Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран23. Муминун
23 · сүре

Муминун

118 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

قَدْ أَفْلَحَ ٱلْمُؤْمِنُونَ

Мүміндер сөзсіз (азап атаулыдан құтылып) мақсат-мұратына, нағыз жетістікке жетті.

2

ٱلَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَٰشِعُونَ

Олар – намазда (құдіреті күшті Аллаға) шын бейілімен мойынсұнып, барынша кішіпейілділік танытатындар.

3

وَٱلَّذِينَ هُمْ عَنِ ٱللَّغْوِ مُعْرِضُونَ

Олар – бос сөз, пайдасыз істен іргесін аулақ салатындар.

4

وَٱلَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَوٰةِ فَٰعِلُونَ

Олар – шын бейілімен зекет беріп, (мал-мүліктері мен жүректерін тазарту үшін) барын салатындар.

5

وَٱلَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَٰفِظُونَ

Олар – абиырларын (қымтап, оны күнә атаулыдан) барынша сақтайды.

6

إِلَّا عَلَىٰٓ أَزْوَٰجِهِمْ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَٰنُهُمْ فَإِنَّهُمْ غَيْرُ مَلُومِينَ

Тек адал жарлары мен қоластындағы күңдерінің жөні бөлек. Өйткені олар (адал жарлары, қоластындағы күңдерімен жақындасқаны үшін) жазғырылмайды.

7

فَمَنِ ٱبْتَغَىٰ وَرَآءَ ذَٰلِكَ فَأُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلْعَادُونَ

Ал кімде-кім (нәпсінің жетегіне еріп,) бұдан ары асуды көксесе, міне солар нағыз шектен шыққандар.

8

وَٱلَّذِينَ هُمْ لِأَمَٰنَٰتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَٰعُونَ

Сондай-ақ ол мүміндер өздеріне сеніп тапсырылған аманаттар мен міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарап, берген уәдеде тұрады.

9

وَٱلَّذِينَ هُمْ عَلَىٰ صَلَوَٰتِهِمْ يُحَافِظُونَ

Намаздарын кемеліне жеткізе, үзбей әрі уақытылы оқиды.

10

أُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلْوَٰرِثُونَ

Міне, солар нағыз мұрагерлер.

11

ٱلَّذِينَ يَرِثُونَ ٱلْفِرْدَوْسَ هُمْ فِيهَا خَٰلِدُونَ

Олар (пейіштің төрі) Фирдаусқа мирасқор болады. Олар онда мәңгі-бақи мекендейді.

12

وَلَقَدْ خَلَقْنَا ٱلْإِنسَٰنَ مِن سُلَٰلَةࣲ مِّن طِينࣲ

Шүбәсіз, Біз адам баласын балшықтың қаймағынан (маңызынан, яғни, әр алуан минералдарға, түрлі органикалық заттарға бай балшықтан) жараттық.

13

ثُمَّ جَعَلْنَٰهُ نُطْفَةࣰ فِي قَرَارࣲ مَّكِينࣲ

Содан кейін оны (ер мен әйелден бөлінетін) бір тамшы шәһуат суы (яғни, ұрық) күйінде берік орынға (ана жатырына) орналастырдық.

14

ثُمَّ خَلَقْنَا ٱلنُّطْفَةَ عَلَقَةࣰ فَخَلَقْنَا ٱلْعَلَقَةَ مُضْغَةࣰ فَخَلَقْنَا ٱلْمُضْغَةَ عِظَٰمࣰا فَكَسَوْنَا ٱلْعِظَٰمَ لَحْمࣰا ثُمَّ أَنشَأْنَٰهُ خَلْقًا ءَاخَرَۚ فَتَبَارَكَ ٱللَّهُ أَحْسَنُ ٱلْخَٰلِقِينَ

Содан соң ұрықты жатырға (сүліктей) жабысқан ұйысқан нәрсеге (ұйыған қанға) айналдырдық. Кейін әлгі жабысқақ нәрсені (ұйыған қанды) бір тістем етке ұқсаған шақалаққа (эмбрионға) айналдырдық. Содан кейін әлгі бір шайнам етке ұқсаған денені сүйекке айналдырдық. Сөйтіп ол сүйектерге ет кигіздік. Нәтижеде (оған он екі мүше, ерекше кескін-келбет беріп, рух үрлеп, бойына жан әрі күш-қуат бітіру арқылы) оны мүлдем басқа ерекше жаратылыс етіп шығардық. Ендеше, теңдесі жоқ, ең керемет жаратушы һәм шексіз нығмет пен құт-берекенің жалғыз иесі болған Алла қандай ұлы десеңші!

15

ثُمَّ إِنَّكُم بَعْدَ ذَٰلِكَ لَمَيِّتُونَ

Міне, содан соң, сендер осы айтылғандардың бәрінен кейін, әлбетте, өлесіңдер.

16

ثُمَّ إِنَّكُمْ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ تُبْعَثُونَ

Һәм содан кейін еш күмәнсіз, қиямет күні қайтадан тірілтілесіңдер.

17

وَلَقَدْ خَلَقْنَا فَوْقَكُمْ سَبْعَ طَرَآئِقَ وَمَا كُنَّا عَنِ ٱلْخَلْقِ غَٰفِلِينَ

Шүбәсіз, Біз сендердің төбелеріңде жеті қат аспан, (періштелер жүретін, Алланың бұйрықтары түсіп, адамдардың амалдары көтерілетін) жеті бірдей жол жараттық. Біз жаратудан да, жаратқандарымыздан да бейхабар емеспіз (яғни, оларды ұмыт қалдырып, өз жөніне қоя берген емеспіз).

18

وَأَنزَلْنَا مِنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءَۢ بِقَدَرࣲ فَأَسْكَنَّٰهُ فِي ٱلْأَرْضِۖ وَإِنَّا عَلَىٰ ذَهَابِۭ بِهِۦ لَقَٰدِرُونَ

Біз көктен қажетті мөлшерде су түсірдік (жауын жаудырдық) һәм оның суын жерде тұрақтандырып, сақтадық. Анығында, ол суды мүлдем жоқ қылып, құртып жіберуге де құдіретіміз толық жетеді.

