Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран14. Ибраһим
14 · сүре

Ибраһим

52 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

الٓرۚ كِتَٰبٌ أَنزَلْنَٰهُ إِلَيْكَ لِتُخْرِجَ ٱلنَّاسَ مِنَ ٱلظُّلُمَٰتِ إِلَى ٱلنُّورِ بِإِذْنِ رَبِّهِمْ إِلَىٰ صِرَٰطِ ٱلْعَزِيزِ ٱلْحَمِيدِ

Әлиф, Ләм, Ра. (Уа, Мұхаммед!) Бұл – пенделерді Раббыларының қалауымен тас қараңғы түнектерден жарық нұрға және Азиз (ең ұлы, шексіз үстемдік иесі), Хамид (мақтауға, мадаққа әбден лайық) Алланың жолына шығаруың үшін өзіңе түсірген кітабымыз.

2

ٱللَّهِ ٱلَّذِي لَهُۥ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلْأَرْضِۗ وَوَيْلࣱ لِّلْكَٰفِرِينَ مِنْ عَذَابࣲ شَدِيدٍ

(Біз Құранды, адамзатты) күллі аспан әлемі мен жердегінің бәрі бір өзінің иелігінде болған Алланың жолына (салуың үшін түсірдік). Ауыр азапқа душар болатындықтан кәпірлердің жағдайы нендей өкінішті! (Яки ауыр азапқа душар болатын кәпірлер адыра қалсын!)

3

ٱلَّذِينَ يَسْتَحِبُّونَ ٱلْحَيَوٰةَ ٱلدُّنْيَا عَلَى ٱلْـَٔاخِرَةِ وَيَصُدُّونَ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ وَيَبْغُونَهَا عِوَجًاۚ أُو۟لَٰٓئِكَ فِي ضَلَٰلِۭ بَعِيدࣲ

Ол кәпірлер дүниенің қу тіршілігін ақиреттен артық көреді, ел-жұртты Алланың жолынан қақпайлайды һәм оны қисық (яғни, теріс) жол етіп көрсетуді қалайды. Міне, солар – тура жолдан мүлдем адасқандар.

4

وَمَآ أَرْسَلْنَا مِن رَّسُولٍ إِلَّا بِلِسَانِ قَوْمِهِۦ لِيُبَيِّنَ لَهُمْۖ فَيُضِلُّ ٱللَّهُ مَن يَشَآءُ وَيَهْدِي مَن يَشَآءُۚ وَهُوَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ

Біз әр пайғамбарды қауымына ақиқатты ашып түсіндірсін деп, тек өз қауымының тілінде сөйлейтін етіп жібердік. Алла қалағанын адастырады, қалағанын тура жолға салады. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен үкімінде көптеген хикметтер болған асқан даналық иесі).

5

وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا مُوسَىٰ بِـَٔايَٰتِنَآ أَنْ أَخْرِجْ قَوْمَكَ مِنَ ٱلظُّلُمَٰتِ إِلَى ٱلنُّورِ وَذَكِّرْهُم بِأَيَّىٰمِ ٱللَّهِۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّكُلِّ صَبَّارࣲ شَكُورࣲ

Сондай-ақ Біз Мұсаны да «Қауымыңды тас қараңғы түнектерден жарық нұрға шығар һәм Алланың күндерін естеріне сал» деп, аяттарымызбен, айқын дәлелдерімізбен жіберген едік. Міне, осында (Алла жолында жүріп, басына түскен ауыртпалықтарға) сабырлылық танытатын, (берген нығметтері үшін Аллаға) үнемі шүкіршілік айтатын әрбір жан үшін қаншама ғибрат пен айқын дәлелдер бар.

6

وَإِذْ قَالَ مُوسَىٰ لِقَوْمِهِ ٱذْكُرُوا۟ نِعْمَةَ ٱللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ أَنجَىٰكُم مِّنْ ءَالِ فِرْعَوْنَ يَسُومُونَكُمْ سُوٓءَ ٱلْعَذَابِ وَيُذَبِّحُونَ أَبْنَآءَكُمْ وَيَسْتَحْيُونَ نِسَآءَكُمْۚ وَفِي ذَٰلِكُم بَلَآءࣱ مِّن رَّبِّكُمْ عَظِيمࣱ

Бір кездері Мұса қауымына: «Уа, халқым! Алланың өздеріңе нәсіп еткен нығметін естеріңе алыңдар. Естеріңде болса, Ол сендерді ауыр азапқа салған Перғауын әулетінен құтқарған еді. Олар ұл балаларыңды бауыздап, қыз балаларыңды (өздеріне күң қылып, қорлау үшін) тірі қалдыратын еді. Біле білсеңдер, осының бәрі сендерге Раббыларыңнан келген үлкен сынақ болатын.

