Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран10. Юнус
10 · сүре

Юнус

109 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

الٓرۚ تِلْكَ ءَايَٰتُ ٱلْكِتَٰبِ ٱلْحَكِيمِ

Әлиф, Ләм, Ра. Міне, бұлар – даналыққа негізделген хикметті Кітаптың аяттары.

2

أَكَانَ لِلنَّاسِ عَجَبًا أَنْ أَوْحَيْنَآ إِلَىٰ رَجُلࣲ مِّنْهُمْ أَنْ أَنذِرِ ٱلنَّاسَ وَبَشِّرِ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ أَنَّ لَهُمْ قَدَمَ صِدْقٍ عِندَ رَبِّهِمْۗ قَالَ ٱلْكَٰفِرُونَ إِنَّ هَٰذَا لَسَٰحِرࣱ مُّبِينٌ

Араларынан бір кісіге: «Адамдарға (Алланың азабының тым ауыр екендігін айтып) ескерт һәм мүміндерді (иман келтіргендігі және шынайылығы үшін) Раббыларының құзырында сенімді орынға ие екендігін айтып сүйіншіле», – деп уахи еткеніміз адамдар үшін сонша таңғаларлық нәрсе ме?! Сол үшін кәпірлер: «Бұл расында да ап-анық сиқыршы», – деп айтуда ма?!

3

إِنَّ رَبَّكُمُ ٱللَّهُ ٱلَّذِي خَلَقَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ فِي سِتَّةِ أَيَّامࣲ ثُمَّ ٱسْتَوَىٰ عَلَى ٱلْعَرْشِۖ يُدَبِّرُ ٱلْأَمْرَۖ مَا مِن شَفِيعٍ إِلَّا مِنۢ بَعْدِ إِذْنِهِۦۚ ذَٰلِكُمُ ٱللَّهُ رَبُّكُمْ فَٱعْبُدُوهُۚ أَفَلَا تَذَكَّرُونَ

Шүбәсіз, сендердің Раббыларың – Алла, Ол күллі аспан әлемі мен жерді алты күнде жаратты, содан кейін Аршқа «истиуа» етті (яғни, Аршқа шексіз билігін жүргізді, Аршпен бірге күллі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп, шексіз үкімін жүргізді). Сөйтіп, (күллі болмыстың жалғыз билеушісі ретінде аспан әлемі мен жердегі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп) барлық істі бір Өзі жүргізеді. Оның рұқсатынсыз бірде-бір шапағатшы ара түсіп, шапағат ете алмайды. Міне, сендердің Раббыларың – осындай Алла. Ендеше, Оған құлшылық етіңдер. Әлі де болса осынау ақиқаттар жайлы ойланып, ғибрат алмайсыңдар ма?!

4

إِلَيْهِ مَرْجِعُكُمْ جَمِيعࣰاۖ وَعْدَ ٱللَّهِ حَقًّاۚ إِنَّهُۥ يَبْدَؤُا۟ ٱلْخَلْقَ ثُمَّ يُعِيدُهُۥ لِيَجْزِيَ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ بِٱلْقِسْطِۚ وَٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ لَهُمْ شَرَابࣱ مِّنْ حَمِيمࣲ وَعَذَابٌ أَلِيمُۢ بِمَا كَانُوا۟ يَكْفُرُونَ

Түбінде, барлығың Оған қайтасыңдар. Бұл – Алланың (міндетті түрде орындалатын) хақ уәдесі. Ол жан біткенді жоқтан жаратады, содан кейін оны (өлгеннен соң) қайта тірілтеді. Иә, иман келтіріп, игі істер атқарғандардың еңбегін әділ бағалап, сый-сияпатқа бөлеу үшін қайта тірілтеді. Ал күпірлік қылғандарға келсек, өле-өлгенше күпірліктен арылмағандықтан, сыбағалары қайнаған су мен тым ауыр азап болмақ.

5

هُوَ ٱلَّذِي جَعَلَ ٱلشَّمْسَ ضِيَآءࣰ وَٱلْقَمَرَ نُورࣰا وَقَدَّرَهُۥ مَنَازِلَ لِتَعْلَمُوا۟ عَدَدَ ٱلسِّنِينَ وَٱلْحِسَابَۚ مَا خَلَقَ ٱللَّهُ ذَٰلِكَ إِلَّا بِٱلْحَقِّۚ يُفَصِّلُ ٱلْـَٔايَٰتِ لِقَوْمࣲ يَعْلَمُونَ

Ол күнді шуақ шашқан жарық, ал айды (күннен нәр алған) нұр етіп жаратты және жылдардың саны мен уақыттың есебін біліп жүрулерің үшін оған бірқатар кезеңдер межелеп қойды. Алла бұларды бостан-босқа емес, белгілі бір мақсатта ғана ақиқат һәм мызғымас жүйе негізінде жаратты. Алла тағала білетін әрі білгісі келетін қауым үшін аяттарды осылайша жан-жақты баяндап түсіндіреді.

6

إِنَّ فِي ٱخْتِلَٰفِ ٱلَّيْلِ وَٱلنَّهَارِ وَمَا خَلَقَ ٱللَّهُ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ لَـَٔايَٰتࣲ لِّقَوْمࣲ يَتَّقُونَ

Расында, түн мен күннің алма-кезек ауысып, ұзарып-қысқаруында һәм Алланың күллі аспан әлемі мен жер бетінде жаратқан әрбір жаратылыс пен құбылыста Аллаға қарсы келуден қорқатын тақуа жандар үшін (Алланың шексіз құдіреті мен билігін көрсететін) көптеген ғибрат аларлық белгілер мен дәлелдер бар.

7

إِنَّ ٱلَّذِينَ لَا يَرْجُونَ لِقَآءَنَا وَرَضُوا۟ بِٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا وَٱطْمَأَنُّوا۟ بِهَا وَٱلَّذِينَ هُمْ عَنْ ءَايَٰتِنَا غَٰفِلُونَ

Алайда Бізге қауышуды қаламайтын, тіпті ойына да алмайтын һәм дүниенің қу тіршілігіне разы болып, соған көңілі толып, ғибратқа толы аяттарымыздан бейхабар күйде жүрген ғапылдар да бар.

8

أُو۟لَٰٓئِكَ مَأْوَىٰهُمُ ٱلنَّارُ بِمَا كَانُوا۟ يَكْسِبُونَ

Өз қолымен істеген күнәлары себепті олардың ақырында барып паналайтын жері тозақ оты болмақ.

9

إِنَّ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ يَهْدِيهِمْ رَبُّهُم بِإِيمَٰنِهِمْۖ تَجْرِي مِن تَحْتِهِمُ ٱلْأَنْهَٰرُ فِي جَنَّٰتِ ٱلنَّعِيمِ

Ал иман келтіріп, игі істер атқарғандарды Раббылары шынайы иманы үшін (мақсат-мұраттарына жеткізетін) тура жолға салады. Соңында сансыз нығметке толы жаннат бақшаларында олардың аяғының астында өзендер ағып жатады.

10

دَعْوَىٰهُمْ فِيهَا سُبْحَٰنَكَ ٱللَّهُمَّ وَتَحِيَّتُهُمْ فِيهَا سَلَٰمࣱۚ وَءَاخِرُ دَعْوَىٰهُمْ أَنِ ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Олардың жұмақтағы дұға-мінәжаттары: «Субханәкә (Уа, Раббымыз! Сен мінсізсің, қателік пен кемшілік атаулыдан адасың)!» деген дұға және бір-біріне айтатын ізгі лебізі мен қошеметі қашанда «Сәләм (бейбітшілік, есендік тілеу)» болмақ. Барлық дұға-мінәжаттары «Әлхамду лилләһи раббил-аләмин (күллі мадақ, шексіз шүкіршілік күллі әлемнің Раббысына ғана арналады)» деген сөзбен тамамдалады.

11

۞وَلَوْ يُعَجِّلُ ٱللَّهُ لِلنَّاسِ ٱلشَّرَّ ٱسْتِعْجَالَهُم بِٱلْخَيْرِ لَقُضِيَ إِلَيْهِمْ أَجَلُهُمْۖ فَنَذَرُ ٱلَّذِينَ لَا يَرْجُونَ لِقَآءَنَا فِي طُغْيَٰنِهِمْ يَعْمَهُونَ

Егер Алла адамдардың асығыстық жасап, жақсылықтың әп-сәтте бола қалғанын тілегеніндей лайықты жазасын да бірден беретін болса, олардың ажалы демде жетіп, көзі жойылар еді. Алайда Бізге қауышуды қаламайтын, тіпті ойламайтындарды (бірден жазаламай) азғындыққа салынып, адасқан күйде мәңгіріп жүре беруіне мұрсат береміз.

12

وَإِذَا مَسَّ ٱلْإِنسَٰنَ ٱلضُّرُّ دَعَانَا لِجَنۢبِهِۦٓ أَوْ قَاعِدًا أَوْ قَآئِمࣰا فَلَمَّا كَشَفْنَا عَنْهُ ضُرَّهُۥ مَرَّ كَأَن لَّمْ يَدْعُنَآ إِلَىٰ ضُرࣲّ مَّسَّهُۥۚ كَذَٰلِكَ زُيِّنَ لِلْمُسْرِفِينَ مَا كَانُوا۟ يَعْمَلُونَ

Адам баласы қиындыққа тап болса, жантайып жатып та, отырып та, тікесінен тік тұрып та Бізге үнемі дұға етіп, жалбарынумен болады. Ал дұғасын қабыл алып, қиындықтан құтқарғанымызда, басына келген бәледен құтылу үшін Бізге еш дұға етпеген адамдай бәз-баяғы қалпына қайта түсіп, түк болмағандай жүре береді. Міне, осылайша Алланың өздеріне берген (өмір, ақыл, денсаулық, қабілет сынды) баға жетпес нығметтерін орынсыз пайдаланып, шектен шыққандарға істеп жүрген істері (шайтан тарапынан безендіріліп) кереметтей етіп көрсетілді.

