Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран65. Талақ
65 · сүре

Талақ

12 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِيُّ إِذَا طَلَّقْتُمُ ٱلنِّسَآءَ فَطَلِّقُوهُنَّ لِعِدَّتِهِنَّ وَأَحْصُوا۟ ٱلْعِدَّةَۖ وَٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ رَبَّكُمْۖ لَا تُخْرِجُوهُنَّ مِنۢ بُيُوتِهِنَّ وَلَا يَخْرُجْنَ إِلَّآ أَن يَأْتِينَ بِفَٰحِشَةࣲ مُّبَيِّنَةࣲۚ وَتِلْكَ حُدُودُ ٱللَّهِۚ وَمَن يَتَعَدَّ حُدُودَ ٱللَّهِ فَقَدْ ظَلَمَ نَفْسَهُۥۚ لَا تَدْرِي لَعَلَّ ٱللَّهَ يُحْدِثُ بَعْدَ ذَٰلِكَ أَمْرࣰا

Уа, пайғамбар! Әйелдеріңді талақ ететін кезде, олардың иддат (ажырасқаннан кейінгі күту) мерзімін есепке ала отырып талақ етіңдер және иддат мерзімін жақсылап есептеңдер. Раббыларың Алладан қорқыңдар, Оған қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Талақ айтқан әйелдеріңді (зина секілді) анық арсыздыққа бармайынша, (иддат мерзімі аяқталмай тұрып) үйлерінен шығармаңдар (қумаңдар). Олар да өз беттерімен кетіп қалмасын. Міне, бұлар – Алланың (белгілеп қойған) шектеулері. Кімде-кім Алланың белгілеген шектеулерінен асатын болса, өз-өзінің обалына қалары сөзсіз. (Қайдан білесің,) бәлкім, Алла бұдан кейін мүлдем басқа жағдай туғызар.

2

فَإِذَا بَلَغْنَ أَجَلَهُنَّ فَأَمْسِكُوهُنَّ بِمَعْرُوفٍ أَوْ فَارِقُوهُنَّ بِمَعْرُوفࣲ وَأَشْهِدُوا۟ ذَوَيْ عَدْلࣲ مِّنكُمْ وَأَقِيمُوا۟ ٱلشَّهَٰدَةَ لِلَّهِۚ ذَٰلِكُمْ يُوعَظُ بِهِۦ مَن كَانَ يُؤْمِنُ بِٱللَّهِ وَٱلْيَوْمِ ٱلْـَٔاخِرِۚ وَمَن يَتَّقِ ٱللَّهَ يَجْعَل لَّهُۥ مَخْرَجࣰا

Олар күту мерзімінің соңына жеткенде, не жақсылықпен (өздеріңе адал жар етіп) алып қалыңдар, не болмаса жақсылықпен ажырасыңдар. (Екі жағдайда да) өз араларыңнан екі әділ (ер) адамды куәгер қылыңдар және куәгерлік міндетті Алла (разылығы) үшін дұрыс атқарыңдар. Аллаға және ақирет күніне иман келтіргендерге берілетін нұсқау – осы. Кімде-кім Аллаға тиісінше тағзым етсе және Оған қарсы келіп асы болудан сақтанса, Алла оған тығырықтан шығатын жол ашып береді.

3

وَيَرْزُقْهُ مِنْ حَيْثُ لَا يَحْتَسِبُۚ وَمَن يَتَوَكَّلْ عَلَى ٱللَّهِ فَهُوَ حَسْبُهُۥٓۚ إِنَّ ٱللَّهَ بَٰلِغُ أَمْرِهِۦۚ قَدْ جَعَلَ ٱللَّهُ لِكُلِّ شَيْءࣲ قَدْرࣰا

Сондай-ақ оған еш ойламаған жерден ризық нәсіп етеді. Кім Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған (қолдаушы һәм медеткер ретінде) бір Алла жеткілікті. Алла бұйрығын міндетті түрде жүзеге асырады. Шүбәсіз, Алла әр нәрсе үшін алдын-ала белгілі бір өлшем белгілеп қойған.