7

وَإِذْ تَأَذَّنَ رَبُّكُمْ لَئِن شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْۖ وَلَئِن كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدࣱ

«Сондай-ақ Раббыларыңның «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын. Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым расында да тым қатты» деп жар салғанын естеріңе алыңдар».

8

وَقَالَ مُوسَىٰٓ إِن تَكْفُرُوٓا۟ أَنتُمْ وَمَن فِي ٱلْأَرْضِ جَمِيعࣰا فَإِنَّ ٱللَّهَ لَغَنِيٌّ حَمِيدٌ

Соңында Мұса оларға: «Егер мына сендер және жер бетіндегілердің барлығы жаппай күпірлік қылсаңдар, жақсылықты бағаламасаңдар, онда біліп қойыңдар, шүбәсіз, Алла – Ғани (ешкімге де, еш нәрсеге де мұқтаж емес) әрі Хамид (мақтауға, мадаққа әбден лайық)», – деді.

9

أَلَمْ يَأْتِكُمْ نَبَؤُا۟ ٱلَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ قَوْمِ نُوحࣲ وَعَادࣲ وَثَمُودَ وَٱلَّذِينَ مِنۢ بَعْدِهِمْ لَا يَعْلَمُهُمْ إِلَّا ٱللَّهُۚ جَآءَتْهُمْ رُسُلُهُم بِٱلْبَيِّنَٰتِ فَرَدُّوٓا۟ أَيْدِيَهُمْ فِيٓ أَفْوَٰهِهِمْ وَقَالُوٓا۟ إِنَّا كَفَرْنَا بِمَآ أُرْسِلْتُم بِهِۦ وَإِنَّا لَفِي شَكࣲّ مِّمَّا تَدْعُونَنَآ إِلَيْهِ مُرِيبࣲ

Сендерге өздеріңнен бұрын өткен Нұх, Ад және Сәмуд қауымы һәм олардан кейінгі қауымдар жайлы ғибратқа толы хабар жетпеді ме? (Тарихтың терең қойнауында қалған) бұл қауымдардың жай-күйін Алла ғана біледі. Оларға пайғамбарлары анық дәлелдер, айқын ақиқаттармен келген еді. Алайда олар (бұл ақиқаттарға қарсы айтар уәж таппаған соң көкіректерін кернеген ашу-ызадан) бармағын тістеп: «Біз сендердің әкелгендеріңді түгелдей жоққа шығарып, күпірлік қыламыз. Шындығында, біз сендердің бізге үндеп отырған мына жаңа сенімдеріңе күмәнмен қараймыз, қатты шәк келтіреміз», – деді.

10

۞قَالَتْ رُسُلُهُمْ أَفِي ٱللَّهِ شَكࣱّ فَاطِرِ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۖ يَدْعُوكُمْ لِيَغْفِرَ لَكُم مِّن ذُنُوبِكُمْ وَيُؤَخِّرَكُمْ إِلَىٰٓ أَجَلࣲ مُّسَمࣰّىۚ قَالُوٓا۟ إِنْ أَنتُمْ إِلَّا بَشَرࣱ مِّثْلُنَا تُرِيدُونَ أَن تَصُدُّونَا عَمَّا كَانَ يَعْبُدُ ءَابَآؤُنَا فَأْتُونَا بِسُلْطَٰنࣲ مُّبِينࣲ

Сонда пайғамбарлар оларға: «Күллі аспан әлемі мен жерді жоқтан жаратқан Аллаға шәк келтіресіңдер ме? Ол сендерді күнәларыңды кешіру үшін иманға шақыруда және (бірден азапқа душар етпей) белгілі бір уақытқа дейін мұрсат беруде», – деп айтты. Олар болса: «Сендер де бар болғаны біз сияқты адамсыңдар. Сендер бізді ата-бабаларымыз табынып келген құдайларымыздан айнытқыларың келеді. Ендеше, бізге анық дәлел, ашық мұғжиза көрсетіңдер!» – деді.