13

وَلَقَدْ أَهْلَكْنَا ٱلْقُرُونَ مِن قَبْلِكُمْ لَمَّا ظَلَمُوا۟ وَجَآءَتْهُمْ رُسُلُهُم بِٱلْبَيِّنَٰتِ وَمَا كَانُوا۟ لِيُؤْمِنُوا۟ۚ كَذَٰلِكَ نَجْزِي ٱلْقَوْمَ ٱلْمُجْرِمِينَ

Сендерден бұрынғы дәуірлерде қаншама қауымды өздеріне келген пайғамбарлары анық дәлелдермен келсе де (оларды мойындамай) озбырлық қылғандығы һәм иман етпеуге бел буғандығы үшін жермен-жексен еткен едік. Міне, күнәға белшесінен батқан күнәһар қауымның сазайын осылай береміз.

14

ثُمَّ جَعَلْنَٰكُمْ خَلَٰٓئِفَ فِي ٱلْأَرْضِ مِنۢ بَعْدِهِمْ لِنَنظُرَ كَيْفَ تَعْمَلُونَ

Сөйтіп, олардан кейін сендердің де не істейтіндеріңді көрейік деп, сендерді олардың орнына жер бетінде халифа қылдық (яғни, жер бетіндегі жаратылыс атаулыға үкім жүргізіп, жер бетін көркейтетін Алланың өкілі еттік).

15

وَإِذَا تُتْلَىٰ عَلَيْهِمْ ءَايَاتُنَا بَيِّنَٰتࣲ قَالَ ٱلَّذِينَ لَا يَرْجُونَ لِقَآءَنَا ٱئْتِ بِقُرْءَانٍ غَيْرِ هَٰذَآ أَوْ بَدِّلْهُۚ قُلْ مَا يَكُونُ لِيٓ أَنْ أُبَدِّلَهُۥ مِن تِلْقَآئِ نَفْسِيٓۖ إِنْ أَتَّبِعُ إِلَّا مَا يُوحَىٰٓ إِلَيَّۖ إِنِّيٓ أَخَافُ إِنْ عَصَيْتُ رَبِّي عَذَابَ يَوْمٍ عَظِيمࣲ

Алайда аяттарымыз өздеріне анық дәлелдер түрінде оқылғанда, Бізге қауышуды қаламайтын, тіпті оған сенбейтіндер (елшімізге): «Бізге бұдан басқа Құран әкел, не мұны өзгерт», – деп талап қойды. Оларға: «Мен мұны өздігімнен өзгерте алмаймын. Мен өзіме не уахи етілсе, тек соны ғана басшылыққа аламын. Сондай-ақ (сендерге еріп) Раббыма қарсы келсем, ұлы күннің ауыр азабына ұшыраймын ба деп қорқамын», – деп айт.

16

قُل لَّوْ شَآءَ ٱللَّهُ مَا تَلَوْتُهُۥ عَلَيْكُمْ وَلَآ أَدْرَىٰكُم بِهِۦۖ فَقَدْ لَبِثْتُ فِيكُمْ عُمُرࣰا مِّن قَبْلِهِۦٓۚ أَفَلَا تَعْقِلُونَ

Сондай-ақ оларға: «Егер Алла менің оқығанымды қаламаса, мен сендерге оны оқып бере алмас едім және Алла сендерге оны білдірмес еді. Сонымен қатар, бұған дейін араларыңда қаншама жыл өмір сүрдім (бұрын-соңды өздеріңе мұндай Кітапты оқыған да, бір ауыз өтірік айтқан да емеспін). Өздерің сәл болса да ақылға салып, ойланбайсыңдар ма?!» – деп айт.

17

فَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّنِ ٱفْتَرَىٰ عَلَى ٱللَّهِ كَذِبًا أَوْ كَذَّبَ بِـَٔايَٰتِهِۦٓۚ إِنَّهُۥ لَا يُفْلِحُ ٱلْمُجْرِمُونَ

Өз ойынан өтірік айтып, соны Аллаға телігеннен (яғни, Алланың сөзін бұрмалағаннан) немесе Алланың аяттарын жалғанға шығарғаннан асқан залым бар ма?! Шүбәсіз, күнәға белшесінен батқан күнәһарлар (түбінде оңбайды һәм) әсте мақсат-мұратына жетпейді.

18

وَيَعْبُدُونَ مِن دُونِ ٱللَّهِ مَا لَا يَضُرُّهُمْ وَلَا يَنفَعُهُمْ وَيَقُولُونَ هَٰٓؤُلَآءِ شُفَعَٰٓؤُنَا عِندَ ٱللَّهِۚ قُلْ أَتُنَبِّـُٔونَ ٱللَّهَ بِمَا لَا يَعْلَمُ فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَلَا فِي ٱلْأَرْضِۚ سُبْحَٰنَهُۥ وَتَعَٰلَىٰ عَمَّا يُشْرِكُونَ

Олар Алланы былай қалдырып, өздеріне зиян да, пайда да келтіре алмайтын нәрселерге табынады һәм: «Бұлар Алланың құзырында бізге ара түсер шапағатшыларымыз (һәм бізді Оған жақындататын дәнекерлеріміз)», – дейді. Оларға: «Сонда сендер күллі аспан әлемі мен Жерде бар болған, алайда өздеріңше Алла білмейді деп, ойлаған нәрселеріңді Аллаға білдірмексіңдер ме?!» – деп айт. Ол мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм олардың Өзіне серік етіп қосқандарынан аулақ әрі әлдеқайда асқақ.

19

وَمَا كَانَ ٱلنَّاسُ إِلَّآ أُمَّةࣰ وَٰحِدَةࣰ فَٱخْتَلَفُوا۟ۚ وَلَوْلَا كَلِمَةࣱ سَبَقَتْ مِن رَّبِّكَ لَقُضِيَ بَيْنَهُمْ فِيمَا فِيهِ يَخْتَلِفُونَ

Негізінен, адам баласы кезінде (сенімі мен ділі бір) бір ғана үмбет еді. Кейін келе (әр алуан сенімді ұстанғандықтан) араларында келіспеушілік туындап, жік-жікке бөлініп кетті. Егер Раббыңның (адам баласына қатысты ақтық үкімнің ақиретте берілетіндігіне байланысты) алдын-ала айтқан кесімді сөзі әрі байламы болмағанда, олар өзара таласып-тартысқан мәселелеріне қатысты кесімді билік баяғыдан бері айтылып, (теріс жолда болғандар лайықты сазайларын тартар еді).

20

وَيَقُولُونَ لَوْلَآ أُنزِلَ عَلَيْهِ ءَايَةࣱ مِّن رَّبِّهِۦۖ فَقُلْ إِنَّمَا ٱلْغَيْبُ لِلَّهِ فَٱنتَظِرُوٓا۟ إِنِّي مَعَكُم مِّنَ ٱلْمُنتَظِرِينَ

Сөйте тұра олар: «Оған Раббысынан ерекше бір мұғжиза түссе қайтеді?» – дейді. Оларға: «Ғайып әлемі бір Алланың құзырында (не істеймін десе де, алдағы уақытта не боларын да бір Өзі ғана біледі). Ал ендеше, күтіңдер, мен де сендермен бірге әліптің ақырын бағамын», – деп айт.

21

وَإِذَآ أَذَقْنَا ٱلنَّاسَ رَحْمَةࣰ مِّنۢ بَعْدِ ضَرَّآءَ مَسَّتْهُمْ إِذَا لَهُم مَّكْرࣱ فِيٓ ءَايَاتِنَاۚ قُلِ ٱللَّهُ أَسْرَعُ مَكْرًاۚ إِنَّ رُسُلَنَا يَكْتُبُونَ مَا تَمْكُرُونَ

Ол имансыздарға бастарына келген бір қиындықтан кейін мейіріміміз түсіп, нығмет пен есендіктің дәмін таттырсақ болды, бірден аяттарымыз жайында бірқатар қулық-сұмдық ойластыра бастайды. Оларға: «Алла тағала ойластырған қулық-сұмдықтарыңды жүзеге асырып үлгерместен (яғни, көген басынан асырмай) дереу сазайларыңды береді», – деп айт. Еш күмәндарың болмасын, періштелеріміз барлық айла-қулықтарыңды жазып алуда.

22

هُوَ ٱلَّذِي يُسَيِّرُكُمْ فِي ٱلْبَرِّ وَٱلْبَحْرِۖ حَتَّىٰٓ إِذَا كُنتُمْ فِي ٱلْفُلْكِ وَجَرَيْنَ بِهِم بِرِيحࣲ طَيِّبَةࣲ وَفَرِحُوا۟ بِهَا جَآءَتْهَا رِيحٌ عَاصِفࣱ وَجَآءَهُمُ ٱلْمَوْجُ مِن كُلِّ مَكَانࣲ وَظَنُّوٓا۟ أَنَّهُمْ أُحِيطَ بِهِمْ دَعَوُا۟ ٱللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ ٱلدِّينَ لَئِنْ أَنجَيْتَنَا مِنْ هَٰذِهِۦ لَنَكُونَنَّ مِنَ ٱلشَّٰكِرِينَ

Сендерді құрлықта да, теңізде де ерсілі-қарсылы жүргізетін – бір Алла. Өздеріңнің кемеге мінген кездеріңді ойлаңдар. Кемелер сондай жайлы: оңынан тұрған желмен жолаушыларын алып, жүзіп бара жатады. Ішіндегі жолаушылар сондай жайлы: желдің оңынан тұрғанына қуанып, көңілдері тасып келе жатқанда, кенет қатты дауыл тұрады. Жан-жақтан қаумалап соққан таудай-таудай толқындардың арасында қалған жолаушылар өздеріне құрсау салынғанын һәм одан құтылудың мүмкін еместігін түсінгенде, Алланың хақ дінін толық мойындаған күйде Оған шын көңілден жалбарынып: «Егер бізді осыдан құтқарып, аман алып шықсаң, Өзіңе әрдайым шүкіршілік ететін құлдарың боламыз», – деп ант етеді.