19

فَأَنشَأْنَا لَكُم بِهِۦ جَنَّٰتࣲ مِّن نَّخِيلࣲ وَأَعْنَٰبࣲ لَّكُمْ فِيهَا فَوَٰكِهُ كَثِيرَةࣱ وَمِنْهَا تَأْكُلُونَ

Сол сумен сендерге жайқалған құрма және жүзім бау-бақшаларын өсірдік. Онда сендер үшін (құрма мен жүзімнен басқа да) көптеген жемістер бар, сендер сол жемістерді (пайдаларыңа жаратасыңдар әрі) жеп, қорек қыласыңдар.

20

وَشَجَرَةࣰ تَخْرُجُ مِن طُورِ سَيْنَآءَ تَنۢبُتُ بِٱلدُّهْنِ وَصِبْغࣲ لِّلْـَٔاكِلِينَ

Сондай-ақ сол арқылы Синай тауында өсетін тағы бір ағаш түрін өсірдік. Ол ағаш һәм май һәм жегісі келетіндер нанға қосып жегенде, дәмін кіргізетін жеміс береді.

21

وَإِنَّ لَكُمْ فِي ٱلْأَنْعَٰمِ لَعِبْرَةࣰۖ نُّسْقِيكُم مِّمَّا فِي بُطُونِهَا وَلَكُمْ فِيهَا مَنَٰفِعُ كَثِيرَةࣱ وَمِنْهَا تَأْكُلُونَ

Шүбәсіз, (сол су арқылы өсіп-өнген өсімдіктерді қорек ететін) төрт түлік малда да сендер үшін ерекше ғибрат бар. Сендерге олардың ішінен шыққан сүтін (пайдалы да, құнарлы) сусын ретінде ішкіземіз. Олардың сендерге басқа да көптеген пайдалары бар әрі олардың ет-майын да жейсіңдер.

22

وَعَلَيْهَا وَعَلَى ٱلْفُلْكِ تُحْمَلُونَ

Сондай-ақ (құрлықта) сол жануарларға және (теңізде) кемелерге мініп, діттеген жерлеріңе жетесіңдер.

23

وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا نُوحًا إِلَىٰ قَوْمِهِۦ فَقَالَ يَٰقَوْمِ ٱعْبُدُوا۟ ٱللَّهَ مَا لَكُم مِّنْ إِلَٰهٍ غَيْرُهُۥٓۚ أَفَلَا تَتَّقُونَ

Кезінде Нұхты өзінің қауымына пайғамбар етіп жіберген едік. Сонда ол: «Уа, қауымым! Бір Аллаға ғана құлшылық етіңдер! Сендердің Одан басқа құдайларың жоқ. Ендеше, Оған асылық қылудан һәм қаһарына ұшыраудан сескенбейсіңдер ме?

24

فَقَالَ ٱلْمَلَؤُا۟ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ مِن قَوْمِهِۦ مَا هَٰذَآ إِلَّا بَشَرࣱ مِّثْلُكُمْ يُرِيدُ أَن يَتَفَضَّلَ عَلَيْكُمْ وَلَوْ شَآءَ ٱللَّهُ لَأَنزَلَ مَلَٰٓئِكَةࣰ مَّا سَمِعْنَا بِهَٰذَا فِيٓ ءَابَآئِنَا ٱلْأَوَّلِينَ

Сонда қауымының күпірлікте қасарысқан бірқатар шонжарлары: «Бұл да бар болғаны өздерің сияқты адам баласы. Өзінше сендерден артық әрі үстем болуды көксейді. Егер Алла бізге пайғамбар жіберем десе, сөзсіз періштелерді жіберер еді. Тіпті, бұрын өткен ата-бабаларымыздан да мұндай нәрсе естіген емеспіз».

25

إِنْ هُوَ إِلَّا رَجُلُۢ بِهِۦ جِنَّةࣱ فَتَرَبَّصُوا۟ بِهِۦ حَتَّىٰ حِينࣲ

«Бұл бір жын ұрған кісі, басқа түк те емес. (Ең дұрысы,) оған біраз мұрсат беріңдер, бәлкім, айығып кетер», – десті.

26

قَالَ رَبِّ ٱنصُرْنِي بِمَا كَذَّبُونِ

Нұх: «Уа, Раббым, мені өтірікші дегендері үшін мені бір Өзің қолдай көр!» – деп жалбарынды.

27

فَأَوْحَيْنَآ إِلَيْهِ أَنِ ٱصْنَعِ ٱلْفُلْكَ بِأَعْيُنِنَا وَوَحْيِنَا فَإِذَا جَآءَ أَمْرُنَا وَفَارَ ٱلتَّنُّورُ فَٱسْلُكْ فِيهَا مِن كُلࣲّ زَوْجَيْنِ ٱثْنَيْنِ وَأَهْلَكَ إِلَّا مَن سَبَقَ عَلَيْهِ ٱلْقَوْلُ مِنْهُمْۖ وَلَا تُخَٰطِبْنِي فِي ٱلَّذِينَ ظَلَمُوٓا۟ إِنَّهُم مُّغْرَقُونَ

Содан Біз оған: «Біздің тікелей бақылауымызбен һәм уахи арқылы жөн сілтеуімізбен (жөн-жобасын өзіңе көрсетіп берген) кемені жаса», – деп уахи еттік. Сөйтіп, ақырында жойқын пәрменіміз жетіп, қазан қайнай бастағанда, (яғни, әр жерден су атқылай бастағанда) Нұхқа: «Жан-жануарлардың әр түрінен бір-бір жұптан және хақында (Құдайдың қаһарына ұшырайды деген) үкім шыққандарды қоспағанда, бүкіл отбасыңды кемеге мінгіз. Күпірлікте қасарысып, өз-өзінің обалына қалған залымдарға араша түсемін деп Маған өтініш айтып, тіл қатушы болма. Енді олар сөзсіз суға кетіп, құрдымға батады», – деп бұйырдық.

28

فَإِذَا ٱسْتَوَيْتَ أَنتَ وَمَن مَّعَكَ عَلَى ٱلْفُلْكِ فَقُلِ ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ ٱلَّذِي نَجَّىٰنَا مِنَ ٱلْقَوْمِ ٱلظَّٰلِمِينَ

Қасыңдағылармен бірге кемеге мінгеніңде: «Сансыз шүкір, бар мадақ бізді залым қауымнан құтқарған Аллаға тән!» – деп айт.