4

وَٱلَّٰٓـِٔي يَئِسْنَ مِنَ ٱلْمَحِيضِ مِن نِّسَآئِكُمْ إِنِ ٱرْتَبْتُمْ فَعِدَّتُهُنَّ ثَلَٰثَةُ أَشْهُرࣲ وَٱلَّٰٓـِٔي لَمْ يَحِضْنَۚ وَأُو۟لَٰتُ ٱلْأَحْمَالِ أَجَلُهُنَّ أَن يَضَعْنَ حَمْلَهُنَّۚ وَمَن يَتَّقِ ٱللَّهَ يَجْعَل لَّهُۥ مِنْ أَمْرِهِۦ يُسْرࣰا

(Талақ айтқан) әйелдеріңнің арасындағы (жасы жетіп) етеккірден біржолата үмітін үзгендердің иддат (күту) мерзіміне қатысты күмәндансаңдар, олардың иддат (күту) мерзімі – үш ай. (Қандай да бір себеппен) әлі етеккір көрмегендердің де күту мерзімі сондай. Ал аяғы ауыр әйелдердің иддат (күту) мерзімі (күйеулерімен ажырасқан жағдайда да, жесір қалған жағдайда да) босанған соң аяқталады. Кімде-кім Аллаға тиісінше тағзым етсе һәм Оған қарсы келіп асы болудан сақтанса, Алла оның ісін жеңілдетеді (оңғарады).

5

ذَٰلِكَ أَمْرُ ٱللَّهِ أَنزَلَهُۥٓ إِلَيْكُمْۚ وَمَن يَتَّقِ ٱللَّهَ يُكَفِّرْ عَنْهُ سَيِّـَٔاتِهِۦ وَيُعْظِمْ لَهُۥٓ أَجْرًا

Алланың сендерге түсірген пәрмені – осы. Кімде-кім Аллаға тиісінше тағзым етсе һәм Оған қарсы келіп, асылық қылудан сақтанса, Алла оның (анда-санда болса да жасап қоятын) күнә-қателіктерін өшіреді һәм сауабын зор қылып, еселеп өсіреді.

6

أَسْكِنُوهُنَّ مِنْ حَيْثُ سَكَنتُم مِّن وُجْدِكُمْ وَلَا تُضَآرُّوهُنَّ لِتُضَيِّقُوا۟ عَلَيْهِنَّۚ وَإِن كُنَّ أُو۟لَٰتِ حَمْلࣲ فَأَنفِقُوا۟ عَلَيْهِنَّ حَتَّىٰ يَضَعْنَ حَمْلَهُنَّۚ فَإِنْ أَرْضَعْنَ لَكُمْ فَـَٔاتُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ وَأْتَمِرُوا۟ بَيْنَكُم بِمَعْرُوفࣲۖ وَإِن تَعَاسَرْتُمْ فَسَتُرْضِعُ لَهُۥٓ أُخْرَىٰ

(Талақ етіліп, иддат мерзімін күтіп отырған) әйелдеріңді шамаларың келгенше өз үйлеріңе тұрғызыңдар және нәпақаларын беріңдер. Оларды өздеріңнен қалайда бездіру үшін жағдайларын қиындатып, қысым көрсетпеңдер. Егер олар жүкті болса, босанғанға дейін нәпақаларын беріңдер. Егер босанғаннан кейін балаларыңды сендер үшін (яғни сендерге сүт ана жалдатпай-ақ өздері) емізетін болса, сүт ақыларын төлеңдер. Ақы мәселесін өзара дін және өздерің өмір сүретін қоғамның шарттарына сай жақсылап келісіп алыңдар. Ал егер біріңе-бірің қиындық туғызып, өзара келісе алмасаңдар, ондай жағдайда баланы әкесінің есебінен емізетін басқа әйел қарастыруға болады.

7

لِيُنفِقْ ذُو سَعَةࣲ مِّن سَعَتِهِۦۖ وَمَن قُدِرَ عَلَيْهِ رِزْقُهُۥ فَلْيُنفِقْ مِمَّآ ءَاتَىٰهُ ٱللَّهُۚ لَا يُكَلِّفُ ٱللَّهُ نَفْسًا إِلَّا مَآ ءَاتَىٰهَاۚ سَيَجْعَلُ ٱللَّهُ بَعْدَ عُسْرࣲ يُسْرࣰا

Ауқатты адам (қолына қараған әйел, бала-шағасына) ауқатына қарай (мол) нәпақа берсін. Ал ризық-несібесі шектеулі болған Алланың өзіне нәсіп еткен жағдайына қарай нәпақа берсін. Алла ешбір жанға Өзі берген мүмкіндіктен артық жүк артпайды. Алла әр қиындықтың артынан бір жеңілдік нәсіп етеді.

