Quran.kz қосымшасыТегін · App Store, Google Play
Ашу
Quran.kz
Құран32. Сәжде
32 · сүре

Сәжде

30 аят

بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ

1

الٓمٓ

Әлиф, Ләм, Мим.

2

تَنزِيلُ ٱلْكِتَٰبِ لَا رَيْبَ فِيهِ مِن رَّبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ

Бұл – әлемдердің Раббысынан бірте-бірте түскендігінде (һәм бастан-аяқ ақиқат екендігінде) титтей де шүбә жоқ Кітап.

3

أَمْ يَقُولُونَ ٱفْتَرَىٰهُۚ بَلْ هُوَ ٱلْحَقُّ مِن رَّبِّكَ لِتُنذِرَ قَوْمࣰا مَّآ أَتَىٰهُم مِّن نَّذِيرࣲ مِّن قَبْلِكَ لَعَلَّهُمْ يَهْتَدُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Әлде ол мүшріктер: «Оны (Мұхаммед) өз ойынан шығарды», – дейді ме? Жо-жоқ, ол – ақиқаттың нақ өзі. Ол – сенен бұрын өзіне бірде-бір ескертуші келмеген қауымды тура жолға түсер ме екен деп ескертуің үшін Раббыңнан келген (хақ кітап).

4

ٱللَّهُ ٱلَّذِي خَلَقَ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ وَمَا بَيْنَهُمَا فِي سِتَّةِ أَيَّامࣲ ثُمَّ ٱسْتَوَىٰ عَلَى ٱلْعَرْشِۖ مَا لَكُم مِّن دُونِهِۦ مِن وَلِيࣲّ وَلَا شَفِيعٍۚ أَفَلَا تَتَذَكَّرُونَ

Ол – күллі аспан әлемі мен жерді және екеуінің арасындағы барлық нәрсені алты күнде жаратқан һәм содан кейін Аршқа «истиуа» еткен (яғни, Аршқа шексіз билігін жүргізген, Аршпен бірге күллі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп, шексіз үкімін жүргізген) Алла. Сендердің Одан басқа арқа сүйер қамқоршы иелерің де, өздеріңе арашашы болар шапағатшыларың да жоқ. Сонда да ойланбайсыңдар ма?!

5

يُدَبِّرُ ٱلْأَمْرَ مِنَ ٱلسَّمَآءِ إِلَى ٱلْأَرْضِ ثُمَّ يَعْرُجُ إِلَيْهِ فِي يَوْمࣲ كَانَ مِقْدَارُهُۥٓ أَلْفَ سَنَةࣲ مِّمَّا تَعُدُّونَ

Ол барлық істерді (болмыстағы барлық оқиғалар мен құбылыстарды) көктен жерге қарай бағыттап, жүзеге асырады. Кейін барлық істер сендердің жыл санауларың бойынша мың жылға пара-пар бір күнде (яғни, қиямет күні) Оған көтеріледі.

6

ذَٰلِكَ عَٰلِمُ ٱلْغَيْبِ وَٱلشَّهَٰدَةِ ٱلْعَزِيزُ ٱلرَّحِيمُ

Міне, Ол – ғайыпты да, жарияны да (яғни, сезім мүшелерімен сезіп-білу мүмкін болмаған тылсым әлемді де, сезім мүшелерімен сезіліп-білінетін жария әлемді де) толық білуші. Азиз (бәрінен үстем әрі ұлық), Рахим (күллі жаратылысқа, әсіресе Өзіне бет бұрып, иман келтірген құлдарына) ерекше мейірімді.

7

ٱلَّذِيٓ أَحْسَنَ كُلَّ شَيْءٍ خَلَقَهُۥۖ وَبَدَأَ خَلْقَ ٱلْإِنسَٰنِ مِن طِينࣲ

Ол жаратқан барлық нәрсесін кемеліне келтіріп, кереметтей етіп жаратады. Адамды әу баста балшықтан жаратты.

8

ثُمَّ جَعَلَ نَسْلَهُۥ مِن سُلَٰلَةࣲ مِّن مَّآءࣲ مَّهِينࣲ

Содан кейін оның нәсілін түкке тұрғысыз сөл судан жаратты.