29

وَقُل رَّبِّ أَنزِلْنِي مُنزَلࣰا مُّبَارَكࣰا وَأَنتَ خَيْرُ ٱلْمُنزِلِينَ

Һәм: «Уа, Раббым! Мені құтты қонысқа қондыра көр! Қонысқа қондырушылардың ең қайырлысы бір Өзіңсің», – деп жалбарын.

30

إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ وَإِن كُنَّا لَمُبْتَلِينَ

Міне, осының бәрінде көптеген ғибрат пен белгілер бар. Біз бар болғаны, адамдарды (түрлі хикметтер негізінде) әр түрлі жолдармен сынап көрудеміз (сан алуан сынақтардан өткізудеміз).

31

ثُمَّ أَنشَأْنَا مِنۢ بَعْدِهِمْ قَرْنًا ءَاخَرِينَ

Олардан кейін де қаншама ұрпақ жараттық.

32

فَأَرْسَلْنَا فِيهِمْ رَسُولࣰا مِّنْهُمْ أَنِ ٱعْبُدُوا۟ ٱللَّهَ مَا لَكُم مِّنْ إِلَٰهٍ غَيْرُهُۥٓۚ أَفَلَا تَتَّقُونَ

Жаратып қана қоймадық, әр ұрпаққа өз ішінен: «Бір Аллаға ғана құлшылық жасаңдар! Сендердің Одан басқа құдайларың жоқ. Ендеше, Оған асылық қылудан һәм қаһарына ұшыраудан қорықпайсыңдар ма?» – деп ақиқатты жар салып, тура жолға шақыратын елші жібердік.

33

وَقَالَ ٱلْمَلَأُ مِن قَوْمِهِ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَكَذَّبُوا۟ بِلِقَآءِ ٱلْـَٔاخِرَةِ وَأَتْرَفْنَٰهُمْ فِي ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا مَا هَٰذَآ إِلَّا بَشَرࣱ مِّثْلُكُمْ يَأْكُلُ مِمَّا تَأْكُلُونَ مِنْهُ وَيَشْرَبُ مِمَّا تَشْرَبُونَ

Әр пайғамбардың қауымының ішіндегі күпірлікте қатты кетіп, ақиреттегі қауышуды мойындамайтын әрі бұл дүниеде Өзіміз мол байлыққа кенелткен шонжарлар: «Бұл да өздерің сияқты пенде, басқа түк те емес. Көрмеймісіңдер, ол да сендердің жегендеріңді жеп, ішкендеріңді ішеді».

34

وَلَئِنْ أَطَعْتُم بَشَرࣰا مِّثْلَكُمْ إِنَّكُمْ إِذࣰا لَّخَٰسِرُونَ

«Егер де өздерің сияқты пендеге мойын-сұнсаңдар, онда зиянға ұшырайсыңдар».

35

أَيَعِدُكُمْ أَنَّكُمْ إِذَا مِتُّمْ وَكُنتُمْ تُرَابࣰا وَعِظَٰمًا أَنَّكُم مُّخْرَجُونَ

«Сонда ол сендерге өлгеннен кейін һәм топыраққа араласып, қаусаған құр сүйекке айналған соң қайтадан тірілтіліп, қабірден шығарыласыңдар деп уәде беруде ме?»

36

۞هَيْهَاتَ هَيْهَاتَ لِمَا تُوعَدُونَ

«Жоқ, ол мүмкін емес! Сендерге берілген бұл уәденің ауылы тым алыс, тым шалғайда!»

37

إِنْ هِيَ إِلَّا حَيَاتُنَا ٱلدُّنْيَا نَمُوتُ وَنَحْيَا وَمَا نَحْنُ بِمَبْعُوثِينَ

«Біз үшін осы дүниедегі тіршілігімізден басқа тіршілік жоқ. Біріміз өлеміз, ендібіріміз өмір сүреміз, бірақ өлгеннен кейін қайтадан тірілтілмейміз».

38

إِنْ هُوَ إِلَّا رَجُلٌ ٱفْتَرَىٰ عَلَى ٱللَّهِ كَذِبࣰا وَمَا نَحْنُ لَهُۥ بِمُؤْمِنِينَ

«Бұл бар болғаны, ойынан шығарған өтірігін Аллаға теліп жүрген адам, одан басқа түк те емес. Біз оған сенбейміз», – дейді.

39

قَالَ رَبِّ ٱنصُرْنِي بِمَا كَذَّبُونِ

Ақырында пайғамбар: «Уа, Раббым! Мені өтірікшіге балағандары үшін маған Өзің жәрдем бере көр!» – деп Аллаға жалбарынды.

40

قَالَ عَمَّا قَلِيلࣲ لَّيُصْبِحُنَّ نَٰدِمِينَ

Сонда Алла: «Олар көп өтпей әлі-ақ бұл қылықтары үшін опық жейді», – деді.

41

فَأَخَذَتْهُمُ ٱلصَّيْحَةُ بِٱلْحَقِّ فَجَعَلْنَٰهُمْ غُثَآءࣰۚ فَبُعْدࣰا لِّلْقَوْمِ ٱلظَّٰلِمِينَ

Содан көп ұзамай жер жарған ащы айқай (ғаламат жарылыс) Алланың әділ де жойқын пәрмені болып жетіп, барлығын тырп еткізбей басып қалды. Сөйтіп оларды селмен аққан қоқысқа айналдырдық. Залым қауым сол күйі құрысын!

42

ثُمَّ أَنشَأْنَا مِنۢ بَعْدِهِمْ قُرُونًا ءَاخَرِينَ

Олардан кейін де басқа ұрпақтар жараттық.

43

مَا تَسْبِقُ مِنْ أُمَّةٍ أَجَلَهَا وَمَا يَسْتَـْٔخِرُونَ

Ешбір қауым ажалы жетпей құрымайды һәм (ажалы келгенде) оны кейінге шегере де алмайды.

44

ثُمَّ أَرْسَلْنَا رُسُلَنَا تَتْرَاۖ كُلَّ مَا جَآءَ أُمَّةࣰ رَّسُولُهَا كَذَّبُوهُۖ فَأَتْبَعْنَا بَعْضَهُم بَعْضࣰا وَجَعَلْنَٰهُمْ أَحَادِيثَۚ فَبُعْدࣰا لِّقَوْمࣲ لَّا يُؤْمِنُونَ

Содан кейін де елшілерімізді бірінен кейін бірін үзбей жіберіп отырдық. Үмбеттердің қай-қайсысы болмасын өзіне келген пайғамбарды өтірікші санап, мойындамады. Біз де өз кезегімізде олардың бірінен кейін бірінің көзін жойып, (келер ұрпақ үшін) ғибратты қиссаларға айналдырдық. Иман етпейтін қауым құрысын!