23

فَلَمَّآ أَنجَىٰهُمْ إِذَا هُمْ يَبْغُونَ فِي ٱلْأَرْضِ بِغَيْرِ ٱلْحَقِّۗ يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ إِنَّمَا بَغْيُكُمْ عَلَىٰٓ أَنفُسِكُمۖ مَّتَٰعَ ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَاۖ ثُمَّ إِلَيْنَا مَرْجِعُكُمْ فَنُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

Алла оларды осынау апаттан құтқарған соң, олар баяғы әдетіне басып жер бетінде нақақтан-нақақ сойқан салып, бұзақылық жасайды. Уа, адамдар! Біле білсеңдер, салған сойқандарың мен істеген бұзақылықтарыңның кесірі тек өздеріңе ғана тиеді. Сөйтіп жүріп бар тапқандарың дүниедегі қу тіршіліктің өткінші қызығы мен бұйым-боқшасы ғана болмақ. Ақыр соңында барлығың Бізге қайтасыңдар, сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды өздеріңе түгелдей мәлім етеміз де, жауапқа тартамыз.

24

إِنَّمَا مَثَلُ ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا كَمَآءٍ أَنزَلْنَٰهُ مِنَ ٱلسَّمَآءِ فَٱخْتَلَطَ بِهِۦ نَبَاتُ ٱلْأَرْضِ مِمَّا يَأْكُلُ ٱلنَّاسُ وَٱلْأَنْعَٰمُ حَتَّىٰٓ إِذَآ أَخَذَتِ ٱلْأَرْضُ زُخْرُفَهَا وَٱزَّيَّنَتْ وَظَنَّ أَهْلُهَآ أَنَّهُمْ قَٰدِرُونَ عَلَيْهَآ أَتَىٰهَآ أَمْرُنَا لَيْلًا أَوْ نَهَارࣰا فَجَعَلْنَٰهَا حَصِيدࣰا كَأَن لَّمْ تَغْنَ بِٱلْأَمْسِۚ كَذَٰلِكَ نُفَصِّلُ ٱلْـَٔايَٰتِ لِقَوْمࣲ يَتَفَكَّرُونَ

(Біле білсеңдер сендер қызыққан) дүниедегі қу тіршіліктің мысалы мынадай: аспаннан су түсіреміз, сол арқылы адамдар мен жан-жануарлар қорек ететін өсімдік атаулы араласа қаулап өсіп-өнеді. Сөйтіп, жер беті құлпырып түрлі-түсті, әр алуан жемістермен ажары кіргенде, бау-бақша, егістік алқаптарының иелері нық сеніммен «жақсы өнімге қол жеткіздік, енді оны жинап аламыз», – деп ойлайды. Алайда түнде яки күндіз тосыннан (барлығын тас-талқан етуге қатысты) пәрменіміз шығады да, ол жерді күні кеше ғана жайқалып, құлпырып тұрмағандай етіп, егіні түбімен орылып тып-типыл болған қу тақырға айналдырамыз. Міне, Біз ақылға салып ойланатын һәм ғибрат алатын қауым үшін аяттарымызды осылайша жан-жақты баяндаймыз.

25

وَٱللَّهُ يَدْعُوٓا۟ إِلَىٰ دَارِ ٱلسَّلَٰمِ وَيَهْدِي مَن يَشَآءُ إِلَىٰ صِرَٰطࣲ مُّسْتَقِيمࣲ

Алла құлдарын бейбітшілік пен есендік мекені Жұмаққа шақырады және қалағанын тура жолға салады.

26

۞لِّلَّذِينَ أَحْسَنُوا۟ ٱلْحُسْنَىٰ وَزِيَادَةࣱۖ وَلَا يَرْهَقُ وُجُوهَهُمْ قَتَرࣱ وَلَا ذِلَّةٌۚ أُو۟لَٰٓئِكَ أَصْحَٰبُ ٱلْجَنَّةِۖ هُمْ فِيهَا خَٰلِدُونَ

(Алланың өзін көріп бақылап тұрғанын терең сезіне отырып) үнемі игілік жасап, жақсылық істегендерге ең керемет сый (жаннат) және одан да артық сый (Алланың жамалын тамашалау) бұйырады. Олардың жүзіне бірде-бір қара дақ түспейді һәм өздерін масқара ететін қорлыққа да тап болмайды. Міне, солар – жұмақтықтар. Олар мәңгі-бақи сонда болады.

27

وَٱلَّذِينَ كَسَبُوا۟ ٱلسَّيِّـَٔاتِ جَزَآءُ سَيِّئَةِۭ بِمِثْلِهَا وَتَرْهَقُهُمْ ذِلَّةࣱۖ مَّا لَهُم مِّنَ ٱللَّهِ مِنْ عَاصِمࣲۖ كَأَنَّمَآ أُغْشِيَتْ وُجُوهُهُمْ قِطَعࣰا مِّنَ ٱلَّيْلِ مُظْلِمًاۚ أُو۟لَٰٓئِكَ أَصْحَٰبُ ٱلنَّارِۖ هُمْ فِيهَا خَٰلِدُونَ

Ал көп жамандық істеп, күнәға батқандар істеген жамандықтарының ғана қарымын алады һәм өздерін сор жеңіп, әбден қор болады. Алланың алдында олардың бірде-бір қорғаны жоқ. Олардың жүзі бейне бір тас қараңғы түннің қат-қабат түнектерімен қапталғандай қарайып кетеді. Міне, солар – тозақтықтар. Олар мәңгі-бақи сонда болады.

28

وَيَوْمَ نَحْشُرُهُمْ جَمِيعࣰا ثُمَّ نَقُولُ لِلَّذِينَ أَشْرَكُوا۟ مَكَانَكُمْ أَنتُمْ وَشُرَكَآؤُكُمْۚ فَزَيَّلْنَا بَيْنَهُمْۖ وَقَالَ شُرَكَآؤُهُم مَّا كُنتُمْ إِيَّانَا تَعْبُدُونَ

Ол күні олардың барлығын (қайта тірілтіп) ғарасат майданына жинаймыз, содан кейін Аллаға серік қосқандарға: «Сендер де, Аллаға серік етіп қосқан құдайларың да орындарыңнан тапжылмаңдар», – деп бұйырамыз. Сөйтіп, мүміндер мен олардың арасын, сондай-ақ олар мен дүниеде табынған жалған құдайларының арасын толықтай айырдық. Сонда олардың Аллаға серік етіп қосқан құдайлары: «Расында, сендер (фәни дүниеде) бізге табынған жоқсыңдар».

29

فَكَفَىٰ بِٱللَّهِ شَهِيدَۢا بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمْ إِن كُنَّا عَنْ عِبَادَتِكُمْ لَغَٰفِلِينَ

«Арамызда куә ретінде бір Алла жетеді. Біз сендердің бізге табынғандарыңнан мүлдем бейхабар едік», – деп айтады.

30

هُنَالِكَ تَبْلُوا۟ كُلُّ نَفْسࣲ مَّآ أَسْلَفَتْۚ وَرُدُّوٓا۟ إِلَى ٱللَّهِ مَوْلَىٰهُمُ ٱلْحَقِّۖ وَضَلَّ عَنْهُم مَّا كَانُوا۟ يَفْتَرُونَ

Сол жерде әрбір жан бұрын-соңды істеген істерімен сыналады, дүниеде жүргенде істеген істерімен бетпе-бет келеді. Барлығы шын иелері болған Аллаға қайтарылады. Өз ойынан шығарған жалған құдайлары да оларды тәрк етіп, көзден ғайып болды.

31

قُلْ مَن يَرْزُقُكُم مِّنَ ٱلسَّمَآءِ وَٱلْأَرْضِ أَمَّن يَمْلِكُ ٱلسَّمْعَ وَٱلْأَبْصَٰرَ وَمَن يُخْرِجُ ٱلْحَيَّ مِنَ ٱلْمَيِّتِ وَيُخْرِجُ ٱلْمَيِّتَ مِنَ ٱلْحَيِّ وَمَن يُدَبِّرُ ٱلْأَمْرَۚ فَسَيَقُولُونَ ٱللَّهُۚ فَقُلْ أَفَلَا تَتَّقُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Олардан: «Сендерді көктен һәм жерден ризықтандыратын кім?! Есту қабілеттерің мен көздеріңнің шынайы иесі кім?! Өліден тіріні, тіріден өліні кім шығаратын?! Сондай-ақ болмыстағы барлық істерді реттеп, жолға қойып, күллі ғаламды меңгеріп тұрған кім?!» – деп сұра. Барлығы бір ауыздан: «Бір Алла», – деп тіл қатады. Ендеше, оларға: «Өздерің ұстанған мына жолдың ақыры не болар екен деп уайым жемейсіңдер ме? Оның азабынан қорықпайсыңдар ма?!» – деп айт.

32

فَذَٰلِكُمُ ٱللَّهُ رَبُّكُمُ ٱلْحَقُّۖ فَمَاذَا بَعْدَ ٱلْحَقِّ إِلَّا ٱلضَّلَٰلُۖ فَأَنَّىٰ تُصْرَفُونَ

Міне, осының бәрін істейтін сендердің шын Раббыларың – Алла. Ақиқаттың шегінен ары асқанда адасушылықтан өзге не бар дейсің?! Олай болса, қалай ғана ақиқаттан басқа жаққа бағытталудасыңдар, қалай ғана тура жолдан тайдырылудасыңдар?!?

33

كَذَٰلِكَ حَقَّتْ كَلِمَتُ رَبِّكَ عَلَى ٱلَّذِينَ فَسَقُوٓا۟ أَنَّهُمْ لَا يُؤْمِنُونَ

Міне, Раббыңның тура жолдан тайған пасықтар жайлы «Олар әсте иман етпейді» деген сөзінің, кесімді үкімінің мәні мен хақ екені осылайша айқындалды.

34

قُلْ هَلْ مِن شُرَكَآئِكُم مَّن يَبْدَؤُا۟ ٱلْخَلْقَ ثُمَّ يُعِيدُهُۥۚ قُلِ ٱللَّهُ يَبْدَؤُا۟ ٱلْخَلْقَ ثُمَّ يُعِيدُهُۥۖ فَأَنَّىٰ تُؤْفَكُونَ

(Уа, Мұхаммед!) мүшріктерден: «Аллаға серік етіп қосқан құдайларыңның арасында жаратылысты жоқтан жарататын һәм оны (өлгеннен кейін) қайта тірілте алатын бар ма?!» – деп сұра. Оларға: «Бір Алла (ғана) жаратылыс атаулыны жоқтан жаратады һәм оларды (өлгеннен кейін) қайта тірілтеді», – деп айт. Ендеше, («осынау ақиқатты) қалай ғана бұрмалап, жалғанға шығарасыңдар мұндай іске сендерді не итермеледі?