9

ثُمَّ سَوَّىٰهُ وَنَفَخَ فِيهِ مِن رُّوحِهِۦۖ وَجَعَلَ لَكُمُ ٱلسَّمْعَ وَٱلْأَبْصَٰرَ وَٱلْأَفْـِٔدَةَۚ قَلِيلࣰا مَّا تَشْكُرُونَ

Кейін оған (ана құрсағында) ең лайықты да, ең керемет кескін-келбет берді һәм Өзінің рухынан үрлеп (жан бітірді). Сондай-ақ сендер үшін (яғни, өмірге бірте-бірте бейімделу, үйрену арқылы толыққанды адам болып қалыптасуларың үшін) есту қабілетін, көздерді және жүректерді (яғни жүректегі рухани сезімдерді) жаратты. Әйтсе де, сендер Оған өте аз шүкір етесіңдер.

10

وَقَالُوٓا۟ أَءِذَا ضَلَلْنَا فِي ٱلْأَرْضِ أَءِنَّا لَفِي خَلْقࣲ جَدِيدِۭۚ بَلْ هُم بِلِقَآءِ رَبِّهِمْ كَٰفِرُونَ

Сөйте тұра олар: «Сонда біз топыраққа араласып, жоқ болып кеткеннен кейін, қайтадан жаратыламыз ба?» – дейді. Анығында, олар (қайтадан жаратылу ақиқатын емес) Раббыларымен қауышуды жоққа шығаруда.

11

۞قُلْ يَتَوَفَّىٰكُم مَّلَكُ ٱلْمَوْتِ ٱلَّذِي وُكِّلَ بِكُمْ ثُمَّ إِلَىٰ رَبِّكُمْ تُرْجَعُونَ

Ендеше, оларға: «Сендерді өзіне жандарыңды алу міндеті жүктелген өлім періштесі келіп өлтіреді. Содан кейін Раббыларыңның құзырына жөнелтілесіңдер (жеткізілесіңдер)», – деп, айт.

12

وَلَوْ تَرَىٰٓ إِذِ ٱلْمُجْرِمُونَ نَاكِسُوا۟ رُءُوسِهِمْ عِندَ رَبِّهِمْ رَبَّنَآ أَبْصَرْنَا وَسَمِعْنَا فَٱرْجِعْنَا نَعْمَلْ صَٰلِحًا إِنَّا مُوقِنُونَ

Күнәға белшелерінен батқан күнәһарларды Раббыларының алдында бастары салбырап, жерге кіріп кете жаздап тұрған кездерін көрсең ғой! Сонда олар: «Уа, Раббымыз! Біз енді ғана анық көріп, анық ести бастадық. Жалынамыз, бізді дүниеге қайтара көр, онда (өзіміздің һәм өзгелердің игілігі үшін) игі істер істейік. Біз енді (Өзіңнің де, Сөзіңнің де рас екендігіне) қалтқысыз сенеміз», – деп жалбарынады.

13

وَلَوْ شِئْنَا لَـَٔاتَيْنَا كُلَّ نَفْسٍ هُدَىٰهَا وَلَٰكِنْ حَقَّ ٱلْقَوْلُ مِنِّي لَأَمْلَأَنَّ جَهَنَّمَ مِنَ ٱلْجِنَّةِ وَٱلنَّاسِ أَجْمَعِينَ

Егер қаласақ, әр пендені (күштеп болса да) өзіне тиісті тәсілмен тура жолға салар едік. Алайда (пенделерімнің көбі күпірлікті таңдайтындықтан) Менің: «Жаһаннамды жындар мен адамдардың барлық күнәһарларымен сөзсіз толтырамын», – деген сөзім (үкімім) әлдеқашан бекіген.

14

فَذُوقُوا۟ بِمَا نَسِيتُمْ لِقَآءَ يَوْمِكُمْ هَٰذَآ إِنَّا نَسِينَٰكُمْۖ وَذُوقُوا۟ عَذَابَ ٱلْخُلْدِ بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

«Ендеше, осы күнгі қауышуды ұмыт қалдырғандарың үшін (жаһаннам азабын) татыңдар. Бүгін Біз де сендерді мүлдем ұмыт қалдырамыз. Ал енді істеген күнәларың үшін мәңгілік азап татыңдар».

15

إِنَّمَا يُؤْمِنُ بِـَٔايَٰتِنَا ٱلَّذِينَ إِذَا ذُكِّرُوا۟ بِهَا خَرُّوا۟ سُجَّدࣰا وَسَبَّحُوا۟ بِحَمْدِ رَبِّهِمْ وَهُمْ لَا يَسْتَكْبِرُونَ۩

Біздің аяттарымызға қалтқысыз иман келтіретіндер, өздеріне сол аяттарымыз арқылы насихат айтылғанда, тәкаппарлыққа бой алдырмастан бірден сәждеге жығылатын және Раббыларына: «Сен – мінсізсің, ұлықсың. Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Өзіңе ғана тән», – деп үнемі мадақ айтатын жандар ғана.