45

ثُمَّ أَرْسَلْنَا مُوسَىٰ وَأَخَاهُ هَٰرُونَ بِـَٔايَٰتِنَا وَسُلْطَٰنࣲ مُّبِينٍ

Содан кейін Мұса мен бауыры Һарунды ап-айқын мұғжизаларымызбен, айқын да күшті дәлелмен жібердік.

46

إِلَىٰ فِرْعَوْنَ وَمَلَإِي۟هِۦ فَٱسْتَكْبَرُوا۟ وَكَانُوا۟ قَوْمًا عَالِينَ

(Ол екеуін) Перғауын мен шонжарларына жібердік. Алайда олар дандайсып, ақиқатқа бас июді өздеріне ар санады. Олар онсыз да өздерін бәрінен артық әрі зор көретін өркөкірек қауым болған еді.

47

فَقَالُوٓا۟ أَنُؤْمِنُ لِبَشَرَيْنِ مِثْلِنَا وَقَوْمُهُمَا لَنَا عَٰبِدُونَ

Олар: «Сонда біз түк таппағандай елі бізге құлдық ұрған өзіміз сияқты мына екі кісіге иман келтіреміз бе?» – деп көкірек керді.

48

فَكَذَّبُوهُمَا فَكَانُوا۟ مِنَ ٱلْمُهْلَكِينَ

Сөйтіп, олар екеуін өтірікке шығарды да нәтижесінде құрдымға кетіп, көзі жойылған қауымдардың қатарына қосылды.

49

وَلَقَدْ ءَاتَيْنَا مُوسَى ٱلْكِتَٰبَ لَعَلَّهُمْ يَهْتَدُونَ

Әйтсе де, Біз Мұсаға қауымы тура жолға түссін деп (киелі) Кітап бердік.

50

وَجَعَلْنَا ٱبْنَ مَرْيَمَ وَأُمَّهُۥٓ ءَايَةࣰ وَءَاوَيْنَٰهُمَآ إِلَىٰ رَبْوَةࣲ ذَاتِ قَرَارࣲ وَمَعِينࣲ

Мәриямұлын һәм анасын (ұлылығымыз бен құдіретіміздің) айқын дәлелі қылдық. Екеуін бұлағы бар әрі сондай жайлы биіктеу бір жерге (жотаға) орналастырдық.

51

يَٰٓأَيُّهَا ٱلرُّسُلُ كُلُوا۟ مِنَ ٱلطَّيِّبَٰتِ وَٱعْمَلُوا۟ صَٰلِحًاۖ إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمࣱ

Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әркез игі істер істеңдер. Мен еш шүбәсіз, сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді білемін.

52

وَإِنَّ هَٰذِهِۦٓ أُمَّتُكُمْ أُمَّةࣰ وَٰحِدَةࣰ وَأَنَا۠ رَبُّكُمْ فَٱتَّقُونِ

Міне, (аталмыш пайғамбарлар, олардың соңынан ерген үмбеттері һәм сендер) барлығың сенімі ортақ бір үмбетсіңдер. Ал Мен (бәріңді жоқтан жаратқан, тіршілік сыйлаған, қолдап-қорғайтын, өздеріңді һәм күллі болмысты жалғыз басқарып тұрған) Раббыларыңмын! Ендеше, Маған асылық қылып, қаһарыма ұшыраудан сақтаныңдар!

53

فَتَقَطَّعُوٓا۟ أَمْرَهُم بَيْنَهُمْ زُبُرࣰاۖ كُلُّ حِزْبِۭ بِمَا لَدَيْهِمْ فَرِحُونَ

Бір өкініштісі, (пайғамбарлардан кейін) адамдар дін мәселесінде қырық пышақ болды да топ-топқа бөлініп, араларындағы береке-бірліктің шырқын бұзды. Әр топ өз сенімі мен ұстанымын мақтан тұтып, соған мәз болады.

54

فَذَرْهُمْ فِي غَمْرَتِهِمْ حَتَّىٰ حِينٍ

(Уа, Мұхаммед! Егер олар өзің келтірген мұнша дәлелді көре тұра күпірлікте қасарысуларын қоймаса,) оларды біраз уақытқа (яғни, дәм-тұздары таусылғанға) дейін надандық пен ғапылдықтың шырмауына шырмалған (надандық пен ғапылдыққа салынған) бетімен қоя бер.

55

أَيَحْسَبُونَ أَنَّمَا نُمِدُّهُم بِهِۦ مِن مَّالࣲ وَبَنِينَ

Сонда олар өздеріне мал-мүлік пен бала-шағаны молынан беріп, әулетті де, дәулетті қылғанымызға қарап,

56

نُسَارِعُ لَهُمْ فِي ٱلْخَيْرَٰتِۚ بَل لَّا يَشْعُرُونَ

бізді өздеріне тек жақсылық жасау үшін жанұшырып жүр деп ойлай ма? Әсте олай емес! Олар еш нәрсені де сезіп жүрген жоқ.

57

إِنَّ ٱلَّذِينَ هُم مِّنْ خَشْيَةِ رَبِّهِم مُّشْفِقُونَ

Ал Раббыларына деген ерекше сый-құрметі себепті Одан үнемі именіп жүретіндер.

58

وَٱلَّذِينَ هُم بِـَٔايَٰتِ رَبِّهِمْ يُؤْمِنُونَ

Раббыларының (Құрандағы һәм болмыстағы барлық) аяттарына иман келтіретіндер.

59

وَٱلَّذِينَ هُم بِرَبِّهِمْ لَا يُشْرِكُونَ

Раббыларына (сенімінде, құлшылығында, тұрмыс-тіршілігінде) еш нәрсені серік етіп қоспайтындар.

60

وَٱلَّذِينَ يُؤْتُونَ مَآ ءَاتَوا۟ وَّقُلُوبُهُمْ وَجِلَةٌ أَنَّهُمْ إِلَىٰ رَبِّهِمْ رَٰجِعُونَ

Сондай-ақ Алла жолында зекет-садақа бергенде және басқа да игі істер істегенде, өздерінің Раббыларына қайтар жолда екенін шын сезініп, (Раббымызға лайықты құл бола алдық па, Оны разы ете алдық па деп) қатты қобалжып, жүректері дүрсіл қағатындар.

