдырған екен. Сондықтан да олар өздігінен тура жолды табар емес».

25

أَلَّا يَسْجُدُوا۟ لِلَّهِ ٱلَّذِي يُخْرِجُ ٱلْخَبْءَ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ وَيَعْلَمُ مَا تُخْفُونَ وَمَا تُعْلِنُونَ

«Әйтсе де, көктер мен жердегі жасырын нәрсенің бәрін жарыққа (һәм ондағы тіршілік иелерінің бәрін жоқтық түнегінен жарық әлемге) шығаратын, сондай-ақ іштеріңе бүккендеріңді де, жария еткендеріңді де толық білетін бір Аллаға сәжде етуі керек емес пе?!»

26

ٱللَّهُ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَ رَبُّ ٱلْعَرْشِ ٱلْعَظِيمِ۩

«Өйткені Алла – Одан басқа құдай жоқ! Ол – ұлы Арштың Раббысы!»

27

۞قَالَ سَنَنظُرُ أَصَدَقْتَ أَمْ كُنتَ مِنَ ٱلْكَٰذِبِينَ

Сүлеймен оған: «Рас айттың ба, жоқ, әлде өтірікші кәззәптардың бірімісің? Оны әлі-ақ көреміз», – деді.

28

ٱذْهَب بِّكِتَٰبِي هَٰذَا فَأَلْقِهْ إِلَيْهِمْ ثُمَّ تَوَلَّ عَنْهُمْ فَٱنظُرْ مَاذَا يَرْجِعُونَ

Содан соң: «Мына хатымды алып бар да олардың (Патшайым мен кеңесшілерінің) алдына таста. Содан кейін оларды жайына қалдыр да бұл хатқа не дейді екен һәм қандай шешімге келер екен соған назар сал»,– деп бұйырды.

29

قَالَتْ يَٰٓأَيُّهَا ٱلْمَلَؤُا۟ إِنِّيٓ أُلْقِيَ إِلَيَّ كِتَٰبࣱ كَرِيمٌ

Сүлейменнің хатын алған патшайым маңайындағыларға: «Уа, игі-жақсылар! Маған өте маңызды бір хат келді».

30

إِنَّهُۥ مِن سُلَيْمَٰنَ وَإِنَّهُۥ بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

«Сүлейменнен екен және Рахман әрі ерекше мейірімді Алланың атымен, – деп басталыпты».

31

أَلَّا تَعْلُوا۟ عَلَيَّ وَأْتُونِي مُسْلِمِينَ

«(Бұл хатта бір ауыз сөзбен айтқанда): Маған көкірек көрсетіп, ұлықсынбаңдар һәм толық мойынсұнған күйде дәргейіме келіп, бас ұрыңдар, – делінген екен».

32

قَالَتْ يَٰٓأَيُّهَا ٱلْمَلَؤُا۟ أَفْتُونِي فِيٓ أَمْرِي مَا كُنتُ قَاطِعَةً أَمْرًا حَتَّىٰ تَشْهَدُونِ

«Уа, игі-жақсылар! Бұл іске не дейсіңдер? Өздерің де білетіндей, бұған дейін де сендерсіз бірде-бір мәселеге байлау айтқан емеспін», – деп маңайындағы данагөйлерінің ақыл-кеңесіне жүгінді.

33

قَالُوا۟ نَحْنُ أُو۟لُوا۟ قُوَّةࣲ وَأُو۟لُوا۟ بَأْسࣲ شَدِيدࣲ وَٱلْأَمْرُ إِلَيْكِ فَٱنظُرِي مَاذَا تَأْمُرِينَ

Игі-жақсылар: «Біз өте күшті, соғысқа әбден машықтанған жауынгер елміз. Шешімді өзіңіз қабылдаңыз. Кеңірек ойланып, бізге бұйрық берсеңіз болғаны», – деп өздерінің неге болса да дайын екендіктерін білдірді.

34

قَالَتْ إِنَّ ٱلْمُلُوكَ إِذَا دَخَلُوا۟ قَرْيَةً أَفْسَدُوهَا وَجَعَلُوٓا۟ أَعِزَّةَ أَهْلِهَآ أَذِلَّةࣰۚ وَكَذَٰلِكَ يَفْعَلُونَ

Содан патшайым ақылға салып ойланды да данагөй кеңесшілеріне: «Патшалар қандай да бір елді мекенге баса көктеп кірер болса, ол жердің астаң-кестеңін шығарып, елдің ардақ тұтқан игі-жақсыларын қор қылары сөзсіз. Иә, олар солай істейді, (бұлардың да солай істемесіне кім кепіл?!)».

35

وَإِنِّي مُرْسِلَةٌ إِلَيْهِم بِهَدِيَّةࣲ فَنَاظِرَةُۢ بِمَ يَرْجِعُ ٱلْمُرْسَلُونَ

«Одан да оларға лайықты сый-сияпат жіберейін де елшілерім не деп келер екен, соны көрейін».