11

قَالَتْ لَهُمْ رُسُلُهُمْ إِن نَّحْنُ إِلَّا بَشَرࣱ مِّثْلُكُمْ وَلَٰكِنَّ ٱللَّهَ يَمُنُّ عَلَىٰ مَن يَشَآءُ مِنْ عِبَادِهِۦۖ وَمَا كَانَ لَنَآ أَن نَّأْتِيَكُم بِسُلْطَٰنٍ إِلَّا بِإِذْنِ ٱللَّهِۚ وَعَلَى ٱللَّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ ٱلْمُؤْمِنُونَ

Сонда пайғамбарлары оларға: «Иә, біз бар болғаны сендер сияқты кәдуілгі адам баласымыз. Алайда Алла құлдарының арасынан қалағанын ерекше бір жақсылығына бөлейді. Сондай-ақ біздің Алланың рұқсатынсыз сендерге қандай да бір мұғжиза көрсетіп, дәлел келтіруіміз мүмкін емес. Шын мүміндер қашанда бір Аллаға ғана тәуекел етуі керек».

12

وَمَا لَنَآ أَلَّا نَتَوَكَّلَ عَلَى ٱللَّهِ وَقَدْ هَدَىٰنَا سُبُلَنَاۚ وَلَنَصْبِرَنَّ عَلَىٰ مَآ ءَاذَيْتُمُونَاۚ وَعَلَى ٱللَّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ ٱلْمُتَوَكِّلُونَ

«Алла бізді жүруіміз керек болған осынау жолдарға салғанда, біз Оған қалай ғана тәуекел етпейміз?! Сондықтан біз сендерден көрген бейнеттің қайсыбіріне де сөзсіз сабырлылық танытамыз. Ендеше, шын тәуекелшіл жандар бір Аллаға тәуекел етсін!» – деп жауап қатты.

13

وَقَالَ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ لِرُسُلِهِمْ لَنُخْرِجَنَّكُم مِّنْ أَرْضِنَآ أَوْ لَتَعُودُنَّ فِي مِلَّتِنَاۖ فَأَوْحَىٰٓ إِلَيْهِمْ رَبُّهُمْ لَنُهْلِكَنَّ ٱلظَّٰلِمِينَ

Күпірлік қылғандар (өздерін тура жолға шақырған) пайғамбарларына: «Біз міндетті түрде сендерді атамекенімізден қуып шығарамыз яки біздің дінімізге қайтасыңдар!» – деп шарт қойды. Сонда Раббылары оларға: «Біз ол залымдарды сөзсіз құртамыз».

14

وَلَنُسْكِنَنَّكُمُ ٱلْأَرْضَ مِنۢ بَعْدِهِمْۚ ذَٰلِكَ لِمَنْ خَافَ مَقَامِي وَخَافَ وَعِيدِ

«Сөйтіп, олардан кейін ол жерге сендерді орнықтырамыз. Міне, бұл жетістік Менің құзырыма (күнәһар болып) келуден қорыққан және ескертуімнен (яғни, ескерткен нәрселерімнен) тайсалғандар үшін», – деп уахи етті.

15

وَٱسْتَفْتَحُوا۟ وَخَابَ كُلُّ جَبَّارٍ عَنِيدࣲ

Содан пайғамбарлар мен мүміндер (Алладан) жеңіс тіледі. Нәтижеде, әрбір тоңмойын, озбыр залалға ұшырады.

16

مِّن وَرَآئِهِۦ جَهَنَّمُ وَيُسْقَىٰ مِن مَّآءࣲ صَدِيدࣲ

Алайда іс мұнымен бітпейді, артынша (әлгі тоңмойын, озбыр) жаһаннамға тасталады және онда оған қан мен ірің аралас сусын ішкізіледі.

17

يَتَجَرَّعُهُۥ وَلَا يَكَادُ يُسِيغُهُۥ وَيَأْتِيهِ ٱلْمَوْتُ مِن كُلِّ مَكَانࣲ وَمَا هُوَ بِمَيِّتࣲۖ وَمِن وَرَآئِهِۦ عَذَابٌ غَلِيظࣱ

Ол әлгі (жиіркенішті) сусынды амалсыздан аз-аздан ұрттап ішуге тырысады, алайда тамағынан өткізе алмайды. Өлім оған жан-жағынан келіп құрсау салады, бірақ ол сонда да өлмейді. Артынша оған басқа да адам айтқысыз ауыр азап бар.