61

أُو۟لَٰٓئِكَ يُسَٰرِعُونَ فِي ٱلْخَيْرَٰتِ وَهُمْ لَهَا سَٰبِقُونَ

Міне, осынау ізгі жандар жақсылықта, қайырлы істерде дамыл таппай шырқ ұрып жүреді, жақсылық жасауда бір-бірімен жарысады.

62

وَلَا نُكَلِّفُ نَفْسًا إِلَّا وُسْعَهَاۚ وَلَدَيْنَا كِتَٰبࣱ يَنطِقُ بِٱلْحَقِّ وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ

(Ал енді шынайы мүміндерге ғана тән осынау қасиеттер Алла тағала адамдарға шамаларынан артық міндет жүктейді екен деген ойға қалдырмасын). Біз жан баласына шамасынан тыс міндет жүктемейміз. Құзырымызда (әрбір жанның ниеті, сенімі, тіршілігі һәм істеген істері жайлы) ақиқатты ғана айтатын кітап бар. Міне, сондықтан да ешкімге әділетсіздік жасалмайды (ешкімнің ақысы желінбейді).

63

بَلْ قُلُوبُهُمْ فِي غَمْرَةࣲ مِّنْ هَٰذَا وَلَهُمْ أَعْمَٰلࣱ مِّن دُونِ ذَٰلِكَ هُمْ لَهَا عَٰمِلُونَ

Алайда кәпірлердің жүрегі бұл ақиқаттан мүлдем ғапыл, сондай-ақ олардың әдетке айналдырып алған басқа да жаман істері, жағымсыз қылықтары бар (міне, сол істерінің кесірінен олар ақиқатты көрмеуде, көрсе де, оған мойынсұнбауда).

64

حَتَّىٰٓ إِذَآ أَخَذْنَا مُتْرَفِيهِم بِٱلْعَذَابِ إِذَا هُمْ يَجْـَٔرُونَ

Нәтижеде араларындағы сән-салтанат пен молшылықта өмір сүріп үйренген мықтыларына азап тартқызып, сазайларын бергенімізде, бірден ойбайға басып, зар илейді.

65

لَا تَجْـَٔرُوا۟ ٱلْيَوْمَۖ إِنَّكُم مِّنَّا لَا تُنصَرُونَ

«Жоқ, дәл бүгін құр босқа ойбайға басып, зар илемей-ақ қойыңдар! Өйткені Бізден ешқандай жәрдем көрмейсіңдер».

66

قَدْ كَانَتْ ءَايَٰتِي تُتْلَىٰ عَلَيْكُمْ فَكُنتُمْ عَلَىٰٓ أَعْقَٰبِكُمْ تَنكِصُونَ

Кезінде сендерге аяттарым оқылатын еді, ал сендер болсаңдар, үнемі жақтырмаған сыңай танытып, сырт айналып кететін едіңдер.

67

مُسْتَكْبِرِينَ بِهِۦ سَٰمِرࣰا تَهْجُرُونَ

Үнемі көкірек керіп, дандайситын едіңдер, кешкі отырыстарыңда (Құран, хақ пайғамбар һәм оның жеткізген діні жайлы) қалай болса солай сөйлеп, не болса соны көкіп отыратын едіңдер.

68

أَفَلَمْ يَدَّبَّرُوا۟ ٱلْقَوْلَ أَمْ جَآءَهُم مَّا لَمْ يَأْتِ ءَابَآءَهُمُ ٱلْأَوَّلِينَ

Сонда олар бұл Сөзге (Құранға) мүлдем ой жүгіртпей ме? Әлде оларға алғашқы ата-бабаларына да келмеген жаңа нәрсе келді ме?

69

أَمْ لَمْ يَعْرِفُوا۟ رَسُولَهُمْ فَهُمْ لَهُۥ مُنكِرُونَ

Әлде өздеріне келген (һәм бүкіл ғұмыры көз алдарында өткен) пайғамбарды мүлдем танымағандықтан оны мойындамай отыр ма?

70

أَمْ يَقُولُونَ بِهِۦ جِنَّةُۢۚ بَلْ جَآءَهُم بِٱلْحَقِّ وَأَكْثَرُهُمْ لِلْحَقِّ كَٰرِهُونَ

Жоқ, әлде оны жынданған (яғни, жындармен қатынасы бар) дей ме? Анығында, ол оларға ақиқаттың нақ өзін жеткізді, алайда олардың көбі ақиқатты мүлдем жақтырмайды.

71

وَلَوِ ٱتَّبَعَ ٱلْحَقُّ أَهْوَآءَهُمْ لَفَسَدَتِ ٱلسَّمَٰوَٰتُ وَٱلْأَرْضُ وَمَن فِيهِنَّۚ بَلْ أَتَيْنَٰهُم بِذِكْرِهِمْ فَهُمْ عَن ذِكْرِهِم مُّعْرِضُونَ

Егер ақиқат олардың ерік-қалауына ерген болса, онда сөзсіз, күллі аспан әлемінің, жердің және онда тіршілік еткендердің бәрінің жүйесі бұзылып, күл-талқаны шығар еді. Әйтсе де, Біз оларға екі дүниеде де бақытты да абыройлы болуы үшін бұл өмірде ұстануы тиіс насихат пен нұсқаулар жиынтығын тарту еттік. Алайда олар өз бақыты мен абыройынан сырт айналуда.

72

أَمْ تَسْـَٔلُهُمْ خَرْجࣰا فَخَرَاجُ رَبِّكَ خَيْرࣱۖ وَهُوَ خَيْرُ ٱلرَّٰزِقِينَ

(Уа, Мұхаммед!) Әлде сен олардан дін жеткізгенің үшін ақы сұрадың ба? (Олар соны өтей алмайтын болғандықтан сенен қашқақтай ма?) Әйтсе де, Раббыңның өзіңе берері бәрінен де қайырлы, артық екенін олар біліп қойсын. Өйткені Ол – қашан да ең қайырлы ризықты беретін һәм ризық беруде алдына жан салмайтын шексіз жомарт.

73

وَإِنَّكَ لَتَدْعُوهُمْ إِلَىٰ صِرَٰطࣲ مُّسْتَقِيمࣲ

Сен оларды тұп-тура жолға шақырасың.