16

تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ ٱلْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفࣰا وَطَمَعࣰا وَمِمَّا رَزَقْنَٰهُمْ يُنفِقُونَ

Олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, бір жағынан (Алланың) қаһарынан қорқып, екінші жағынан шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалынып-жалбарынып дұға етеді. Сондай-ақ өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір парасын ізгілік жолында жұмсайды.

17

فَلَا تَعْلَمُ نَفْسࣱ مَّآ أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنࣲ جَزَآءَۢ بِمَا كَانُوا۟ يَعْمَلُونَ

Дүниеде істеген игі істері үшін оларды (ақиретте) көзайым етіп, шаттыққа бөлейтін қандай құпия сый-сияпаттың, нендей тосын нығметтердің сақтаулы (жасырулы) екенін жан баласы білмейді.

18

أَفَمَن كَانَ مُؤْمِنࣰا كَمَن كَانَ فَاسِقࣰاۚ لَّا يَسْتَوُۥنَ

Ендеше, (өздерің айтыңдаршы), мүмін кісі тура жолдан тайған азғын кісідей бола ма?! Әлбетте, ол екеуі (Алланың алдында) әсте бірдей болмайды.

19

أَمَّا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ فَلَهُمْ جَنَّٰتُ ٱلْمَأْوَىٰ نُزُلَۢا بِمَا كَانُوا۟ يَعْمَلُونَ

Иман келтіріп, (өздерінің һәм өзгелердің игілігі үшін) игі істер істеген жандарға келсек, оларға істеген ізгіліктері үшін мәңгілік қонақжай ретінде (көздің жауын алатын зәулім сарайлар мен жанға жайлы үйлерге толы) жаннат бақшалары беріледі.

20

وَأَمَّا ٱلَّذِينَ فَسَقُوا۟ فَمَأْوَىٰهُمُ ٱلنَّارُۖ كُلَّمَآ أَرَادُوٓا۟ أَن يَخْرُجُوا۟ مِنْهَآ أُعِيدُوا۟ فِيهَا وَقِيلَ لَهُمْ ذُوقُوا۟ عَذَابَ ٱلنَّارِ ٱلَّذِي كُنتُم بِهِۦ تُكَذِّبُونَ

Ал (сенім мен іс-әрекетте) тура жолдан тайған азғындардың ақыр соңында барып паналайтын жері жалындаған тозақ оты болмақ. Олар жаһаннамнан шыққылары келіп, ұмтылған сайын, оған кері қайтарылады һәм оларға: «Кезінде өздерің жоққа шығарған жаһаннам азабын татыңдар», – делінеді.

21

وَلَنُذِيقَنَّهُم مِّنَ ٱلْعَذَابِ ٱلْأَدْنَىٰ دُونَ ٱلْعَذَابِ ٱلْأَكْبَرِ لَعَلَّهُمْ يَرْجِعُونَ

Оларға осынау үлкен азаптан бұрын, бәлкім, райларынан қайтар деп, (дүниеде) одан анағұрлым жеңіл сан түрлі азапты міндетті түрде таттырамыз.

22

وَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّن ذُكِّرَ بِـَٔايَٰتِ رَبِّهِۦ ثُمَّ أَعْرَضَ عَنْهَآۚ إِنَّا مِنَ ٱلْمُجْرِمِينَ مُنتَقِمُونَ

Раббысының (Құрандағы, болмыстағы һәм адам бойындағы) аяттары есіне түсіріліп, өзіне сол арқылы насихат айтылған соң олардан сырт айналған адамнан асқан залым бар ма? Біз (дүниеде) күнәға белшелерінен батқан күнәһарлардан сазайын беру арқылы міндетті түрде өш аламыз.

23

وَلَقَدْ ءَاتَيْنَا مُوسَى ٱلْكِتَٰبَ فَلَا تَكُن فِي مِرْيَةࣲ مِّن لِّقَآئِهِۦۖ وَجَعَلْنَٰهُ هُدࣰى لِّبَنِيٓ إِسْرَٰٓءِيلَ

Анығында, кезінде Мұсаға қалай Кітап түсірген болсақ, (енді саған да осынау Құранды түсірудеміз). Ендеше, онымен (хақ Құранмен) қауышқандығыңа титтей де күмәнің болмасын. Сөйтіп, Тәуратты Исрайыл ұрпақтары үшін тура жолдың қайнар көзі қылған едік.