36

فَلَمَّا جَآءَ سُلَيْمَٰنَ قَالَ أَتُمِدُّونَنِ بِمَالࣲ فَمَآ ءَاتَىٰنِۦَ ٱللَّهُ خَيْرࣱ مِّمَّآ ءَاتَىٰكُمۚ بَلْ أَنتُم بِهَدِيَّتِكُمْ تَفْرَحُونَ

Балқис патшайымның елшісі тарту-таралғысымен Сүлейменнің дәргейіне бас ұрғанда, Сүлеймен (оның әкелгендеріне көз қиығын да салмастан): «Сендер мені мал-пұлменен жарылқайын дедіңдер ме?! Біле білсеңдер, Алланың маған берген (пайғамбарлық, патшалық және мол байлық сынды) нығметтері сендерге бергендерінен әлдеқайда қайырлы һәм артық. Сендер ғана (біреуге берген немесе біреуден алған) тарту-таралғыларыңа мәз боласыңдар».

37

ٱرْجِعْ إِلَيْهِمْ فَلَنَأْتِيَنَّهُم بِجُنُودࣲ لَّا قِبَلَ لَهُم بِهَا وَلَنُخْرِجَنَّهُم مِّنْهَآ أَذِلَّةࣰ وَهُمْ صَٰغِرُونَ

«Сен енді өзіңді жібергендерге бар да айт: Күмәндары болмасын, біз оларға әсте төтеп бере алмайтын қолмен, жойқын күшпен келеміз де, атамекендерінен қорлықпен, сорлаған күйде қуып шығамыз», – деді.

38

قَالَ يَٰٓأَيُّهَا ٱلْمَلَؤُا۟ أَيُّكُمْ يَأْتِينِي بِعَرْشِهَا قَبْلَ أَن يَأْتُونِي مُسْلِمِينَ

(Елшілері арқылы нақты жауап алған патшайым бір топ игі-жақсыларымен Сүлейменнің алдына өзі бармақ болып, жолға шыққанда, Сүлеймен патша хан кеңесін құрып): «Уа, игі-жақсылар! Олар дәргейіме бас ұрғанға дейін әлгі патшайымның тағын маған қайсысың әкеліп бересіңдер?» – деді.

39

قَالَ عِفْرِيتࣱ مِّنَ ٱلْجِنِّ أَنَا۠ ءَاتِيكَ بِهِۦ قَبْلَ أَن تَقُومَ مِن مَّقَامِكَۖ وَإِنِّي عَلَيْهِ لَقَوِيٌّ أَمِينࣱ

Сонда жындардың ең әзәзілі һәм күштісі суырылып шығып: «Сен кеңесті бітіріп, орныңнан тұрамын дегенше, мен саған оны әкеліп беремін! Бұған менің күшім толық жетеді һәм маған сенім артуыңа болады, айтқанымды бұлжытпай орындаймын», – деді.

40

قَالَ ٱلَّذِي عِندَهُۥ عِلْمࣱ مِّنَ ٱلْكِتَٰبِ أَنَا۠ ءَاتِيكَ بِهِۦ قَبْلَ أَن يَرْتَدَّ إِلَيْكَ طَرْفُكَۚ فَلَمَّا رَءَاهُ مُسْتَقِرًّا عِندَهُۥ قَالَ هَٰذَا مِن فَضْلِ رَبِّي لِيَبْلُوَنِيٓ ءَأَشْكُرُ أَمْ أَكْفُرُۖ وَمَن شَكَرَ فَإِنَّمَا يَشْكُرُ لِنَفْسِهِۦۖ وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ رَبِّي غَنِيࣱّ كَرِيمࣱ

Сонда иләһи Кітапты терең меңгерген ерекше ілім иесі: «Мен саған оны көзіңді ашып жұмғанша әкеліп беремін!» – деді. Сол-ақ екен, Сүлеймен әлгі алып тақтың дәл қасына әкелініп қойылғанын көргенде: «Бұл Раббымның маған деген шарапаты. Шүкіршілік етемін бе, жоқ, әлде (мұны өзім істедім деп) астамшылық қыламын ба, соны көрейін деп, мені сынап көруде. Кімде-кім шүкіршілік етсе, өзі үшін шүкіршілік етеді. Ал кім астамшылық қылса (яғни, алғыс айтуды білмесе), шүбәсіз, Раббым түгесілмес байлық иесі, ешкімнің алғысына мұқтаж емес әрі өте кең, асқан жомарт», – деді.

41

قَالَ نَكِّرُوا۟ لَهَا عَرْشَهَا نَنظُرْ أَتَهْتَدِيٓ أَمْ تَكُونُ مِنَ ٱلَّذِينَ لَا يَهْتَدُونَ

Артынша: «Патшайымның тағын танымастай етіп өзгертіңдер. Тағын танып, өздігінен тура жолды табар ма екен, жоқ, әлде тура жолды таба алмай адасып жүргендердің бірі болып қала берер ме екен, көрейік?!» – деп бұйырды.