35

قُلْ هَلْ مِن شُرَكَآئِكُم مَّن يَهْدِيٓ إِلَى ٱلْحَقِّۚ قُلِ ٱللَّهُ يَهْدِي لِلْحَقِّۗ أَفَمَن يَهْدِيٓ إِلَى ٱلْحَقِّ أَحَقُّ أَن يُتَّبَعَ أَمَّن لَّا يَهِدِّيٓ إِلَّآ أَن يُهْدَىٰۖ فَمَا لَكُمْ كَيْفَ تَحْكُمُونَ

Сондай-ақ мүшріктерге: «Аллаға серік етіп қосқан құдайларыңның арасында ақиқатқа жеткізетін бар ма?» – деп сұра. Оларға: «Бір Алла (ғана) ақиқатқа жеткізеді. Ендеше, өздерің айтыңдаршы: ақиқатқа жеткізетін соңынан ерген дұрыс па, әлде қолынан ұстап жетелеп ақиқатқа жеткізбесе, өздігінен ақиқатқа жете алмайтынға ерген дұрыс па? Сендерге не болған? Қалай ғана қате ұйғарым жасайсыңдар?» – деп айт.

36

وَمَا يَتَّبِعُ أَكْثَرُهُمْ إِلَّا ظَنًّاۚ إِنَّ ٱلظَّنَّ لَا يُغْنِي مِنَ ٱلْحَقِّ شَيْـًٔاۚ إِنَّ ٱللَّهَ عَلِيمُۢ بِمَا يَفْعَلُونَ

Анығында, олардың көпшілігі негізсіз құрғақ ой мен болжамның ғана жетегінде жүреді. Ал құрғақ ой мен құр болжам болса, ақиқаттың қасында түк те емес. Шүбәсіз, Алла олардың не істеп, не қойып жүргенін толық білуші.

37

وَمَا كَانَ هَٰذَا ٱلْقُرْءَانُ أَن يُفْتَرَىٰ مِن دُونِ ٱللَّهِ وَلَٰكِن تَصْدِيقَ ٱلَّذِي بَيْنَ يَدَيْهِ وَتَفْصِيلَ ٱلْكِتَٰبِ لَا رَيْبَ فِيهِ مِن رَّبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Бұл Құранды Алладан өзге біреудің өз ойынан шығаруы һәм содан кейін сол ойдан шығарылған нәрсенің Аллаға телінуі ақылға сыймайды, мүмкін емес. Алайда ол – өзінен бұрын түскен иләһи кітаптарды (әу бастағы адамның қолымен өзгеріске ұшырамаған қалпын) растаушы һәм барлық иләһи кітаптарға алтын қазық болған негіздерді ашып түсіндіруші. Онда күмәнданатын еш нәрсе жоқ. Ол әлемдердің Раббысы тарапынан түсірілген (қасиетті кітап).

38

أَمْ يَقُولُونَ ٱفْتَرَىٰهُۖ قُلْ فَأْتُوا۟ بِسُورَةࣲ مِّثْلِهِۦ وَٱدْعُوا۟ مَنِ ٱسْتَطَعْتُم مِّن دُونِ ٱللَّهِ إِن كُنتُمْ صَٰدِقِينَ

Әлде олар: «Оны (Мұхаммед) өз ойынан шығарды», – дей ме? (Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Егер сөздерің рас болса, қане, соған ұқсас бір сүре құрастырып әкеліңдер һәм Алладан өзге жәрдемге шақыра алатындарыңның бәрін шақырыңдар», – деп айт.

39

بَلْ كَذَّبُوا۟ بِمَا لَمْ يُحِيطُوا۟ بِعِلْمِهِۦ وَلَمَّا يَأْتِهِمْ تَأْوِيلُهُۥۚ كَذَٰلِكَ كَذَّبَ ٱلَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْۖ فَٱنظُرْ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلظَّٰلِمِينَ

Жоқ, (олар өз сөздеріне сенімді емес). Олар ол кітап жайлы нақты әрі толық біліп алмай тұрып және оның мән-мағынасы өздеріне толық ашылмай жатып, (яғни, оны басшылыққа алып, алмаудың нәтижесін пайымдап ескерместен) оны бірден жалғанға шығарды. Олардан бұрынғылар да өздеріне келген кітаптарды осылай жалғанға шығарған болатын. Ендеше, осындай залымдардың ақырының не болғанына зер салып қара.

40

وَمِنْهُم مَّن يُؤْمِنُ بِهِۦ وَمِنْهُم مَّن لَّا يُؤْمِنُ بِهِۦۚ وَرَبُّكَ أَعْلَمُ بِٱلْمُفْسِدِينَ

Олардың (Меккеліктердің) арасында Құранға сенетіндер һәм келешекте иман келтіретіндер бар болғандай, оған мүлдем сенбейтін һәм әсте иман етпейтіндер де бар. Раббың сол лаң салушы бұзақыларды өте жақсы біледі.

41

وَإِن كَذَّبُوكَ فَقُل لِّي عَمَلِي وَلَكُمْ عَمَلُكُمْۖ أَنتُم بَرِيٓـُٔونَ مِمَّآ أَعْمَلُ وَأَنَا۠ بَرِيٓءࣱ مِّمَّا تَعْمَلُونَ

Егер олар сені өтірікші санап, айтқандарыңды жалғанға шығарудан танбаса, оларға: «Менің істеген істерім өзіме, сендердікі өздеріңе. Менің істеп жүрген істеріме сендердің қатыстарың жоқ, сондай-ақ сендердің істеріңе менің ешқандай қатысым жоқ (яғни, сендер менің істеріме, мен де сендердің істеріңе жауапты емеспін)», – деп айт.

42

وَمِنْهُم مَّن يَسْتَمِعُونَ إِلَيْكَۚ أَفَأَنتَ تُسْمِعُ ٱلصُّمَّ وَلَوْ كَانُوا۟ لَا يَعْقِلُونَ

Олардың арасында сөзіңді тыңдау үшін қасыңа (жаныңа) келетіндер де бар. Алайда ақылға салып ойланбайтын болса, естімейтін саңырауларға сен (сөзіңді) қалай естіртпексің?!

43

وَمِنْهُم مَّن يَنظُرُ إِلَيْكَۚ أَفَأَنتَ تَهْدِي ٱلْعُمْيَ وَلَوْ كَانُوا۟ لَا يُبْصِرُونَ

Сондай-ақ олардың арасында саған қарайтындар да бар. Алайда олар (ақиқатты) көрмейтін көрсоқыр болса, сен оларды тура жолға қалай салмақсың?!

44

إِنَّ ٱللَّهَ لَا يَظْلِمُ ٱلنَّاسَ شَيْـࣰٔا وَلَٰكِنَّ ٱلنَّاسَ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

Шүбәсіз, Алла адамдарға зәредей қиянат жасамайды. Алайда адамдар (Аллаға қарсы келіп, асылық қылу арқылы) өз-өздеріне қиянат жасайды.

45

وَيَوْمَ يَحْشُرُهُمْ كَأَن لَّمْ يَلْبَثُوٓا۟ إِلَّا سَاعَةࣰ مِّنَ ٱلنَّهَارِ يَتَعَارَفُونَ بَيْنَهُمْۚ قَدْ خَسِرَ ٱلَّذِينَ كَذَّبُوا۟ بِلِقَآءِ ٱللَّهِ وَمَا كَانُوا۟ مُهْتَدِينَ

Алла олардың барлығын (қайта тірілтіп) ғарасат майданына жинайтын күні (тұла бойларын үрей билейтіні соншалық) өздерін дүниеде күндіз аз ғана уақыт тұрғандай және сол аз уақыт ішінде бір-бірімен тек танысып-біліскендей ғана (және бір-бірін ұмытып үлгермегендей) сезінеді. Алайда Аллаға қауышуды жоққа шығарғандар, шүбәсіз, (екі дүниеде де) зиянға ұшырап, сорлап қалды.

46

وَإِمَّا نُرِيَنَّكَ بَعْضَ ٱلَّذِي نَعِدُهُمْ أَوْ نَتَوَفَّيَنَّكَ فَإِلَيْنَا مَرْجِعُهُمْ ثُمَّ ٱللَّهُ شَهِيدٌ عَلَىٰ مَا يَفْعَلُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Оларға уәде еткен азабымыздың кейбірін көзіңнің тірісінде саған көрсететін болсақ, яки көрсетпей-ақ сені о дүниеге аттандырсақ не өзгереді дейсің?! Қайткен күнде де, ақыр соңында олардың қайтар жері – Біздің құзырымыз. Сондай-ақ Алла олардың не істеп, не қойып жүргеніне толық куә.

47

وَلِكُلِّ أُمَّةࣲ رَّسُولࣱۖ فَإِذَا جَآءَ رَسُولُهُمْ قُضِيَ بَيْنَهُم بِٱلْقِسْطِ وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ

Әр үмбетке бір елші пайғамбар бекітілген. Әрбір елші пайғамбар өз үмбетіне келгенде, (адамдардың бір бөлігі оған иман келтіріп, енді бір бөлігі иман етпейді, нәтижеде) олардың арасында қара қылды қақ жарған әділ үкім шығарылады әрі ешкімге қиянат жасалмайды.

48

وَيَقُولُونَ مَتَىٰ هَٰذَا ٱلْوَعْدُ إِن كُنتُمْ صَٰدِقِينَ

Алайда ол кәпірлер: «Егер айтқандарың рас болса, бұл (қорқынышты) уәде қашан орындалады», – дейді.