74

وَإِنَّ ٱلَّذِينَ لَا يُؤْمِنُونَ بِٱلْـَٔاخِرَةِ عَنِ ٱلصِّرَٰطِ لَنَٰكِبُونَ

Ал ақиретке сенбейтіндер тура жолдан мүлдем тайған.

75

۞وَلَوْ رَحِمْنَٰهُمْ وَكَشَفْنَا مَا بِهِم مِّن ضُرࣲّ لَّلَجُّوا۟ فِي طُغْيَٰنِهِمْ يَعْمَهُونَ

Егер оларға жанымыз ашып, бастарына келген (қуаңшылық, жоқшылық сынды) алапат ауыртпалықтың бетін қайтарсақ, олардың түк бол-мағандай қайтадан азғындыққа салынып, сол баяғы адасқан күйде мәңгіріп жүре берері сөзсіз.

76

وَلَقَدْ أَخَذْنَٰهُم بِٱلْعَذَابِ فَمَا ٱسْتَكَانُوا۟ لِرَبِّهِمْ وَمَا يَتَضَرَّعُونَ

Біз оларды (жоқшылық пен қуаңшылықтың зардабын тартқызу арқылы) жазаладық, олар сонда да Раббыларына бас иіп, жалбарынбады.

77

حَتَّىٰٓ إِذَا فَتَحْنَا عَلَيْهِم بَابࣰا ذَا عَذَابࣲ شَدِيدٍ إِذَا هُمْ فِيهِ مُبْلِسُونَ

Олардың алдынан, ар жағында тым ауыр азап болған қақпаны (яғни оларды өлтіріп, алдарынан мәңгілік азап мекені – о дүниенің қақпасын) ашсақ болды, үмітсіздіктің тұнғыйығына шын батады.

78

وَهُوَ ٱلَّذِيٓ أَنشَأَ لَكُمُ ٱلسَّمْعَ وَٱلْأَبْصَٰرَ وَٱلْأَفْـِٔدَةَۚ قَلِيلࣰا مَّا تَشْكُرُونَ

Ол сендер үшін (яғни, өмірге бірте-бірте бейімделу, үйрену арқылы толыққанды адам болып қалыптасуларың үшін) есту қабілетін, көздерді және жүректі (яғни жүректегі рухани сезімдерді) жаратты. Алайда сендер Оның осынау нығметтеріне өте аз шүкір етесіңдер!

79

وَهُوَ ٱلَّذِي ذَرَأَكُمْ فِي ٱلْأَرْضِ وَإِلَيْهِ تُحْشَرُونَ

Сендерді көбейтіп, жер бетіне жайған да бір Өзі. Бәрің өлгеннен кейін қайта тірілтіліп, Оның құзырына жиналасыңдар.

80

وَهُوَ ٱلَّذِي يُحْيِۦ وَيُمِيتُ وَلَهُ ٱخْتِلَٰفُ ٱلَّيْلِ وَٱلنَّهَارِۚ أَفَلَا تَعْقِلُونَ

Өмір сыйлап, тіршілік еттіретін де, ажал тапқызып, бақилық қылатын да бір Өзі. Түн мен күндіздің бірде ұзарып, бірде қысқарып, өзара алмасуы да Оның ісі. Ендеше, сәл де болса ақылға салып, ойланбайсыңдар ма?

81

بَلْ قَالُوا۟ مِثْلَ مَا قَالَ ٱلْأَوَّلُونَ

(Ақылға салып, ойланудың орнына) өздерінен бұрын өткен кәпірлердің айтқан сөзін қайталайды.

82

قَالُوٓا۟ أَءِذَا مِتْنَا وَكُنَّا تُرَابࣰا وَعِظَٰمًا أَءِنَّا لَمَبْعُوثُونَ

«Демек, біз өліп, топыраққа және қаусаған құр сүйекке айналғаннан кейін қайта тірілтіліп, қабірлерімізден шығарылады екенбіз ғой, солай ма?»

83

لَقَدْ وُعِدْنَا نَحْنُ وَءَابَآؤُنَا هَٰذَا مِن قَبْلُ إِنْ هَٰذَآ إِلَّآ أَسَٰطِيرُ ٱلْأَوَّلِينَ

«Расында, бұл уәде бізге де, бізден бұрын өткен ата-бабаларымызға да берілген болатын. Бұл бар болғаны, бұрынғылардың ойларынан шығарған аңыз-әпсаналары, басқа түк те емес», – дейді.

84

قُل لِّمَنِ ٱلْأَرْضُ وَمَن فِيهَآ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ

Оларға: «Қане, білетін болсаңдар, айтыңдаршы, бүкіл жер беті һәм онда тіршілік етіп жатқандардың бәрі кімге тиесілі (оларды жоқтан жаратқан және тіршілік еткізетін кім)?» – деп айт.

85

سَيَقُولُونَ لِلَّهِۚ قُلْ أَفَلَا تَذَكَّرُونَ

Әлбетте, олар: «Аллаға тиесілі», – дейді. Оларға: «Ендеше, неліктен ойланып, ғибрат алмайсыңдар?» – деп айт.

86

قُلْ مَن رَّبُّ ٱلسَّمَٰوَٰتِ ٱلسَّبْعِ وَرَبُّ ٱلْعَرْشِ ٱلْعَظِيمِ

Сондай-ақ оларға: «Жеті қабат аспанның Раббысы кім? Ұлы Аршының Раббысы кім?» – деп айт.

87

سَيَقُولُونَ لِلَّهِۚ قُلْ أَفَلَا تَتَّقُونَ

Әлбетте, олар: «Бәрі де Аллаға тиесілі», – дейді. Оларға: «Олай болса, неліктен Раббыларыңа асылық қылудан һәм қаһарына ұшыраудан қорықпайсыңдар?» – деп айт.

88

قُلْ مَنۢ بِيَدِهِۦ مَلَكُوتُ كُلِّ شَيْءࣲ وَهُوَ يُجِيرُ وَلَا يُجَارُ عَلَيْهِ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ

Сонымен қатар, оларға: «Қане, білетін болсаңдар, айтыңдаршы, бір Өзі бәріне қорған әрі қамқор, ал Өзі ешкімнің қорғауы мен қамқорлығына мұқтаж болмаған, барлық нәрсенің билігі бір Өзінің құзырында болған кім?!» – деп айт.