42

فَلَمَّا جَآءَتْ قِيلَ أَهَٰكَذَا عَرْشُكِۖ قَالَتْ كَأَنَّهُۥ هُوَۚ وَأُوتِينَا ٱلْعِلْمَ مِن قَبْلِهَا وَكُنَّا مُسْلِمِينَ

Патшайым келгенде, оған: «Қараңызшы, сіздің тағыңыз осындай ма еді?» – делінді. Сонда ол: «Иә, мынау тура сол сияқты!» – деп, тағын таныды да (мұның бір мұғжиза екенін һәм тағының не мақсатта өзгертілгенін бірден түсініп): «Бізге бұған дейін де (Сүлеймен туралы, оның билігі, пайғамбарлығы және мүмкіндіктері жайлы) мәлімет берілген еді, сөйтіп, біз оған мұнда келмей тұрып-ақ мойынсұнып, мұсылман болған едік», – деді.

43

وَصَدَّهَا مَا كَانَت تَّعْبُدُ مِن دُونِ ٱللَّهِۖ إِنَّهَا كَانَتْ مِن قَوْمࣲ كَٰفِرِينَ

Анығында, оған (сол күнге дейін) ақиқатты табуға кедергі келтірген (жеке басының тәкаппарлығы, қасарыспа мінезі немесе өзінің ерік-қалауы емес, ата-бабаларының жолын ұстанып) Алладан өзге жалған құдайларға табынуы еді. Ол кәпір қауымның арасында туып-өскен еді.

44

قِيلَ لَهَا ٱدْخُلِي ٱلصَّرْحَۖ فَلَمَّا رَأَتْهُ حَسِبَتْهُ لُجَّةࣰ وَكَشَفَتْ عَن سَاقَيْهَاۚ قَالَ إِنَّهُۥ صَرْحࣱ مُّمَرَّدࣱ مِّن قَوَارِيرَۗ قَالَتْ رَبِّ إِنِّي ظَلَمْتُ نَفْسِي وَأَسْلَمْتُ مَعَ سُلَيْمَٰنَ لِلَّهِ رَبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Кейін оған: «Сарайға кіріңіз!» – делінді. Сарайға кіргенде, еденін көлкіген су айдыны екен деп ойлап қалды да, бірден етегін көтере қойды. Сонда Сүлеймен оған: «Бұл едені мөлдір таза шыныдан төселген салтанатты сарай», – деді. Сол кезде ол (мұндай ғаламат дүние жай патшаға емес, иләһи құдіретке сүйенген пайғамбар патшаға ғана нәсіп болатынын түсініп): «Уа, Раббым! Мен осы күнге дейін (Сенен өзгеге табынып) өз-өзіме зұлымдық қылған екенмін. Енді осы сәттен бастап, Сүлейменмен бірге әлемдердің Раббысы Аллаға мойынсұндым», – деп иман келтірді.

45

وَلَقَدْ أَرْسَلْنَآ إِلَىٰ ثَمُودَ أَخَاهُمْ صَٰلِحًا أَنِ ٱعْبُدُوا۟ ٱللَّهَ فَإِذَا هُمْ فَرِيقَانِ يَخْتَصِمُونَ

Кезінде Сәмуд халқына: «Бір Аллаға ғана құлшылық етіңдер», – деген үндеумен бауырлары Салихты жіберген едік. Содан олар көп ұзамай, бір-бірімен жауласып, жаға жыртысқан екі топқа бөлінді.

46

قَالَ يَٰقَوْمِ لِمَ تَسْتَعْجِلُونَ بِٱلسَّيِّئَةِ قَبْلَ ٱلْحَسَنَةِۖ لَوْلَا تَسْتَغْفِرُونَ ٱللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

Салих пайғамбар оларға: «Уа, қауымым, жақсылық тұрғанда, неліктен өз бастарыңа жамандықтың тез арада келуін тілейсіңдер? Одан да шексіз рақымына бөлену үшін мейірімді Алладан күнәларың үшін кешірім тілемейесіңдер ме?!» – деді.

47

قَالُوا۟ ٱطَّيَّرْنَا بِكَ وَبِمَن مَّعَكَۚ قَالَ طَٰٓئِرُكُمْ عِندَ ٱللَّهِۖ بَلْ أَنتُمْ قَوْمࣱ تُفْتَنُونَ

Сонда олар: «(Әй, Салих!) Біз мына сенің һәм маңайыңдағылардың кесірінен бақытсыздыққа (қуаңшылық пен ашаршылыққа) ұшырадық», – деді. Салих: «Бақытсыздыққа ұшырасаңдар, демек, Алланың жазуы солай болған. (Бақытсыздық дегендерің, Алланың жазмышындағы нәрсе ғой). Анығында, сендер (араларыңдағы жақсыларың мен жамандарыңның ара жігі белгі болғанша бірде жақсылықпен, бірде жамандықпен) сыналып жатқан қауымсыңдар», – деп айтты.

48

وَكَانَ فِي ٱلْمَدِينَةِ تِسْعَةُ رَهْطࣲ يُفْسِدُونَ فِي ٱلْأَرْضِ وَلَا يُصْلِحُونَ

Ол қалада үнемі ел ішіне лаң салып, бұзақылық жасайтын, ал қоғамды түзетуге, жақсартуға келгенде, ат-тонын ала қашатын тоғыз кісіден тұратын бұзық топ бар еді.