49

قُل لَّآ أَمْلِكُ لِنَفْسِي ضَرࣰّا وَلَا نَفْعًا إِلَّا مَا شَآءَ ٱللَّهُۗ لِكُلِّ أُمَّةٍ أَجَلٌۚ إِذَا جَآءَ أَجَلُهُمْ فَلَا يَسْتَـْٔخِرُونَ سَاعَةࣰ وَلَا يَسْتَقْدِمُونَ

Оларға: «Алла қаламайынша, мен басыма келетін бірде-бір кесапаттың бетін қайтара алмаймын, өз-өзіме ешбір пайда да келтіре алмаймын. Әрбір үмбет үшін белгіленген мерзім бар (яғни, әр үмбеттің өз ажалы бар). Сол мерзім толып, ажалы жеткенде, олар оны бір сәтке болсын кейінге шегере де алмайды, тездете де алмайды».

50

قُلْ أَرَءَيْتُمْ إِنْ أَتَىٰكُمْ عَذَابُهُۥ بَيَٰتًا أَوْ نَهَارࣰا مَّاذَا يَسْتَعْجِلُ مِنْهُ ٱلْمُجْرِمُونَ

Оларға: «Оның азабы бастарыңа түнде немесе күндіз аяқ астынан келе қалса, не істей аласыңдар?!» – деп айт. Ендеше, күнәға белшесінен батқан күнәһарлар несіне сеніп, Құдайдың жазасының дереу жеткенін қалауда?!

51

أَثُمَّ إِذَا مَا وَقَعَ ءَامَنتُم بِهِۦٓۚ ءَآلْـَٰٔنَ وَقَدْ كُنتُم بِهِۦ تَسْتَعْجِلُونَ

Әлде келетін азап келіп, болар іс болғаннан кейін Аллаға иман етпексіңдер ме?! (Сол күні сендерге): «Енді ғана ма?! Кеш қалдыңдар! Бұл жазаның жылдам келуін өздерің қаламап па едіңдер?!» – делінеді.

52

ثُمَّ قِيلَ لِلَّذِينَ ظَلَمُوا۟ ذُوقُوا۟ عَذَابَ ٱلْخُلْدِ هَلْ تُجْزَوْنَ إِلَّا بِمَا كُنتُمْ تَكْسِبُونَ

Содан кейін ол залымдарға: «Енді тартыңдар мына мәңгілік азапты! Дүниеде қандай күнәлар істеген болсаңдар, әрине, соның ғана сазайын тартасыңдар», – делінеді.

53

۞وَيَسْتَنۢبِـُٔونَكَ أَحَقٌّ هُوَۖ قُلْ إِي وَرَبِّيٓ إِنَّهُۥ لَحَقࣱّۖ وَمَآ أَنتُم بِمُعْجِزِينَ

Олар: «Сол азап рас па?!» – деп, сенен сұрастырады. Оларға: «Әрине, Раббымның атымен ант етейін! Шүбәсіз, ол хақ, сендер одан ешқайда да қашып құтыла алмайсыңдар», – деп айт.

54

وَلَوْ أَنَّ لِكُلِّ نَفْسࣲ ظَلَمَتْ مَا فِي ٱلْأَرْضِ لَٱفْتَدَتْ بِهِۦۗ وَأَسَرُّوا۟ ٱلنَّدَامَةَ لَمَّا رَأَوُا۟ ٱلْعَذَابَۖ وَقُضِيَ بَيْنَهُم بِٱلْقِسْطِ وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ

Иә, (Алланы тиісінше танымай, Оған өзгелерді серік етіп қосып) өз-өзіне қиянат жасаған әрбір жан сол кезде жердегінің бәріне бір өзі ие болып тұрса да, азаптан құтылу үшін қолындағысын түгелдей өтем ретінде (ойланбастан) берер еді. Олар өздеріне әзірленген азапты өз көзімен көргенде, іштей қатты опық жейді. (Ол күні) күллі жаратылыс арасында қара қылды қақ жарған әділдікпен үкім шығарылады һәм олардың ешбіріне титтей де әділетсіздік жасалмайды.

55

أَلَآ إِنَّ لِلَّهِ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۗ أَلَآ إِنَّ وَعْدَ ٱللَّهِ حَقࣱّ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَهُمْ لَا يَعْلَمُونَ

Біліп қойыңдар! Күллі аспан әлемі мен жердегінің бәрі Аллаға тиесілі. Сондай-ақ Алланың уәдесінің хақ екенін де біліп қойыңдар! Алайда адамдардың көбі (шынайы ілімнен бейхабар болғандықтан) мұны да білмейді.

56

هُوَ يُحْيِۦ وَيُمِيتُ وَإِلَيْهِ تُرْجَعُونَ

(Өліге жан бітіріп) өмір сыйлайтын да, (тірінің жанын алып) өлтіретін де бір Өзі. Бәрің де Оған қайтудасыңдар.

57

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ قَدْ جَآءَتْكُم مَّوْعِظَةࣱ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَآءࣱ لِّمَا فِي ٱلصُّدُورِ وَهُدࣰى وَرَحْمَةࣱ لِّلْمُؤْمِنِينَ

Уа, адамдар! Шүбәсіз, Сендерге Раббыларыңнан насихат, көкіректегі дерттерге шипа әрі мүміндер үшін тура жол мен рақым болған (Ислам мен Құран) келді.

58

قُلْ بِفَضْلِ ٱللَّهِ وَبِرَحْمَتِهِۦ فَبِذَٰلِكَ فَلْيَفْرَحُوا۟ هُوَ خَيْرࣱ مِّمَّا يَجْمَعُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Бұл тек Алланың шексіз шарапаты мен рақымының арқасы. Ендеше, (адамдар) тек осыған ғана қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл жиған-тергенінен әлдеқайда артық», – деп айт.

59

قُلْ أَرَءَيْتُم مَّآ أَنزَلَ ٱللَّهُ لَكُم مِّن رِّزْقࣲ فَجَعَلْتُم مِّنْهُ حَرَامࣰا وَحَلَٰلࣰا قُلْ ءَآللَّهُ أَذِنَ لَكُمْۖ أَمْ عَلَى ٱللَّهِ تَفْتَرُونَ

Сондай-ақ оларға: «Алланың өздеріңе түсірген ризығының бір бөлігін арам, енді бір бөлігін адал етіп алғандарың қалай?» – де. Оларға: «Сендерге олай істеуге Алланың өзі рұқсат етті ме, әлде Алланың атынан жалған сөйлеп тұрсыңдар ма?» – деп айт.

60

وَمَا ظَنُّ ٱلَّذِينَ يَفْتَرُونَ عَلَى ٱللَّهِ ٱلْكَذِبَ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِۗ إِنَّ ٱللَّهَ لَذُو فَضْلٍ عَلَى ٱلنَّاسِ وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَهُمْ لَا يَشْكُرُونَ

(Өздерінше үкім шығарып) Алланың атынан өтірік айтып жүргендер Қиямет күні туралы не ойлайды екен? Шүбәсіз, Алла – адамдарға шексіз шарапатын төгіп, көп жақсылық жасаушы. Алайда олардың көбі шүкіршілік етпеуде.

61

وَمَا تَكُونُ فِي شَأْنࣲ وَمَا تَتْلُوا۟ مِنْهُ مِن قُرْءَانࣲ وَلَا تَعْمَلُونَ مِنْ عَمَلٍ إِلَّا كُنَّا عَلَيْكُمْ شُهُودًا إِذْ تُفِيضُونَ فِيهِۚ وَمَا يَعْزُبُ عَن رَّبِّكَ مِن مِّثْقَالِ ذَرَّةࣲ فِي ٱلْأَرْضِ وَلَا فِي ٱلسَّمَآءِ وَلَآ أَصْغَرَ مِن ذَٰلِكَ وَلَآ أَكْبَرَ إِلَّا فِي كِتَٰبࣲ مُّبِينٍ

(Уа, Мұхаммед!) Қандай жағдайда болсаң да, Құраннан не оқысаң да, (уа, адамдар) не істеп, не нәрсемен шұғылдансаңдар да, сол бір іске кірісе бастағандарыңнан-ақ бәріңді бақылап, куә болып тұрамыз. Мейлі жерде, мейлі көкте болсын, мысқалдай (шаң тозаңындай) нәрсенің өзі Раббыңнан жасырынып, қалтарыста қала алмайды. Тіпті одан әлдеқайда кіші яки анағұрлым үлкен не нәрсе болса да (Оның ілімі мен назарынан тыс қалмайды), өйткені бәрі де айқын Кітапта нақты жазылған.

62

أَلَآ إِنَّ أَوْلِيَآءَ ٱللَّهِ لَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ

Біліп қойыңдар, расында, Алланың әулие құлдары үшін (әсіресе, ақиретте) ешқандай қорқыныш жоқ һәм олар әсте мұңаймайды.

63

ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَكَانُوا۟ يَتَّقُونَ

Олар – шынайы түрде иман келтіргендер һәм Аллаға қарсы келіп, асы болудан сақтанып, өз міндетін толық орындайтындар.

64

لَهُمُ ٱلْبُشْرَىٰ فِي ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا وَفِي ٱلْـَٔاخِرَةِۚ لَا تَبْدِيلَ لِكَلِمَٰتِ ٱللَّهِۚ ذَٰلِكَ هُوَ ٱلْفَوْزُ ٱلْعَظِيمُ

Оларға бұл дүниеде де, ақиретте де сүйінші! Алланың сөздерінде (һәм үкімдерінде) өзгеріске жол берілмейді. Міне, ең ұлы жетістік, ең зор табыс – осы.

65

وَلَا يَحْزُنكَ قَوْلُهُمْۘ إِنَّ ٱلْعِزَّةَ لِلَّهِ جَمِيعًاۚ هُوَ ٱلسَّمِيعُ ٱلْعَلِيمُ

(Уа, Мұхаммед!) Олардың сөзі көңіліңе қаяу түсірмесін. Өйткені ұлылық пен үстемдік түгелдей бір Аллаға тән. Ол – Сәмиғ (бәрін естуші), Алим (бәрін толық білуші).