24

وَجَعَلْنَا مِنْهُمْ أَئِمَّةࣰ يَهْدُونَ بِأَمْرِنَا لَمَّا صَبَرُوا۟ۖ وَكَانُوا۟ بِـَٔايَٰتِنَا يُوقِنُونَ

Олар (осынау Тәуратты басшылыққа алып, діндерінің талаптарын орындауда) барынша сабырлылық танытқан әрі аяттарымызға қалтқысыз сенген кездерінде араларынан ел-жұртты Біздің пәрменіміз һәм нұсқауымызбен тура жолға бастайтын көсемдер (жолбасшылар) шығарған едік.

25

إِنَّ رَبَّكَ هُوَ يَفْصِلُ بَيْنَهُمْ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ فِيمَا كَانُوا۟ فِيهِ يَخْتَلِفُونَ

(Алайда олар ақыр соңында дін мәселесінде өзара қырқысып, қырық пышақ болды). Ендеше, Раббың қиямет күні олардың арасында өзара таласып-тартысқан мәселелеріне қатысты билік айтып, кесімді үкімін міндетті түрде шығарады.

26

أَوَلَمْ يَهْدِ لَهُمْ كَمْ أَهْلَكْنَا مِن قَبْلِهِم مِّنَ ٱلْقُرُونِ يَمْشُونَ فِي مَسَٰكِنِهِمْۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَـَٔايَٰتٍۚ أَفَلَا يَسْمَعُونَ

Сонда өздерінен бұрын өткен қаншама нәсілдің көзін жойғандығымыз олардың (мүшріктердің) тура жолға түсуіне түрткі болмады ма? Олар күні бүгінге дейін солардың қираған жұртын аралап көріп жүр! Міне, осының өзінде (ақылға салып ойланатын пенделер үшін) талай ғибрат бар. Сонда олар (осынау Құран аяттарына һәм өздеріне айтылған насихатқа) мүлдем құлақ аспай жүре бере ме?!

27

أَوَلَمْ يَرَوْا۟ أَنَّا نَسُوقُ ٱلْمَآءَ إِلَى ٱلْأَرْضِ ٱلْجُرُزِ فَنُخْرِجُ بِهِۦ زَرْعࣰا تَأْكُلُ مِنْهُ أَنْعَٰمُهُمْ وَأَنفُسُهُمْۚ أَفَلَا يُبْصِرُونَ

Сондай-ақ олар Біздің кеуіп қалған (өлі) жерге су жөнелтіп, сол арқылы әлгі жерден малы да, өздері де жеп, қорек ететін сан алуан өсімдіктер шығарып жатқанымызды көрмей ме?! Сонда олардың көкірек көзі ашылып, ақиқатты көретін шағы әлі келмеді ме?!

28

وَيَقُولُونَ مَتَىٰ هَٰذَا ٱلْفَتْحُ إِن كُنتُمْ صَٰدِقِينَ

Алайда олар (иман етудің орнына мұсылмандарды мазақ қылып): «Қане, шыншыл болсаңдар айтыңдаршы, ақиқаттың пердесі қашан ашылады?!» – дейді.

29

قُلْ يَوْمَ ٱلْفَتْحِ لَا يَنفَعُ ٱلَّذِينَ كَفَرُوٓا۟ إِيمَٰنُهُمْ وَلَا هُمْ يُنظَرُونَ

Ендеше, оларға: «Ақиқаттың пердесі ашылатын күні күпірлікте қасарысқандарға амалсыздан еткен имандары түк те пайда бермейді әрі оларға мұрсат та берілмейді», – деп айт.

30

فَأَعْرِضْ عَنْهُمْ وَٱنتَظِرْ إِنَّهُم مُّنتَظِرُونَ

(Уа, Мұхаммед!) Олардан сырт айнал да өз жайына жібере сал. Сөйтіп, олардың (сенің зауалға ұшырайтын күніңді) күткеніндей сен де олардың зауалға анық тап болатын күнін күт (Раббыңның оларға не істейтінін сонда көресің)!

Quran.kz қосымшасы

Оқыған жеріңіз аккаунт арқылы телефонда да сақталады.

App StoreGoogle Play