49

قَالُوا۟ تَقَاسَمُوا۟ بِٱللَّهِ لَنُبَيِّتَنَّهُۥ وَأَهْلَهُۥ ثُمَّ لَنَقُولَنَّ لِوَلِيِّهِۦ مَا شَهِدْنَا مَهْلِكَ أَهْلِهِۦ وَإِنَّا لَصَٰدِقُونَ

Бір күні олар бас қосып, Алланың атымен ант-су ішісіп: «Түн ішінде Салихты отбасымен бірге тұтқиылдан шауып, түгелдей көзін жоямыз да артынан қанға қан деп, жоғын жоқтап шыққан туысына бәріміз бірауыздан: «Жақындарыңның қалай өлтірілгенін көрген жоқпыз, (біздің олардың өліміне еш қатысымыз жоқ), құдай ақы, рас айтамыз деп сендіреміз», – деген байламға келді.

50

وَمَكَرُوا۟ مَكْرࣰا وَمَكَرْنَا مَكْرࣰا وَهُمْ لَا يَشْعُرُونَ

Олар сөйтіп өздерінше тұзақ құрды, Біз де өз кезегімізде тұзақ құрудың қандай болатынын олардың көзіне көрсеттік, сөйтіп, олар (біреуге тұзақ құрамыз деп жүріп, өздерінің қандай тұзаққа түскенін) сезбей де қалды.

51

فَٱنظُرْ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ مَكْرِهِمْ أَنَّا دَمَّرْنَٰهُمْ وَقَوْمَهُمْ أَجْمَعِينَ

Міне, олардың арам пиғылмен құрған тұзақтарының ақыры не болғанын көрдің бе?! Біз әлгі бұзық топтың да, қауымының да түгелдей көзін жойдық.

52

فَتِلْكَ بُيُوتُهُمْ خَاوِيَةَۢ بِمَا ظَلَمُوٓا۟ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَةࣰ لِّقَوْمࣲ يَعْلَمُونَ

Әне, істеген зұлымдықтарының салдарынан, олардың асты-үстіне келіп, қирап, қаңырап қалған үйлері! Шүбәсіз, мұнда ақиқатты білгісі келетін қауым үшін зор ғибрат бар.

53

وَأَنجَيْنَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَكَانُوا۟ يَتَّقُونَ

Ал иман келтіріп, Алланы лайықты түрде ұлықтайтын, Оған асылық қылудан һәм азабынан қорқатын тақуа жандарды (кәпірлердің басына келген азапқа душар қылмай) аман алып қалдық.

54

وَلُوطًا إِذْ قَالَ لِقَوْمِهِۦٓ أَتَأْتُونَ ٱلْفَٰحِشَةَ وَأَنتُمْ تُبْصِرُونَ

Лутты да (өз қауымына пайғамбар етіп жібердік). Ол қауымын: «Сендер көрер көзге осындай арсыздыққа, жиіркенішті іске барасыңдар ма?»

55

أَئِنَّكُمْ لَتَأْتُونَ ٱلرِّجَالَ شَهْوَةࣰ مِّن دُونِ ٱلنِّسَآءِۚ بَلْ أَنتُمْ قَوْمࣱ تَجْهَلُونَ

«Сонда сендер әйелдерді былай қойып, тән құмарлықтарыңды еркектерге барып тояттайсыңдар ма? Анығында, сендер надандықта қасарысқан қауымсыңдар», – деп, арсыздықтан тыюға тырысты.

56

۞فَمَا كَانَ جَوَابَ قَوْمِهِۦٓ إِلَّآ أَن قَالُوٓا۟ أَخْرِجُوٓا۟ ءَالَ لُوطࣲ مِّن قَرْيَتِكُمْۖ إِنَّهُمْ أُنَاسࣱ يَتَطَهَّرُونَ

Cондағы қауымының бар жауабы: «Луттың отбасын ауыл-аймақтарыңнан қуып шығыңдар. Өйткені олар күнәдан пәк, өте әдепті жандар», – деу ғана болды.

57

فَأَنجَيْنَٰهُ وَأَهْلَهُۥٓ إِلَّا ٱمْرَأَتَهُۥ قَدَّرْنَٰهَا مِنَ ٱلْغَٰبِرِينَ

Нәтижеде оның өзін және отбасын (қауымының басына келген жойқын апаттан) аман алып қалдық. Тек әйелін (азаптан) құтқарған жоқпыз. Оның пешенесіне жұртта қалып, зауал табатындардың арасында болуды жаздық.

58

وَأَمْطَرْنَا عَلَيْهِم مَّطَرࣰاۖ فَسَآءَ مَطَرُ ٱلْمُنذَرِينَ

Төбелеріне алапат жауын жаудырдық. Ескертуге құлақ аспағандардың төбесіне жауған жауын қандай жаман еді!