89

سَيَقُولُونَ لِلَّهِۚ قُلْ فَأَنَّىٰ تُسْحَرُونَ

Олар бұл жолы да «Алла» дейді. Оларға: «Ендеше, қалайша бастарың дуаланғандай ақиқаттан мұншама алыстайсыңдар», – деп айт.

90

بَلْ أَتَيْنَٰهُم بِٱلْحَقِّ وَإِنَّهُمْ لَكَٰذِبُونَ

Шүбәсіз, Біз оларға ақиқаттың нақ өзін жеткіздік, ал олар болса, (Аллаға және басқа да ақиқаттарға қатысты айтқан сөздерінде) нағыз өтірікші.

91

مَا ٱتَّخَذَ ٱللَّهُ مِن وَلَدࣲ وَمَا كَانَ مَعَهُۥ مِنْ إِلَٰهٍۚ إِذࣰا لَّذَهَبَ كُلُّ إِلَٰهِۭ بِمَا خَلَقَ وَلَعَلَا بَعْضُهُمْ عَلَىٰ بَعْضࣲۚ سُبْحَٰنَ ٱللَّهِ عَمَّا يَصِفُونَ

Алла ешкімді де бала тұтқан емес. Оған тең келер басқа құдай да жоқ. Олай болғанда, әр құдай өз жаратқанын өзі билеп һәм бір-біріне үстемдік етуге тырысатын еді. Алла мүшріктердің Өзіне теліп жүрген сипаттарынан мүлдем ада.

92

عَٰلِمِ ٱلْغَيْبِ وَٱلشَّهَٰدَةِ فَتَعَٰلَىٰ عَمَّا يُشْرِكُونَ

Ол ғайыпты да, жарияны да (яғни, сезім мүшелерімен сезіп-білу мүмкін емес тылсым әлемді де, сезім мүшелерімен сезіліп-білінетін жария әлемді де) толық білуші. Олай болса, Ол, мүшріктердің айтқанындай, құдайлықта біреумен ортақтас болудан (немесе мүшріктердің Өзіне серік етіп қосқандарынан) аулақ.

93

قُل رَّبِّ إِمَّا تُرِيَنِّي مَا يُوعَدُونَ

(Уа, Мұхаммед!) «Уа, Раббым, егер оларға сес қылып, уәде еткен азабыңды көзімнің тірісінде келтіріп, маған көрсетер болсаң»,

94

رَبِّ فَلَا تَجْعَلْنِي فِي ٱلْقَوْمِ ٱلظَّٰلِمِينَ

«Раббым, ондай жағдайда мені залым қауымның ішінде болудан (қалудан) сақтағайсың!» – деп айт.

95

وَإِنَّا عَلَىٰٓ أَن نُّرِيَكَ مَا نَعِدُهُمْ لَقَٰدِرُونَ

Шүбәсіз, оларға сес қылып, уәде еткен азабымызды көзіңнің тірісінде келтіріп, саған көрсетуге (һәм сені одан аман алып қалуға) әбден құдіреттіміз.

96

ٱدْفَعْ بِٱلَّتِي هِيَ أَحْسَنُ ٱلسَّيِّئَةَۚ نَحْنُ أَعْلَمُ بِمَا يَصِفُونَ

(Кәпірлер білгендерін істей берсін,) ал сен жамандықтың қарымын жақсылықпен қайтар. Біз олардың (Өзіміз жайлы һәм сен туралы) қандай орынсыз сөздер айтып, (Бізге) нендей лайықсыз сипаттар теліп жүргенін, әлбетте, жақсы білеміз.

97

وَقُل رَّبِّ أَعُوذُ بِكَ مِنْ هَمَزَٰتِ ٱلشَّيَٰطِينِ

Сондай-ақ: «Уа, Раббым, (міндетімді орындау барысында адам мен жындардан болған) шайтандардың уәсуәсі мен азғыруынан сақтай көр деп бір Өзіңнен пана тілеймін».

98

وَأَعُوذُ بِكَ رَبِّ أَن يَحْضُرُونِ

«Сонымен қатар, уа, Раббым, олардың маған жанасуынан (маған ықпал етулерінен) сақтай көр деп, бір Өзіңнен пана тілеймін», – деп дұға ет.

99

حَتَّىٰٓ إِذَا جَآءَ أَحَدَهُمُ ٱلْمَوْتُ قَالَ رَبِّ ٱرْجِعُونِ

Егер ол кәпірлердің біреуіне ажал жетсе: «Уа, Раббым, мені дүиеге кері қайтара көр!»

100

لَعَلِّيٓ أَعْمَلُ صَٰلِحࣰا فِيمَا تَرَكْتُۚ كَلَّآۚ إِنَّهَا كَلِمَةٌ هُوَ قَآئِلُهَاۖ وَمِن وَرَآئِهِم بَرْزَخٌ إِلَىٰ يَوْمِ يُبْعَثُونَ

«Игі істер істеп, зая болған ғұмырымның орнын толтырайын», – деп жалбарынады. Жоқ, ол мүмкін емес, бұл оның айтқан құр сөзі ғана, енді олардың артында қайта тірілетін күнге дейін өткел бермес бөгет (қабір әлемі) бар.

101

فَإِذَا نُفِخَ فِي ٱلصُّورِ فَلَآ أَنسَابَ بَيْنَهُمْ يَوْمَئِذࣲ وَلَا يَتَسَآءَلُونَ

Сур (Исрафил періштенің сырнайы) үрленгенде, (біріне-бірі жанашырлық танытып, қолұшын беретіндей) араларында туыстық байланыстың жұрнағы да қалмайды. Тіпті, (әркім өз қара басының ғана қамын жеп) бір-бірінің хал-жағдайын да сұраспайды.

102

فَمَن ثَقُلَتْ مَوَٰزِينُهُۥ فَأُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلْمُفْلِحُونَ

Сонда кімнің сауабы мол болып, таразысы ауыр басса, міне, солар (азаптан құтылып), нағыз жетістікке, мақсат-мұраттарына жеткендер.

103

وَمَنْ خَفَّتْ مَوَٰزِينُهُۥ فَأُو۟لَٰٓئِكَ ٱلَّذِينَ خَسِرُوٓا۟ أَنفُسَهُمْ فِي جَهَنَّمَ خَٰلِدُونَ

Ал кімнің (сауапты істері болмай) таразысы жеңіл тартса, міне, солар өздеріне ең үлкен зиян келтіріп, өз-өздерінің обалына қалған бейбақтар, (өйткені олар) мәңгі-бақи жаһаннамға тасталады.