18

مَّثَلُ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ بِرَبِّهِمْۖ أَعْمَٰلُهُمْ كَرَمَادٍ ٱشْتَدَّتْ بِهِ ٱلرِّيحُ فِي يَوْمٍ عَاصِفࣲۖ لَّا يَقْدِرُونَ مِمَّا كَسَبُوا۟ عَلَىٰ شَيْءࣲۚ ذَٰلِكَ هُوَ ٱلضَّلَٰلُ ٱلْبَعِيدُ

Раббыларына күпірлік қылғандардың мысалы: олардың бүкіл игі істері дауылды күні жел ұшырып әкеткен күл үйіндісіне ұқсайды. Сөйтіп, олар тапқан-таянғандарының (яғни, жиған сауаптарының) ешбіріне қол жеткізе алмай қалады. Міне, қатты адасқан деген – осы.

19

أَلَمْ تَرَ أَنَّ ٱللَّهَ خَلَقَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ بِٱلْحَقِّۚ إِن يَشَأْ يُذْهِبْكُمْ وَيَأْتِ بِخَلْقࣲ جَدِيدࣲ

(Уа, адам баласы!) Алланың күллі аспан әлемі мен жерді ақиқат һәм хикмет негізінде (яғни, ақиқатқа сүйенген белгілі жүйе негізінде әрі белгілі мақсатта) жаратқанын көрмеймісің? (Осынау құдірет иесі) Алла қаласа, сендерді жоқ қылып, орындарыңа (Өзіне лайықты құл, пайғамбарына лайықты үмбет болатын) жаңа қауым, жаңа ұрпақ әкеледі.

20

وَمَا ذَٰلِكَ عَلَى ٱللَّهِ بِعَزِيزࣲ

Бұл Аллаға бұйым емес!

21

وَبَرَزُوا۟ لِلَّهِ جَمِيعࣰا فَقَالَ ٱلضُّعَفَٰٓؤُا۟ لِلَّذِينَ ٱسْتَكْبَرُوٓا۟ إِنَّا كُنَّا لَكُمْ تَبَعࣰا فَهَلْ أَنتُم مُّغْنُونَ عَنَّا مِنْ عَذَابِ ٱللَّهِ مِن شَيْءࣲۚ قَالُوا۟ لَوْ هَدَىٰنَا ٱللَّهُ لَهَدَيْنَٰكُمْۖ سَوَآءٌ عَلَيْنَآ أَجَزِعْنَآ أَمْ صَبَرْنَا مَا لَنَا مِن مَّحِيصࣲ

(Қиямет күні) күллі адамзат жиналып, Алланың алдына барғанда, (дүниеде азғындыққа салынған күштілерге көзсіз ерген) әлжуаздар кезінде өздерін асқақтықпен билеп төстегендерге: «Біз дүниеде сендерге ерген едік. Ал енді бізге титтей де болса пайдаларың тиіп, біз үшін Алланың азабын сәл де болса жеңілдете алар ма екенсіңдер?» – дейді. Сонда олар: «Егер Алла бізге тура жолға түсуді нәсіп еткенде, біз де сендерді тура жолға салар едік. Ал енді біз қанша жерден жылап-сықтасақ та, сабырлылық танытсақ та, бәрі зая, енді бізге қашып құтылар һәм пана тұтар жер жоқ», – деп айтады.

22

وَقَالَ ٱلشَّيْطَٰنُ لَمَّا قُضِيَ ٱلْأَمْرُ إِنَّ ٱللَّهَ وَعَدَكُمْ وَعْدَ ٱلْحَقِّ وَوَعَدتُّكُمْ فَأَخْلَفْتُكُمْۖ وَمَا كَانَ لِيَ عَلَيْكُم مِّن سُلْطَٰنٍ إِلَّآ أَن دَعَوْتُكُمْ فَٱسْتَجَبْتُمْ لِيۖ فَلَا تَلُومُونِي وَلُومُوٓا۟ أَنفُسَكُمۖ مَّآ أَنَا۠ بِمُصْرِخِكُمْ وَمَآ أَنتُم بِمُصْرِخِيَّ إِنِّي كَفَرْتُ بِمَآ أَشْرَكْتُمُونِ مِن قَبْلُۗ إِنَّ ٱلظَّٰلِمِينَ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمࣱ

Алланың алдында есеп беру аяқталып, іс тамам болғаннан кейін, шайтан оларға: «Алла сендерге шынымен болатын нәрсені уәде еткен еді. Мен де сендерге өзімше уәде бердім, алайда уәдемнен тайқыдым. Әйтсе де менің сендерге қалағанымды істете алатын пәрменім жоқ еді. Мен бар болғаны сендерді (Аллаға асылық қылуға, күнә атаулыға, арсыздыққа) шақырдым, ал сендер менің азғырғаныма ердіңдер. Ендеше, мені жазғырмаңдар, өздеріңді жазғырыңдар. Ал енді бүгін (осынау ғаламат азаптан) мен де сендерді құтқара алмаймын, сендер де мені құтқара алмайсыңдар. Сондай-ақ бұдан бұрын мені Аллаға серік етіп қосқандарыңды да мойындамадым», – деп айтады. Міне, (өзіне де, өзгеге де қиянат жасаған) сол залымдар үшін жан төзгісіз азап бар.