59

قُلِ ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ وَسَلَٰمٌ عَلَىٰ عِبَادِهِ ٱلَّذِينَ ٱصْطَفَىٰٓۗ ءَآللَّهُ خَيْرٌ أَمَّا يُشْرِكُونَ

(Уа, Мұхаммед!) «Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік әрдайым бір Аллаға арналсын және есендік Оның таңдаулы құлдарына тән болсын. Шын қайырлы, тәңір тұтуға шын лайық болған кім? Алла ма, жоқ, әлде Оған серік етіп қосқандары ма?» – де.

60

أَمَّنْ خَلَقَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ وَأَنزَلَ لَكُم مِّنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءࣰ فَأَنۢبَتْنَا بِهِۦ حَدَآئِقَ ذَاتَ بَهْجَةࣲ مَّا كَانَ لَكُمْ أَن تُنۢبِتُوا۟ شَجَرَهَآۗ أَءِلَٰهࣱ مَّعَ ٱللَّهِۚ بَلْ هُمْ قَوْمࣱ يَعْدِلُونَ

(Сонымен, кім қайырлы? Олардың жалған құдайлары ма?) Жоқ, әлде, күллі аспан әлемі мен жерді жаратқан және сендер үшін көктен жауын жаудырған (Алла) қайырлы ма? Біз сол жауынның суымен көз жауын алатын бау-бақшалар өсірудеміз. Ал сендер (бау-бақша тұрмақ), оның бір ағашын да өсіре алмас едіңдер. Алламен қатар басқа құдай бар ма?! Әрине, жоқ, анығында, олар хақтан ауытқып кете баратын қауым.

61

أَمَّن جَعَلَ ٱلْأَرْضَ قَرَارࣰا وَجَعَلَ خِلَٰلَهَآ أَنْهَٰرࣰا وَجَعَلَ لَهَا رَوَٰسِيَ وَجَعَلَ بَيْنَ ٱلْبَحْرَيْنِ حَاجِزًاۗ أَءِلَٰهࣱ مَّعَ ٱللَّهِۚ بَلْ أَكْثَرُهُمْ لَا يَعْلَمُونَ

(Олардың жалған құдайлары қайырлы ма?) Жоқ, әлде, (үнемі қозғалыста болатынына қарамастан) жерді жайлы тұрақ қылған, оның әр жерінен (әр бағытта) өзендер ағызған, оған тауларды қазық қылған және бір-бірімен тоғысқан қос теңіздің арасына (көзге көрінбейтін) бөгет қойған (Алла) қайырлы ма? Алламен қатар басқа құдай бар ма?! Әрине, жоқ, анығында, олардың дені осынау ақиқатты білмейді әрі білгілері де келмейді.

62

أَمَّن يُجِيبُ ٱلْمُضْطَرَّ إِذَا دَعَاهُ وَيَكْشِفُ ٱلسُّوٓءَ وَيَجْعَلُكُمْ خُلَفَآءَ ٱلْأَرْضِۗ أَءِلَٰهࣱ مَّعَ ٱللَّهِۚ قَلِيلࣰا مَّا تَذَكَّرُونَ

(Олардың жалған құдайлары қайырлы ма?) Жоқ, әлде, Өзіне дұға еткен қысылған жанның дұға-тілегін қабыл алып, оны басына түскен ауыртпалықтан құтқаратын, сендерді (жер бетін көркейтсін һәм ондағы жүйеге, жаратылыс мақсатына сай өмір сүрсін деп) жер бетінің халифалары қылған (Алла) қайырлы ма? Алламен қатар басқа құдай бар ма?! Әрине, жоқ, өздерің неткен аз ойланатын, ғибрат алайын демейтін адамсыңдар.

63

أَمَّن يَهْدِيكُمْ فِي ظُلُمَٰتِ ٱلْبَرِّ وَٱلْبَحْرِ وَمَن يُرْسِلُ ٱلرِّيَٰحَ بُشْرَۢا بَيْنَ يَدَيْ رَحْمَتِهِۦٓۗ أَءِلَٰهࣱ مَّعَ ٱللَّهِۚ تَعَٰلَى ٱللَّهُ عَمَّا يُشْرِكُونَ

(Олардың жалған құдайлары қайырлы ма?) Жоқ, әлде, сендерге құрлық пен теңіздің тастай қараңғы шақтарында жол көрсететін, рақымын жаудырар алдында сүйіншілеуші ретінде желді жіберетін (Алла) қайырлы ма? Алламен қатар басқа құдай бар ма?! Әрине жоқ, Алла олардың Өзіне серік етіп қосқанынан аулақ һәм әлдеқайда ұлы.