66

أَلَآ إِنَّ لِلَّهِ مَن فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَن فِي ٱلْأَرْضِۗ وَمَا يَتَّبِعُ ٱلَّذِينَ يَدْعُونَ مِن دُونِ ٱللَّهِ شُرَكَآءَۚ إِن يَتَّبِعُونَ إِلَّا ٱلظَّنَّ وَإِنْ هُمْ إِلَّا يَخْرُصُونَ

Біліп қойыңдар! Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі (саналы тіршілік иелерінің) барлығы – Алланың құлдары. Аллаға өзге жалған құдайларды серік етіп қосып, соларға жалбарынып, құлшылық ететіндер (шын мәнінде) оларға еріп жүрген жоқ. Олар құрғақ ой мен құр болжамның жетегінде жүреді, сондай-ақ олар қу нәпсілері мен бас пайдаларының ыңғайына қарай сөйлейді, одан басқа түк те емес.

67

هُوَ ٱلَّذِي جَعَلَ لَكُمُ ٱلَّيْلَ لِتَسْكُنُوا۟ فِيهِ وَٱلنَّهَارَ مُبْصِرًاۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتࣲ لِّقَوْمࣲ يَسْمَعُونَ

Тынығып дамылдауларың үшін түнді, айналаны еркін көріп, тіршілік етулерің үшін күндізді жарық етіп жаратқан – Алла. Әлбетте, мұнда (Алланың сөзіне) құлақ асатын қауым үшін көптеген ғибратты дәлелдер бар.

68

قَالُوا۟ ٱتَّخَذَ ٱللَّهُ وَلَدࣰاۗ سُبْحَٰنَهُۥۖ هُوَ ٱلْغَنِيُّۖ لَهُۥ مَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِي ٱلْأَرْضِۚ إِنْ عِندَكُم مِّن سُلْطَٰنِۭ بِهَٰذَآۚ أَتَقُولُونَ عَلَى ٱللَّهِ مَا لَا تَعْلَمُونَ

Сондай-ақ мүшріктер: «Алланың баласы бар», – деді (яғни, мүшріктер періштелерді Алланың балалары деп сенетін еді). Жоқ, олай емес! Алла мінсіз (олардың айтқанындай жаратылыс атаулыға ұқсаудан) аулақ! Ол – Ғани (балаға да, еш нәрсеге де мұқтаж емес). Күллі аспан әлемі мен жердегінің барлығы Алланың иелігінде. Һәм сендерде бұған (яғни, Алланың баласы бар дегенге) қатысты бірде-бір дәлел де жоқ. Сонда Алла жайлы өздерің нақты білмейтін (һәм Оның ұлылығына) лайықсыз нәрселерді айтып тұрсыңдар ма?!

69

قُلْ إِنَّ ٱلَّذِينَ يَفْتَرُونَ عَلَى ٱللَّهِ ٱلْكَذِبَ لَا يُفْلِحُونَ

Оларға: «Алла жайлы жалған әрі лайықсыз сөз айтып жүргендер әсте оңбайды», – деп айт.

70

مَتَٰعࣱ فِي ٱلدُّنْيَا ثُمَّ إِلَيْنَا مَرْجِعُهُمْ ثُمَّ نُذِيقُهُمُ ٱلْعَذَابَ ٱلشَّدِيدَ بِمَا كَانُوا۟ يَكْفُرُونَ

Олар ары кетсе дүниедегі қу тіршіліктің өткінші қызығын көрер, содан кейін барлығы Біздің алдымызға қайтып келеді. Содан соң Біз оларға үнемі күпірлік қылғаны үшін ауыр азаптың ащы дәмін таттырамыз.

71

۞وَٱتْلُ عَلَيْهِمْ نَبَأَ نُوحٍ إِذْ قَالَ لِقَوْمِهِۦ يَٰقَوْمِ إِن كَانَ كَبُرَ عَلَيْكُم مَّقَامِي وَتَذْكِيرِي بِـَٔايَٰتِ ٱللَّهِ فَعَلَى ٱللَّهِ تَوَكَّلْتُ فَأَجْمِعُوٓا۟ أَمْرَكُمْ وَشُرَكَآءَكُمْ ثُمَّ لَا يَكُنْ أَمْرُكُمْ عَلَيْكُمْ غُمَّةࣰ ثُمَّ ٱقْضُوٓا۟ إِلَيَّ وَلَا تُنظِرُونِ

(Уа, Мұхаммед!) Оларға Нұх жайлы ғибратқа толы әңгімені айтып бер. Бірде ол қауымына: «Уа, қауымым! Егер менің араларыңда (пайғамбар ретінде) жүруім, Алланың аяттарын қайта-қайта естеріңе салып, насихат айтуым сендерге ауыр тисе, біліп қойыңдар, мен бір Аллаға тәуекел еттім. Сендер де бас қосып, маған қарсы не істеп, қандай шара қолданатындарыңды келісіп, шешіңдер (қолдарыңнан бір келсе, екі қылыңдар) һәм Аллаға серік етіп қосқандарыңды да жәрдемге шақырыңдар. Иә, солай істеңдер, кейін бұл істерің (сендерге қап әттеген-ай дегізіп), көкіректеріңде шер болып қалмасын. Содан кейін маған еш мұрсат берместен шығарған үкімдеріңді жүзеге асырыңдар», – деп айт.

72

فَإِن تَوَلَّيْتُمْ فَمَا سَأَلْتُكُم مِّنْ أَجْرٍۖ إِنْ أَجْرِيَ إِلَّا عَلَى ٱللَّهِۖ وَأُمِرْتُ أَنْ أَكُونَ مِنَ ٱلْمُسْلِمِينَ

«Егер айтқан насихатымды құп алмай сырт айналсаңдар, (одан мен түк те жоғалтпаймын), өйткені сендерден ақы сұрамаймын. Менің сый-сияпатымды Алланың өзі береді. Мен бір Аллаға мойынсұнған мұсылмандардың қатарында болуға бұйырылдым», – деп айт.

73

فَكَذَّبُوهُ فَنَجَّيْنَٰهُ وَمَن مَّعَهُۥ فِي ٱلْفُلْكِ وَجَعَلْنَٰهُمْ خَلَٰٓئِفَ وَأَغْرَقْنَا ٱلَّذِينَ كَذَّبُوا۟ بِـَٔايَٰتِنَاۖ فَٱنظُرْ كَيْفَ كَانَ عَٰقِبَةُ ٱلْمُنذَرِينَ

Алайда қауымы оны тыңдамай өтірікшіге балады. Сөйтіп Біз Нұхты әрі кемеде онымен бірге болғандарды топан судан құтқардық һәм оларды жер бетінің (оны көркейтіп, онда Алланың үкімдерін жүзеге асыратын) халифалары қылдық. Ал аяттарымызды жоққа шығарғандарды құрдымға батырдық. Ендеше, алдын-ала ескертілгендердің (ескерту алса да тура жолға түсіп, түзелмегендердің) ақырының не болғанына қара!

74

ثُمَّ بَعَثْنَا مِنۢ بَعْدِهِۦ رُسُلًا إِلَىٰ قَوْمِهِمْ فَجَآءُوهُم بِٱلْبَيِّنَٰتِ فَمَا كَانُوا۟ لِيُؤْمِنُوا۟ بِمَا كَذَّبُوا۟ بِهِۦ مِن قَبْلُۚ كَذَٰلِكَ نَطْبَعُ عَلَىٰ قُلُوبِ ٱلْمُعْتَدِينَ

Нұхтан кейін де көптеген пайғамбарларды өз қауымына жібердік. Олар қауымына ақиқаттың айқын дәлелдерімен, анық мұғжизалармен келді. Алайда қауымдары елшілер әкелген ақиқатты әу бастан-ақ өтірікке балап мойындамай, қасарысып иман келтірмеді. Міне, шектен шыққандардың жүрегін осылай мөрлеп тастаймыз.

75

ثُمَّ بَعَثْنَا مِنۢ بَعْدِهِم مُّوسَىٰ وَهَٰرُونَ إِلَىٰ فِرْعَوْنَ وَمَلَإِي۟هِۦ بِـَٔايَٰتِنَا فَٱسْتَكْبَرُوا۟ وَكَانُوا۟ قَوْمࣰا مُّجْرِمِينَ

Олардан кейін Мұса мен Һарунды аяттарымызбен (анық мұғжиза-дәлелдерімізбен) Перғауынға және оның шонжарларына жібердік. Алайда олар да орынсыз дандайсып көкірек керіп, иман етпеді, сөйтіп, күнәға белшесінен батқан күнәһар қауым болып қала берді.

76

فَلَمَّا جَآءَهُمُ ٱلْحَقُّ مِنْ عِندِنَا قَالُوٓا۟ إِنَّ هَٰذَا لَسِحْرࣱ مُّبِينࣱ

Оларға Бізден ақиқат (хақ дін) келгенде: «Шүбәсіз, бұл – анық сиқыр», – деді.

77

قَالَ مُوسَىٰٓ أَتَقُولُونَ لِلْحَقِّ لَمَّا جَآءَكُمْۖ أَسِحْرٌ هَٰذَا وَلَا يُفْلِحُ ٱلسَّٰحِرُونَ

Сонда Мұса оларға: «Өздеріңе келген ақиқат жайлы осылай дейсіңдер ме? Мынаны сиқыр деп тұрсыңдар ма?!» – деді. Расында, сиқыршылар әсте оңбайды, мақсат-мұратына жетпейді.

78

قَالُوٓا۟ أَجِئْتَنَا لِتَلْفِتَنَا عَمَّا وَجَدْنَا عَلَيْهِ ءَابَآءَنَا وَتَكُونَ لَكُمَا ٱلْكِبْرِيَآءُ فِي ٱلْأَرْضِ وَمَا نَحْنُ لَكُمَا بِمُؤْمِنِينَ

Олар: «(Ей, Мұса!) Сен бізді ата-бабамыздың жолынан адастыру һәм бұл жердегі бар билік пен үстемдік екеуіңдікі ғана болу үшін келдің бе?! Жо-жоқ, біз екеуіңе әсте сенбейміз!» – деді.

79

وَقَالَ فِرْعَوْنُ ٱئْتُونِي بِكُلِّ سَٰحِرٍ عَلِيمࣲ

Перғауын: «(Мысыр еліндегі) білікті, шебер сиқыршылардың бәрін құзырыма шақырыңдар», – деп пәрмен қылды.