23

وَأُدْخِلَ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ جَنَّٰتࣲ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَٰرُ خَٰلِدِينَ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِمْۖ تَحِيَّتُهُمْ فِيهَا سَلَٰمٌ

Иман келтіріп, көптеген игілікті іс істегендер (жайқалған жасыл бауларының арасы мен зәулім сарайларының) іргесінен өзендер ағып жатқан жаннат бақшаларына кіргізіледі һәм Раббыларының рұқсатымен сонда мәңгі-бақи мекендейді. Олардың ол жердегі (бір-біріне деген) ізгі лебіздері мен қошеметтері «сәләм» (яғни есендік, бейбітшілік тілеймін деу) болады.

24

أَلَمْ تَرَ كَيْفَ ضَرَبَ ٱللَّهُ مَثَلࣰا كَلِمَةࣰ طَيِّبَةࣰ كَشَجَرَةࣲ طَيِّبَةٍ أَصْلُهَا ثَابِتࣱ وَفَرْعُهَا فِي ٱلسَّمَآءِ

Жақсы сөзді Алланың қандай мысалмен түсіндіргенін көрдің бе? Жақсы сөз бейне бір тамыры жерге терең тартқан, бұтақтары көкке жеткен мәуелі ағаш сияқты.

25

تُؤْتِيٓ أُكُلَهَا كُلَّ حِينِۭ بِإِذْنِ رَبِّهَاۗ وَيَضْرِبُ ٱللَّهُ ٱلْأَمْثَالَ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ

Ол ағаш Раббысының рұқсатымен үнемі жеміс береді. Алла тағала адамдар ойланып, ғибрат алсын деп осындай мысалдар келтіреді.

26

وَمَثَلُ كَلِمَةٍ خَبِيثَةࣲ كَشَجَرَةٍ خَبِيثَةٍ ٱجْتُثَّتْ مِن فَوْقِ ٱلْأَرْضِ مَا لَهَا مِن قَرَارࣲ

Ал жаман сөз бейне бір жерден түп-тамырымен қопарылған, тамыр тартып өз діңінде тұра алмаған жаман ағаш іспетті.

27

يُثَبِّتُ ٱللَّهُ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ بِٱلْقَوْلِ ٱلثَّابِتِ فِي ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا وَفِي ٱلْـَٔاخِرَةِۖ وَيُضِلُّ ٱللَّهُ ٱلظَّٰلِمِينَۚ وَيَفْعَلُ ٱللَّهُ مَا يَشَآءُ

Алла иман келтіргендерді бұл дүниеде де, ақиретте де бекем сөзде (иман ақиқатының дәнегі болған «лә иләһә иллаллаһ» сөзінде) табанды қылып, аяғын нық басқызады. Сондай-ақ Алла қиянатшылдарды адастырады. Алла қалағанын істейді.

28

۞أَلَمْ تَرَ إِلَى ٱلَّذِينَ بَدَّلُوا۟ نِعْمَتَ ٱللَّهِ كُفْرࣰا وَأَحَلُّوا۟ قَوْمَهُمْ دَارَ ٱلْبَوَارِ

Алланың (иман) нығметін күпірлікке айырбастап, өз қауымдарын жермен-жексен болатын мекенге орнықтырғандарды көрдің бе?

29

جَهَنَّمَ يَصْلَوْنَهَاۖ وَبِئْسَ ٱلْقَرَارُ

Міне, солар жаһаннамға тасталады. Ол қандай жаман тұрақ (орын) десеңші!

30

وَجَعَلُوا۟ لِلَّهِ أَندَادࣰا لِّيُضِلُّوا۟ عَن سَبِيلِهِۦۗ قُلْ تَمَتَّعُوا۟ فَإِنَّ مَصِيرَكُمْ إِلَى ٱلنَّارِ

Олар өзгелерді де Оның ақ жолынан тайдыру үшін әлденелерді Аллаға тең тұтты (яғни, Алланың орнына әлдекімдерді, әлденелерді тәңір тұтты). Оларға: «Қу дүниенің қызығын көріп қалыңдар, қайткен күнде де ақырында барар жерлерің – тозақ», – деп айт.