8

وَكَأَيِّن مِّن قَرْيَةٍ عَتَتْ عَنْ أَمْرِ رَبِّهَا وَرُسُلِهِۦ فَحَاسَبْنَٰهَا حِسَابࣰا شَدِيدࣰا وَعَذَّبْنَٰهَا عَذَابࣰا نُّكْرࣰا

Қаншама елдің халқы азғындыққа салынып, Раббыларының һәм Оның елшілерінің бұйрығына бағынудан бас тартты, сөйтіп, Біз оларды қатаң жауапқа тарттық һәм адам айтқысыз азапқа салдық.

9

فَذَاقَتْ وَبَالَ أَمْرِهَا وَكَانَ عَٰقِبَةُ أَمْرِهَا خُسْرًا

Олар істеген күнәларының сазайын тартты һәм істерінің ақыры орны толмас зиянға айналды.

10

أَعَدَّ ٱللَّهُ لَهُمْ عَذَابࣰا شَدِيدࣰاۖ فَٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ يَٰٓأُو۟لِي ٱلْأَلْبَٰبِ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ۚ قَدْ أَنزَلَ ٱللَّهُ إِلَيْكُمْ ذِكْرࣰا

Алла олар үшін (дүниедегі азапқа қоса ақиретте де) ауыр азап дайындап қойды. Ендеше, уа, иман келтірген ақыл иелері! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер һәм Оған қарсы келуден сақтаныңдар! Расында, Алла сендерге (ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіріп, ақиқатты баяндайтын) кітап түсірді.

11

رَّسُولࣰا يَتْلُوا۟ عَلَيْكُمْ ءَايَٰتِ ٱللَّهِ مُبَيِّنَٰتࣲ لِّيُخْرِجَ ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ مِنَ ٱلظُّلُمَٰتِ إِلَى ٱلنُّورِۚ وَمَن يُؤْمِنۢ بِٱللَّهِ وَيَعْمَلْ صَٰلِحࣰا يُدْخِلْهُ جَنَّٰتࣲ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَٰرُ خَٰلِدِينَ فِيهَآ أَبَدࣰاۖ قَدْ أَحْسَنَ ٱللَّهُ لَهُۥ رِزْقًا

(Сондай-ақ сендерге жан-жақты үлгі болып, хақ жолды көрсететін) елші де жіберді. Ол иман келтіріп, игілікті істер істегендерді қараңғы түнектерден жарыққа шығару үшін Алланың анық аяттарын сендерге оқып жеткізуде. Кімде-кім Аллаға иман келтіріп, игі істер істесе, Алла оны мәңгілікке (жайқалған жасыл бауларының арасымен және зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағатын жаннат бақшаларына кіргізеді. Расында, Алла ондай құлына (дүниеде иман һәм игі істерден, ал ақиретте жұмақ һәм ондағы сансыз нығметтерден тұратын) қандай тамаша ризық нәсіп еткен десеңші!

12

ٱللَّهُ ٱلَّذِي خَلَقَ سَبْعَ سَمَٰوَٰتࣲ وَمِنَ ٱلْأَرْضِ مِثْلَهُنَّۖ يَتَنَزَّلُ ٱلْأَمْرُ بَيْنَهُنَّ لِتَعْلَمُوٓا۟ أَنَّ ٱللَّهَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءࣲ قَدِيرࣱ وَأَنَّ ٱللَّهَ قَدْ أَحَاطَ بِكُلِّ شَيْءٍ عِلْمَۢا

Ол – жеті қат көкті және жерді де сол сияқты (қат-қабат) етіп жаратқан Алла. (Оның күллі болмысқа, жаратылыс атаулыға қатысты) бұйрықтары осылардың арасында түседі. Міне, бұл – Алланың құдіретінің барлық нәрсеге жететінін, сондай-ақ Алланың ілімімен барлық нәрсені қамтығанын білулерің үшін.

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play