80

فَلَمَّا جَآءَ ٱلسَّحَرَةُ قَالَ لَهُم مُّوسَىٰٓ أَلْقُوا۟ مَآ أَنتُم مُّلْقُونَ

Сиқыршылардың барлығы келгенде, Мұса оларға: «Қолдарыңдағы лақтыратын нәрселеріңнің бәрін лақтырыңдар (аянып қалмай бар өнерлеріңді ортаға салып, көрсететін сиқырларыңды көрсетіңдер)», – деді.

81

فَلَمَّآ أَلْقَوْا۟ قَالَ مُوسَىٰ مَا جِئْتُم بِهِ ٱلسِّحْرُۖ إِنَّ ٱللَّهَ سَيُبْطِلُهُۥٓ إِنَّ ٱللَّهَ لَا يُصْلِحُ عَمَلَ ٱلْمُفْسِدِينَ

Сиқыршылар (қолындағы жібі мен таяғын) лақтырғанда (яғни сол арқылы елдің көзін байлап ғажайып сиқыр көрсеткенде), Мұса: «Әкелгендеріңнің бәрі таза сиқыр. Алла сиқырларыңды түкке тұрғысыз етеді (нағыз көз бояушылық екенін баршаға білдіреді). Өйткені Алла лаң салушы бұзғыншылардың ісін әсте оңғармайды», – деді.

82

وَيُحِقُّ ٱللَّهُ ٱلْحَقَّ بِكَلِمَٰتِهِۦ وَلَوْ كَرِهَ ٱلْمُجْرِمُونَ

Күнәһарлар қаламаса да, Алла ақиқатты өз сөзімен дәлелдеп, үстем етеді.

83

فَمَآ ءَامَنَ لِمُوسَىٰٓ إِلَّا ذُرِّيَّةࣱ مِّن قَوْمِهِۦ عَلَىٰ خَوْفࣲ مِّن فِرْعَوْنَ وَمَلَإِي۟هِمْ أَن يَفْتِنَهُمْۚ وَإِنَّ فِرْعَوْنَ لَعَالࣲ فِي ٱلْأَرْضِ وَإِنَّهُۥ لَمِنَ ٱلْمُسْرِفِينَ

Алғашында Мұсаға өз қауымынан бірен-саран жастардан басқа ешкім иман етпеді. Өйткені қауымы Перғауынның және оның шынжыр балақ, шұбар төс шонжарларының зорлық-зомбылығынан қорқатын еді. Себебі Перғауын өз жерінде барып тұрған өктемшіл әрі озбырлық жасауда шектен шыққандардың бірі һәм бірегейі болатын.

84

وَقَالَ مُوسَىٰ يَٰقَوْمِ إِن كُنتُمْ ءَامَنتُم بِٱللَّهِ فَعَلَيْهِ تَوَكَّلُوٓا۟ إِن كُنتُم مُّسْلِمِينَ

Мұса қауымына: «Уа, қауымым! Егер Аллаға, шынымен иман келтірген болсаңдар, егер Оған барынша берілген, толық бағынған шын мұсылман болсаңдар, Оған тәуекел етіңдер», – деді.

85

فَقَالُوا۟ عَلَى ٱللَّهِ تَوَكَّلْنَا رَبَّنَا لَا تَجْعَلْنَا فِتْنَةࣰ لِّلْقَوْمِ ٱلظَّٰلِمِينَ

Сонда қауымы (ішіндегі шынайы мүміндер): «Біз бір Аллаға тәуекел еттік! Уа, Раббымыз! Бізді мына залымдардың зорлық-зомбылығына ұшыратып, ауыр сынаққа душар ете көрме».

86

وَنَجِّنَا بِرَحْمَتِكَ مِنَ ٱلْقَوْمِ ٱلْكَٰفِرِينَ

«Һәм шексіз рақымыңмен бізді кәпір қауымның (қанды шеңгелінен) құтқара көр!» – деп жалбарынды.

87

وَأَوْحَيْنَآ إِلَىٰ مُوسَىٰ وَأَخِيهِ أَن تَبَوَّءَا لِقَوْمِكُمَا بِمِصْرَ بُيُوتࣰا وَٱجْعَلُوا۟ بُيُوتَكُمْ قِبْلَةࣰ وَأَقِيمُوا۟ ٱلصَّلَوٰةَۗ وَبَشِّرِ ٱلْمُؤْمِنِينَ

Мұса мен бауырына: «Қауымдарыңа арнап Мысырда (пана тұтып, Алла жолында бас қосатын) бірнеше үй әзірлеңдер әрі үйлеріңді құбылаға қарап, құлшылық ететін орынға айналдырып, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқыңдар. (Уа, Мұса!) Мүміндерді сүйіншіле!» – деп уахи жібердік.

88

وَقَالَ مُوسَىٰ رَبَّنَآ إِنَّكَ ءَاتَيْتَ فِرْعَوْنَ وَمَلَأَهُۥ زِينَةࣰ وَأَمْوَٰلࣰا فِي ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا رَبَّنَا لِيُضِلُّوا۟ عَن سَبِيلِكَۖ رَبَّنَا ٱطْمِسْ عَلَىٰٓ أَمْوَٰلِهِمْ وَٱشْدُدْ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ فَلَا يُؤْمِنُوا۟ حَتَّىٰ يَرَوُا۟ ٱلْعَذَابَ ٱلْأَلِيمَ

Мұса: «Уа, Раббымыз! Сен Перғауынға және айналасындағы шонжарларына осы дүниеде көздің жауын алатын сән-салтанат һәм мол байлық бердің. Уа, ұлы Раббымыз! Олар (осынау нығметтердің буына мастанып) нәтижеде ел-жұртты Өзіңнің тура жолыңнан тайдыруда. Уа, Раббымыз! Олардың мал-мүліктерін (байлықтарын) түгін қалдырмай құртып жібер. Жүректерін одан сайын тас қылып қатайта түс (немесе көкіректерін шерге толтыр). Олардың жайы белгілі, олар ауыр азапты өз көзімен көрмейінше, иманға келмейді», – деп жалбарынды.

89

قَالَ قَدْ أُجِيبَت دَّعْوَتُكُمَا فَٱسْتَقِيمَا وَلَا تَتَّبِعَآنِّ سَبِيلَ ٱلَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ

Алла тағала екеуіне: «Дұғаларың қабыл болды. Екеуің бұдан былай да тура жолды ұстанып, өз міндеттеріңді атқарыңдар. Ақиқатты білмейтін парықсыздардың жолына түсіп, соңынан ермеңдер», – деп бұйырды.

90

۞وَجَٰوَزْنَا بِبَنِيٓ إِسْرَٰٓءِيلَ ٱلْبَحْرَ فَأَتْبَعَهُمْ فِرْعَوْنُ وَجُنُودُهُۥ بَغْيࣰا وَعَدْوًاۖ حَتَّىٰٓ إِذَآ أَدْرَكَهُ ٱلْغَرَقُ قَالَ ءَامَنتُ أَنَّهُۥ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا ٱلَّذِيٓ ءَامَنَتْ بِهِۦ بَنُوٓا۟ إِسْرَٰٓءِيلَ وَأَنَا۠ مِنَ ٱلْمُسْلِمِينَ

Сөйтіп, Исрайыл ұрпақтарын теңіздің арғы бетіне өткіздік, сол кезде Перғауын мен әскерлері қаны қарайып, олардың соңына түсті. (Исрайыл ұрпақтары түгелдей теңіздің арғы бетіне өтіп болғаннан кейін, оларға жол ашып қақ айырылған) теңіз суы қайта қосылып, Перғауынды жұта бергенде, ол: «Исрайыл ұрпақтарының иман келтіргенінен басқа құдай жоқ екеніне иландым. Мен енді Оған жан-тәнімен бағынған мұсылмандардың бірімін», – деді.

91

ءَآلْـَٰٔنَ وَقَدْ عَصَيْتَ قَبْلُ وَكُنتَ مِنَ ٱلْمُفْسِدِينَ

Енді ғана ма?! Расында, сен бұдан бұрын үнемі Аллаға қарсы келіп асы болдың һәм лаң салушы бұзғыншылардың бірі һәм бірегейі болдың.

92

فَٱلْيَوْمَ نُنَجِّيكَ بِبَدَنِكَ لِتَكُونَ لِمَنْ خَلْفَكَ ءَايَةࣰۚ وَإِنَّ كَثِيرࣰا مِّنَ ٱلنَّاسِ عَنْ ءَايَٰتِنَا لَغَٰفِلُونَ

Біз бүгін (соңғы сәтте болса да иланғаның үшін һәм) өзіңнен кейінгілерге өнеге әрі дәлел болсын деп, тәніңді (теңіздің түбінде шірітпей) аман алып шығамыз. Шынында, адамдардың көбі Біздің аяттарымыздан (ғибратқа толы дәлелдерімізден) ғапыл, бейхабар.

93

وَلَقَدْ بَوَّأْنَا بَنِيٓ إِسْرَٰٓءِيلَ مُبَوَّأَ صِدْقࣲ وَرَزَقْنَٰهُم مِّنَ ٱلطَّيِّبَٰتِ فَمَا ٱخْتَلَفُوا۟ حَتَّىٰ جَآءَهُمُ ٱلْعِلْمُۚ إِنَّ رَبَّكَ يَقْضِي بَيْنَهُمْ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ فِيمَا كَانُوا۟ فِيهِ يَخْتَلِفُونَ

Біз Исрайыл ұрпақтарын (Перғауынның шең-гелінен құтқарған соң) құтты да мүбәрак мекенге орналастырдық һәм оларға адал да пайдалы алуан түрлі ризық нәсіп еттік. Олар өздеріне иләһи ілім (Тәурат) келгенге дейін, өзара алауыздық пен қайшылыққа түспеген еді. (Алайда иләһи ілім келгеннен кейін күндестік пен бақталастықтан араларында алауыздық пайда болды). Шүбәсіз, Раббың қиямет күні олардың өзара қайшылыққа түсіп, таласып-тартысып жүрген мәселелеріне қатысты кесімді үкімін шығарады.