31

قُل لِّعِبَادِيَ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ يُقِيمُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ وَيُنفِقُوا۟ مِمَّا رَزَقْنَٰهُمْ سِرࣰّا وَعَلَانِيَةࣰ مِّن قَبْلِ أَن يَأْتِيَ يَوْمࣱ لَّا بَيْعࣱ فِيهِ وَلَا خِلَٰلٌ

Ал иман келтірген құлдарыма: «Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқысын және сауда-саттық та, достық та жүрмейтін алапат күн келмей тұрып, өздеріне ризық етіп бергендерімізден жасырын және жария түрде (Алла жолында) жұмсасын», – деп айт.

32

ٱللَّهُ ٱلَّذِي خَلَقَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ وَأَنزَلَ مِنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءࣰ فَأَخْرَجَ بِهِۦ مِنَ ٱلثَّمَرَٰتِ رِزْقࣰا لَّكُمْۖ وَسَخَّرَ لَكُمُ ٱلْفُلْكَ لِتَجْرِيَ فِي ٱلْبَحْرِ بِأَمْرِهِۦۖ وَسَخَّرَ لَكُمُ ٱلْأَنْهَٰرَ

Алла күллі аспан әлемі мен жерді жаратты және аспаннан жауын жаудырып, сол арқылы сендерге ризық болатын алуан түрлі көкөністер мен жемістер шығарды. Сондай-ақ Оның пәрмені, қалауы (орнатқан табиғат заңдылығы) бойынша теңізде емін-еркін жүзуі үшін сендерге алып кемелердің тізгінін ұстатты. Сонымен қатар өзендерді де сендерге бағынышты етті (яғни, пайдаларыңа жаратты).

33

وَسَخَّرَ لَكُمُ ٱلشَّمْسَ وَٱلْقَمَرَ دَآئِبَيْنِۖ وَسَخَّرَ لَكُمُ ٱلَّيْلَ وَٱلنَّهَارَ

Өз шеңберінен жазбай әрі тынбай айналатын күн мен айды да сендерге бағындырды. Сондай-ақ түн мен күндізді де сендерге бағындырып қойды.

34

وَءَاتَىٰكُم مِّن كُلِّ مَا سَأَلْتُمُوهُۚ وَإِن تَعُدُّوا۟ نِعْمَتَ ٱللَّهِ لَا تُحْصُوهَآۗ إِنَّ ٱلْإِنسَٰنَ لَظَلُومࣱ كَفَّارࣱ

Ол сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрін берді. Бергені соншалық – егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында, адам баласы мүлдем рақметі жоқ, өте залым келеді.

35

وَإِذْ قَالَ إِبْرَٰهِيمُ رَبِّ ٱجْعَلْ هَٰذَا ٱلْبَلَدَ ءَامِنࣰا وَٱجْنُبْنِي وَبَنِيَّ أَن نَّعْبُدَ ٱلْأَصْنَامَ

Кезінде Ибраһим былай дұға еткен еді: «Уа, Раббым! Мына елді мекенді (Меккені) бейбіт (қауіпсіз) мекен еткейсің! Мені де, бала-шағамды да пұттарға табынудан аулақ қылғайсың!»

36

رَبِّ إِنَّهُنَّ أَضْلَلْنَ كَثِيرࣰا مِّنَ ٱلنَّاسِۖ فَمَن تَبِعَنِي فَإِنَّهُۥ مِنِّيۖ وَمَنْ عَصَانِي فَإِنَّكَ غَفُورࣱ رَّحِيمࣱ

«Уа, Раббым! Ол пұттар көптеген адамдарды тура жолдан тайдырды. Бұдан былай кім маған ерсе, ол – менің үмбетім. Ал кімде-кім маған қарсылық білдірсе, Сен өте кешірімді, ерекше мейірімдісің».