64

أَمَّن يَبْدَؤُا۟ ٱلْخَلْقَ ثُمَّ يُعِيدُهُۥ وَمَن يَرْزُقُكُم مِّنَ ٱلسَّمَآءِ وَٱلْأَرْضِۗ أَءِلَٰهࣱ مَّعَ ٱللَّهِۚ قُلْ هَاتُوا۟ بُرْهَٰنَكُمْ إِن كُنتُمْ صَٰدِقِينَ

(Олардың жалған құдайлары қайырлы ма?) Жоқ, әлде, күллі жаратылысты жоқтан жарататын, кейін оларды (өлтіріп) қайта жарататын, сендерге көктен һәм жерден ризық шығарып беретін (Алла) қайырлы ма? Ендеше, Алламен қатар басқа құдай бар ма?! (Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Егер (Алладан басқа құдай бар деген) сөздерің рас болса, қане, дәлелдерің!» – де.

65

قُل لَّا يَعْلَمُ مَن فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ ٱلْغَيْبَ إِلَّا ٱللَّهُۚ وَمَا يَشْعُرُونَ أَيَّانَ يُبْعَثُونَ

(Уа, Мұхаммед!) «Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі бірде-бір жан ғайыпты білмейді. Ғайыпты бір Алла ғана біледі. Олар (және олардың табынған құдайлары қиямет- қайымның қашан орнайтынын,) өлгеннен кейін қашан тірілетінін де білмейді.

66

بَلِ ٱدَّٰرَكَ عِلْمُهُمْ فِي ٱلْـَٔاخِرَةِۚ بَلْ هُمْ فِي شَكࣲّ مِّنْهَاۖ بَلْ هُم مِّنْهَا عَمُونَ

Анығында, олар (тек дүние қуып, дүниелік нәрселерді ғана үйренуге ден қойғандықтан) ақирет жайлы ілімнен мақұрым қалғандар. Ақирет жайлы мәліметтер оларға пайғамбар арқылы бірінен кейін бірі келуде. Алайда олар оған күмән келтіруде. Жо-жоқ, олар ақирет жайлы (мұншама дәлел тұрғанда) көрсоқыр болып қала беруді жөн көруде.

67

وَقَالَ ٱلَّذِينَ كَفَرُوٓا۟ أَءِذَا كُنَّا تُرَٰبࣰا وَءَابَآؤُنَآ أَئِنَّا لَمُخْرَجُونَ

Күпірлікте қасарысқандар: «Сонда мына біз һәм ата-бабаларымыз топыраққа айналғаннан кейін қайтадан тірілтіліп, қабірден шығарыламыз ба?!»

68

لَقَدْ وُعِدْنَا هَٰذَا نَحْنُ وَءَابَآؤُنَا مِن قَبْلُ إِنْ هَٰذَآ إِلَّآ أَسَٰطِيرُ ٱلْأَوَّلِينَ

«Анығында, бізге берілген мұндай қорқынышты уәде бұдан бұрын ата-бабаларымызға да берілген болатын. Алайда бұл бұрынғылардың аңыз-әпсаналарынан, жалған сенімдерінен басқа түк те емес!» – деді.

69

قُلْ سِيرُوا۟ فِي ٱلْأَرْضِ فَٱنظُرُوا۟ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلْمُجْرِمِينَ

(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Ендеше, жер бетін шарлап шығыңдар, сөйтіп, күнәға белшелерінен батқан кәпірлердің ақыры қалай болғанын өз көздеріңмен көріңдер», – де.

70

وَلَا تَحْزَنْ عَلَيْهِمْ وَلَا تَكُن فِي ضَيْقࣲ مِّمَّا يَمْكُرُونَ

Сондай-ақ олар үшін (яғни, олардың жат қылықтарына, өзіңнен сырт айналғанына бола) мұңайма, олардың (еңбегіңді еш қылу һәм ел-жұртты хақ жолдан тайдыру үшін) жасаған қитұрқы жоспарлары мен құрған тұзақтарына бола тарығып күйзелме.

71

وَيَقُولُونَ مَتَىٰ هَٰذَا ٱلْوَعْدُ إِن كُنتُمْ صَٰدِقِينَ

Олар: «Айтқандарың рас болса, бұл қорқынышты уәделерің қашан орындалады?» – дейді.

72

قُلْ عَسَىٰٓ أَن يَكُونَ رَدِفَ لَكُم بَعْضُ ٱلَّذِي تَسْتَعْجِلُونَ

Оларға: «Бәлкім, өздерің асықтырған азаптың бір парасы бастарыңа төніп келіп те қалған шығар», – де.

73

وَإِنَّ رَبَّكَ لَذُو فَضْلٍ عَلَى ٱلنَّاسِ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَهُمْ لَا يَشْكُرُونَ

Шүбәсіз, Раббың адамдарға аса шарапатты. Алайда олардың көбі шүкіршілік етпеуде.

74

وَإِنَّ رَبَّكَ لَيَعْلَمُ مَا تُكِنُّ صُدُورُهُمْ وَمَا يُعْلِنُونَ

Шүбәсіз, Раббың олардың көкіректеріне нені бүгіп жүргенін де, ашықтан-ашық істеп жүрген істерін де жақсы біледі.

75

وَمَا مِنْ غَآئِبَةࣲ فِي ٱلسَّمَآءِ وَٱلْأَرْضِ إِلَّا فِي كِتَٰبࣲ مُّبِينٍ

Көкте де, жерде де ап-айқын Кітапта жазылмай тасада қалған еш нәрсе жоқ.