94

فَإِن كُنتَ فِي شَكࣲّ مِّمَّآ أَنزَلْنَآ إِلَيْكَ فَسْـَٔلِ ٱلَّذِينَ يَقْرَءُونَ ٱلْكِتَٰبَ مِن قَبْلِكَۚ لَقَدْ جَآءَكَ ٱلْحَقُّ مِن رَّبِّكَ فَلَا تَكُونَنَّ مِنَ ٱلْمُمْتَرِينَ

(Уа, Мұхаммед!) Саған түсіргендерімізге (яғни, Мұса мен Перғауынның оқиғасына) қатысты қандай да бір күмәнің болса, өзіңнен бұрын иләһи кітап оқып жүргендерден сұра. Шүбәсіз, саған Раббыңнан ақиқаттың нақ өзі келді. Олай болса, бұл мәселеде күмән келтірушілердің қатарына қосылма!

95

وَلَا تَكُونَنَّ مِنَ ٱلَّذِينَ كَذَّبُوا۟ بِـَٔايَٰتِ ٱللَّهِ فَتَكُونَ مِنَ ٱلْخَٰسِرِينَ

Сондай-ақ Алланың аяттарын жалғанға шығарғандардың қатарына қосылма, әйтпесе зиянға ұшырап, қасірет шегетіндердің бірі боласың.

96

إِنَّ ٱلَّذِينَ حَقَّتْ عَلَيْهِمْ كَلِمَتُ رَبِّكَ لَا يُؤْمِنُونَ

(Күпірлікте қасарысқаны үшін) Раббыңның кесімді үкімімен жазаға бұйырылғандар бар ғой, міне, солар әсте иман етпейді.

97

وَلَوْ جَآءَتْهُمْ كُلُّ ءَايَةٍ حَتَّىٰ يَرَوُا۟ ٱلْعَذَابَ ٱلْأَلِيمَ

Тіпті оларға барлық дәлелдер мен мұғжизалар келсе де, жан төзгісіз азапты өз көзімен көрмейінше, бәрібір иман етпейді.

98

فَلَوْلَا كَانَتْ قَرْيَةٌ ءَامَنَتْ فَنَفَعَهَآ إِيمَٰنُهَآ إِلَّا قَوْمَ يُونُسَ لَمَّآ ءَامَنُوا۟ كَشَفْنَا عَنْهُمْ عَذَابَ ٱلْخِزْيِ فِي ٱلْحَيَوٰةِ ٱلدُّنْيَا وَمَتَّعْنَٰهُمْ إِلَىٰ حِينࣲ

Алла азаптаймын деп пәрмен қылғанда, бірден иман келтіріп, сол иманының пайдасын көрген, ең болмаса, бір елді мекен болса етті! (Өкінішке қарай, адамзат тарихында мұндай жайт жоқтың қасы). Тек Юнус пайғамбар қауымының жөні бөлек, олар дереу тәубеге келіп, иман келтіргенде, өздерін бұл дүниеде қор қылатын, төбелеріне төніп келе жатқан азаптың бетін қайтардық. Сөйтіп, белгілі уақытқа (яғни ажалы жетіп, дәм тұзы таусылғанға) дейін жарық дүниенің қызығын көруілеріне мұрсат бердік.

99

وَلَوْ شَآءَ رَبُّكَ لَـَٔامَنَ مَن فِي ٱلْأَرْضِ كُلُّهُمْ جَمِيعًاۚ أَفَأَنتَ تُكْرِهُ ٱلنَّاسَ حَتَّىٰ يَكُونُوا۟ مُؤْمِنِينَ

Егер Раббың қаласа, жер бетіндегілердің барлығы жаппай иман етер еді. Олай болса, сен адамдарды мүмін болуға күштеп көндірмекпісің?

100

وَمَا كَانَ لِنَفْسٍ أَن تُؤْمِنَ إِلَّا بِإِذْنِ ٱللَّهِۚ وَيَجْعَلُ ٱلرِّجْسَ عَلَى ٱلَّذِينَ لَا يَعْقِلُونَ

Алланың рұқсатынсыз бірде-бір жан иманға келмейді. Ал ақылға салып ойланбайтындарға келсек, Алла оларға (шайтанды айдап салады да) күпірлікпен жазалайды.

101

قُلِ ٱنظُرُوا۟ مَاذَا فِي ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِۚ وَمَا تُغْنِي ٱلْـَٔايَٰتُ وَٱلنُّذُرُ عَن قَوْمࣲ لَّا يُؤْمِنُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Күллі аспан әлемінде және жерде не нәрселер бар екеніне һәм не болып, не қойып жатқанына зер салып қараңдар», – деп айт. Алайда мұншама белгілер, дәлелдер һәм ескертулер иман етпеуге бел буған қауымға не пайда береді дейсің?!

102

فَهَلْ يَنتَظِرُونَ إِلَّا مِثْلَ أَيَّامِ ٱلَّذِينَ خَلَوْا۟ مِن قَبْلِهِمْۚ قُلْ فَٱنتَظِرُوٓا۟ إِنِّي مَعَكُم مِّنَ ٱلْمُنتَظِرِينَ

Олар мына түрлерімен өздерінен бұрын өткендердің басына туған азапқа толы, жойқын күндер сияқты алапат күннен басқа не күте алады?! Ендеше, оларға: «Күтіңдер, расында, мен де сендермен бірге әліптің ақырын бағудамын», – деп айт.

103

ثُمَّ نُنَجِّي رُسُلَنَا وَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ۚ كَذَٰلِكَ حَقًّا عَلَيْنَا نُنجِ ٱلْمُؤْمِنِينَ

Нәтижеде, біз (сондай алапат күні) елші-пайғамбарларымызды және оларға иман келтіргендерді бұрын-соңды қалай құтқарған болсақ, дәл солай құтқарамыз. Бізге жарасатын һәм үнемі істеп келген ісіміз ретінде мүміндерді әрдайым (пәле-жаладан, қиын жағдайдан) құтқарамыз.

104

قُلْ يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ إِن كُنتُمْ فِي شَكࣲّ مِّن دِينِي فَلَآ أَعْبُدُ ٱلَّذِينَ تَعْبُدُونَ مِن دُونِ ٱللَّهِ وَلَٰكِنْ أَعْبُدُ ٱللَّهَ ٱلَّذِي يَتَوَفَّىٰكُمْۖ وَأُمِرْتُ أَنْ أَكُونَ مِنَ ٱلْمُؤْمِنِينَ

(Уа, Мұхаммед! Күллі адамзатқа): «Уа, жарандар! Егер менің дініме қатысты қандай да бір күмәндарың болса, біліп қойыңдар, мен сендердің Алланы былай қалдырып, табынатын нәрселеріңе әсте табынбаймын. Алайда мен барлығыңның жандарыңды алатын бір Аллаға ғана табынамын. Мен мүміндердің қатарында болуға бұйырылдым», – деп айт.

105

وَأَنْ أَقِمْ وَجْهَكَ لِلدِّينِ حَنِيفࣰا وَلَا تَكُونَنَّ مِنَ ٱلْمُشْرِكِينَ

Сондай-ақ маған былай деп бұйырылды: «(Жалған сенім атаулы мен екіжүзділіктен ада болған) пәк сенім таухидті берік ұстанған күйде хақ дін (Исламға) жан-тәніңмен бет бұр, мүшріктердің қатарына қосылма!»

106

وَلَا تَدْعُ مِن دُونِ ٱللَّهِ مَا لَا يَنفَعُكَ وَلَا يَضُرُّكَۖ فَإِن فَعَلْتَ فَإِنَّكَ إِذࣰا مِّنَ ٱلظَّٰلِمِينَ

«Алладан өзге өзіңе пайда да келтіре алмайтын, зиян да тигізе алмайтын нәрсеге жалбарынып, сиынба. Егер солай істейтін болсаң, сөзсіз, (ауыр күнәға батып, өз-өзіне қиянат жасаған) залымдардың бірі боласың».

107

وَإِن يَمْسَسْكَ ٱللَّهُ بِضُرࣲّ فَلَا كَاشِفَ لَهُۥٓ إِلَّا هُوَۖ وَإِن يُرِدْكَ بِخَيْرࣲ فَلَا رَآدَّ لِفَضْلِهِۦۚ يُصِيبُ بِهِۦ مَن يَشَآءُ مِنْ عِبَادِهِۦۚ وَهُوَ ٱلْغَفُورُ ٱلرَّحِيمُ

Егер Алла басыңа қандай да бір ауыртпалық түсіріп, саған зиян келтірсе, оның бетін Одан өзге ешкім де қайтара алмайды. Ал егер саған қандай да бір жақсылық қаласа, Оның жақсылығына тосқауыл қоятын да ешкім жоқ. Ол жақсылығын қалаған құлына нәсіп етеді. Ол – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (мүмін құлдарына ерекше мейірімді).

108

قُلْ يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ قَدْ جَآءَكُمُ ٱلْحَقُّ مِن رَّبِّكُمْۖ فَمَنِ ٱهْتَدَىٰ فَإِنَّمَا يَهْتَدِي لِنَفْسِهِۦۖ وَمَن ضَلَّ فَإِنَّمَا يَضِلُّ عَلَيْهَاۖ وَمَآ أَنَا۠ عَلَيْكُم بِوَكِيلࣲ

(Уа, Мұхаммед!) «Адамдар! Міне, сендерге Раббыларыңнан хақ дін келді. Ал енді кімде-кім хақ дінді таңдап тура жолға түссе, сөзсіз, өз пайдасы үшін тура жолға түскені. Ал кім күпірлікті таңдап адасса, өзінің зиянына адасады. Мен сендер үшін жауап беретін кепілшілерің емеспін», – деп айт.

109

وَٱتَّبِعْ مَا يُوحَىٰٓ إِلَيْكَ وَٱصْبِرْ حَتَّىٰ يَحْكُمَ ٱللَّهُۚ وَهُوَ خَيْرُ ٱلْحَٰكِمِينَ

Сен өзіңе не уахи етілсе, соған ер һәм Алла өз үкімін шығарғанша сабырлылық таныт. Ол – үкім шығарып, билік айтушылардың ең жақсысы.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play