104

تَلْفَحُ وُجُوهَهُمُ ٱلنَّارُ وَهُمْ فِيهَا كَٰلِحُونَ

Онда жүздерін тозақ оты жалап күйдіргенде, бет-терілері мен еріндері құрысып, тістері ақсиып қалады.

105

أَلَمْ تَكُنْ ءَايَٰتِي تُتْلَىٰ عَلَيْكُمْ فَكُنتُم بِهَا تُكَذِّبُونَ

Хақ тағала оларға: «Сендерге аяттарым оқылғанда, оны жалған деп мойындамай келдіңдер емес пе?» – дейді.

106

قَالُوا۟ رَبَّنَا غَلَبَتْ عَلَيْنَا شِقْوَتُنَا وَكُنَّا قَوْمࣰا ضَآلِّينَ

Олар: «Уа, Раббымыз! Біз сорымызға (азғын нәпсімізге) жеңіліп, тура жолдан адасқан қауым болған екенбіз».

107

رَبَّنَآ أَخْرِجْنَا مِنْهَا فَإِنْ عُدْنَا فَإِنَّا ظَٰلِمُونَ

«Уа, Раббымыз! Садағаң кетейік, бізді мына тозақтан шығара көр! Егер (шыққаннан кейін) бұрынғы күнәларымыз бен жат қылықтарымызға қайтатын болсақ, онда нағыз залым болғанымыз (онда өзімізге де обал жоқ)», – деп жалбарынады.

108

قَالَ ٱخْسَـُٔوا۟ فِيهَا وَلَا تُكَلِّمُونِ

Сонда Алла: «Сол тозақта қор болып қала беріңдер, үндеріңді өшіріңдер, бұдан былай Маған тіл қатушы болмаңдар!»

109

إِنَّهُۥ كَانَ فَرِيقࣱ مِّنْ عِبَادِي يَقُولُونَ رَبَّنَآ ءَامَنَّا فَٱغْفِرْ لَنَا وَٱرْحَمْنَا وَأَنتَ خَيْرُ ٱلرَّٰحِمِينَ

«(Дүниеде) бір топ құлдарым: Уа, Раббымыз, біз иман келтірдік! Бізді кешіре көр һәм мейіріміңе бөлей көр! Өйткені Сен мейірімділердің ең қайырлысы, ең мейірімдісісің!» – деп Маған дұға етіп, жалбарынатын еді.

110

فَٱتَّخَذْتُمُوهُمْ سِخْرِيًّا حَتَّىٰٓ أَنسَوْكُمْ ذِكْرِي وَكُنتُم مِّنْهُمْ تَضْحَكُونَ

«Ал сендер болсаңдар, оларды мазаққа айналдырдыңдар. Нәтижеде бұл қылықтарың сендерге Мені еске алуды мүлдем ұмыттырды. Сөйтіп, сендер оларға тек күлумен болдыңдар».

111

إِنِّي جَزَيْتُهُمُ ٱلْيَوْمَ بِمَا صَبَرُوٓا۟ أَنَّهُمْ هُمُ ٱلْفَآئِزُونَ

«Мен бүгін оларды сабырлылық танытқандары үшін ерекше сый-сияпатқа бөледім. Нағыз жетістікке әрі мұратына жеткендер, міне, солар», – дейді.

112

قَٰلَ كَمْ لَبِثْتُمْ فِي ٱلْأَرْضِ عَدَدَ سِنِينَ

Содан кейін Алла тозақыларға: «Жер бетінде неше жыл тұрдыңдар?» – деп сұрайды.

113

قَالُوا۟ لَبِثْنَا يَوْمًا أَوْ بَعْضَ يَوْمࣲ فَسْـَٔلِ ٱلْعَآدِّينَ

Олар: «Бір күн немесе күннің бір бөлігіндей аз ғана уақыт тұрдық. Алайда нақты айта алмаймыз, оны уақыттың есебін білетіндерден сұрасаң болар еді», – деп жауап береді.

114

قَٰلَ إِن لَّبِثْتُمْ إِلَّا قَلِيلࣰاۖ لَّوْ أَنَّكُمْ كُنتُمْ تَعْلَمُونَ

Сонда Алла оларға: «Сендер дүниеде азғантай ғана уақыт тұрдыңдар. Егер осынау шындықты білгендеріңде ғой, Маған қарсы келмес едіңдер», – дейді.

115

أَفَحَسِبْتُمْ أَنَّمَا خَلَقْنَٰكُمْ عَبَثࣰا وَأَنَّكُمْ إِلَيْنَا لَا تُرْجَعُونَ

(Уа, адамдар!) Сонда Біз сендерді ермек үшін құр босқа жараттық әрі Бізге қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?

116

فَتَعَٰلَى ٱللَّهُ ٱلْمَلِكُ ٱلْحَقُّۖ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَ رَبُّ ٱلْعَرْشِ ٱلْكَرِيمِ

Күллі жаратылыс атаулының патшасы Хақ Алла сондай ұлы (Ол ермек үшін іс қылудан және орынсыз іс істеуден ада)! Одан басқа құдай жоқ. Ол – ардақты ұлы Аршының Раббысы.

117

وَمَن يَدْعُ مَعَ ٱللَّهِ إِلَٰهًا ءَاخَرَ لَا بُرْهَٰنَ لَهُۥ بِهِۦ فَإِنَّمَا حِسَابُهُۥ عِندَ رَبِّهِۦٓۚ إِنَّهُۥ لَا يُفْلِحُ ٱلْكَٰفِرُونَ

Кімде-кім Алламен қатар құдай екендігіне қатысты бірде-бір дәлелі жоқ жалған құдайға табынса, ақиретте Раббысының құзырында сол ісі үшін міндетті түрде жауап береді. Шүбәсіз, кәпірлер әсте (азаптан құтылмайды,) мақсат-мұратына жетпейді.

118

وَقُل رَّبِّ ٱغْفِرْ وَٱرْحَمْ وَأَنتَ خَيْرُ ٱلرَّٰحِمِينَ

(Уа, Мұхаммед!) «Уа, Раббым! Бір Өзің жарылқап кешіре көр! Мейіріміңе бөлей көр! Сен мейірім етушілердің ең қайырлысы әрі ең мейірімдісісің!» – деп дұға ет.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play