76

إِنَّ هَٰذَا ٱلْقُرْءَانَ يَقُصُّ عَلَىٰ بَنِيٓ إِسْرَٰٓءِيلَ أَكْثَرَ ٱلَّذِي هُمْ فِيهِ يَخْتَلِفُونَ

Біле білсеңдер, бұл Құран Исрайыл ұрпақтарына өзара таласып-тартысып келген мәселелерінің көбін баяндап беруде.

77

وَإِنَّهُۥ لَهُدࣰى وَرَحْمَةࣱ لِّلْمُؤْمِنِينَ

Сондай-ақ ол мүміндер үшін тура жолға бастаушы һәм бастан-аяқ рақым болып табылады.

78

إِنَّ رَبَّكَ يَقْضِي بَيْنَهُم بِحُكْمِهِۦۚ وَهُوَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْعَلِيمُ

Шүбәсіз, Раббың олардың (яғни, иман келтіргендер мен етпегендер) арасында билік айтып, Өзінің әділ де кесімді үкімін шығарады. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Алим (шексіз ілім иесі).

79

فَتَوَكَّلْ عَلَى ٱللَّهِۖ إِنَّكَ عَلَى ٱلْحَقِّ ٱلْمُبِينِ

(Уа, Мұхаммед!) Ендеше, бір Аллаға тәуекел ет! Шүбәсіз, сен нағыз хақ жолдасың!

80

إِنَّكَ لَا تُسْمِعُ ٱلْمَوْتَىٰ وَلَا تُسْمِعُ ٱلصُّمَّ ٱلدُّعَآءَ إِذَا وَلَّوْا۟ مُدْبِرِينَ

Һәм біліп қой, дауысыңды өлілерге естірте алмайтыныңдай, (ақиқат айтылғанда) сырт айналып қаша жөнелетін саңырауларға да үндеуіңді естірте алмайсың.

81

وَمَآ أَنتَ بِهَٰدِي ٱلْعُمْيِ عَن ضَلَٰلَتِهِمْۖ إِن تُسْمِعُ إِلَّا مَن يُؤْمِنُ بِـَٔايَٰتِنَا فَهُم مُّسْلِمُونَ

Сондай-ақ (ақиқатты көрмейтін) көрсоқырлардың да адасқан бетін бері бұрып, тура жолға түсіре алмайсың. Үндеуіңді тек (өз бойларындағы һәм жалпы болмыстағы) аяттарымызға, айқын дәлелдерімізге илануға һәм ақиқатқа мойынсұнуға бейім жандарға ғана естірте аласың.

82

۞وَإِذَا وَقَعَ ٱلْقَوْلُ عَلَيْهِمْ أَخْرَجْنَا لَهُمْ دَآبَّةࣰ مِّنَ ٱلْأَرْضِ تُكَلِّمُهُمْ أَنَّ ٱلنَّاسَ كَانُوا۟ بِـَٔايَٰتِنَا لَا يُوقِنُونَ

Берілген сөз (уәде етілген азап) іске асуға шақ қалғанда, оларға жерден бір мақұлық шығарамыз. Сөйтіп, әлгі мақұлық адамдарға тіл қатып, (өз бойларындағы, жалпы болмыстағы һәм Кітаптағы айқын дәлелдерімізге,) аяттарымызға лайықты түрде иланбағандықтарын айтады.

83

وَيَوْمَ نَحْشُرُ مِن كُلِّ أُمَّةࣲ فَوْجࣰا مِّمَّن يُكَذِّبُ بِـَٔايَٰتِنَا فَهُمْ يُوزَعُونَ

Күндердің күнінде әр үмбеттің ішінен аяттарымызды жалған санап, жоққа шығаратындардан бір топ шығарамыз, сөйтіп олар сап түзеген күйде жауапқа тартылатын жерлеріне қарай айдалады.

84

حَتَّىٰٓ إِذَا جَآءُو قَالَ أَكَذَّبْتُم بِـَٔايَٰتِي وَلَمْ تُحِيطُوا۟ بِهَا عِلْمًا أَمَّاذَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

Межелі жерге жеткенде, Алла оларға: «Демек, сендер аяттарымды толық меңгеріп, әбден түсініп алмай жатып, жалған санап, жоққа шығардыңдар, солай ма? Жоқ, олай емес десеңдер, онда сендердің істегендерің не еді?» – дейді.

85

وَوَقَعَ ٱلْقَوْلُ عَلَيْهِم بِمَا ظَلَمُوا۟ فَهُمْ لَا يَنطِقُونَ

Сөйтіп, (басы Аллаға өзгелерді серік етіп қосумен басталып) жалғасын тапқан зұлымдықтарының салдарынан, оларға берілген сөз (уәде етілген азап) іске асты. Енді олар (ақталу үшін) бір ауыз сөз айта алмайды.

