Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран66. Тахрим
66 · сүре

Тахрим

12 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِيُّ لِمَ تُحَرِّمُ مَآ أَحَلَّ ٱللَّهُ لَكَۖ تَبْتَغِي مَرْضَاتَ أَزْوَٰجِكَۚ وَٱللَّهُ غَفُورࣱ رَّحِيمࣱ

Уа, пайғамбар! Жұбайларыңның көңілін табам деп, неліктен оларға жоламай өз-өзіңді жөнсіз қинап, Алланың адал еткенін өзіңе харам етесің? Алла − Ғафур (құлдарының күнәлары қаншалықты ауыр болса да, тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (әсіресе, мүмін құлдарына ерекше мейірімді).

2

قَدْ فَرَضَ ٱللَّهُ لَكُمْ تَحِلَّةَ أَيْمَٰنِكُمْۚ وَٱللَّهُ مَوْلَىٰكُمْۖ وَهُوَ ٱلْعَلِيمُ ٱلْحَكِيمُ

(Уа, мүміндер!) Алла қажет кезде анттарыңды бұза аласыңдар деп үкім шығарып, сендерге оның кәффаратын (өтемін) белгілеп берді. Алла сендердің қамқор иелерің. Ол – Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімі көптеген хикметтерге негізделген асқан даналық иесі).

3

وَإِذْ أَسَرَّ ٱلنَّبِيُّ إِلَىٰ بَعْضِ أَزْوَٰجِهِۦ حَدِيثࣰا فَلَمَّا نَبَّأَتْ بِهِۦ وَأَظْهَرَهُ ٱللَّهُ عَلَيْهِ عَرَّفَ بَعْضَهُۥ وَأَعْرَضَ عَنۢ بَعْضࣲۖ فَلَمَّا نَبَّأَهَا بِهِۦ قَالَتْ مَنْ أَنۢبَأَكَ هَٰذَاۖ قَالَ نَبَّأَنِيَ ٱلْعَلِيمُ ٱلْخَبِيرُ

Кезінде пайғамбар жұбайларының біріне көңіліндегі сырын ақтарған еді. Алайда жұбайы ол сырды басқа біреуге ашып қойғанда, Алла тағала да елшісін ашылған сыр жайынан хабардар етті. Сонда пайғамбар әлгі жұбайына ашқан сырының біразын айтып, біразын (бетіне басып ұялтпай-ақ қояйын деп) айтпады. Осылайша пайғамбар жұбайын ашылған сыр жайынан хабардар еткенде, ол таңырқап: «Мұны сізге кім айтты?!» − деп сұрады. Сонда пайғамбар: «Мені бұл жайдан Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі), Хабир (барлық нәрседен толық хабардар болған) Алла хабардар етті», − деп жауап қатты.

4

إِن تَتُوبَآ إِلَى ٱللَّهِ فَقَدْ صَغَتْ قُلُوبُكُمَاۖ وَإِن تَظَٰهَرَا عَلَيْهِ فَإِنَّ ٱللَّهَ هُوَ مَوْلَىٰهُ وَجِبْرِيلُ وَصَٰلِحُ ٱلْمُؤْمِنِينَۖ وَٱلْمَلَٰٓئِكَةُ بَعْدَ ذَٰلِكَ ظَهِيرٌ

(Уа, пайғамбардың сырын әңгімелеріне арқау еткен оның қос жұбайы), егер екеуің де тәубе етсеңдер (өздерің үшін жақсы болмақ), өйткені жүректерің (пайғамбарға деген ықыластан бір сәтке болса да) ауытқып кетті. Ал егер тәубеге келудің орнына, бір-біріңе болысып, оған қарсы келетін болсаңдар, онда біліп қойыңдар, шүбәсіз, Алла – оның қамқоршы иесі, сондай-ақ Жәбірейіл мен мүміндер арасындағы ізгі жандар да, періштелер де оның жақтастары.

5

عَسَىٰ رَبُّهُۥٓ إِن طَلَّقَكُنَّ أَن يُبْدِلَهُۥٓ أَزْوَٰجًا خَيْرࣰا مِّنكُنَّ مُسْلِمَٰتࣲ مُّؤْمِنَٰتࣲ قَٰنِتَٰتࣲ تَٰٓئِبَٰتٍ عَٰبِدَٰتࣲ سَٰٓئِحَٰتࣲ ثَيِّبَٰتࣲ وَأَبْكَارࣰا

Егер ол сендерге талақ айтса, бәлкім, Раббысы оған сендерден де жақсы, Аллаға қалтқысыз мойынсұнған, иманы кәміл, (Аллаға һәм расулына) шын көңілмен бағынатын, тәубешіл, құлшылыққа жаны құмар, көп ораза ұстайтын жесір әйелдер немесе беті ашылмаған пәк қалыңдықтар нәсіп етер.

6

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ قُوٓا۟ أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارࣰا وَقُودُهَا ٱلنَّاسُ وَٱلْحِجَارَةُ عَلَيْهَا مَلَٰٓئِكَةٌ غِلَاظࣱ شِدَادࣱ لَّا يَعْصُونَ ٱللَّهَ مَآ أَمَرَهُمْ وَيَفْعَلُونَ مَا يُؤْمَرُونَ

Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді һәм отбасыларыңды (имандылыққа, адамгершілікке баулу арқылы) отыны адамдар мен тастардан тұратын алапат оттан қорғаңдар! Оның басында қорқынышты, аяуды білмейтін тым қатал жауапты періштелер болады. Олар әсте Алланың әміріне қарсы келмейді және өздеріне берілген бұйрықты бұлжытпай орындайды.