37

رَّبَّنَآ إِنِّيٓ أَسْكَنتُ مِن ذُرِّيَّتِي بِوَادٍ غَيْرِ ذِي زَرْعٍ عِندَ بَيْتِكَ ٱلْمُحَرَّمِ رَبَّنَا لِيُقِيمُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَ فَٱجْعَلْ أَفْـِٔدَةࣰ مِّنَ ٱلنَّاسِ تَهْوِيٓ إِلَيْهِمْ وَٱرْزُقْهُم مِّنَ ٱلثَّمَرَٰتِ لَعَلَّهُمْ يَشْكُرُونَ

«Уа, Раббым! Мен ұрпағымның бір қатарын (дүниеге қызықпай) намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқысын деп қасиетті Үйіңнің маңына егін өспейтін бір алқапқа орнықтырдым. Енді сол ұрпағыма адамдардың бір бөлігінің көңілін түсіргейсің һәм Өзіңе шүкіршілік етуі үшін оларға кейбір (көкөністер мен) жемістерді ризық етіп бергейсің!»

38

رَبَّنَآ إِنَّكَ تَعْلَمُ مَا نُخْفِي وَمَا نُعْلِنُۗ وَمَا يَخْفَىٰ عَلَى ٱللَّهِ مِن شَيْءࣲ فِي ٱلْأَرْضِ وَلَا فِي ٱلسَّمَآءِ

«Уа, Раббымыз! Сен біздің (сөзіміз бен ісімізден) жасырғанымызды да, жария еткенімізді де білесің. Жердегі және аспандағы еш нәрсе Алладан жасырынып қала алмайды».

39

ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ ٱلَّذِي وَهَبَ لِي عَلَى ٱلْكِبَرِ إِسْمَٰعِيلَ وَإِسْحَٰقَۚ إِنَّ رَبِّي لَسَمِيعُ ٱلدُّعَآءِ

«Маған қартайған шағымда (қартайғаныма қарамастан) Исмайыл мен Исхақты берген Аллаға мың да бір шүкір, сансыз мадақ айтамын. Раббым, шүбәсіз, барлық дұға-тілектерді естуші».

40

رَبِّ ٱجْعَلْنِي مُقِيمَ ٱلصَّلَوٰةِ وَمِن ذُرِّيَّتِيۚ رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَآءِ

«Уа, Раббым! Мені һәм ұрпағымның арасынан (қаныпезер еместерді) намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқитын құлдарың ете көр! Уа, Раббымыз! Дұға-тілегімді қабыл ете көр!»

41

رَبَّنَا ٱغْفِرْ لِي وَلِوَٰلِدَيَّ وَلِلْمُؤْمِنِينَ يَوْمَ يَقُومُ ٱلْحِسَابُ

«Уа, Раббымыз! (Алдыңда тұрып) есеп беретін күні мені, ата-анамды және күллі мүміндерді кешіре көр!»

42

وَلَا تَحْسَبَنَّ ٱللَّهَ غَٰفِلًا عَمَّا يَعْمَلُ ٱلظَّٰلِمُونَۚ إِنَّمَا يُؤَخِّرُهُمْ لِيَوْمࣲ تَشْخَصُ فِيهِ ٱلْأَبْصَٰرُ

(Уа, Мұхаммед!) Алла (күнәға белшесінен батқан) залымдардың не істеп, не қойып жүргенінен бейхабар деп ойлама. Ол бар болғаны, олардың ісін көздерді шарасынан шығаратын ғаламат күнге қалдыруда.

43

مُهْطِعِينَ مُقْنِعِي رُءُوسِهِمْ لَا يَرْتَدُّ إِلَيْهِمْ طَرْفُهُمْۖ وَأَفْـِٔدَتُهُمْ هَوَآءࣱ

Сол күні олар басын кекжитіп, көзі ақшиған күйде зыр жүгіріп, безек қағады. Ал жүректері (естері шығып, ойлаудан, сезуден мүлдем қалғандықтан) бейне бір іші құр ауаға толғандай боп-бос болады.

44

وَأَنذِرِ ٱلنَّاسَ يَوْمَ يَأْتِيهِمُ ٱلْعَذَابُ فَيَقُولُ ٱلَّذِينَ ظَلَمُوا۟ رَبَّنَآ أَخِّرْنَآ إِلَىٰٓ أَجَلࣲ قَرِيبࣲ نُّجِبْ دَعْوَتَكَ وَنَتَّبِعِ ٱلرُّسُلَۗ أَوَلَمْ تَكُونُوٓا۟ أَقْسَمْتُم مِّن قَبْلُ مَا لَكُم مِّن زَوَالࣲ

(Уа, Мұхаммед!) Адамдарға бастарына азап келетін алапат күннің орнайтынын айтып, ескерт! Сол күні (дүниеде Аллаға асылық қылып, өзіне де, өзгеге де) қиянат жасағандар: «Уа, Раббымыз! Бізге азғантай мұрсат бер, Сенің үндеуіңе құлақ салып, пайғамбарлардың соңынан ерейік», – деп жалбарынады. (Сонда оларға): «Сендер бұдан бұрын өздеріңе зауал жетпейтінін айтып, ант-су ішпеген бе едіңдер?» – делінеді.