86

أَلَمْ يَرَوْا۟ أَنَّا جَعَلْنَا ٱلَّيْلَ لِيَسْكُنُوا۟ فِيهِ وَٱلنَّهَارَ مُبْصِرًاۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّقَوْمࣲ يُؤْمِنُونَ

Сонда олар түнді адамдардың дамылдап тынығуы үшін, ал күндізді тіршілік етуі үшін жап-жарық етіп жаратқанымызды көрмей ме? Шүбәсіз, осында иман келтіретін қауым үшін көптеген айқын белгілер әрі талай ғибрат бар.

87

وَيَوْمَ يُنفَخُ فِي ٱلصُّورِ فَفَزِعَ مَن فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَن فِي ٱلْأَرْضِ إِلَّا مَن شَآءَ ٱللَّهُۚ وَكُلٌّ أَتَوْهُ دَٰخِرِينَ

«Сур» үрленетін күні көктер мен жердегілердің бәрінің зәре-құты қалмайды, тек Алла (қорықпауын) қалаған пенделердің жөні бөлек. Сөйтіп, барлығы бойсұнған күйде Оның алдына келеді.

88

وَتَرَى ٱلْجِبَالَ تَحْسَبُهَا جَامِدَةࣰ وَهِيَ تَمُرُّ مَرَّ ٱلسَّحَابِۚ صُنْعَ ٱللَّهِ ٱلَّذِيٓ أَتْقَنَ كُلَّ شَيْءٍۚ إِنَّهُۥ خَبِيرُۢ بِمَا تَفْعَلُونَ

Тауларға қарап, оларды бір жерде тапжылмай тұр екен деп ойлайсың, әйтсе де, олар да бейне бір бұлттардың көшкеніндей көшуде. Міне, бұл – барлық нәрсені кемеліне келтіріп, мінсіз етіп жасайтын Алланың шеберлігі. Шүбәсіз, Ол не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар.

89

مَن جَآءَ بِٱلْحَسَنَةِ فَلَهُۥ خَيْرࣱ مِّنْهَا وَهُم مِّن فَزَعࣲ يَوْمَئِذٍ ءَامِنُونَ

Кімде-кім сол күні Оның дәргейіне (барлық күнәларынан арылып) тек жақсылықпен (игі істерімен) келсе, оған одан да қайырлысы (яғни, күткенінен де артық сый-сияпат) беріледі. Сондай-ақ олар сол күні ғаламат қорқыныштан да аман болады.

90

وَمَن جَآءَ بِٱلسَّيِّئَةِ فَكُبَّتْ وُجُوهُهُمْ فِي ٱلنَّارِ هَلْ تُجْزَوْنَ إِلَّا مَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

Ал кім (иманнан және сауапты істерден жұрдай болып) тек жамандықпен келсе, ондайлар етбетінен түсіп тозақ отына тасталады. Һәм оларға: «Дүниеде істеген теріс істеріңнің қарымынан басқа не алмақсыңдар?!» – делінеді.

91

إِنَّمَآ أُمِرْتُ أَنْ أَعْبُدَ رَبَّ هَٰذِهِ ٱلْبَلْدَةِ ٱلَّذِي حَرَّمَهَا وَلَهُۥ كُلُّ شَيْءࣲۖ وَأُمِرْتُ أَنْ أَكُونَ مِنَ ٱلْمُسْلِمِينَ

(Уа, Мұхаммед!) «Мен тек осынау шаһардың Раббысына, яғни, оны қасиетті де ардақты қылған әрі барлық нәрсенің шынайы Егесі болған (бір Аллаға) ғана табынуға бұйырылдым. Сондай-ақ мен Оған толық мойынсұнған шын мұсылман болуға бұйырылдым».

92

وَأَنْ أَتْلُوَا۟ ٱلْقُرْءَانَۖ فَمَنِ ٱهْتَدَىٰ فَإِنَّمَا يَهْتَدِي لِنَفْسِهِۦۖ وَمَن ضَلَّ فَقُلْ إِنَّمَآ أَنَا۠ مِنَ ٱلْمُنذِرِينَ

«Және Құран оқуға (сол арқылы Оның қасиетті жолдауын жеткізуге бұйырылдым)», – дегін. Ендеше, кімде-кім өз қалауымен тура жолға түссе, тура жолға тек өзі үшін түскені. Ал кім тура жолдан адасатын болса, онда: «Мен тек ескерту үшін жіберілген пайғамбарлардың бірі ғанамын», – де.

93

وَقُلِ ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ سَيُرِيكُمْ ءَايَٰتِهِۦ فَتَعْرِفُونَهَاۚ وَمَا رَبُّكَ بِغَٰفِلٍ عَمَّا تَعْمَلُونَ

Сондай-ақ: «Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Аллаға тән. Ол сендерге (айтқан сөздерінің бәріне бұлтартпас айғақ болатын) аяттарын, ғаламат нышан-белгілерін әлі-ақ көрсетеді. Сонда сендер сол аяттарды бірден танып-білесіңдер», – деп айт. Біліп қой, Раббың не істеп, не қойып жүргендеріңнен бейхабар емес һәм істеріңе немқұрайлы қарамайды!

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play