7

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ لَا تَعْتَذِرُوا۟ ٱلْيَوْمَۖ إِنَّمَا تُجْزَوْنَ مَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

«Ей, кәпірлер! Бүгін бостан-босқа сылтау айтып, кешірім сұрамай-ақ қойыңдар. (Дүниеде) не істеген болсаңдар, тек соның қарымын алып, жазасын тартасыңдар!»

8

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ تُوبُوٓا۟ إِلَى ٱللَّهِ تَوْبَةࣰ نَّصُوحًا عَسَىٰ رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّـَٔاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّٰتࣲ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَٰرُ يَوْمَ لَا يُخْزِي ٱللَّهُ ٱلنَّبِيَّ وَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ مَعَهُۥۖ نُورُهُمْ يَسْعَىٰ بَيْنَ أَيْدِيهِمْ وَبِأَيْمَٰنِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَآ أَتْمِمْ لَنَا نُورَنَا وَٱغْفِرْ لَنَآۖ إِنَّكَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءࣲ قَدِيرࣱ

Уа, иман келтіргендер! Шынайы түрде тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раббыларың күнә-қателіктеріңді өшірер һәм бәріңді (жайқалған жасыл бауларының арасымен және зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағатын жаннат бақшаларына кіргізер. Ол күні Алла пайғамбарды және жанындағы мүміндерді жерге қаратпайды. Олардың нұры алдарына әрі оң жақтарына шығып, алып-ұшып жолдарына жарық түсірумен болады. Сонда олар: «Уа, Раббымыз! Нұрымызды толықтырғайсың һәм бізді кешіргейсің. Сенің құдіретің барлық нәрсеге толық жетеді», − деп жалбарынады.

9

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِيُّ جَٰهِدِ ٱلْكُفَّارَ وَٱلْمُنَٰفِقِينَ وَٱغْلُظْ عَلَيْهِمْۚ وَمَأْوَىٰهُمْ جَهَنَّمُۖ وَبِئْسَ ٱلْمَصِيرُ

Уа, пайғамбар! Кәпірлер мен мұнафықтарға қарсы (заман мен басқа да талаптарға сай) күрес жүргіз, оларға қарсы тұрғанда күшті әрі табанды бол! Олардың барар жері – тозақ. Ол қандай жаман ақырғы тұрақ! Қандай жаман барар жер!

10

ضَرَبَ ٱللَّهُ مَثَلࣰا لِّلَّذِينَ كَفَرُوا۟ ٱمْرَأَتَ نُوحࣲ وَٱمْرَأَتَ لُوطࣲۖ كَانَتَا تَحْتَ عَبْدَيْنِ مِنْ عِبَادِنَا صَٰلِحَيْنِ فَخَانَتَاهُمَا فَلَمْ يُغْنِيَا عَنْهُمَا مِنَ ٱللَّهِ شَيْـࣰٔا وَقِيلَ ٱدْخُلَا ٱلنَّارَ مَعَ ٱلدَّٰخِلِينَ

Алла күпірлікке белшеден батқандар үшін Нұхтың әйелі мен Луттың әйелін мысалға келтірді. Екеуі де құлдарымыз арасындағы екі ізгі құлымыздың некелі жары еді. Алайда (олар күпірлікке бой алдырып һәм дін дұшпандарына болысып) жұбайларына опасыздық жасады. Жұбайлары (пайғамбар болса да) ол екеуін Алланың жазасынан арашалап қала алмады. Сөйтіп, екеуіне: «Тозаққа кіретіндермен бірге сендер де кіріңдер», − делінеді.

11

وَضَرَبَ ٱللَّهُ مَثَلࣰا لِّلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ ٱمْرَأَتَ فِرْعَوْنَ إِذْ قَالَتْ رَبِّ ٱبْنِ لِي عِندَكَ بَيْتࣰا فِي ٱلْجَنَّةِ وَنَجِّنِي مِن فِرْعَوْنَ وَعَمَلِهِۦ وَنَجِّنِي مِنَ ٱلْقَوْمِ ٱلظَّٰلِمِينَ

Сондай-ақ Алла иман келтіргендер үшін Перғауынның әйелін мысалға келтіреді. Кезінде ол: «Уа, Раббым! Мен үшін Өз құзырыңда, жұмақта бір үй тұрғызғайсың! Мені Перғауыннан және оның жаман ісінен (зұлымдығынан) сақтай көр! Мені бұл залым қауымнан құтқара көр!» − деп жалбарынған еді.

12

وَمَرْيَمَ ٱبْنَتَ عِمْرَٰنَ ٱلَّتِيٓ أَحْصَنَتْ فَرْجَهَا فَنَفَخْنَا فِيهِ مِن رُّوحِنَا وَصَدَّقَتْ بِكَلِمَٰتِ رَبِّهَا وَكُتُبِهِۦ وَكَانَتْ مِنَ ٱلْقَٰنِتِينَ

Сонымен қатар, (мүміндер үшін) ары мен абиырын сақтай білген Имранқызы Мәриямды да мысалға келтіреді. Біз оған Рухымыздан үрледік. Ол Раббысының (бұйрық, тыйым, уәде, ескерту мағыналарын білдіріп уахи жолымен түскен) сөздері мен (құлдарына түсірген) барлық кітаптарын шын көңілден мақұлдады. Ол (Аллаға) жан-тәнімен, бар ықыласымен мойынсұнғандардың бірі һәм бірегейі болды.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play