45

وَسَكَنتُمْ فِي مَسَٰكِنِ ٱلَّذِينَ ظَلَمُوٓا۟ أَنفُسَهُمْ وَتَبَيَّنَ لَكُمْ كَيْفَ فَعَلْنَا بِهِمْ وَضَرَبْنَا لَكُمُ ٱلْأَمْثَالَ

Сендер (жалған сенімдері мен орынсыз іс-әрекеттерінің кесірінен) өз-өздерінің обалына қалған залымдардың жұрттарына қоныстандыңдар. Біздің оларға не істегеніміз де сендерге аян болды, сондай-ақ Біз әр алуан мысалдар келтіру арқылы сендерге ақиқатты ашып түсіндірген едік.

46

وَقَدْ مَكَرُوا۟ مَكْرَهُمْ وَعِندَ ٱللَّهِ مَكْرُهُمْ وَإِن كَانَ مَكْرُهُمْ لِتَزُولَ مِنْهُ ٱلْجِبَالُ

Олар расында да (пайғамбарға, мүміндерге қарсы) қолдарынан келгенше айла-амал жасап, әр алуан тұзақтар құрды. Олардың жасаған айла-амалдары мен құрған тұзақтары тауларды қопарып тастайтындай күшті болса да, Алланың құзырында соның бәрінің қарымы бар. (Яғни, Алла оның бәрін түкке тұрғысыз етіп, қарымтасын қайтарады).

47

فَلَا تَحْسَبَنَّ ٱللَّهَ مُخْلِفَ وَعْدِهِۦ رُسُلَهُۥٓۚ إِنَّ ٱللَّهَ عَزِيزࣱ ذُو ٱنتِقَامࣲ

Ендеше, Алла пайғамбарларына берген уәдесінен таяды деп ойлама! Алла ұлы, бәрінен үстем, (шектен шыққан залымдардан) өш алуға құдіретті.

48

يَوْمَ تُبَدَّلُ ٱلْأَرْضُ غَيْرَ ٱلْأَرْضِ وَٱلسَّمَٰوَٰتُۖ وَبَرَزُوا۟ لِلَّهِ ٱلْوَٰحِدِ ٱلْقَهَّارِ

Күндердің күнінде жер басқа жерге, көк те басқа көкке айналады һәм күллі адамзат (пен жын) атаулы Қаһһар (күллі болмыстың жалғыз иесі) Алланың алдына барады.

49

وَتَرَى ٱلْمُجْرِمِينَ يَوْمَئِذࣲ مُّقَرَّنِينَ فِي ٱلْأَصْفَادِ

Сол күні өмір бойы күнәдан көз ашпаған күнәһар кәпірлерді қол-аяғы кісенделген күйде көресің.

50

سَرَابِيلُهُم مِّن قَطِرَانࣲ وَتَغْشَىٰ وُجُوهَهُمُ ٱلنَّارُ

Киімдері қара майға малынып, беттерін тозақ оты шарпиды.

51

لِيَجْزِيَ ٱللَّهُ كُلَّ نَفْسࣲ مَّا كَسَبَتْۚ إِنَّ ٱللَّهَ سَرِيعُ ٱلْحِسَابِ

Алла әрбір жанға (дүниеде) істеген жақсы-жаман істерінің қарымын қайтару үшін (қайта тірілтеді). Шүбәсіз, Алла – жауапқа өте жылдам тартушы.

52

هَٰذَا بَلَٰغࣱ لِّلنَّاسِ وَلِيُنذَرُوا۟ بِهِۦ وَلِيَعْلَمُوٓا۟ أَنَّمَا هُوَ إِلَٰهࣱ وَٰحِدࣱ وَلِيَذَّكَّرَ أُو۟لُوا۟ ٱلْأَلْبَٰبِ

Бұл Құран – адамдарға алдын-ала ескертілсін әрі Оның жалғыз Құдай екенін білсін деген мақсатта (жолданған иләһи) үндеу. Сондай-ақ саналы, зерделі жандар да ойланып, ғибрат алсын деп жолданған ұлы үндеу.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play